СҰЛУЛЫҚ СИМФОНИЯСЫ

СҰЛУЛЫҚ СИМФОНИЯСЫ

Сәуле Қабдолованың күнделігін қайта парақтағанда туған толғаныс

Таңғы төртте жазылған мақала

Көз алдымыздан бір сұлу әйел, сұлу ат өтіп бара жатыр дейікші. Әдетте, адамдардың көбісі оған жалпыға тән дағды, көзімен ішіп-жеу тәсілімен қарайтыны да жасырын емес қой. Бірақ сол көрініске Қабдоловтың көзімен қарайтындар сирек. Ол үшін әйел де, ат та тек сұлу емес, көркемдік құпиясы, қазынасы болып шығады. Ал ендігі жерде бар ғой осы сәт туралы пікір сұрап, сөйлетер болса біздің ұлық ұстаз алдына жан салмас еді. Әлгі көріністі өнер туындысына, керемет картинаға айналдырып жіберер еді.

Мұндайда ойыңды оздырып айту үшін бір шалқыма, кеңістік іздеуге тура келеді. Кейде оның өзгеден емес, өзіңнен табылып жататынына да пенде болған соң қуанасың. Бұрынырақта «...ол өмірден көшкелі жатқанда деймін-ау, сұлулық та сәл мұңайған болар-ау, көркемдіктің де қабағын кірбің шалған болар-ау...» деген бір лепес жазыппыз. Тіпті «...сұлулықтың өзі де сығып алған шығар көз жасын» деппіз. Енді осы ойымызға одан әрі серпін беру үшін жазушының жары Сәуле апай Қабдолованың күнделігін қайта бір шолғанда туған ой-толғаныстармен бөліссек дейміз. Әлгі бір іздеген кеңістігіміз, шалқымамыз осы күнделікте көлдей толқып жатыр.

Әдетте белгілі тұлғалар өмірінен жазылған ғұмырбаяндық дүниелерді (көбіне күнделіктерге негізделіп жазылғандары) оқу кісіні рахат сезімге бөлейді. Ондай туындылардың тартымдылығы сонда – сізді тіпті ерте есейтіп жібереді. Мұндай жазбаларда өмірдің өз шындығы боямасыз беріледі. Дерегі мен дәйегі, қызықты, тағылымды оқиғалары мол болады. Ең бастысы, онда өтірік, фальш деген кездеспейді. Сәуле апайдың да «Көрген түстей, сағымдай...» (Зейнолла Қабдоловтың Ә.Еспаевтың «Жайық қызы» әніне жазылған өлеңінің бір жолы) күнделігінің көп ерекшелігінің бірі осы. Әрине, бұл кітаптан көркемдік, кемелдік іздеп жатпайсыз, онда сол әлемге деген талпыныс, соның сырын ашып көрсетуге деген озық ой ұшқындары жетіп артылады. Кемелдік дегенде Сәуле апайды Толстойға оң үш бала тауып берген, білімі, білігі, парасаты жағынан Толстоймен кейде тең түсіп жататын жары Софья Андреевнамен салыстыру ойымызда жоқ, бірақ Сәуле апайдың жүргізген күнделігінің құндылығы неде деген ойдың өзі бізге сауалдан сауал туғызады. Кейде ойлайсың, осы біздің қаламгерлердің қайсыбір еңбегі, жалпы шығармашылық портреті турасында қазақ әдебиеттану тарихында жеткілікті жазылды, жазыла береді десек те, эпистолярлық жанрдың осы ұтқыр да ұтымды, парасатты үлгісіне үңіліп, оны ғылыми жүйеге енгізіп, зерттеу мәселесі әлі де түбегейлі қолға алынбай жатқаны да ойландырады.

Ойды ой түртеді. Мынадай бір жағдай еске түсіп отыр. Бір белгілі ағамызды меншіктеп алған біреу «сізге ана жерге, не мына жерге баруға болмайды» деп тықақтай берсе керек. Сонда ағамыз «мен де адаммын ғой, қарағым» деген екен. Осы тұрғыдан келіп қарағанда ұлт мақтанышына, көзі тірісінде Алаштың аңызына айналған Қабдоловтың күнделікті қарапайым өмірдегі ұстанған қағидасы, дағдысы, кісілік, кішілік, адамдық болмыс-бітімі қандай еді деген мәселе арқылы да көп шындыққа көз жеткізуге болады. Академиктің қандай мәселеге алаңдағаны, өз тұсындағы адамдарды бағалауы, тіпті, жәй, төтеннен айтылып қалған тың тіркестерінің өзі сала-сала тақырып болар еді. Тіпті, зерделі, зейінді адамды күнделіктің тіліне дейін қызықтырса керек. Бұл жазбалардың маңыздылығы сонда – ол тек бір адамның емес, жалпы ұлт тарихының, оның тұлғаларының, элитаның рухани-көркем жылнамасы. Онда ел өміріндегі елеулі жаңалықтар, сіз іздеген, есіңізден шығып кеткен елең еткізерлік жәйттер жадыңызда жаңғырады.

Мәселен, сіз Мәдина Ералиеваның қашан қайтыс болғанын білесіз бе? (30.11.2000 ж.), Рәтбек қажының Қ.Мұхамеджановты сотқа берген күнін ше (6.07.1999 ж.), қазақтың аса көрнекті жазушысының жан досының аяғын сүйген сәті сізді селт еткізбей ме, не болмаса Ш.Сарыбаевтың кездесіп қалып сұмдық әзіл айтқанын білгіңіз келе ме? (31.07.1999 ж.), «Әдебиет және искусство» журналына «Жұлдыз» атауын берген Қабдолов екені де есіңізде жүрер еді немесе академик Манаш Қозыбаевқа «тарихшылардың ішіндегі ақыны, көсемсөздің көкжалы» деген теңеуді немесе «Шерхан ұлттың ұяты және өмірлік тайталастың тарланы», «Қалтаймен жау болудың өзі бір бақыт», «Амантай қажы бірде үрей, бірде мерей», «Кірпігінде кірбің бар Имаштың», «Торғай ұлттың ұшқан ұясы болса, Сыр қонатын қиясы» деген атақты сөз байламдары, теңеулері, «кірпігінде кірбің бар Имаштың» деген сөздің де өз тарихы бар екендігін білесіз бе?

Тіпті, аяулы ұстазымыздың сәл болғанда төбесіне мұз сүңгісі түсіп, өмірден ертерек кетіп қалу да қаупі болған екен. Құдайдың құдыреті, бір күні бұл кісінің қолындағы кесе өзінен-өзі шытынап сыныпты. Ұстазымыздың ақыреттік туралы аракідік айтып қалуы т.т. сөздерінің, көзқарастарының астарына үңіліп ой толғаған адамның өзін де, өзгені де үлкен рухани олжаға кенелтері сөзсіз. Сондай-ақ, Иманғалидың хаты, Махамбет пен Әуезовті қатар жазуы, Махамбетті жазу үстіндегі көңіл-күйі күнделікте бір-екі ауыз сөзбен тартымды беріледі. Мынау бай-бағландардан жер қайысатын заманда аяғы жерге тимеуге тиісті Қабдоловтың жаяу жүрген күндері, жетпіс жеті жасында тұңғыш рет саяжай алуы, арнайы көлігі болмауы мені де, оны да, сізді де ойландырмай ма? Әрине, Қабдолов ағайынсыз, бауырсыз, туыссыз, інісіз болған жоқ. Бәрі алақанына салды. Кейде белгілі бір шындығы бар ойды да бүгіп қалмаудың пайдасы болатын шығар деген ниетпен айтып отырмыз.

Күнделіктің кей тұстарында апай кейбір оқиғаларға өзінің көзқарасын да білдіріп отырады. Мәселен, Е.Евтушенкомен өткен кездесуден алған ойын былай түсіндіреді: «Менің ұғымымша, Евтушенко аты шулы ақын болған соң, онда зазнайство да бар сияқты. Әлде Мәскеудің салқыны сезіледі. Бір қазақ қызы орыс тілінде жап-жақсы өлең оқыды. Евтушенко оған да ешбір реакция жасамады. Бұл қызыл костюмді қазақ қызы өте орнықты, ешнәрсеге таңырқамайтын, мазмұнды адам екен».

Академиктің таңғы төртте (6 шілде, 1999 ж.) қандай мақала жазғанынан хабарыңыз бар ма? Ал енді мұны бәріміз білуіміз керек. Әсіресе, қазіргі қаптаған редакторларға құлаққағыс. Ол үшін сол мақала мәтінін толық келтірген жөн.

Редакцияға хат

«Жас Алаштың» 4 мамырдағы санында Аташұлы деген біреудің мені «сынаған» бірдеңесі басылды.

Біреу деп отырған себебім: автор өзін «ҚазМУ-дің түлегімін» деп таныстырады, ал сол университетте жарты ғасыр бойы тапжылмастан ұрпақ тәрбиелеп-өсіріп келе жатқан мен мұндай «түлекті» білмеймін.

Бірдеңе деп отырған себебім: мақаланың мақала сиқы жоқ: автор тіпті не айтып, не қойғанын білмейді. Әдеби сауатсыздығын былай қойғанда, ойында мүлде логика жоқ. Мақаланың атын «Көп күттірген кітап... көңілден шыққан жоқ» деп айғайлатып алады да, ізінше «Менің Әуезовімнің» өткен жылы Мемлекеттік сыйлық алғанын айтады. Япырм-ау, кітап көңілден шықпаса, қалай сыйлық алады? Шықпаса, әрине, Аташұлының көңілінен шықпаған-ды, бірақ оның осыны жалпы жұрт атынан айтуға қандай қақы бар?

Одан арғы қайырымдағы «Әуезов сөйлеп тұр, Әуезовтің басы, шашы...» дегендер контекстен қасақана жұлып алынғандықтан, менің сөзім емес, Аташұлының шатасуына айналып кеткен.

Әуезов «Қолыңнан келсе, мен бол!» десе, егер мен бұл шындықты көзіммен көріп, құлағыммен естісем, оны жария еткеннің не ерсілігі бар?

«Бегей – Беликов, Ғалиев – Манилов, Байкенжин – Башмашкин сияқты» дейді автор. Мұның несі бар? Менің кейіпкерлерім Гоголь сомдаған классикалық образдарға ұқсаса, ондай типтер қазақ топырағында да болғаны ғой. Рас, болды. Әуезовтің өзін әуззовтігі үшін қайта-қайта түрмеге қамап жүрген сұрапыл тұста Әуезов кафедрасындағылардың Гоголь мен Достоевский «бейшараларына» ұқсамауы мүмкін емес еді.

Содан соң мынаны ескеру керек: менің жазып отырғаным – көркем шығарма, кафедра мәжілісінің хаттамасы емес. Оның үстіне, әдебиетте шарттылық деген болады. Оны білмеу – сауатсыздық.

Ақыр-аяғында, «кітаптың кешігіп шығуы әлгілердің марқұм болуын күткендіктен емес пе екен» дей түседі де, Аташұлы бұл ойын «күпірлік» көреді. Шынында да, не деген арам-харам ой? Масқара ғой!..

Зейнолла ҚАБДОЛОВ.

«Мен чиновник емеспін ғой...»

Ұстаздың хатында көрсетілген мақала жарық көрген күні өзі редакцияға телефон шалғаны бар еді. Ол кісімен сөйлескен пақырыңыз мен едім. Күнде шығып жатқан, конвейердей айналып тұрған газетті кейде қадағалау да мүмкін болмай қалатын. Содан кейін ақталу, сылтау айтасың, бірақ оның бәрі жай сөз еді. Ұяттан жерге кірердей боп тұрған мені ұстаздың өзі құтқарып, былай деп еді:

– Қарағым, мен чиновник емеспін ғой, сынала беретін, сыналған сайын семіре беретін. Мен жазушымын ғой, өз стихиям, стилім бар ғой, қарағым-ау. Бұл халықтың признаниесіне қарсылық қой. Мынау «недоросльдерің» кім өзі? Мен образ жасадым ғой, неге ғана соны түсінуге болмайды. Менің сендерге рахметтен басқа айтарым жоқ. Бұған бола шабылатын дәнеңе де жоқ. Еркеліктерің өздеріңе жарасады. Мінез бар сендерде. Сол мінездің жоқтығынан ғой, кейбіреулердің көптің бірі боп жататыны. Сендер сынап, абыройым асып жатса, екі есе бақыттымын мен. Бірақ сұлулық дегеннің өзінде мөлшер жатпай ма?

***

Сөйтіп, бізді мақтамен бауыздаған. Ұқыптылық деген сол, Сәуле апай осы оқиғаның ай, күніне, тіпті, сағатына дейін жазып қойған.

Асанәліні тоқтатқан сөз

Күнделікте екеуара әңгімедегі сөз қолданыстары, жәй сөзінің өзі көркем, келісті шығуы да бірі қалмай жазылып отырған. Және-дағы сол сөздердің қандай жағдайда, қандай көңіл-күй үстінде айтылғаны, мәні, мағынасы, мазмұнына сипаттама беріліп кетеді. Оның бәрін тізбелесек, жарты кітап шыққан болар ма еді. Сөз демекші, «сөзстанның президенті» (С.Сейітов), «сөзбен демалатын кісі» (Т.Медетбек) «сұлу сөздің сүлейінің» (Б.Омаров) мына бір лебізін де апай тап-тұйнақтай етіп жазып қойыпты.

22 қараша. Дүйсенбі. Зекең ерте оянып, жазу столында отыр екен. Алдымен ауырып қалды ма деп шошыдым. Түсі бұзылып, мұңданып кетіпті. Қали Сәрсенбайдың тапсырысымен («Жас Алаш») Асекеңнің (Әшімов) қайғысына байланысты көңіл-күйімен бірге қайғырып отыр. Лебізін қағазға түсірді. Екі сағаттан кейін мені шақырды. Оқып берді. Кейін (27 қараша, 1999) газетке шықты. «Қарағым Асанәлі, білеміз, қайғың ауыр. Мұндайда тіл безеу де қиын. Жұртың не айтарға білмей дағдарды. Мұның өзі бұдан жүз жыл бұрын Абай басында болған халді еске салады. Абайдың да бір баласынан кейін бір баласы өліп, ол ешкімді тыңдамай жатып алғанда, көп ішінен кәдімгі Қиясбай суырылып шығып: «Уай, Абай, біз сен деп келдік, өлім ортақ, сенің қайғың бәріміздің қайғымыз деп келдік, жалғыз-ақ соны жөндеп жеткізе алмай, тіліміз байланып тұрған жоқ па?! Қабырғамызды қайыстыра бермей тұр, қасиетті кісісің, енді сен сөйле, енді сен көңіл айт, бізге!» депті. Сондай-ақ деймін-ау, Асанжан, мына жұрт сенің қасіретіңе ғана емес, қасиетіңе де жиналып, қаумалап тұр ғой. Сен қазақ өнеріндегі биік тау емеспісің?! Тау басын бұлт шалса тарқар, іргесін ызғар алса айығар, бірақ тау құламас болар, орнында қалар, сен де құлама, қарағым, тұр!». «Ж.А». №142 (27.11). Бұл күні – Сағидың қырқы. Ас беріледі. Зекең сонда кетті.

***

Расында еңсесін қос қайғы езіп жіберген ердің ері Асағаң осы сөзден кейін басын көтерген еді. Сөздің құдіреті. Сол сөздің Қабдоловтың аузымен айтылуын айтсаңызшы.

Мақала сұлу әйел, сұлу аттан басталып еді ғой. Өмір бойына сүйіспеншілікке, сүйінуге, сүйсінуге толы сұлулық симфониясын жазып кеткен кемеңгердің көзімен қарағандай мына дүние-дүрмектің қыр-сырына терең бойлай алмасақ та, күнделіктен басталғаннан айтылатын ұстазымыздың назарын аударған Қаныштың суреті ойы- мыздан бір шықпай қойды.

Апай күнделігінде (24 наурыз, 1999 ж.) былай деп жазады: «...Зекең Ғайниса апаймен (Сәтбаева) сөйлесіп, Қанекеңнің жалғыз, дала кезіп бара жатқан суретін (фото) қиылып сұрады. Сол арқылы бір күрделі әңгіме жазбақ ойы бар». Одан әрі апай былай жалғастырады: «30 наурыз. Түнгі 4-те тұрып, үстеліне келді. Таңғы сағат 7-ге дейін үш сағат отырып, Қаныш Сәтбаев туралы 15 минуттық сөз дайындады. 31 наурызда университетте Сәтбаевқа арналған конференция өтеді. ...Шәйді 11-де іштік. Шәй үстінде түнгі жазғанын оқыды. 10-13 минут уақыт алады екен. Зекең әр сөзіне жауапты қарайтын адам. Әсіресе, ен далада (Жезқазған) Қаныш Сәтбаев жалғыз қалқиып кетіп бара жатады. Не ойлады? Осынау жерді сату деген не сұмдық? Суретке қарап отырып бірнеше рет толқыды. Ғайниса апай айтыпты: сол далада қаптаған кісі өлігі жатқан, аштан өлген, көмусіз қалған. Бұл 1932-1933 жылдар болуы керек. ...Бір сағаттан кейін Әзағаң (Ә.Мәмбетов) Зекеңді алып келді. Сәтбаев туралы сөйлеген он минуттық сөзінің соңын «Дана-дала, қазақ жері, сол жерді сату деген не масқара?!» деп бітіріпті.

Ұстаздың сөйлер кездегі сұлу сәті, бет-жүзіндегі айтып болмайтын құбылыс, текті, зипа қозғалысы, жүрегімен жазған сөзді жүрекпен оқығаны көз алдыма келе қалды. Суреттің өзінен сонша сыр тартып, әңгіме өрбіту шешеннің шешенінің ғана қолынан келетін өнер. Сөзді биік, бекзат өнер деңгейіне көтерген дара данам-ай!

Бұл кісінің ауызекі сөзін былай қойғанда, жазған хатының өзінде көркем тілдің үлгілері ұшқындап тұратын. Бір ғана «Сәулеге хатының» өзі де тұнып тұрған сөз емес, саз ғой. Сөзде саз болатынын да ұқтыратын осындай шешендер. Біздің ұстаз үнемі сағынып жазған секілді көрінеді де тұрады. Сол үлкен сағыныш өмірді, өнерді өліп-өшіп сүюдің әсері ме екен, жазуында даналыққа тән сарындар аңғарылып тұрады. Кейде ұстазды сағынғанда осы кітапты парақтағым келеді. Себебі, бұл кітап оның бойындағы елді елжіретіп жіберетін қасиеттерді есіме түсіреді. Оның үстіне аяулы жарының көзімен жазылғандықтан ба екен. Сол даналығын даралап тұратын парасат лебі, сұлулық сазы, сөз сәулесі бар мұнда. Сол баяғыдай ұлықтығын кішілігі мен кісілігі жеңіп шәкірттерінің өзін де Бауке (Б.Омаров) , Әбеке (А.Шәріп) дейтіні де еске түсіп, мәдениеттің иісі аңқып қоя береді.

Қысқасы, Шота Уәлихановтың жары Зинаида Кәрімқызы айтқандай, «Зекең ағамыздың сөзі түгіл, жүрісін, бітімін көргенде, өмір сүргің келеді» (5.02.2000 ж.).

Осы кітапқа жазған қолтаңбасында Сәуле апай: «Қарағым Қали! ...сұлулықтың өзі де сығып алған шығар көз жасын деп жазғаның есімде. Қабырғаң қайысып еді-ау, қарағым.

Ал мынау менің көз жасым, зарым. Әрдайым Зекеңнің рухы қолдасын! 12.12.2009 ж.» деп жазған еді.

Бүгінде бізден қашып бара жатқан «қарағым» сөзіне елжіреп, осы қолтаңбаға тағы бір мәрте үңіліп, ойлап қарасам бұл күнделіктің әр жолы шынында да сүйген жардың көз жасының бір-бір тамшысындай мөлдіреген, сұлулыққа қойылған ескерткіш екен ғой.

P.S. 

Егер сұлулықтан сыр тартсақ, Қабдолов әлеміне қайта еніп, композитор болсақ, Тілендиевтің «Махамбетіне» жетеқабыл «Сұлулық симфониясын» жазған болар едік. Ал мықты мүсіншісі табылса ендігі ұстазымызға қояр еңселі ескерткішке «Сұлулық» деген бір ғана сөз жазылса жетіп жатыр. Оның бар болмысы, өзі айтқандай «бүтін бітімі» осы сөзге сыйып тұрған жоқ па!?

Апайдың өзі жазғандай, Иманғалидың «Сұлулыққа айналған «Құлпытас» деген кітабында «Сұлулыққа айналған қасірет, сұлулыққа айналған нәрсе ешқашан өлімге бас имейді».

Қали Сәрсенбай, 

жазушы

Академик Зейнолла Қабдолов

ОЙ ҮЗІКТЕРІ

Ақын кім? Ақындық деген не? Бұл сұрақтардың жауабын кезінде Абайдың өзі берген. Ұлы ақынның «Адамның кейбір кездері» деп басталатын өлеңінде мынадай керемет жолдар бар:

«Сылдырап өңкей келісім тас бұлақтың суындай»...

Шын мәнісіндегі өнер туындысының айрықша асыл қасиетін, сыртқы түрі мен ішкі сырынның тамаша үндестігін, сайып келгенде, оның, күллі идеялық-көркемдік құнын осыдан артық дәл тауып айту қиын. Сөз өнеріндегі мазмұн мен пішіннің бірлігі дегеннің өзі де осы – әдеби шығарманың адам таң қалғандай әдемілігі, яки «тас бұлақтың суындай сылдыраған өңкей келісімі». Александр Блоктың «ақын – үндестік ұлы» деген тамаша тұжырымының түп-төркіні де осыған саяды. 

***

Абай, әрине, эстетикалык трактат жазып, теориялық пікір айтқан адам емес. Оның сұлулыққа көзқарасы да өлеңдерінен көрініп, белгі беріп отырады.

«Әдемілік дегеніміздің өзі – өмір» (Чернышевский) десек, Абай да сұлулықты қиялдан емес, өмірден іздеді. Ескі салт-сана, әдет-ғұрыпқа, алдамшы діни ұғымға байланысты қиялдағы «періштеден», «хор қызынан» сұлулық тапқан жоқ, «әзірет Әлі айдаһарсыз» сөз айтып, «алтын иек, сары ала қызды» қоя тұрып, кәдімгі адамға тән шынайы асыл, аяулы қасиетті шыншыл жырға айналдырды:

Жарқ етпес қара көңілім не қылса да, 

Аспанда ай менен күн шағылса да, 

Дүниеде, сірә, сендей маған жар жоқ, 

Саған жар менен артық табылса да. 

Сорлы асық сарғайса да, сағынса да, 

Жар тайып, жақсы сезден жаңылса да, 

Шыдайды риза болып жар ісіне, 

Қорлық пен мазағына табынса да. 

***

Болашақ алып суреткердің әлеуметтік ой-пікірлері ертерек пісіп, эстетикалық көзқарасы ертерек қалыптасқанға ұқсайды. Қалам қызметіндегі алғашқы адымдарының өзінен ойшылдық, азаматтық ауқым аңғарылады, парасат әлемінің ойы мен қырын көп кезіп, басын тауға ұрып, тасқа соғып дегендей, тынымсыз ізденгені, халық, ел, қоғам хақында толассыз толғанғаны сайрап білініп тұр. 

***

«Ол бөлек еді, – деп тамсанады шәкірт Мұхтарға Семей семинариясында орыс тілінен сабақ берген Василий Попов, – алдыңғы партада отыратын он сегіз жасар сыпайы, сұлу жас қазақтық денесі сыптай түзу, киімі сәнді тап-таза, қою шашы қап-қара, кең маңдайы кере қарыс, коңырқай жүзі байсалды, маңғаз, көзінде ақыл тұнып тұр... Қадір-қасиеті өз ортасынан өзгеше бөлек осы жігіт орысшаға өте-мөте жетік; ал эрудициясына бәріміз таң қалатынбыз». 

***

Бейімбет қазақ кедейінің мінезі мен мүсінін қазақ поэзиясында өзіне дейін болмаған деңгейде дәл, тіпті типтік һәм символдық дәрежеде (Мырқымбай) тарихи жағынан нақты және өрбу, өсу үстінде сомдап соқты.

Осы екеуінің үстіне енді Бейімбет өлеңдері мен поэмаларының тұла бойына күн шуағындай тарап, ұшқын атып, сәуле шашып жатқан әрі жылы, әрі шымыр юморды (әзіл-әжуәні қоссақ), жалпы Майлин ақындығының өзгелерден оқшау тек өзіне ғана тән ерекшелігі белгіленеді де, оның, жоғарыда айтылғандай, қазақ поэзиясының дамуына қосқан өз келесіндегі үлесі анықталады.

***

Суреткердің өнері өмірімен, яки өз басынан кешкен ғұмыр-тіршілігімен тығыз байланысты. Ол өмірде нені жете таныса, өнері арқылы жұртқа да соны танытады. Осы ақиқат тұрғысынан қарасақ, Бейімбеттің дүниеге көзін ашқаннан көрген-баққаны көбіне ауыл өмірі: қыр тіршілігі, дала тұрмысы. Сондықтан оның ширек ғасыр бойы, сөз өнерінің қай жанрында болсын, жазған шығармалары түгел ауыл өміріне арналуы тегін емес.

***

Ғабит Мүсірепов – ардақты ат! Мүсірепов туралы мың сөзден «Мүсірепов» деген бір сөздің мағынасы әлдеқайда терең, мазмұны әлдеқайда бай. Демек, Мүсіреповті мақтаудың керегі жоқ, Мүсіреповпен мақтану керек. 

***

Әбіш Кекілбаев шығармалары парасатқа бай; мәдениеті биік, философиялық астары мол; бұлар таным ғана емес, тәрбие тарапында да үлкен міндет атқарары сөзсіз.

Әбіш шығармалары, ондағы өмір құбылыстары, адам тағдырлары қызғылт, жылмық емес, қатал, ащы; оп-оңай «бай боп, барша мұратына жетіп» жатқан ешкім жоқ, бәрі де табиғи талқыдан, тартыстан, күрестен, сыннан ететін тағлымды характерлер. Шығармалардағы қаһарман тағдырына окушыны ортақтастыратын, оны сан-сапа сезімге салатын баурағыш эстетикалық күш те осында жатса керек.

Әбіш шығармалары – шыншыл; оқиғалар өмірден өнерге қаншалық таза көшірілген болса, адамдардың да көбі күнделік тұрмыс-тіршіліктен кітапқа аумаған қаз-қалпында ауыса салғандай.