ЕЛМЕН БІРГЕ ЖАСАЙ БЕРСІН!
2025 ж. 10 тамыз
174
0

Ширек ғасыр жасап отырған басылымның бірқатар белсенді авторы, ғұмыр бойы ұлт мүддесін діттеген қазақтың біртуар тұлғалары бүгінде марқұм болғаны аян. Халықтың осынау аяулы ұлдары газет мерейтойлары тұсында жүрекжарды тілегін жеткізуді ұмытпайтын еді. Орайы келгенде сол ардақты ағаларымыздың да лебізін оқырман есіне салып қоюды орынды көреміз.
«Қазақ үні» газеті жиырма жылдың ішінде үлкен-үлкен белестерден өтті.
Халықтың жүрегінен орын алған бірден бір басылымға айналды. Ел қазір «Қазақ үні» не дейді екен?» деп елеңдеп отыратын деңгейге жетті.
Басылым елді толғандырған өзекті мәселелерге дер кезінде батыл түрде үн қатып, жұрттың жанайқайын тиісті орындарға жеткізу арқылы халық пен билік арасындағы алтын көпірге айналды.
Күні бүгінге дейін қазақ тілінің мәселесін тұрақты көтеріп келе жатқан басылымның президенті, ұлт жанашыры Қазыбек Исаның бастамасымен ҚР Конститутциясынан 7-баптың 2-тармағын алып тастап, Мемлекеттік тіл туралы заң қабылдау керектігін талап еткен Ашық хаты қоғамда үлкен резонанс туғызғаны көпке мәлім. Бүгінде «Қазақ үні» ұлттық порталында аталмыш Ашық хатты қолдаушылардың қатары күн санап көбейіп, елдің зор қолдауына ие болуда.
Қазақ тілінің шын мәніндегі азат тілге айналуы жолында аянбай тер төгіп келе жатқан басылымның алдағы алар асуы бұдан биік екені сөзсіз.
Бүгінде үні бар қазаққа жеткен басылымды осынау қуанышты күнімен шын жүректен құттықтаймын! «Қазақ үні» қазақтың елімен, жерімен, қазақтың мүддесімен, қазақтың тілімен, жанымен бірге жасай берсін!
Дулат ИСАБЕКОВ,
Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты
Qazaq uni, №32 (902) 31.08.2020
Ел оқитын санаулы басылымның басында «ҚАЗАҚ ҮНІ» тұр
Қазір кітап оқуды ұмытып, толығымен ҰЯЛЫға көшкен жұрт кез келген газетті оқуға да құлықсыз. Санаулы ғана басылым болмаса. Сол санаулының санатында, әрине, ең бірінші болып «ҚАЗАҚ ҮНІ» тұр. «Егемен Қазақстан» енді-енді ғана жалпықазақтық газетке айналып келеді. Қазақта «Бітер істің басына – жақсы келер қасына» деген дуалы дауалы сөз екеуіне бірдей қатысты. Алла жарылқасын! Батылдық, мықтылық, жүректілік, қарымдылық, ауқымдылық, турашылдық әлі күнге біраз газеттерімізде жетпей жатыр. Өкініштісі де осы. 20 жылдан бері талай басылымның үні өшіп, талайы жанбай жатып өшті емес пе? Ал «Қазақ үні» керісінше керегесін кеңге жайып келеді. Ұлттық басылым атына лайық болу-үлкен абырой!!! Қазақтың Даласын оятып, қаласын шаң-қоқыстан қағып-сілкіп, баласын атқа қонуға атсалыса бер, айналайын, «Қазақ үні»! Абай рухы, Абайы бар қазақ жұрты өздеріңмен қанаттас, қабаттас әрдайым!
Исраил САПАРБАЙ,
Платиналы «Тарлан» сыйлығының лауреаты
Qazaq uni, №32 (902) 31.08.2020
ЕЛДІК МҰРАТТЫҢ ШЫН ЖАНАШЫРЫ
«Қазақ үні» газетінің оқырманға жол тартқан күннен бастап, халықтың мұңын мұңдап, жырын жырлап келе жатқанын қалың елі қазағы жақсы біледі. Елдің көкейіндегі өзекті мәселелерді дөп басып айтуымен өзге басылымдардан ерекшеленетінін айрықша атап өтуге тиіспіз.
Мемлекеттік тілдің мәселесін жетер жеріне жеткізіп айтып келе жатқан басылым бүгінде ұлттық мүддеміздің шынайы қорғаушысына айналды.
«Жер сатылмасын» деп билікке өткір талап қойған ұлт жанашырларының Ашық хатын жариялап, өзінің азаматтық позициясын айқын да, батыл көрсетіп келе жатқан газетке Ақ жол тілеймін! Болашақта да Әділеттілік үшін, Шындық үшін өзінің бүкіл болмыс-бітімімен, табиғатымен күресе береді деп сенемін!
Басылымның елдің шынайы ықыласына ие болуы – жұдырықтай жұмыла білген ұжымның, газет президенті, «Ақ жол» партиясы төрағасының орынбасары, ҚР Президенті жанындағы Ұлттық Кеңес мүшесі Қазыбек Исаның жанкешті еңбегінің жемісі екендігі сөзсіз. Осынау жауапкершілігі зор жолда сіздерге зор шығармашылық табыс тілеймін! Қарымды қаламдарыңыз қуатты болып, шабыттарыңыз шалқи берсін!
Темірхан МЕДЕТБЕК,
Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты
Qazaq uni, №32 (902) 31.08.2020