ҰЛТҚА ДЕГЕН АДАЛДЫҚ АЙНАСЫНДАЙ

ҰЛТҚА ДЕГЕН АДАЛДЫҚ АЙНАСЫНДАЙ

Құрметті «Қазақ үні» газетінің ұжымы және ардақты оқырмандары!

Ұлт үні мен ел үмітінің жаршысына айналған «Қазақ үні» газетінің 25 жылдық мерейтойымен шын жүректен құттықтаймын!

Ширек ғасыр – тарих үшін қас-қағым сәт болғанымен, қоғамдық сана үшін тұтас дәуір. Осы жылдар ішінде газет руханият пен ұлттық құндылықтардың, мемлекеттік мүдденің шынайы қорғанына айналды. Өзінің басты ұстанымына берік болып, «Руханият», «Ұлттық мүдде», «Мемлекеттік тіл» айдарлары арқылы елдік мәселелерді батыл көтеріп, мемлекет мүддесін қорғауда табандылық танытып келе жатқаны – ұжымның кәсіби біліктілігі мен азаматтық ұстанымының көрінісі.

Сонымен қатар, «Қазақ үні» газеті «Білім», «Денсаулық», «Саясат», «Экономика» және т.б айдарлары арқылы ел өміріндегі әрбір саланың дамуы барысындағы елеулі өзгерістер мен олқылықтарды ашып көрсете отырып, қоғамның алға қарай адымдауына өзінің ықпалын тигізді.

Мен де осы қасиетті қарашаңырақтың бір кезеңінде қызмет етіп, халқымыздың көкейіндегі сөзді жеткізуге атсалысқанымды үлкен мақтанышпен еске аламын. «Қазақ үні» мен үшін тек газет емес, ол – жүректегі елге деген сүйіспеншіліктің, ұлтқа адалдықтың айнасы.

Мерейлі мереке қарсаңында «Қазақ үні» газетінің қоғамда көтермеген мәселесі аз екенін атап көрсеткім келеді. Атажұртын аңсап келген ағайынның алдынан қордаланып шығатын мәселенің түйінін тарқатуға да өзінің бар күш-жігерін жұмсаған да осы басылым. 

Сонымен қатар, «Заң» айдары арқылы да халықтың заңсыздықтармен бетпе-бет келген жұрттың жанайқайын жұртқа жеткізіп, құзырлы орындар тарапынан оң шешімін табуына өзінің ықпалын тигізген газеттің еселі еңбегін білетін ойлы оқырмандары алғыстарын үнемі жаудырып жататын. Газеттің бас редакторы қызметін атқару барысында мен де өзіме жауапкершілік жүгінің артылғанын түйсініп, оқырманға ой саларлық дүниені жариялауға ұмтылдық. 

Осы орайда газет өмірінің белгілі бір кезеңдерінде еңбек етіп, «Қазақ үнінің» мектебінен өткен талай-талай жас мамандар бүгінде биікке самғап, өмірден өз орындарын тапқан. Олардың әрбірінің жүрегінің түкпіріндегі басылымға деген ізгі ниеттері мен ілтипаттары басылымның қоғамдағы беделінің биік, абыройының асқақ екенін көрсетсе керек.

Бүгінгі ұжымға шығармашылық шабыт, қоғамдық ықпалы арта түскен абыройлы жол, оқырман сенімі мен қолдауы әрдайым серік болсын деп тілеймін. Ұлттың үні, халықтың сөзі бола беріңіздер! «Қазақ үнінің» оқырманы көп болсын! Жазарларыңыз таусылмасын қадірлі оқырман! Еліміз аман, жұртымыз тыныш болып, әрбіріміз ел дамуына қал-қадірімізше үлес қоса берейік. «Қазақ үнінің» бағындырар белесі зор болғай!

Ізгі тілекпен,

Құлтас ДОСТАНОВ, 

Шығыс Қазақстан облысы 

әкімінің кеңесшісі, 

«Қазақ үні» газетінің 

бұрынғы бас редакторы