БІЗДІҢ БАСЫЛЫМ ДА АЙТУЛЫ МЕКТЕП
2025 ж. 10 тамыз
183
0

Заман ілгерілеген сайын ел мүддесін діттейтін ұлттық басылымдардың міндеті ауырлай түскендей көрінеді. Себебі, Тәуелсіздік жүгі жеңіл емес екен, кейінде кемел ел келешегін көксейтін әр зерделі ұланның жауапкершілік салмағын сәт сайын жіті сезінетіні анық.
Енді осынау дербестікті баянды ету де оңайға түспейді. Шапса тұлпар тұяғы тозатын, ұшса қыран қанаты талатын ұлан-ғайыр Даламызға жақын да, алыс көршілеріміздің қай-қайсы да ежелгі көз сұғын қадау дағдысын қоя алмайтын шығар. Дүбірлі заманалар тоғысында ауа жая түскен Жаһандану деген «жалмауыз» және бар. Жер-жерде соғыс ошақтары көбейді. АҚШ секілді гиперимпериялардың дүние жүзіндегі демократияны реттеу желеуімен қиырда жатқан өзге елдерге озбырлық көрсетуі етек алды. Қазір Бағдатта жарылған бомба гүрсілі шалғай қыстақта отырған шаруа қазақты да тіксінтеді.
Геосаяси, геоидеологиялық тартыстар алыс мемлекеттерді былай қойып, кеше ғана бір «шапаннан» шыққан ТМД елдері арасында да ширығып тұр. Қырғи-қабақ соғыс пен басқыншылықтың көбі қай құрлықта болсын ең алдымен «жер дауы, жесір дауынан» басталатыны түсінікті.
Ал Нарық аталатын «мырзаңыз» өзіміздің кеңқолтық ағайынның өмір салтын да күрт өзге арнаға бұрды. Аз ғана аралықта ауыл тұрғындарының табиғаты танымастай өзгерді. Адамгершілік қасиеттер кейінірек ысырылып, ілгергі кезекке ақша мен дүние-мүлік шықты. Бір кезең ғылым-білім, мәдениет... өнер салалары ескерусіз қалуға айналды. Іргелі мемлекеттермен иық теңестіруге ұмтылатын елге аса қажетті өзге де көптеген құнды жәйттерге жете мән берілмей, «балапан басына, тұрымтай тұсына» кетті. Жаңаша дәуірдің осындай ит-ырғылжың «тәртібі» қырдағы кей бауырымызды бір-бірінің малын «барымталатып», қаладағы қарындасты көшеде тұрып тәнін сатуға итермеледі...
Сонда Тәуелсіздігінің отыз жылдығын, салыстырмалы түрде, кешелері ғана атап өткен жас мемлекет әлемдік өркениет кеңістігіне осындай «жетістікпен» көтерілмекші ме?! Баяғы коммунизм құрылысшысының моральдық қағидалары, бір қарағанда қаншалықты «дұрыс» көрінгенімен, үрдісі қатал нарық заманына жарай қоймайды екен. Ендеше қандай жолды таңдаған жөн?
Бұл бағытта, әрине, көп бас қатырудың қажеті жоқ, адастырмас Темірқазық – Ұлттық салт-санаға бет бұру қажеттігі түсінікті. Онда да жаңа заман талаптарын эмпиризмдік көзқарас арқылы, оның ішінде өз ата-бабаларымыздың даналығының көмегімен безбендесек қателеспейміз. Айталық, Абай атамыздың «Біріңді, қазақ, бірің дос, көрмесең істің бәрі бос!» деген өсиеті, әсіресе, қоғам мен жеке бастың, адам ара-қатынасы аспектілерінің маңызды екені айқындалған жаңаша кезеңде тіптен орынды сияқтанады. Бұл тұрғыда дамудың көкейге қонбайтын (мысалы, «таза қытайлық» немесе «тайландтық» аталатын) «дайын формулаларын» ұсынатын сәуегейлер «теориясынан» мүлде тың, яғни, тек өзіміздің ұлттық ерекшеліктерімізге бағытталған кәсіби әңгіме қажет еді.
Қарап отырсақ, шыға бастағанына жиырма бес жыл болған «Қазақ үні» басылымында қамтылмайтын сала жоқ сияқтанады.
Мәселен, қазақ халқының тамақтану дәстүрінің дұрыстығы Батыс зерттеушілерін қайран қалдырған. Демек, бұл халықтың ауқаттану тәртібіне қатысты айтыла беретін бұрынғы сын мүлде негізсіз болып шығады. Сол сияқты көшпелілердің ертеден қалыптасқан Неке құру, Бала тәрбиесі институты да теңдессіздігімен тамсандырған. Бұған қарағанда, Қазақ даласының өркениет тамыры тым тереңде жатыр. Биік Ұлт мұратын көксейтін басылым тілшілері сол мұралардан сыр тартып, халық жүрегіне жеткізуде бір сәт өздерінің сарапшы-саясаткердің де, экономист пен әлеуметтанушының да, заңгер мен психологтың да... жазушы мен тарихшының... тәрбиешінің де міндетін бірдей атқарып отырғанын аңдай ма, аңдамай ма? Әйтеуір, «артқаны алтын, жегені – жантақ» демекші, Ел мүддесі жолында аянбай тер төгіп жүрген осынау қиын да, қызықты және қастерлі кәсіп иелерінің жүрек лүпілін көзіқарақты тыңдаушы лайықты бағалай білсе ғанибет емес пе.
***
Техникалық прогресс қарыштаған заманда адам табиғатының құбылыстарын кең ашуға мүмкіндік туғызатын һәм дүниенің нәзік қалтарыстарын жалпылама сипатта емес, мейлінше нақты, өте дәл түсіну үшін ең алдымен әдебиет пен өнердің жәрдемдесетіні белгілі ғой. Сондай-ақ көп айтылатын Жаһандану дәуірінде жоғары моральдық максимализмге ұмтылуда өзіміздің адамгершілік идеяларымызға сай келетін жалпыазаматтық рухани құндылықтарға жүгінуімізге тура келеді. Ал оған тек төл ұлттық дәстүрлер арқылы ғана қол жетпекші. Демек, тағы да елді шындық пен әлеуметтік әділетке ұмтылтып, өмірді шексіз сүюге жұмылдыруға тікелей қызмет ететін Әдебиетке мойын бұрамыз. Қазақ журналисі осындай «рецепттерді» жіті ескеріп отыруға тиісті.
Ол сондай-ақ көпшілікті ойлануға баулуы керек. Өйткені ойлану – өмір сүру! Алға ұмтылу! Бұл – қаңғырлаған желбуаз сөз емес. Кейінде халық әдеби шығарма оқуды азайтқаны аян. Ал оқымаса ой тоқырайтыны әуелден түсінікті жәйт. Кітап оқудың «сәннен» шығуына кері ықпал еткен түрлі себептер көп шығар. Электроника дәуірінің адамзат баласына тигізіп отырған пайдасы мен зияны бірдей. Біздіңше, оқырманның азаю сырының және бірі – дәлдүріш жазғыштар қатарының «нығаюында» жататындай. Халықтың кітап оқымауы – сол халтураның «жемісі» деуге негіз мол. Өйткені солардың сөреден түспейтін шатпырағынан көңілі суыған жұрт әлемдік классика туындыларын да көкжасық дүниелер деп қабылдауға көшкен.
Ойланудың бір мұраты – «Өзіңді тану». Қытай идеологтері жастарды «Бүкіл әлем сенің өз бойыңда шоғырланған» деп үйретеді дейді. Өте қисынды сияқты. Біз де асылды ылғи айдаладан іздей бермей, өз маңайымыздан, көл-дария халықтың жүрегінен қарастырғанымыз жөн шығар. «Қазақ үні» басылымы бұл бағытта да небір ілкімді істерді атқарып келеді деуге негіз мол.
Реті келгенде айта кетейік, кейінде кей ағайындардың ұлтқа қызмет ету идеясын орынды-орынсыз әсіре ұранға айналдырып, аяқ асты ету дағдылары көрініс бермей қалмайды. Сол жалған патриоттыққа құмарлықтың «зиялы қауым өкілдері» аталатын азаматтар арасында көп ұшырасатыны өкінішті. Біздің басылым осы ғадетпен де әуестенбеуге тырысады. Көлгірлік пен бос дақпыртқа үйірлік кімге абырой әперсін.
Бұл тұста мойындаған жөн, мәселен, менің жұмыс барысында өзіме де, өзгеге де көңілім толмайтын кездерім баршылық. Кейде, мәселен, «жазылатын дүниеге көркем әдебиет элементтерін қолданса теріс болмас еді» дегендей өз пікіріңе өзің қайшы келіп, белгілі бір бағдарламалардан қыздың жиған жүгіндей тиянақтылықты... тақырыпқа сай нақтылық пен дәлдікті, дәйектілік пен деректілікті... терең білімді... қысқасы, жан-жақты кәсіби біліктілікті көре алмай қынжылып, қабаржып отыратын сәттер болады. Әр дүниенің мейлінше шебер шығуын қалайсың. Бірақ, амал не, шығармашылықтың заңы солай – ылғи парлап самғай беру мүмкін емес. Бірде тоқырайсың, бірде сүрінесің... Белгілі тақырыпты мейлінше биік дәрежеде қаузауға кейде арының жетпейді, кейде дарының жетпейді...
Әйтеуір, газеттің қашанда асқақ сөйлеуге құмартпай, елдік мұраттар жолында қыруар міндеттер арқалап отырса да, орынсыз асып-таспай, қазақтың дәл өзіндей қоңыртөбел мінез ұстануын қалайсың.
***
Өзімнің «Қазақ үні» басылымына келгеніме он жылдан асыпты. Осы кезең ішінде халықтық мұрат бағытында тілдескен, пікір алысқан кейіпкерлерімнің аты-жөнін келтіре бастасам сала-құлаш тізім шығатыны анық. Мысалы, Халық жазушысы Қабдеш Жұмаділовпен («Ұлтшыл деген атағымды бәрінен биік қоямын»), атақты ақын Темірхан Медетпекпен («Тәуелсіз Қазақ елінде Темірқазақ – тек ұлттық идея болуы тиіс») дегендей әңгімелеріміз немесе «Ретро-сұхбат» айдарымен жазылған Халық қаһарманы Рахымжан Қошқарбаев туралы («Қазақтың жаужүректігіне Сталин мен Гитлердің өзі бас иген»), дәулескер күйші Қаршыға Ахмедияровпен («Қаршекең опасыз жолдастарын кешті ме екен...», Қазақстанның Еңбек сіңірген артисі Хабиба Елебековамен, жазушы Жүсіп Алтайбаевтың зайыбы Раушан Толыбековамен, т.б. ондаған, жүздеген кейіпкермен жүргізілген сыр-сұхбат еске түседі.
Бұл орайда қазақтың танымал қаламгерлерімен арадағы сөз бір төбе сияқтанады. Мәселен, кәнігі қаламгерлердің жас әріптестерімен ақыл-кеңес, үлгі-тәжірибе бөлісу бағытындағы әңгімелер: ардагер журналист Мыңбай Ілес – «Журналист ұдайы ізденіс үстінде болуы тиіс», кәнігі қаламгер Исламғали Бейсебаев – «Шырағың – шындық болсын!», Алпысбай Шымырбай – «Ескінің бәрі ерсі емес», Нұрдәулет Ақыш – «Журналистің өз қолтаңбасы болғанына не жетсін!», Өмірсерік Жұман – «Менің университетім – құрбы-құрдастарым», ақын, радиожурналист Сайлаубай Тойлыбай – «Үлкеннен де, кішіден де үйрендік», Мәскеу мемлекеттік университетінің түлегі, ақын Болат Үсенбай – «Ісіңнің үлкен өнер екенін ұмытпа», ақын Әділғазы Қайырбеков – «Жалған ақпарат жарға жығады», журалистер Ертай Айғалиұлы – «Талант ақшаға сатылмайды», Мағауия Сембай мен Ермек Балташұлы – «Баяғыдай бедел қайда, баспасөз?!», Қали Сәрсенбай – «Жүре-жүре журналист боларсың», Құл-Керім Елемес – «Тіл бұзылса, ұлт бүлінеді», Оңғарбек Құрал – «Болат – қайнауда, батыр – майданда шынығады», Бекжан Әшірбаев – «Ащы да болса ақиқатын айтайық» және басқалары.
Сол секілді әр жылдарда «Ару – ана» айдарымен көптеген мақала дайындаппыз. Мұнда танымал шығармашылық адамдарының жарлары жайында сөз болады. Мысалы, бұл жанрда Гүлбарам Батырбекқызы (Сәкен Сейфуллин), Бибіжамал Мұхамеджанқызы (Бауыржан Момышұлы), Клара Жағыпарқызы (Әди Шәріпов), Асыл Қабышқызы (Қасым Қайсенов), Бәшен Баймұратқызы (Бердібек Соқпақбаев), Раушан Толыбекова (Жүсіп Алтайбаев), Үрниса Айбергенова (Төлеген Айбергенов), Халима Бекмаханова (Ермұқан Бекмаханов), Дариға Тілендиева (Нұрғиса Тілендиев), Гүлбараш Байтоғаева (Мүсілім Базарбаев), Зайда Жанайқызы (Қалижан Бекқожин), Сапаргүл Абызбаева (Бәкір Тәжібаев), Майра Бірләнқызы (Зейнолла Серікқалиев), Әлия Бөпежанова (Асқар Сүлейменов), Фарида Закарина (Дәуітәлі Стамбекұлы), Зинура Мырзабекова (Кеңшілік Мырзабеков), Тұрар Бәйгелқызы (Жәнібек Кәрменов) т.б. қамтылды.
Бұған қоса арагідік «Құснихат» деп аталатын хабар жүргіздік. Мұнда да танымал тұлғалардың әр жылдарда жазылған хаттарынан шыр шертілді. Сирек хаттарды үнемі мемлекеттік Орталық мұрағаттан алып отырыппыз.
Сол секілді «Әуестік әлемі» айдары арқылы қазақ зиялыларының негізгі шығармашылықтан қол бостағы ермегін сөз еттік. Осы арқылы қаламгерлер өмірінің қалтарыс-қырларын, творчестволық лабораториясын ашуға тырыстық. (Мәселен, қамтылған жазушылардың арасында: Бауыржан Момышұлы, Жүсіп Алтайбаев, Қалижан Бекқожин, Тәкен Әлімқұлов, Төлеген Айбергенов, Қалмұқан Исабаев, Әкім Тарази, Қабдеш Жұмаділов, Жұмекен Нәжімеденов, Герольд Бельгер, Олжас Сүлейменов, Қадыр Мырза Әли, Оразақын Асқар, Софы Сматаев, Сайын Мұратбеков, Тұманбай Молдағалиев, Өтежан Нұрғалиев, Темірхан Медетбек, Свет Оразаев, Дулат Исабек, Бексұлтан Нұржеке, Әшірбек Сығай, Сұлтан Қалиұлы, Сағат Әшімбаев, Несіпбек Айтұлы, Дәуітәлі Стамбекұлы, Ұлықбек Есдәулет, Жұматай Жақыпбаев, Нұрдәулет Ақыш, Жадыра Дәрібаева, Ибрагим Иса, Таласбек Әсемқұлов, Әбділдабек Салықбай, Ғалым Қалибек, Роза Мұқанова, Талаптан Ахметжанов, Алмас Ахметбек, Алмат Исаділ, Қайырбек Шағыр, т.б. бар. Кейін Төрегелді Шарманов, Асанәлі Әшімов, Есмұхан Обаев, Қайрат Байбосынов, Тоқтар Әубәкіров, Болат Атабаев, Гүлмайдан Сүндетова есімдерімен толықты. Сол секілді белгілі журналистер – Мақсат Дүйісмағамбет, Қыдырәлі Қойтай, Темірхан Момбек, Мейрамбек Төлепберген, Есей Жеңісұлы, Құдайберген Сұлтанбаев, Аягүл Мантаева, Серік Қали, Серік Жанболат, Тұрмағамбет Кенжебай, Әлібек Шегебай, Ертай Нүсіпжановтарды қамтыдық).
Жалпы алғанда, жазудағы басты кредомыздың бірі – оқырманды құрметтеу еді. Яғни, негізгі ұстаным – мейлінше адалдық. Ақ қағаз алдында ар-намыспен бетпе-бет келгендей, шама келгенше шындықты айтуға ұмтыламыз.
Мұның бәрі, сайып келгенде, «Қазақ үнінің» өзіндік мектебі болып шығатыны түсінікті болар.
Құлтөлеу МҰҚАШ,
«Қазақ үні» газетінің
бас редакторы