БАТЫР БАУКЕҢНІҢ ДАНАЛЫҒЫ
2025 ж. 01 шілде
45
0

«Қатардағы оқушымын»
– Шымкентке қалай барып қайттыңыз?
– Оны саған айтқан жоқпын ба?
– Айтқан жоқсыз. Сіз Шымкентке аттанғанда мен екі апталық іссапарда жүргем.
– Солай ма? Е, сені іздетіп, таппаған екем ғой. Тыңда. Мен Шымкенттегі Сыпатаев атындағы орта мектептің алғашқы түлектерінің бірі боламын. Сол ұшқан ұям жарты ғасырлық мерекесіне мені шақырып, билет жіберіпті. Ауырып жатыр едім: – Жарайды, өлген жерде өліп қала берейін, – деп бардым. Обалы не керегі бар, вокзалдан құрметтеп қарсы алды. Қонақүйден жеке люкс әзірлепті. Мектеп директоры, парторгі, басқалары жүгіріп жүр. Олардың ізетіне өте ризамын.
Директор көзі бақырайып қалған ұзын бойлы жігіт екен.
– Бауке, үш бөлмелі люкс алып қойдық. Сіз төлемейсіз, мектеп төлейді. Тамақ жағынан да қысылмаңыз, осында мейрамханамен келістік. Таңдағаныңызды жеңіз, таңдағаныңызды алыңыз. Оны да біз төлейміз.
Сөзінің осы екі пункті көңіліме қатты тиіп, «ой, мынаны-ай» деп қатты ашуланып қалдым. Оның ойынша, мен күнін көре алмай жүрген біреуге ұқсаймын. Әлгілерді айтпастан-ақ істей беруіне болады ғой. Артық сөздің керегі не?
Тағы бірнәрсе деп келе жатыр еді, аларып:
– Сен қып-қызыл ақымақ жігіт екенсің! – дедім даусымды көтеріп. Қасымызда облыстық атқару комитетінің жауапты қызметкері, орта жастағы әйел бар еді. Соған қарап:
– Мынаны директор етіп жүрген кім?! – дедім. Әйел қып-қызыл боп кетті.
– Әй, қарағым, қызармағын, – дедім оған. – Бұл ақымақты директор еткен сен кінәлісің!
Хи-хи деп күліп жіберді. Қып-қызыл шатақ осылай басталды. Әйел де, директор да қысылып қалды.
– Ал қысылмаңдар, қандай жоспарларың бар, тойды қалай өткізесіңдер? Маған соны айтыңдар. Мен ұшқан ұяма келдім. Жасым жетпіске жетсе де мен қатардағы оқушымын.
Директор жоспарын оқыды. Жиналыс екі күн болады. Бірінші күні мынандай, екінші күні... Өткізілетін шаралар екі том екен. Экскурсия ұйымдастырылмақ. Бәрі жауапсыз жасалған, мылжыңизм.
– Қарағым директор, қарағым қарындасым, мені аямасаңдар ел-жұртты аяңдар. Әрине, біздің мектеп тұңғыш мектеп. Ол – біздің ұшқан ұямыз. Ұстаздарымның атын мен сөйлегенде айтамын. Маған у-ду, у-шу ұнамайды. Мен денсаулығымның жоғына қарамай ойланып, толғанып келген кісімін. Ақылдасайық деп отырсыңдар ғой, ә?
– Ие, Бауке, – деді әйел.
– Салтанатты жиынды сендер екі күн емес, бір айға созбақсыңдар ма? Тілімді алсаңдар, бір күн, тіпті бір кеш жетеді. Оны ұйымдастыра білу керек. Жиналысты кім басқарады, кім баяндама жасайды, онымен ісім жоқ. Оны өздерің ақылдасып шешкен шығарсыңдар. Сонда да айтарым, баяндама отыз минөттен аспау керек. Онда мұғалімдер, оқушылар отырады. «Е, мынау аузын ашса, жаба алмайды екен» деп естіртіп айтпаса да, ішінен айтады. Сол себепті сөйлеушілердің уақыт өлшемін ойланып шешу керек.
Әйелге қарап:
– Ал, шырағым, мен атағым да, шатағым да бар кісімін, – деп едім, директор мырс етіп күліп жіберді. Әйел байғұс үндемей, сыр бермей отыр.
– Шымкент – Оңтүстік Қазақстан болады. Жартымыз өзбек, жартымыз қазақ боламыз. Директор тағы мырс етті.
– Маған сөз бересіздер ғой?
– Ие, Бауке, сол үшін шақырдық. Қадірлі окушыларымыздың бірісіз. Шәкірт емес, ұстазсыз.
– Әй, қарағым, маған сөз берсеңдер, бес-алты минөт қана сөйлеймін. – Екеуі де таң қалып қарады. Әйелге: – Ұлы сөзде ұяттық жоқ, кешіріңіз, – дедім. – Қазақта «Көп сөз – боқ сөз» деген бар, қарақтарым. Көңілдеріңе келсін, келмесін мен одан аулақпын. «Ойбай, Бауыржан Момышұлы сөйлеп, басымызды ауыртты» деп естіртіп айтпаса да, ішінен айтады. Оның маған керегі жоқ...
– Мақұл, Бауке, мақұл.
Сөздің қысқасы, келістік. «Мен көп сөйлемеймін дегенім, сендер де көп сөйлемеңдер» дегенім ғой, түсінсе...
Алдымен мектепке бардық. Бәрі жиналып отыр екен. Кіріп барғанымызда бәрі қол соқты. Бір әйел қысқа баяндама жасады. Мен сөйледім. Сөйлегенде кейінгілерге керек болар деп ұшқан ұямның тарихына қысқаша тоқталдым.
– Мен осы Сыпатаев атындағы мектеп-интернатқа бірінші рет 1923-1924 оқу жылында келдім, – деп бастадым сөзімді. – Ол кезде бүгінгі Жамбыл, Оңтүстік Қазақстан, Қызылорда облыстары Сырдария губерниясы деп аталатын. Орта мектеп жоқтың қасы. Ол кезде орташа білімі бар деген нәрсе таңқаларлық іс болатын. Бүгіндегі тілмен айтқанда, қазақ жастарын оқыту үшін мектеп-интернаттар ашылды. Соның бірі – осы мектеп. Ол кезде еліміз кедей, интернатымыз көпшіліктің қолдауымен ашылған. Қазақтардың біреуі бес, біреуі он қой, енді біреулері сиыр береді. Оны үш-төрт баладан кезектесіп бағамыз. Шымкентте бүгінгідей қаптаған төрт-бес қабатты үйлер жоқ. Төңірегіміз – жайлау. Қорамыз бар, малды кешке әкеп қораға қамаймыз. Семіртіп, базарға сатамыз. Қысқасы, киіміміз де, тамағымыз да – осы мал.
Интернатымызға бүгінгі Жамбыл, Оңтүстік Қазақстан, Қызылорда облыстарының мектептерінен оқушыларды іздеп, таңдап жинауға тырысты. Жамбыл облысынан Құрманбек Сағындықов (қазіргі «Қазақстан коммунисі» журналының бас редакторы), белгілі партия қызметкері, Социалистік Еңбек Ері Әзімбек Смайылов (ол қазір Тараз қаласында тұрады, ұзақ жыл Мерке аудандық партия комиететінің бірінші хатшысы болып істеді), Қошқарәлі Манасбаев, Раушан Қазыбаев (ол да ұзақ жыл аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы, соғыс кезінде атты әскер эскадронының комиссары болды), Жақыпбек Молдатаевтар бардық. Қызылорда облысынан да бірнеше бала келді. Солардың ішінде есімде қалғаны, жасы үлкен, сол кездегі есеппен қарағанда білімі барлау, бүгіндегі ақын, драматург, ғалым, филология ғылымының докторы Әбділда Тәжібаев.
Ол кезде Оңтүстік Қазақстанды Ташкент қазақ уезі деп атайтын. Одан да балалар келді. Олардың ішінде ұмытылмай жүргені, фамилиясы есімде жоқ, Тұрлыбек деген бізден екі класс төмен оқыған бала. Ол өте шешен, еті тірі бала еді. Мектеп бітірген соң облыстық газеттің редакторы, аудандық Советі атқару комитетінің төрағасы, аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы болды. Қандай себебін білмеймін, қайғылы қаза тапты деп естігенім бар. Осыларды айта келіп:
– Біздің адам, азамат болып өсуімізге асыл ұстаздарымыз өлшеусіз еңбек сіңірді, – деп Мұса Мылтықбаев, Тәңірберген Отарбаев, Сейілбек Үсенов, Федор Тимофеевич Горшков, Гольберг (өзінің, әкесінің атын ұмыттым), Лошкин, Сафронов, Сергей Агеев (әкесінің атын ұмыттым), Николай Чеховцов, Покровский, орыс тілі мен әдебиетінен сабақ берген Елена Степановна Проценко есімдерін ерекше құрметпен атадым.
– Мен осы аса қасиетті, қадірлі ұстаздарымның аруағы алдында басымды иіп, шәкірттік, перзенттік алғысымды білдіремін, – деп басымды төмен иіп, сөзімді бітіре келіп:
– Ұшқан ұямның бүгінгі және болашақтағы шәкірттеріне: «Әр кез адал, ізденгіш, еңбексүйгіш, арлы болып, үздік оқып, ата-аналарыңның, туған-туысқандарыңның, ұстаздарыңның атына кір келтірмеңдер, еліміздің асыл азматтары атаныңдар деген аталық тілегімді білдіремін» – деп мінбеден түсіп, орныма кеп отырдым.
Сөзімнің әр жер, әр тұсында ұзақ қол шапалақтау болып тұрды. Оған мән берген мен жоқ. Жиналыстан соң, екі сағаттан кейін облыстық, қалалық партия комитеті бізді облыстық драма театры үйіне шақырып қойыпты. Бармасқа амал жоқ.
Жеңгең президиумда сол жағымда, ал оң жағымда жиналысты басқарушы әйел отырды. Әбекең (Әбділда Тәжібаев) менен екі-үш адам ары отырды. Ойпырмай, іші тар, қызғаншақ екен. Іштарлық, қызғаншақтық – жетістік емес, үлкен кемшілік. Жұрттың маған жапатармағай құрмет көрсеткенін Әбекең жақтырмады. Әріберіден кейін қолын беріп амандасқан жоқ. «Мына ит ауырып жатса да келіп қапты-ау» деген көзқарасын алыстан байқап, «ассалаумағаликум, Әбеке» деп мен де басымды изедім де қойдым.
Президиумда дірілдеп отырды. Аласа бойлы қара әйел мінбеге шықты. Ел қол шапалақтады. Жазып алғанын оқып тұр. Жаттанды сөздер. Қалай шыдап отырғанымды білмедім. Сөзінің аяғында мені мақтады. Маған ұсынбақ боп үлкен гүл шоғын қолына ала бастағанында, қасымдағы әйел:
– Гүл шоғын сізге тапсырады, бетінен сүйіңіз, – деді сыбырлап. Бұлай дегені маған өте ұнамады.
– Жоқ! – деп ем:
– Неге? – деді әйел. Сыбырласқанымызды аудитория көріп, байқап отыр ғой.
– Губы не хочу пачкать, – дедім. Әйел хи-хм деп күліп жіберді. Ол күлгенде белінен құшақтап:
– Сізді сүюге бола ма? – деп сүйдім. Сыбырласудың сыры осы дегенім ғой. Аудитория қырап-топан күлкі. Ду қол шапалақтап та жіберді.
Баяндамашы аласа бойлы, қара әйелдің гүлін, грамотасын алдым, сүйгем жоқ. «Рақмет, қарағым» дедім де қойдым. Оның баяндамасы маған ұнаған жоқ, өңшең жаттанды сөздер.
Екінші ұнамаған Әбекең болды. Іші тар және сол іштарлығын ашық көрсетіп отырды. Аудитория ақымақ емес, байқап, біліп отыр. Жиналысты басқарушы қасымдағы әйелге:
– Алдымен Әбекеңе сөз беріңіз, – дедім. Әбекең мінбеге шықты. Қол шапалақтау. Өзі кемиек қой. До того был смущен и возмущен, екі сөйлемді зордан құрап сөйледі. Жүйкесі жұқарып біткен бе, кім білсін? Бір өлең оқыды. Шалдың көңілі қалмасын деп ел шапалақ соқты. Әйтпесе өлеңі түкке тұрғысыз.
Әбекеңнен кейін маған сөз берді. Зал у-ду, у-шу боп кетті. Мен қол көтердім. Қол көтерсең, бәлеге қалады екенсің, жұрттың арқалары қозып, бұрынғыдан бетер шапалақ соқты.
Сөйледім, жазуым жоқ. Қарағым Мамытбек, импровизация – вдохновение. Ойламаған нәрсе аузыңа өзі кеп түседі. На импровизацию слушатели хорошо реагируют. Я импрозировал. Әсет:
– Көке, алты минөт сөйледіңіз, – деді. Сөзім магнитофонға жазылды ма, жазылмады ма, білмеймін. Орныма қайтып келе жатқанымда жұрттың бәрі орындарынан тұрды. Значит выходит, я не плохо говорил.
Шырағым, көңіліңе келсін, келмесін мен бұл әңгімені Әбекеңді кеміткелі айтып отырғаным жоқ. Дегенмен, алжығанизмнің басы басталғаны ма, мүмкін мен де оның жасына жеткенде алжырмын. Әбекең қатты ашулы болды. Жынданып кетер ме екен деп отырдым. Құрмет кімнен қалмаған, несіне қызғанады деп ойладым. Мен өмірімде ешкімді қызғанған кісі емеспін. Менің қорытындым, қарағым, Әбекең майда, саяз кісі екен. Әбекеңнің атына жылы сөз айтылғанда мен қызғанғам жоқ, ішім ашыған жоқ, қайта оны өзім мақтап сөйледім емес пе?
Тарқадық. «Сағат төртте қонақасы беріледі, соған келіңіздер» деді. Төртте маған машина жіберіпті. Қонақасыға бармағаным ұят шығар деп қатынымды, қызымды ертіп бардым.
– Төрге шығыңыз, – дейді ғой сыйлы қонаққа. Ары қараймын, бері қараймын, Әбділда ақымақ жоқ. Е, нағыз оңбаған екенсің ғой деп екінші көңілім қалды. Я страшно возмущен. Жарайды, «менен Бауыржанды жоғары қойдыңдар» деп өкпелей-ақ қойсын, ал дәмге келуі керек қой. Оның төрдегі орнына ешкімді отырғызбай бос сақтадым. Кешігіп келгендей болса, ұялып қалмайық дедім. Ол келмеді.
Қонақасы жаман болған жоқ. Мен абайлап ішіп отырдым. Мас болып оттасам елдің көңілі қалады ғой.
Әбділданың әлгі қылығын әлі түсінбей жүрмін. Я обижен как гражданин, как ученический товарищ. Екі-үш майдалығын көрдім. Бұл саған ол кісіні жамандағаным емес, өзімнің реніш-сезімімді айтқаным.
Люкске оралдық. Обалы не керегі бар, мектеп басшылары қайтқанымызша жүгіріп жүрді. Мына ақымақ добалдай жеңгең:
– Жолдан ауылға түсе кетейік те, – дейді.
– Жоқ! Ауылға түспеймін, Құдай бүйыртса, кейін арнайы ораламыз, – деп жол-жөнекей тоқтаған жоқпын.
Содан поезбен келдік. Қарсы ал, марсы ал деп ешкімге жеделхат салмадық. Салар ек, сен Алматыда болмадың. Айтпақшы, мектеп директорына:
– Құрекеңді (Құрманбек Сагындықовты) неге шақырмадыңдар? – дедім.
– Ол кісіге де шақыру билетін жібергенбіз, келмеді, – деді. Мұны еске ап отырған себебім, зейнеткер, ауру шал мен барғанда, ол неге бармайды? Барса несі кетті? Ұшқан ұясы. Өзі тағы «Қазақстан коммунисі» журналының бас редакторы. Үлкен жалақы алады. Ақшасын қимаса, іссапармен бармай ма? Мен ауырып жатсам да, лаж жоқ болса да, өз ырызқұтымды өзім көтеріп бардым. Ал Құрекеңе не жоқ? Одан да кішкене көңілім қалды. Мүмкін сырқаттанып қалды ма екен?..
Түсінген жанға, қарағым, ұшқан ұяны сыйламау – өзін-өзі сыйламау, қала берді елін сыйламау...
Адамда айла-әдіс мол
– Сөзімді бөлмей тыңда! – деді Баукең бұйырып. – «Москва» қонақ үйінде Күләш Байсейітоваға жолығып қалдым. Төмен түсіп келе жатыр едім:
– Ә, Бауке, амансыз ба, қайда барасыз? – деді.
– Төмендегі мейрамханадан тамақтанбақ едім. Қарсы болмасаңыз, бірге тамақтанайық.
– Ойпырмай, сізді осында жолығады деп ойламап едім, – деді жадырай күліп. – Тамақтансақ, тамақтанайық.
Екеуміз мейрамханаға бардық. Үстімде әскери киім. Айналамызда өзбек, тәжік, қырғыз – бәрі отыр.
– Билік өз қолыңызда. Қандай тағамды қалайсыз? Тапсырысты тартынбай, жақсылап беріңіз, – дедім.
– Шынымен билік менің қолымда ма? Хи-хи, – деп күлді.
Жұрт қарап отыр. Күләштің бір адамгершілігі, өзін-өзі ұстай біледі екен. Бұл – үлкен ақылдылық. Қатты риза болғаным, жүз жылдан бері таныс-біліс адамдай еркін отырды, өзін еркін ұстады. Сөз арасында:
– Алматыдан кеше келген едім, бүгін кешкі самолетпен қайта ұшпақпын, – деді.
– Неге сонша асықтыңыз?
– Бір туыстарым өзара келісе алмай жанжалдасып қалған көрінеді. Мәскеуде ең азы екі апта боламын ғой деп едім. Енді амал жоқ...
Мен ойға қалдым.
Баукең темекі түтінін үрлей отырып:
– Туған-туысқан арасының өзінде қанша талас-тартыс бар десеңші? – деді басын шайқай. – Соғыста өмір мен өлім қыл көпірден өтіп жатады. Бейбіт күн таласы мен соғыстың таласының айырмасы үлкен. Соғыстағы талас – өмір не өлім, ал бейбіт өмірдегі талас – ашу, ыза.
Тұрмыс болғаннан кейін, қимыл болғаннан кейін, әсіресе, қиыншылық жағдайда талас-тартыс әрдайым ұшырап отырады. Дөрекі түрде айтқанда, талас-тартыссыз өмір жоқ.
Ауыз жаласып, тату тұрамыз дегеннің тоқсан пайызы өтірік. Бізде тартыс-талас жоқ деген нәрсе – жалған. Мысалы, келін екеуіңнің араңда тартыс жоқ десең, мен сенбеймін. Бар, бірақ та көнеміз, көнбеске лаж жоқ. Ішкі талас-тартыс кімнің өмірінде болсын жетіп жатыр.
Тартыс-таласты біз теріс іс деп ойлаймыз. Бұл – табиғи, заңды құбылыс. Тартыс-таласты жуып-шайып жіберетін бір-ақ нәрсе бар. Оны, бейнелеп айтқанда, дипломатиялық қарым-қатынас дейміз. «Адалмыз, ақ ниеттіміз, бір-бірімізді сүйеміз, күйеміз, бір-бірімізсіз өмір сүре алмаймыз» деген секілді үйреншікті сөздер толып жатыр. Оны бір жақсы дипломатиялық әдіс оп-оңай шеше салады.
Дипломатиялық әдіссіз өмір жақсы да болмас еді. Оның грамнан бастап тоннаға дейінгі бір қасиеті бар. Оны орысша «лицомерие» дейді. Біз оны ұнамсыз жай, ұнамсыз көрініс деп соғамыз. Ал шынына келсек, бұл да табиғи, заңды құбылыс.
Айтқаны ұнамаса да:
– Е, мынаның көңіліне тимейінші, – деп ығына жығыла саламыз. Это разве не лицомерие? Ұнатпағанымызды жасырып жүреміз, біреудің кемшілігін білсек те айтпаймыз. Бұл не? Бұл тартыс-таласты ұшындырмаудың амалы. Оны біреу ұқса, біреу ұқпайды.
Үстімізге жеңгей енді.
– Шай әкелейін бе?
– Болды, ойымды бөлме!
Жеңгей бөлмеден көңілсіз шықты. Баукең ашуын басып:
– Не айтып отыр едім? – деді сабырлы қалпына еніп.
– Ұғады, – дедіңіз.
– Ұғады деген бағалайды, көрген, білген, естіген, сезген нәрселерінен қорытынды жасайды, олардың орнын таба біледі деген сөз. Орнын тапқанда кім пайдалы, кім зиянды деген ең басты сұраққа жауап іздейді.
Білсең, қарағым, сол екеуінің арасында адам интеллектуалды жануар ретінде табиғатқа кейбір түзетулер енгізеді. Түзету екіге бөлінеді. Біреуін сақтайды, біреуін жояды.
Арам шөп деген сөзді ботаникалық ұғым бойынша түсіну – ақымақтық. «Мынау зиянды шөп екен, отап тастайық, мынау зиянды шыбын екен, улап өлтірейік, мынау сасыған су екен, ағызып жіберейік» – деген түсінік түсінік емес. Өмірдегі ең зиянды арам шөп – оңбаған зиянды адамдар. Адамдардың да арам шөбі болады. Сен бұған терең мән бер.
Жануарлар дүниесі: маса, бүргеден бастап, жылан, қасқыр, қарсақ, жолбарыс, арыстан дегенге дейін барады. Осы сияқтылар адам қоғамынан да табылады. Түсіндің бе? Бұлар болмаса, адам өспес еді. Кәдімгі хайуандарша «қарным тоқ» деп жүре берер еді. Адамға өзінің қандас, жандас туысымен күресу өте қиын. Неге десең, адамда айла-әдіс мол...
Қарапайым болғанға не жетсін!
Баукең мүштегін алып, асықпай темекі тұтатып тартты.
Сұрағың болса, қысылма.
– Қарапайымдылықты қалай түсінесіз?
Көк түтінді көкке үрлей жауап қатты.
– Қарапайымдылықты кейбіреу кішіпейілділікпен шатастырады. Ол – түсінбестік. Қазақта «Көп жасағаннан сұрама, көпті көргеннен сұра» деген мақал бар, қарағым. Оны мен дана мақал деп ойлаймын. Мақтанды демегін (ондайдан аулақпын), мен өз қатарымдағылардың арасындағы көпті көргендердің біреуімін. Әр топтың, әр ұлттың, азиялық, европалық континенттің (әр құрылықтың батысы, шығысы, солтүстігі бар) адамдарымен сырласқан кісімін. Сен бір келгеніңде географиялық картаны ала кел. «Мына жерде мынандай әсер алдым» деп жүрген жолдарымды сызып беремін.
Мен өмірімнің көбін жолаушылықпен өткізген кісімін. Баяғыда ондай кісіні жиһанкез деп атаған. Мен жолаушы боламын деп ойлаған емеспін... Мені жолаушы болуға өмір мәжбүр етті. Әскери борыш қайда жұмсаса, сонда бардым. Суыққа жұмсаса, суыққа, ыстыққа жұмсаса, ыстыққа, соғысқа жұмсаса, соғысқа бардым. Жолығам деп ойламаған кісілерге жолықтым. Миклука Маклай, Пржевальский, тағы басқалары өз еркімен, өз қаражатымен саяхат жасағандар. Ал біз «азаматтық борышыңды өте!» деген бұйрық бойынша саяхат жасадық. Біз алтын іздеген жоқпыз. Атақты Колумб алтын іздеді, оның ол әрекеті жақсы болды, жаңа континент – Американы ашып, адамзат үшін үлкен іс істеді. Ашарын ашып, аларын алып, біз басқа жаққа кеттік, сен қал деп Амери атты құлын қалдырады. Содан жаңа континент Америка атанған. Ашқан Колумб қой. Қандай кездейсоқтық, ә? Бұл Америдің түсіне кірді ме екен?
Біздің қазақтың жер аты сол жерге бірінші кеп қыстаған, не жаз жайлаған кісінің атымен аталған. Кейде атау жердің түсіне, ерекшелігіне қарап қойылған. «Мынау – Қоңыртөбе, мына жерге жуа көп шығады екен, Жуалы» дейік деген. Жуалы менің туған ауданым ғой. Ақсай, Көксай да солай. Мыңбұлақ – жатқан бұлақ қой. Әр жүз, екі жүз метр сайын бұлақ. «Е, мынау жазда да, қыста да аппақ ала тау екен, бұдан былай Алатау дейік, ал мынау қап-қара екен, Қаратау дейік деген. Мына жерден кен шықты деп Кентау атаған. Біздің елде Бақтыбайдың, Батырбектің сазы деген саздар бар. Оларды бірінші ашып, бірінші малын баққан Бақтыбай, Батырбек деген кісілер екен. Жамбылдың батыс жағындағы үлкен көл Билікөл деп аталады.
– Ойбай, мына көлдің айналасы жақсы, шөбі шүйгін екен, жайлау істейік, – дейді Билі деген кісі. Содан Билікөл атанып кетеді.
Біздің ауыл Алатаудың бауырында ғой. Жауынгерлік кез. Биік шыңның басына қырғыздың батыры шыққан екен, содан ол Манас шоқысы атанып кетеді. Ол кезде, дүрбі, самолет жоқ. Барлау үшін төбеге, биікке шығу керек. Манастың өзі біздің бүгінгі альпинистен артық болған тәрізді. Биік мұзтауға шығып, жау қай жақтан келе жатыр екен деп байқап отырыпты.
Ешкім көрінбейді. Қаншалықты рас, өтірік екенін білмеймін, қарағым, «жаудың келе жатқанын көрместен мына шоқыдан түспеймін» деп батыр биікте қозғалмай отырып алыпты. Төмен жақ – ыстық, шоқы басы – мұз. Жыңғыл жағып, шала піскен етті қорек етеді. Жылы киім тапшы. Қырғыздың манаптарының кейбірі шыдап, кейбірі «тоңып өлеміз бе?» деп шетінен кете бастайды. Манас принцип ұстап, сол биікте мұздап өледі. Оны ешкім жерлемейді. Мұны еске алу себебім, қарағым, жердің аты, елдің аты – жатқан тарих. Оның түбірі бар. Егер де біздің ауылға жолың түссе, Манас шоқысы қайда деп шалдардан сұрасаң, «әне!» деп көрсетеді.
Ауылымда Теріс деген де өзен бар. Алатаудан, Қаратаудан бас алған бұлақтар – төмен, ылдиға қарай ақса, мынау ерегісіп, кері ағады. «Аналар жөн-жөнімен жөңкіліп барады, теріс ағып мынаған не жоқ?» деп ел атын Теріс қойған. Бізде Күркіреусу өзені де бар. Жер аттарын неге бұлай атаған деп ойланып, түсіну керек. Олардың өзіндік тарихы, мәні бар. Оны ата-бабамыз құрдан-құр қоя бермеген. Қазақтар бірден далалы халық болған емес. Неге десең, далада жеміс жоқ. Тауда мәуе бар әрі мал өсіру үшін қыста сарай керек. Содан амалсыз жылы жер, пана іздеген. «Е, мына жақ жылы екен, шөп жеткілікті» – деп жұттан қашып, солтүстіктен оңтүстікке, не таулы аймаққа жылжыған. Жазда далаға беттеп:
– Е, енді арқамыз кеңіп қалды, – деген. Меніңше, Арқа сөзінің түбірі осыдан шықса керек. Ол адамның аты емес.
Қарағым, өзің жассың, бір елдің, бір жердің атын естісең, неге бұлай деп ойланғын. Жалғыз қазақтың жері емес, басқа халықтардың жер аттарын да ескеру керек. Мысалы, орыстың да көлдерінің, тауларының өз тарихы бар. Шамалауымша, Волга – вольная река дегеннен шыққан болу керек.
Бұларды неге айтып отырмын? Мен қарапайымдылықтың мәні дәл осында деп білемін. Адам бірінші рет танығанына, бірінші рет көргеніне өз әсер-сезімінің өлшемімен ат қойған. Бұл – үлкен нәрсе. Меніңше, қарапайымдылық – әр адамның әсер-сезімі өлшемінің жемісі. Әрине, кейінгі кезде оны күрделендіріп жібердік. Неге десең, кейбіреу өзін кішіпейіл санағанмен, елдің бәрінен білімді, артық екен десін деп тұмсығын көтереді. Жақсы киінсе, жақсы білімді сөз сөйлесе, бітті, «ойбай, мына кісі білімді, кішіпейіл екен» дейміз. Бұл – түсінбестік. Меніңше, қарапайымдылық – ниет, жүрек адалдығы, әсер-сезім – тазалығы...
Кешегі қан майданда зұлым жауды жеңген Отанымыздың қарапайым ұл-қыздары емес пе? Ендеше, қарапайым болғанға не жетсін!
Мамытбек Қалдыбайұлы,
«Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлғының иегері, бауыржантанушы.