ШОҚТЫҒЫ БИІК КҮЙШІ

ШОҚТЫҒЫ БИІК КҮЙШІ

Қаршығаның күйлерін тыңдаған сайын әрбір шығарған туындысына бір-бір талдау арнап жазуға құлшынатынмын. Қ.Ахмедиярұлы тақырыбы және стилі жағынан әртүрлі елуден аса күй шығарған екен. Оның ішінде жақындарына арнаған «Қайран әке», «Ақ қайың», «Сағыныш», замандастарына «Ғазиза», «Би», «Қуаныш», «Шамғон Ақжелең», «Нұрғиса», өткеннің өр тұлғаларына арналған «Абай толғау», «Құрманғазы», «Ақжелең» күйлері бар. «Жаңа жыл», «Шабыт», «Осака» т.б. күйлері сырлы сезімді суреттесе, ал «Алтын ұя», «Құрдастар», «Нарын», «Ақжайық», «Атырау», «Атамекен» туындылары қоғамдық өркениетке, туған жер тақырыбына арналған. 

Қ.Ахмедиярұлы күйлерінің ішінде өзгеше бітімді, шоқтығы биік туындылар бар. Автордың дәстүр аясында туындаған күй желісін әртүрлі байланыстар арқылы жалғастырып, музыкалық полифония дестелерімен өрнектеп, дәстүр мен жаңашылдық арасын дәл кіріктіре білуі өте сәтті шыққан. Осы тұрғыда «Нұрғиса», «Сағыныш», «Нарын», «Атырау», «Атамекен», «Ғазиза» күйлері өзінше бір құбылыс десе болады. Ал күйлерінің мазмұнын саралайтын болсақ, үнемі даму сатысында болғанын көреміз. Егер бастапқы күйлері жас талапкер талғамына сай жалынды, балауса келсе, ал кейінгі шығармаларының сомданып толысқанына куә боламыз, соның бір дәлелі тоқсаныншы жылдардан бастап күйлерінде тың леп, толғаныс, талмай ізденіс иірімдері бар. «Абай толғау», «Хамаң толғау» және т.б. шығармаларында автор айтарын дәстүрлі жанрларға сүйену арқылы жеткізген.

Міне, осы туындылары туралы өзімен кеңінен сырласып, әр күйінің мәнін, тарихын қайтадан тәптіштей сұраймын деп жүргенімде, өмірден өтіп кетті. Десек те, өзіне өшпес ескерткіш орнатып кеткені демеу көңілге, өйткені артына қалдырған мол мұрасы ел игіліне айналып, шығармашылығы жан-жақты насихатталуда.

Соның бір дәлелі – 2017 жылдың 17 наурыз күні ҚР Ұлттық академиялық кітапханасында «Күй – құдірет» тақырыбында Қаршыға Ахмедияровты еске алу кеші және Алғи Ахмедияровтың «Өмір белестері» атты кітабының таныстырылымы өтті. Бұл шараға Мырзатай Жолдасбеков, Әділ Ахметов, Төлен Әбдік, Секен Тұрысбек сынды зиялы қауым өкілдері мен күйшілер, дәстүрлі әншілер, Қаршыға Ахмедияровтың шәкірттері мен отбасы мүшелері, журналистер қатысты. ҚР Мемлекеттік сыйлығының иегері, жазушы Төлен Әбдік «Қаршыға екеуіміз өмірде рухани жақын адамдар болдық, көп араластық. Көптеген күйшілер өз бейімдеріне қарай, тек бір өңірдің күйлерін тартады. Ал, Қаршыға болса сан қырлы талант еді. Күй тартудың не бір техникасын шебер меңгерген, «ұлы күйші» деп айтуға тұратын адам. Қаршекеңнің маған арнап арнайы жасатқан домбырасы әлі күнге төрімде ілулі тұр. Әр күні сол домбыраны қолыма алғанда, Қаршығамен бірге отырғандай күй кешемін» – деп тебірене сөйледі.

Күйші, зерттеуші, профессор Карима Сүндетқызы Сахарбаева Қаршыға Ахмедияров шығармашылығын төрт түрлі бағытта қарауға болатындығын атап көрсетеді: 1. Қазақтың музыка мәдениетінде, орындаушылық саласында өзіндік ерекше мектеп қалыптастырган күйшілік өнері; 2. Құрманғазы, Дина, Қазанғап, Дәулеткерей, Абыл, Өскенбай, Тәттімбеттер дәстүрінде көптеген тамаша күйлер шығар- ған композиторлығы; 3. «Шашақты найза, Шалқар күй», «Әсем қоңыр», «Сары арқа», «Жігер» тәрізді әлденеше күй жинақтарының авторы және сондағы күйлердің жинаушысы, зерттеушісі; 4. Халықаралық, Республикалық сайыстардың жүлдегерлерін, бүгінде қалың жүртшылыққа танымал шәкірттер дайындаған ұлағатты ұстаз.

Күйші қолынан өткен мол мұра бірнеше күйтабақ, үн-бейне таспа, теледидар, радио қорында сақтаулы. 14СД тұратын «Күй Қаршыға» топтамасы консерватория радио кешенінде жинақталып, хроникалық жүйемен мазмұндалып, қызы Раушан Ахмедиярованың қолдауымен Америкада шығарылды.

Құрманғазы, Ахмет Жұбанов, Шамғон Қажығалиев есімдерімен қатар аталатын Қаршыға Ахмедияровтың жарқын бейнесі ел, жұртының мәңгі есінде сақталары анық. Данышпан Әбіш Кекілбайұлы айтқандай: «Қара домбыра тұрғанда Қаршыға да тірі. Қазақ тұрғанда қара домбыра да дүлдүл. Мәңгілікпен сырласқан саңлақ ғұмыр жалғаса бермекші».

Мағира ҚОЖАХМЕТОВА, 

Қазақстанның құрметті жазушысы