Шыншыл бағыттан айнымаған

Шыншыл бағыттан айнымаған

Жариялылық, ашықтық, бәріне бірдей мүмкіндік беру, елге қызмет ету, қоғамның айнасы болу – бұлар бұқаралық ақпарат құралдарының ортақ міндеті. 

Әрине, баспасөз қолжаулық емес. Ашықтан-ашық жеке мүдделерге қызмет ету абырой әпермейді. Түрлі партиялардың мұң-мүддесін қорғау мемлекеттік мақсаттан биік тұрмауы қажет. Мұндай ойлар әрине бұрыннан да айтылып келе жатыр.    

Қашанғыдай, баспасөздің өз ұстанымы, өзіндік бағыт-бағдары болуы тиіс. Бұл орайда баспасөз бәрінен биік тұруы қажет. Баспасөз елдік мұратты ғана мақсат етуі тиіс. Баспасөздің түпсанасында мемлекеттікті нығайту берік орнауы қажет. Бес парыз исламның бес парызындай нық орнаған жағдайда баспасөзге деген сенім де арта түседі. 

Осындай талап-тілектер жолында қызмет етіп келе жатқан бұқаралық ақпарат құралдары біздің елімізде әрине аз емес. Тіпті кейде газет-журналдың атында ғана айырмашылығы болмаса, бәрі бірінен-бірі аумай қалғандай көрініп те тұрады. Оның жақсы жағы да бар, жаман тұстары да жеткілікті. Жақсы жағы – біз бәріміз бір елдің мүддесін қорғап келеміз. Жаман жағы – инкубатор басылымдар жұртшылықтың жүрегін айнытып жібереді. 

Бүгінгі қоғамда бәрінің бірдей көңілінен шығу оңай дүние емес. Тіпті ол қажет те емес. Биік мақсатты, елдік ұстанымды көздеген бұқаралық ақпарат құралдары өз жолынан адаспайды. Осындай ойды, осындай пікірді көңілге берік орнатып келе жатқан басылымның бірі – бізде «Қазақ үні» газет дер едім. 

Бүгінде бұл басылым жиырма бес жылдан бері өз бағыт-бағдарынан айнымай келе жатқан, елдік мүдде жолында жаңылмай қадам басатын басылымға айналып отыр. Өз иесі, өз партиясының ғана көзқарасын басты орынға қоймай, мемлекеттік мүддеге қызмет ету, елдік сананы қалыптастыру жолында жұмыс істеу осы басылымға да тән болып келе жатқанын аңғару қиын емес. Бұлармен қоса, әрине, тарихи-танымдық болу, әдебиет, мәдениетіміздің бүгінгі бейнесінен хабар беру де қағыс қалып келе жатқан жоқ деуге болады. Аяғым ақсаса да, жолым ақсамасын деген ұстаным байқалады. Мұның өзі біле-білгенге үлкен нәрсе. 

Айтар ойын қаймықпай айту, өз дегеніне қол жеткізу бүгінгі таңда оңай дүние емес. Қиын-қыстау, қарбалас заманда, ой да көп, той да көп, қой да көп ортада ел көңілінен шыға білу Эверестке ту тіккенмен бірдей. «Қазақ үнінің» бүгінгі деңгейінен осындай ой түюге болады. 

Әрине, әркімнің өз ойы бар шығар, дегенмен ортақ мақсатқа қызмет ету, елдің туын жоғары көтеру бәрімізге тән болуы тиіс. Осы жолдан айнымай келе жатқан басылымға алдағы уақытта да үлкен табыс тілеймін. 

Әнуарбек ӘУЕЛБЕК,

Қазақстанның Құрметті журналисі, 

ҚР мәдениет қайраткері, 

Ақпарат саласының үздігі, ақын