Білім мен ғылымдағы биік тұлға

Білім мен ғылымдағы биік тұлға

90-ға келсе тұғырынан таймай, көптің құрметіне бөленіп жүрген асыл азаматтар арамызда баршылық. Солардың бірі – ауылшаруашылығы ғылымдарының докторы, профессор Рашит Қазыханұлы. Ғалым өмірінің 60 жылын ғылымға арнаса, әлі де тұғырдан таймай шәкірт тәрбиелеуден алыстамаған. Өз саласының білгір маманы жастарға берер ақыл кеңесі мен білімі, мол тәжірибесі көпке үлгі-өнеге. Сондықтан болар ұлағатты ұстаз жоғары білім ордасында қашан да құрметті, әрі үлкен абырой иесі. Әсіресе, болашақ жас ғалымдар білімде биік, ғылымда заңғар ғалымнан үйренуге тырысады. Сондай-ақ Рашит Қазыханұлының бойындағы зор адамгершілік, кішпейілділік, қарапайымдылық ғалымның абыройын асқақтата түседі. Осыдан болар ғалым қашан да көптің ортасынан табылады. Оның табиғаты да ерекше. Көп дүниегі терең ойлап, ғылыми көзқараспен қарайды. Мұндай қасиет өскен ортасы мен туып өскен жерінің топырағынан дарыса керек.   

Рашид Қазыханұлы қазақтың біртуар тұлғалары, атақты ғалымдар Қаныш Сәтбаев, Әлкей Марғұлан, Шапық Шөкиндерді өмірге әкелген Павлодар өлкесінің тумасы. Атақты ғалымдар дүниеге келген қасиеті жердің перзенті. 1935 жылы қараша айының 7 жұлдызында Павлодар облысы Май ауданы Көктөбе ауылындағы Шыған балық аулау ұжымында мұғалім отбасында дүниеге келген. 1958 жылы жиырма үш жасында Алматы малдәрігерлік институтын қызыл дипломмен бітіріп, еңбек жолын Павлодар мемлекеттік ғылыми-зерттеу тәжірибе станциясында қойды асылдандыру жөніндегі бөлімінде кіші ғылыми қызметкерліктен бастаған. 1959 жылы Павлодар облысындағы Қызыл Құрама қой шаруашылығы кеңшарының бас зоотехнигі қызметіне тағайындалады. 1963 жылдан бастап, ғылымның қия жолын таңдап, содан бері 60 жылдан астам уақытта Қазақстанның ғылымы мен жоғары мектебімен өмірі мен қызметін тығыз байланыстырады.

Бұл ұзақ өмір жолының сатысы сәтті де, жемісті болып, білім мен ғылымда мол тәжірибе мектебінен өтеді. Алдына зор мақсат қоя білген жас ғалым білім мен ғылымға өмірін арнайды. Ғылым жолында өзінің еңбекқорлық, ізденімпаздық қасиетінің арқасында мақсат еткен өмір өткелінің парақтарын ашады. КСРО кезінде және тәуелсіздік Қазақстанымыздың ғылымдағы және жоғары білім мектебіндегі ең жоғары атақтарына ие болуы – соның дәлелі. Атап айтқанда ауылшаруашылығы ғылымдарының кандидаты, доцент, ауылшаруашылығы ғылымдарының докторы, профессор. қазақ ауыл шаруашылығының академигі деген атаққа ие. Мұндай табысты жетістіктерге ғылым мен білімнің қара шаңырағы саналатын Сәкен Сейфуллин атындағы Қазақ агротехниқалық университетінде қол жеткізіп, бірқатар лауазымды қызметтерді абыроймен атқарды. Ұжымның ғана емес, отандық ғылым саласында үлкен құрметке ие болып, жемісті еңбек етті. Дана халқымыз «Бәйтерек бір жерде көгеріп, жеміс береді» дегендей, Рашит Қазыханұлының азамат, ғалым, ұстаз ретінде қалыптасуына өзі қызмет атқарған ұжым зор ықпал етті. Жоғары оқу орнында ол кафедра меңгерушісі, факультет деканы сатыларынан өтіп, шәкірт тәрбиелеуде игілікті еңбегімен жарқырап көрінді. Жасына қарамастан, қазір де ұстаздық еңбегін абыройлы атқарып, ғылыми кеңесші қызметін атқаруда. Алпыс жылдан астам ұстаздық-педагогикалық жұмыстарына арнаған Рашит Қазыханұлы ауылшаруашылығы ұжымдарын басқарушы, жоғары білімді де білікті мамандар даярлау, олардың белгілі мамандықты меңгеріп қана қоймай өз ұлтының салт-дәстүрін жетік, әрі жан-жақты, жарасымды азамат болып қалыптасуына ықпал жасаса, зооинженерлік, кейін технологиялық факультетіндегі кафедралардың материалдық-техникалық базасын кеңейтіп-нығайтумен бірге, оқу орнының әлеуметтік жағдайын көркейту, оқу-тәжірибе жұмыстарының ғылыми негіздерің ұйымдастыру проблемаларын терендету мен ойдағыдай меңгеру саласында шәкірттер тәрбиелеуде үлкен, әрі жауапты істер атқарып жүргені көпке аян. 

Әрине, жоғары оку орны белгілі профессормен бірге қызмет жасап, мол білімі мен тәжірибесін бірге игеру ұжымдағы педагог-ұстаздар үшін де мақтаныш және абырой десе артық емес. Білгенін үйретіп, жастардың ізденістеріне дем беруші тәлімгер болуда білімділіктің, парасаттылықтың және ізденімпаздықтың жемісі. 

Аса көрнекті кеңес дәурінің физик ғалымы, академик П.Л.Капица ғалымның таланты ашылу үшін, оның арнайы қоршаған ортасы болғаны абзал деп айтып қеткен. Қоршаған ортасында білімі терең, рухы биік, көзқарасы адал, ғылымдағы тәжірибиесі мол ғалымдар көп болса, жас ғалымдардың таланттарын іске еңгізу, оларға дұрыс бағыт беру жолдары анықталады. Ұжымда ерекше шығармашылық шабыт пайда болатыны да заңдылық. Оны ғалым өзі қызмет істеген ортада пайдалана білді. Әрі дұрыс бағдармен іске асырып келеді. 

Ал профессор Рашит Қазыханұлының ғалымдық баспалдағы мен ғылыми-зерттеу жұмыстарына келетін болсақ, ол еліміздің екі белгілі ғылыми ұжымдарымен тығыз байланысты екенін білеміз. Ол жоғарыда атап өткендей, біріншісі – Сәкен Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық университеті болса, екіншісі – Қилыбай Медеубеков атындағы Қазақтың ғылыми-зерттеу қой шаруашылығы институты. Болашақ ғалымның ғылым жолының басында Целиноград ауылшаруашылық институтының ректоры М.А. Гендельман, Алматы зооветеринарлық институтының ректоры Ф.М.Мұхамедғалиев сынды ірі тұлғалардың ақыл кеңесі, білімдегі ізденісі тұрғандығын атап өту ләзім. Белгілі ғалым-селекционер В.Т.Шуваевтың ғылыми жетекшілігімен жергілікті қой тұқымдарының саулықтарынан керемет мықты жартылай биязы жүн өндіретін ағылшын қой тұқымдары линкольн, ромни-марш, бордер-лейстер қошқарларының қолдан ұрықтандырып, сол кездегі аса қажетті жаңа кроссбред қойларының тұкымдарын көбейтті. Себебі сапалы жартылай биязы кроссбред жүні жеңіл өнеркәсіп үшін жоғары сұранысқа ие болып, сапалы тоқыма бұйымдарын шығару үшін пайдаланылды. Жаңа кроссбред тұкымының жүн сапасын зерттеу қажеттілігі Рашит Қазыханұлын Қазақ қой шаруашылығы институтының жүн зертханасына әкелді. Жүн зертханасының меңгерушісі профессор В.В.Терентьевпен бірге будандастырылған жүннің қасиеттерін негіздеді. Сол жылдары академик К. У. Медеубеков басқарған қой шаруашық институтында ғалымдар мен талантты жастардың ерекше ізденісі мен еңбектері үлкен жетістікке жетелесе, бірқатар белгілі ғалымдар Қазақстан қой шаруашылығында ғылымға зор үлестерін қосты. Олардың ішінде ғалым-селекционерлер Кеңес Қасымов пен Темірғали Қасымовтармен бірігіп, Рашит Казыханұлы да жаңа қазақтың жартылай биязы кроссбред тұкымын шығаруға атсалысып үлкен селекциялық нәтижеге қол жеткізді. Профессордың будан төлдерінің өсіп-жетілу, олардан алынатын ет, жүн, сүт өнімдердің молаю мүмкіншілігін зерттеп қомақты эксперименталды нәтижелерге жүгініп, жаңа қой тұқымының өндіріске аса қажеттілігін қөрсетті. Солтүстік өңірінде жерсіндіру болатындығын анықтады. Мен сол жылдарда Рашит ағамызбен таныстым. Себебі, қой шаруашылық институтында ғылыми хатшы, директордың ғылыми жұмыстары жөніндегі орынбасары болатынмын. Ал ғалым ағамыз ғылыми- зерттеу институтына жиі келіп, ғылыми кеңесте өзінің ғылыми жұмыстарын мен ғылыми әдістемелерін ортаға салатын.Басқа ғалымдардың да зерттеу ізденістерін талқылап, жетістіктер мен кемшіліктерін ортаға салса, келешекке бағдар мен бағыт беретін.Сонымен қатар ғалымның ғылымдағы тың баяндамалары мен еңбектері қашан да жоғары тұрғыда бағаланып бекітілетін. Ғалым Рашит Қазыханұлының ғылымдағы жетістігіне менде көңілім толып, ол кісіге жақсы іні болсам, ол кісі мен құрметтейтін жақсы аға болды. Бір-бірімізге құрметіміз ерекше еді. Соның бір ғана дәлелі. Рашит ағам маған үлкен сый құрметпен өзінің «Овца кормит, одевает» кітабын қол таңбасымен тарту еткен. Бұл мен үшін құрмет. Онда:«Қымбатты баурым Жомарт Әшімұлына! Сізге шын жүректен қызықты өмір, бақытты болашақ тілеймін!». 

  Жүрегі кең ғалымның маған жазған асыл тілегін бүгінгі таңда окып, бірге болған жылдарымды қашан да еске алам. Не деген даналық, жомарттық, жас ғалымға жүректің ең түбіңнен шыққан ақ тілек арнауы менің өміріме дем берді. Сол тілек маған күш-қайрат сыйлады. Одан бері жарты ғасыр өтті, мен үшін бұл жылдар табысты болып, армандаған мақсатыма жеттім. Ғалымның ізін басып доқтор, профессор атақтарына ие болып, еліміздің белгілі перзенті болдым. Аллаға мыңда бір шүкір демекпін.

 Ағамыз екеуміздің қарым-қатынасымыз тек қой шаруашылық институтында шектелмей, Сәкен Сейфуллин атындығы университетте ғылыми жұмыстармен де жалғасын тапты. Университет ректоры, докторлық кеңесінің төрағасы, профессор Бекен Өкенұлы Әлімжановтың шақыруымен мен 2007 жылы Сәкен Сейфуллин атындағы Қазақ агротехниқалық университетінің докторлық кеңесінің мүшесі болдым. Атақты академик М.К.Сүлейменов, профессорлар Л.В.Әлімжанова, Р.Қазыханұлы, Т.Есенеев белді кеңес мүшелеріне қосылып, үш жылда талай жас мамандардың ғылымға, білімге деген жолын ашып, ғылыми деңгейлерін тереңдеттік, ақыл-кеңесімізді бердік.

Тоқсан сөздін тобықтай бір түйіні профессор Рашит Қазыханұлының ғылымда қомақты жетістіктеріне тоқтасақ, ол біріншіден жаңа жартылай биязы қой тұкымдарымен қатар, қылшықты етті-майлы жаңа еділбай типті тұқымдары деп білеміз. Бұл жаңа қой тұкымдары өндіріске өте қажет болып табылады да, оңтүстік пен солтүстік аймақтарға жақсы жерсініп бейімделген. Екіншіден, профессор Рашит Қазыханұлының жоғары ғылыми-педагогиқалық деңгейі. «Қой шаруашылығы өнімдерін өндіру және өңдеу технологиясы», «Қой шаруашылығы өнімдерін өндіру және биотехнология» пәндері бойынша үздіксіз дәрісін қырық жылдан астам бері оқуы. Яғни ғалымның бұл еңбектері қашанда құндылығын жоғалтқан емес. Ұлағатты ұстаздың бойында еңбек сүйгіштігі, кішіпейілдігі, тапқырлығы, шәкірттеріне қамқорлығы, үлгі тұтар керемет қасиеті кімге болсын үлгі-өнеге. Ғылымда, білімде көп жаңалыктардың көзін ашып, шәкірттерін армандаған армандарына жеткізеді. Шәкірттерімен бірігіп, Рашит Қазыханұлының 250-ден астам ғылыми еңбектері жарық көрді. Ол еңбектер қой шаруашылық ғылымының дамуына ерекше үлесін қосып келеді. Атап айтқанда «Қой шаруашылығы, қой өнімдерін өндіру технологиясы және өңдеу негіздері», «Овца кормит, одевает» деген кітаптары зоотехния саласында маңыздылығы зор ғылыми еңбектер деп бағаланады. Сондай-ақ Рашит Қазыханұлының басшылығымен екі жас ғалым кандидаттық, бір ғалым докторлық диссертация қорғады. Тоғыз шәкірт магистр атағына ие болды.

Еліміз белгілі білім және ғылым қайраткері Рашит Қазыханұлы ғылымдағы еселі еңбегін жоғары бағалап, «Құрмет» орденімен марапаттады. Ал К.А.Тимирязев атындағы Мәскеу ауыл шаруашылығы акедемиясы зоотехния саласында аса жоғары селекция жетістіктері үшін Е.Ф.Лискун медалімен марапаттауы ғалымның ғылымдағы зор жетістігі. Ғылымда осындай құрметке ие болған жан еңбегімен үлкен абырой иесі болумен қатар отбасының пейіл берекеті де. Сүйікті жары Зұра қажы Жетішқызы әрқашан Рашит ағамыздың көңілінен шығып, өмірде де, еңбекте де шабыт беретін құтты шаңырақтың ұйтқысы. Өте қарапайым, ішкі дүниесі сұлу, жоғарғы санаттағы терапевт дәрігер, «Қазақстанның денсаулық саласының үздік дәрігері». Денсаулық сақтау саласындағы ұзақ жылғы еңбегің бағалап, еңбегі үшін «Ерен еңбегі үшін» медалімен марапатталған. Берекелі де өнегелі отбасындағы бір ұл, екі қыз ата-ана үмітін ақтаған. Қыздары Сәуле әкесінің ізін басып мал маманы, ауылшаруашылығы ғылымдарының кандидаты, университетте оқытушы-зерттеуші, шет тілдерін жақсы меңгерген. Ұлдары Ерлан жерге орналастыру маманы, өз ісінің жетік меңгерген болса, Раушан атты қыздары – дәрігер, косметика саласында зерттеуші ғалым. Балаларынан: Әмір, Қамилла, Әліма, Әдіна, Мәдина, Саида, Зұра атты немерелер сүйген ата-әже. 

Ғасырға жасына бір табан жақындаған Рашит Қазыханұлы міне осындай бақытты ғалым десек артық емес. Өзі таңдаған мамандық сүйіп, қоғамға, елге өзіндік үлесін қосқан ұлағатты ұстаз Рашит Қазыханұлының қыскаша өмірбаяны міне осындай. Бойында қарапайымдылық пен парасаттылық, еңбексүйгіштік, білімділік қонақтаған ғалым қашанда өз биігінде жарқырай бермек. Өйткені, отандық ғылымды асқақтатып, білімді де білікті мамандар дайындаған ғалым әруақта биіктен көрінеді.  

Жомарт ҚАРАБАЕВ, ауыл шаруашылығы ғылымдарының докторы, профессор, Ресей жаратылыстану ғылымдары академиясының академигі

Жексен АЛПАРТЕГІ, журналист