«ҚАЗАҚ ҮНІ» – «ХАЛЫҚТЫҢ КӨЗІ, ҚҰЛАҒЫ ҺӘМ ТІЛІ»

«ҚАЗАҚ ҮНІ» – «ХАЛЫҚТЫҢ КӨЗІ, ҚҰЛАҒЫ ҺӘМ ТІЛІ»

«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі» деп ұлт көсемі Ахмет Байтұрсынов газетке ерекше баға берген. Шын мәнінде қазақ даласындағы алғашқы газеттер «Түркiстан уәлаятының газетi» (Ташкент, 1870-82), «Дала уәлаятының газетi» (Омбы, 1888-92). Бұдан кейiн Ордада және Оралда ағартушылық бағыттағы «Қазақстан» газетi (1911-13), Орынбор қаласында А.Байтұрсыновтың ұйымдастыруымен «Қазақ» газетi (1913-1918), ақын-демократ М.Сералин ұйымдастырған қазақ тiлiндегi тұңғыш журнал «Айқап» (1911-15) газеттері «маса» болып елді оятуға тырысты. Әсіресе, ел мен жер, ұлт мүддесі, жер мен елдің байлығы т.б. өткір тақырыптар газет беттерінен түскен емес. 

Мамандар әр газеттің өз мінезі болады деген пікір айтады. Тәуелсіз Қазақстанның кеңістігінде көптеген газеттер ашылып та жабылып та үлгерген. Оқырманның көңілінен шығып, ұлттық мүдденің сойылын соғып, нарыққа да бейімделіп кеткендер жоқ емес. Әрі тіл, ел мен жер мәселесіне келгенде үндемей қалмайтын, өз позициясын еркін айтатын газеттің бірі һәм бірегейі Республикалық қоғамдық-саяси «Қазақ Үні» газеті. Иә, газеттің бірінші бетінен оның ұлтжанды газет екенін бірден аңғарасыз. Себебі, тіл мен ұлт мүддесі жайлы тақырыптар басты бетте айқайлап, мен мұндалап тұрады. Демек, «Қазақ Үні» нағыз жауынгер мінезді газет! «Қазақ үні» газеті республикаға белгілі қоғамдық-саяси ұлттық басылым. Өткірлігі мен әділдігі және көбінесе біржақты басылымдар арасында билікті де, оппозицияны да ашық та, батыл сынайтынымен ерекшеленеді. Ең басты мақсаты – Ұлт мүддесінің ұпайын түгендеу. Негізгі тақырыбы – мемлекет пен ұлт мүддесін қорғау.

Республикалық «Қазақ Үні» газеті бұрынғы аға газеттердің ізбасары! 1913 жылы жарық көрген қазақтың алғашқы басылымдарының бірі, ұлттың үні болған «Қазақ» газетінен 87 жылдан кейін дүниеге келген, бүгінде қалың Қазақтың үніне айналған «Қазақ үні газетіне де 25 жыл толып отыр! Осы орайда, газеттің Президенті, ҚР Парламентінің депутаты Қазыбек Иса газеттің тынысы туралы былай деген еді. «Газет ешуақытта ұлт мүддесіне келгенде үндемей қалған жоқ. Қалың оқырманның үлкен үміті ақталып, «Қазақ үні» газеті бар қазақтың жырын жырлап, мүңын мұңдады. Басын бәйгеге тігіп, ханның да, қараның да көңіліне қарамай, халықтың сөзін сөйлеп келе жатыр. Сондықтан да, небір олигархтар мен қалталы топтардың, белгілі партиялар мен үлкен ұйымдардың басылымдары кешегі қиын-қыстауда жабылып жатса да, тек өз еңбектері мен ұлттық намыстарына сенген, санаулы ғана жалынды журналистерден құралған, жаяу жүріп аттыдан озған «Қазақ үні» газетіміз жаралы болып жатқан күндерде де, майдан даласын тастап кеткен жоқ». Міне, осыдан газеттің өмірі тек тартыс пен күрестен туратынын аңғаруға болатындай.  

Газеттің қоғамға сіңірген еңбегі орасан зор. Мәселен, 2004 жылы Парламент депутаттары Мемлекеттік тілге қарсы шыққанда, дауыс беру стенограммасын жариялап жібергенде «Мемлекеттік тілді табанға таптаған парламент таратылсын!» атты сең қозғаған сенсациялық мақаласы қоғамды дүр сілкіндірді. Зиялы қауымның Сенат пен Мәжіліске Ашық хат жолдауына себепші болды. Оны көптеген баспасөз құралдары қатты қолдап кеткені белгілі. Еліміздің бас газеті «Егемен Қазақтанда» біртуар қайраткер Шерхан Мұртаза: «Кімнің кім екенін білгің келсе, тек «Жас қазақ үні» газетін ғана оқып, біле аласыздар» десе, «Қазақ әдебиеті» газеті: «Жас қазақ үні» бір мақаласымен-ақ ұйқыдағы жұртты оятты» деп жазған еді. 

Газеттің бұрынғы журналисі ретінде бар қазақ үні болған «Қазақ Үні» газетінің ұжымын 25 жылдық мерейтойымен құттықтаймын! Өзім де осы газеттің саясат бөлімінде журналист болып еңбек еттім. Ұлт, саясат, қоғам, жер мен тіл тақырыптарын арқау еткен көптеп мақалалар жарияладық. «Қазақ Үні» газеті мың жасасын!

Сейілбек САДЫҚҰЛЫ, 

Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті Журналистика және саясаттану факультетінің аға оқытушысы, республикалық «Қазақ үні» газетінің саясат бөлімінің 2013-2016 ж.ж. тілшісі.