Қоңыр әуен

Қоңыр әуен

«Құлақтан кіріп бойды алар

Әсем әнмен тәтті күй.

Көңілге түрлі ой салар,

Әнді сүйсең менше сүй...»

Мен жаныммен, жүрегіммен ұнататын Абайдың өлеңін тағы еске түсіргенім бекер емес. Осындағы «Көңілге түрлі ой салар» өлең жолында үлкен құпия, ашылмаған сыр жатыр. Әлемге әйгілі математик Давид Гильберттің шешілмеген сұрақтары сияқты, көңілдегі ой әр пенденің өз құпиясы, сыры, сыр-сандығы. Сондықтан да "Әр кәллада бір қиял" деген мәтел бар екені тағы рас... Мен де көп кәлләнің бірімін. Қиял деген біздің ауылда да жетіп артылады. 

Мейрамбектің әнін жұмыс істеп отырғанда, жол жүргенде, қолым босағанда да, жаяу жүріп қыдырғанда да, машинада да тыңдай беремін. Және оны тыңдаудан жалыққан емеспін. Бұл жалғыз мен емес, Қадыр көкем айтпақшы «Нағыз қазақ қазақ емес, Нағыз қазақ домбыра» деп біздің ұлттық аспапты ұғатындар да "Бозторғайдың" орындаушысын да жақсы көреді..

 Мейрамбек айтқан әндердің музыкалық иірімдері, темп ритмі, ырғағы қазақ елінің менталитеті, өмірі тіпті пәлсафасы десек артық емес. Біз де қазір Ұлттық деген тіркес бар. Ұлттық кітапхана, ұлттық театр, ұлттық оркестр, ұлттық мұражай т.т. Осы тұрғыда мен Мейрамбектің дауысын, үнін, оның салған әуенін ешкімге ұқсамайтын тембрін Ұлттық десем артық болмас.

 Қазақ киносының тарландарының бірі Қанымбек Қасымбековті қазіргі оқырман, көрермен көп біле бермес. Өткен ғасырдын 70-80-90 жылдары Каноның есімі ерекше ыстық та сыйлы тұғын. Оның алғашқы жұмысы "Шоқ пен Шер" халықаралық Монте Карло кинофестивальде бас бәйгені алған. Атағы жер жарған режиссер ағамыз еді. Сол кісінің «Қоштасқым келмейді" фильмінде Мейрамбек алғаш көзге түсті. Кино да ән де бүгінгі тілмен айтқанда «Хит» болды. Көгілдір экраннан осы фильмді асыға күткен жастардың шет жағасын көріп қалдым. Оның үстіне бұл әуенді Мейрамбек те ұмыта қойған жоқ. Реті келгенде әлі айтады..Әлі күнге той жиында жастардың сүйіп айтар әуені осы - ән. Авторы әнші, композитор Голливудта Боливуд боп жүрген Марат Омаров. Фильмнің де режиссердің де табысы актер Мейрамбектің осы әнді айтуы. Бозбаланың бойындағы тазалық, албырттық, адалдық, ұяңдық, сезімталдық, сұлулыққа іңкәрлық бәрі-бәрі осы әуенде осы кейіпкерде бар. Фильм сонысымен құнды, ерекшелігі де осында жатыр. 

Кәусар бұлақтың басындағы мөлдір судай тап-таза. Қыстың күні аязда таудан аққан тасқынына тұншыққан асау өзеннің құлағанындағы атылып барып қатып қалған моншақ мұзындай...

Мейрамбекті өнерге баулыған тұсауын кесіп топқа қосқан Алтекең... Алтынбек Қоразбаев қазақ өнерінде орны бар, өрнегі бар өзіндік қол таңбасы өзгелерге ұқсамайтын сазгер - Сардар. Ол кісінің симфония жазғанын естісем де есімде жоқ... Бірақ, Саркөкемнің "Сағындым Алматымды" әні әр қазақтың жанында, әр әншінің жүрегінде екені рас.

Тоғызға толмаған ойын баласын Жамбылдағы филормония директорына мұғалім апайы алып келді. Алтекең оны тыңдаған... Тыңдаған да дәл таныған... «Бұлақ көрсең көзін аш». Бұл мәтел Қоразбаевтың болмысы өмірлік қағидасы, кредосы.  

Іргедегі Глинка атындағы музыкалық колледжге Мейрамбекті алып барды. Қас қылғандай Қазақстандағы қалада домбыра класы жоқ екен. Жамбыл қаласында Жамбыл тартқан аспап болмай шықты... Абыржитын Алтынбек емес... Баланы қобызға берді. Мейрамбек осылай Өнер өңіріне алғаш қадам басты. Кейін Консерваторияға артынан Өнер академиясына ауысты.

Менің ол кезде Қазақ Мемлекеттік Театр және Кино институтында яғни Өнер академиясында ректор кезім. Алып-ұшып Алтекең келген. Қашанда от ала келген кісідей асығыс. Осылай да осылай... «Бір балам бар, жақсы әнші, тамаша күйші. Осы бала Консерваторияда қор боп жүр. Сол баланы осы Инстутутқа алсаң» деп қолқа салды. Ол кезде Қоразбаев көкеммен тығыз араласпасақ та сыйластығым бар. Алдым. Мейрамбектің Өнер академиясында оқуына осылай сеп болғаным бар-ды...

 Ғажайып әуен күйсандықтан құлай түскен... Жинақы да жанға жақын... Жағалауға қайта-қайта соғылған толқын тәрізді. Болмаса Медеудің сонау төбесіндегі баспалдақтың басынан төмен қарай жүгірген қымбатына, қимасына құлай түскен арудың ардасына асыққаны секілді... ойнақы да ерке... Желмен жарысқан ақшыл түсті көйлектің қысқа етегі бір ашылып бір қымсынып жарқ еткені сияқты...

 «Қосамын әнге атыңды

 Тосамын әр хатыңды

 Сағындым алма бағын

 Арайлы Алматымды..

 Сағындым аққу үнді

 Сағындым ақ гүлімді

 Алматым сыйладың сен 

 Шабытты шаттығымды» 

Ғашық жанның алыста жүрген арман қызға арнауы. Тыныштығын талқан етіп, түн ұйқысын ұрлаған Алматының өзі емес, оның аппақ қызына арналған әсем әуені...

 Мейрамбек бұл әнді жалғыз емес, «Музартпен» айтады... Қасындағы Кенжебек пен Сәкен серіктесі секілді...

 Бір заманда дәл осындай әнді бүкіл Кеңес елі түгел айтқан. Ол Соловьев Седойдың әні "Подмосковные вечера" болатын. Бұл әуенде ерекше... Түңгі кеште бақ ішінде қол ұстасқан үлкен шаһар Мәскеудегі ғашық жандардың әуезі, әні... Тура солай... Бір мәтінде Москва бір әуенде Алматы...

 Талай-талай ғашықтардың әсіресе арулардың бойындағы ұяңдық, ұялшақтық, үркектік, тазалық, тәрбиелік жоғалмаған жақсы кезде туған ән...

 Мейрамбек триода айтса да жоғалмайды... керісінше ерек... Тыңдарман сол үшін де сүйіктісін күтеді, іздейді... асығады.. алып ұшады... Мейрамбек бала кезінен үлкен-үлкен тұлғаларды көріп қалды. Тұлпар болар құлыншақ сәйгүлікпен бір жүрер... Мейрамбек Нұрғиса көкесін көрді... Батасын алды... Қазақтың дүлдүл ақын талантты әншілерімен аралас құралас болды... Шамасы келгенше ағаларына қамқор боп қастарынан табылды.

 «Көк шыққанға бір қуанып,

 Шөп шыққанға бір қуанып.

 Өмір өтті ау зырғып ағып, зырғып ағып...

 Сарғалдаққа бір қуанып, 

 Қызғалдаққа бір қуанып,

 Өмір өтті ау зырғып ағып..,»

 Талантты ақын өмірдің қызығы мен шыжығын қатар татқан Есенкұл Жақыпбектің өлеңі... Адам - ғұмыр уақыттың келте екенін мойындаған, бас иген шарасыздан шарқ ұрып маңайынан қарманатын тал таппаған ақынның күйзелісі, көңілі... көңіл күйі... мазасы мен азасы... Өмірдің мәні мен мағынасын іздеген Қорқыт баба іспетті мұңаяды...

 Мейрамбектің дауысы, үні, толғануы, толқуы, тебіреніс толғауы әр пендеге ой салады. Мына қысқа ғұмырда жылтыраған зат емес... дорбалаған ақша емес... Адам үшін ең керегі Сыйластық пен Махаббат екенін емеурінмен меңзейді... Бұл әуенде Сағыныш бар.., Алаңсыз өткен кеткен жастығына деген ностальгия жатыр...Пер Гюнттің Сольвейг салған сазындай әуез бар. Мейрамбек әр тыңдарманның қасына кеп құшақтап бауырына басқандай үнсіз-түнсіз мелшиіп мына әуез бітпейінше қозғалғың келмейді... Жо-жоқ... Керісінше бұл әуен бітпесе дейсің. Қоңыр әуен сазына батып ояңғың жоқ... Құдды сонау сәби шақтан анаң салған жай ғана бесік жыры іспетті. Сондықтан да Мейрамбекті Елі жақсы көреді, сыйлайды, төбесіне көтереді.

 «Көк аспаннан бара жатыр,

 Өмірімнің жұлдызы ағып.

 Жетем деген арманы жоқ,

 Бара жатыр жұлдыз ағып...»

 Жо-жоқ... бұл Пессимизм емес... керісінше философиялық Оптимизм. Сол үшінде мына қысқа ғұмырда адам үшін маңыздысы керегі - маңайыңа Нұр шашу, Жақсылық жасау...танитын танымайтын .. ойда жоқта жолыққан тіпті жапандағы кездескен жалғыз жанды қуанту, құшақтау, бауырыңа басу....Адам үшін одан басқа не керек?!

 Мейрамбек отыз жыл бойы осылай ән салып жүр.. Бүгінде не көп жұлдыз көп... Кеудесіне нан піскен де көздеріне шаң түскен де жетерлік... Ал Мейрамбек өзгеше... Басқаларға ұқсамайды…

 «Дүние қызыл жасылды, 

 Сан ұрпақ саған бас ұрды.

 Толқын да толқын қазақтың, 

 Топырақ бетін жасырды.

 Өткізіп қилы ғасырды,

 Ырысың жатқа шашылды.

 Тау менен тасқа соқтым мен,

 Халқым деп ғазиз басымды...»

 Бұл қазақтың дүл дүл ақыны Қасымхан Бегіман...Іші толы толғау мен жыр..Дәл кешегі Ақтамберді, Шалкиіз, Қожаберген, Жиембет, Досмамбет, Бұхар жыраудың жаңғырығы емес пе? Ұрпағына өлеңнен шашу шашып ,болашаққа сәлем айтқан Дүлдүлдердің бізге қалдырған шайыры осы екен ау.... Біздің Қасымхан да жырауларға жыр қосқан... Ол енді басқа әңгіме..

 Кейде маған Мейрамбек аңыздағы абызды еске түсіреді...Жақсы көрген жамағатын ,сүйікті тыңдарманын айқайламай, бақырмай-шақырмай қоңыр әуен көңіл әуезімен ұйықтатып емес - оятып жатқан іспетті. Абыздық жасқа емес дарынға тән екенін еске тағы түсірген...

 Бала кездегі бір көрініс жадымда қалыпты. Алатаудың бауырында атақты Асы жайлауы бар. Жазда сонда малшылардың тойы өтеді....Бәйге мен көкпар болады.. Киіз үйлер көбейіп қызық күндер Асыға түнейді... Маңайдағы ел жұрт сонда асығады... 

..Әкем екеуміз бір үйге тоқтағанбыз. Түнде кеш жаттық. Таңертең тыңқылдаған домбыра үні оятқан. Далаға шықсам үйдегі ата екен. Керегеге арқасын тіреп жай ғана ыңылдап отыр. Қоңыр дауысымен ұйықтап жатқан немересін оятқаны екен. Домбырасы болмаса да талай әжелермен аталардың ертегі айтып, кішкентайын ұйықтатқанын көргенім бар. Алайда немересін әнмен оятқан абызды көріп таң қалғаным тағы рас....

Таң сібірлеп атқанда шаңырақтан түскен сәуле маңайына жарық төгеді...Үй іші нұрланып жаның бір рахатқа бөленіп жата бергің келеді.. Қандай ғанибет...

Міне тағы қоңыр әуен маңайға маңып ақ сәулеге ұласқан..Қазақы ән...Мейрамбектің дауысы.. ұлттық әуез..

Қоңыр үн.. қоңыр әуен..

Талғат Теменов кинорежиссер, Қазақстанның Халық әртісі, профессор