Шың басында қос ақын...

Шың басында қос ақын...

Абайды оқу бір басқа да тану бір басқа...табыну бөлек әңгіме....Өйткені Ибраһим біз әлі түсінбеген, тілін білмеген, ескермеген, елемеген, ұқпаған, ұға алмай жүрген дүниелерді баяғыда қағазға түсірген екен.. Сонау 19 ғасырда Шыңғыстаудың етегіндегі Құнанбайдың қара баласы қиырда жатқанмен көңілі Еуропамен Петерборда болған сияқты.. Жай жатпай замана ақындарымен үндес болғанына риза боласың... Бұл кезең Ресей жерінің кеңейген, сонау қиыр Шығыс пен Кавказды Орта Азия мен Қазақ жеріне әбден енген кезі.. Бұл уақыт Орыс әдебиетімен мәдениетінің жауыннан соңғы қозы құйрықтай мол да мәуелі шағы-тын.. Пушкин, Лермонтов, Тургенев, Достоевскийлердің артына мол мұра қалдырған кезеңі..

Абайдың әсіресе өзегі өзіне жақын танымы мен толғағы ұқсас тәңір қосқан, "Татьянасы ортақ" Пушкинмен рухани жақын болғанына таң қаласың... таңданасың...

 Менің жазбам тарихи зерттеу болмаса әдеби талдау емес.. Ол әдеби сыншылардың алаңы... Менің түйгендерім тек режиссерлық көзқарас.. Сондықтан да әдебиет көшесіндегі "әкімдерден" артық кетсем... сөге жамандамаса деймін..

 Жақында ойламаған жерден А. Пушкиннің "Элегиясын" қайта қарауға тура келді..

 Әрине Александр Сергеевичтің ұлы ақын екеніне дау жоқ.. Оның ұлылығы философиясында дәлірек айтсам лирикалық пәлсапасында...

Безумных лет угасшее веселье

 Мне тяжело, как смутное похмелье

Но как вино-печаль минувших

дней

В моей душе чем старе, тем сильней

Я путь уныл. Сулит мне труд и горе

Грядущего волнуемое море..

  Ал енді Абайға келейік...

 Есіңде бар ма жас күнің,

Кімді көрсең — бәрі дос.

Махаббат, қызық, мал мен бақ,

Көрінуші еді досқа ортақ.

Үміт жақын, көңіл ақ,

Болар ма сондай қызық шақ? 

 Элегия... Лирикадағы бұл жанр поэзияда, музыкада баршылық..., Баянсыз махаббаттың мұңы.. бірте-бірте ақынды сара ала сағыныш пен өзекті өртеген шерге бөлейді..Өзінің жастық атты бекеттен 

байқамай түсіп қалғаны қынжылтады...қинайды... Сондықтан да сал ақын сағым қуған дүниеге сыймай барады...

Элегия көп ақындарда кездесе бермейтіні рас .. Әсіресе коммунистік кезеңде Совет елінде элегияға орын жоқ деген қағида болған..

 Екі ақында да өткенге деген сара ала сағыныш .. сары самаурынның қақпағынан төгілген ыстық судай кемеріне сыймай тұр....Өткенді қимастық бар... Екеуі де поездың терезесінен қол бұлғап қала берген бағаналар тәрізді .. Тек санадағы жалт-жұлт еткен жарықтай.. Мұхтар Құл-Мұхаммед айтпақшы "Перекличка гениев" болмаса "Ұлылар үндестігі"... Олар өткен жастық шағын ..кімді көрсең бәрі дос балаң кезді... махаббат қызық... мал мен бақ - мастықты, ұйқысыз түндер мен алаңсыз таңдарды аңсайды... Иә ... дәл солай...қазіргідей.. ақ таңға асыққан албырт жүректердің ақшаға мән бермейтін мәрт кезі...

 Болар ма сондай қызық шақ??

 Бұл сұрақ емес.. Бұл өкініш.. Адамның балалығын , балғын кезін сағынғандай... болмаса көрші үйге қонаққа келген балауса қыздың саған ұрлана қарап жымиғанындай.. немесе әлгі арудың алысқа тым жыраққа бір жола кетіп бара жатып соңғы рет саған қарағанының көрінісі....

Поэзияның құдіреті кез келген оқырманды баулап алуында...Ақынның өлеңі таң ертеңгі таңғы шықтай мөлдір болса әр үйдің терезесінен сәуле боп кіреді..нұрын шашады... Сондықтан да ШЫН ақын досың..сырласың.. серігің... Лүпілдеген жүрегіңнің соғысы іспетті.

Құдай-ау, қайда сол жылдар,

Махаббат, қызық мол жылдар?!

Ақырын, ақырын шегініп,

Алыстап кетті-ау құрғырлар..

Абай өткен жылдарды емес махаббатын іздейді,

қымбатына ах ұрады...жанына жақын, жүрегіне жылы " құрғыр" сезімдерін сағынады.. Бір ауыз сөзде қаншама сыйластық, сағыныш жатыр...

 Иә...Абай суреткер... Тек бояудың орнында СӨЗ бен сурет салады... Қиыннан қиыстырған ер данасы...Қараңызшы...

Ақырын ақырын шегініп... 

 Осы сөйлемде "ақырын" сөзі екі рет қайталанынып тұр... Бұл ақын сөзінің аздығы емес - молдығы.. Теңіздегі толқынның қайтқанындай.. қайталанады...Өзі айтқан ... алдыңғы толқын ағалар кейінгі толқын інілер..

Алға қарай жылжиық..

Пушкин :

Но не хочу, о други, умирать;

Я жить хочу, чтоб мыслить и страдать;

И ведаю, мне будут наслажденья

Меж горестей, забот и треволненья:

Порой опять гармонией упьюсь,

Над вымыслом слезами обольюсь...

 Бұл жердегі "вымысел" сөзінің мағнасын өнер мен өлеңнен іздеген жөн... Иә, солай.. Пушкин өлімнің заңдылығын біле тұра өлгім келмейді.. ..Я жить хочу мыслить и страдать..дейді...

Біздің Абай :

Жалынасың, боқтайсың,

Сағынасың, жоқтайсың

Махаббат кетті, дос кетті,

Жете алмайсың, тоқтайсың.

Көзіме жас бер, жылайын,

Шыдам бер, сабыр қылайын

Жаралы болған жүрекке

Дауа бер, жамап сынайын..

  Жүрегі кеудесіне сыймаған ақын бір сәт пендешіліктің емес адамдықтың шыңына өрмелеп шығып Құдаймен тілдескендей.. тіл табысқанындай.. сыбырласқандай сырласқандай.. Бұл хакім Абай емес ақын Абайдың биіктігі.

Шың басында қос ақын тұр.. Олар беймәлім таныс достар.. Екеуі де рухани үзеңгілес .. Екеуі де зар заманда запыраң ішкен қос мұңлық... Оларға ортақ Табиғат пен Тылсым күш.. Поэзия хәм Философия... Ойшыл оғландар.. Баяғыда бір жазғаным еске түсті..." У гениев не бывает национальности.." Шыны солай .. Адамзатқа Күн ортақ, Жер ортақ.. Су ортақ және Дана ақындары.

..Алайда осы жерде екі ақын қос өзеннің бөлінген сағасындай... Еділ мен Жайықтай екіге айрылды... 

Егер Пушкин өмірінің соңғы сәтінде .. бәрінен қалған көңіліне махаббаттың сәулесі тағы бір рет жарқ ететініне үміттенетін болса... 

Абай "Көзіме жас бер жылайын ..шыдам бер сабыр қылайын" деп Құдаймен тілдеседі.. Құдды Пайғамбар ..Абайды осы сәтте Желмаяға мініп жерұйығын іздеген Асанқайғы дерсің..Болмаса қобызын қолына алып тіршіліктің тамызғысын қалай тауыспауға болар деп Ажалмен арпалысқан Қорқыт па дегің келеді..

Амалсыздан Асқар Тоқпанов айтқан әңгіме еске түскен...

 Бірде бір жазушы Жамбылдан " Тәте, Абай қандай ақын? " деп сұрағанда " Тәит әрі.. қызыңды ұрайын.. Абай ақын ба екен .. ол Пайғамбар ғой.. деген екен " әңгіменің болғаны рас...

Ал біздің Абай өз философиясын осылай қалыптастырады..Әлемде Сократ салған пәлсапа соқпағында талайлардың ізі жатыр... Ал маған жақын бізге етене таныс ...ол Абай философиясы..

  

Өлсем орным қара жер сыз болмай ма?

Өткір тіл бір ұялшақ қыз болмай ма?

Махаббат ғалауатпен майдандасқан.. 

Қайран менің жүрегім мұз болмай ма?..

Абай философиясы осылай 

 Шыңғыстаудан жоғары ұшып сонау көк аспанға .. иә ғарышқа беттеген... Құдды қайран елі қазағының көңіліндей тым асқақ тым биік...

Талғат Теменов кинорежиссер Қазақстанның Халық артисі, Профессор