КҮРЕСКЕР

КҮРЕСКЕР

 1975 жыл. Қыркүйек. Қазақстан Жазушылар одағының кезекті бір пленумы өтіп жатыр. Мінберге Мұрат Әуезов көтерілді. Отыз екідегі жап-жас жігіт. Кенет пленум тақырыбына түк қатысы жоқ ол замандағы «жабық тақырып» – 1932 жыл ашаршылығына ауысты да кетті. Жұрт үрпиіп, партком қозғалақтап қалды. Жазушылар одағы одақ болғалы бұл ұйым мінберінен бұ тақырыпты қозғауға ешкімнің дәті бармаған. Мұрат отызыншы жылдары осынау жарты халықты жалмаған ұлт қасіреті туралы үнсіз қалған қазақ әдебиетін сынға алды. Ашаршылық тақырыбын айналып өткен әдебиеттің болашағы болады дегенге күмән келтірді. Төбеден жай түскендей болды. Отырған жұрт – жазушылар. Араларында, әрине, КГБ агенттері де отыруға тиіс. Ол заманда ондай агенттерсіз жиын өтпейді. Әсіресе, Жазушылар одағында. Өйткені ұлтшылдық, антисоветтік, ашаршылық тәрізді тақырыптар қозғалса, осы одақта қозғалуы мүмкін. Он жыл бұрын осында басталып, бүкіл Алматыны дүрліктірген «Жас тұлпар» дүбірі әлі есте. Сол «ұлтшыл» ұйым көсемі Мұрат, мінеки, тыныштықты тағы «бұзды». Тыныш жатқан көлге тас атты. Антисоветтік әрекет еді бұл. 

Ақпарат ЦК-ға жетті. Мұрат Әуезов биліктің қырына ілікті. Баспадан шыққалы жатқан «Эстетика кочевья» атты кітабы қайшыға түсті. Мұрат мәлімдемесі бұлтсыз күнгі найзағай болды. Біреуді қуартса, біреуді қуантты. Қуанғандар арасында біз жүрміз. Төлен Әбдіков пен мен. Төкең екеуміз осы ашаршылық тақырыбын толғатып жүргенбіз. Бұл тыйым салынған тақырып Мұратты да толғантатынын көріп қуандық. Цензура мың жерден тыйым салса да, бұл тақырыпқа түрен салуға дайындықта жүргенбіз. Мұраттың сөзінен кейін алған бағытымыздың дұрыстығына әбден көзіміз жетті. Әсіресе, менің қуанышым ерекше. 

Жастау болғандықтан ба, мен үшін Мұрат Әуезов мәдениет әлеміндегі бір эстетика эталонындай көрінетін. Жеке таныстығым шамалы. Бірақ ол, біріншіден, біздің піріміз – ұлы Жазушының ұлы, екіншіден, күні кеше «Жас тұлпардай» ұйым құрып, Қызыл империяны шошытқан азамат. «Қылышынан қан тамған» қызылдармен басы ашық «тіл табыса» алмай жүрген тұлға. 

Тоғышарлық, тіршілік тұрғысынан алғанда ол кезде «Бұл Мұратқа не жетпей жүр?!» деген сұрақ туары хақ. Әкеден қалған абырой арқасында оның алдында ашылмайтын есік жоқ. Оған қол ұшын созбайтын қазақ жоқ. Тыныш жүрсе болды, ғылыми атақтың да, үлкен қызметтің де бас иіп оған өзі келері хақ. Бірақ Мұрат өйтпеді. Ондай айлық пен байлықтан бас тартты. Үлкен қызметке апаратын партиялық жолдарға жоламады. Қызыл ұрандарға үн қоспады. «Сонда оған не жетпей жүр?» деген сұрақ туады. 

Бұл сұраққа жауапты сіз оның «Жібек жолы» баспасынан жарық көрген «Времен связующая нить» және қазақ тілінде жарық көрген «Ділім» атты көлемді естелік-эсселер кітабынан табасыз. 

Мұрат Мұхтарұлы Мәскеудің Шығыстану институтында оқып жүрген жылдарының өзінде-ақ ұлт-азаттық идеясымен «ауырады». Бірақ оны айтса, ол кезде бас кетеді. Айтпаса, намыс кетеді. Не істеу керек? Студент Мұрат «Жас тұлпар» ұйымын құрады. Мәскеуде оқитын қазақ студенттерінің басын қосады. Ұйқыдағы ұлт санасын оятуға деген бұл алғашқы қадам еді. Алдымен өзі құралпы студенттерді оятты. Содан кейін халықты «оятуға» концерттік бригадамен қазақ диаспорасы тұратын Ресей аймақтарын аралады. Ақыры бұл ниет оны Алматыға алып келді. 

Бірақ Қазақстанды «ояту» оңай болмады. Қып-қызыл коммунист қаламгерлер Жазушылар одағында жететін. Солар «Жас тұлпарға» шоқпар ала жүгірді. Солардың бірі әрі ірісі ЦК-ға шауып барды: «Қарашы! Қасқырдың күшігін қанша асырасаң да, орманға қарап ұлиды! Кешегі алашордашыл Әуезовтің баласы бүгін не істеп жүргенін қарашы?!» деп, Орталық комитеттің идеология жөніндегі хатшысы Димекеңе келіп: «Осылай да осылай, бұл жастардың тас-талқанын шығарайық!» – дейді. 

Димекең: «Дымыңды шығарма! Біздің болашағымыз – осылар!» деп бұл әңгімеге нүкте қояды. 

«Бізді қылша мойнымыз талша қиылудан аман алып қалған Димаш ақсақал болды» – деп еске алады ол күндер туралы автор. Мәскеуде сүрінбеген «Жас тұлпар» сөйтіп Алматыда сүрінеді. Ұйымға тыйым салынады.

1965 жыл. Хрущев бастаған «жылымық» құрдымға кетті, тоталитарлық құрсау қайта күшейді. Табиғатынан күрескер Мұрат үшін бұл бір азапты жылдар болды. Не істеу керек? Ашық күресіп алып империяны жеңе алмайсың. Халқың болса қалғып отыр, отарлық бесікте тербеліп. Оны қалай оятарсың? Ойлана келе ол әдебиетке бет бұрды. Ұққаны: Әдебиет қалай болса, сана да солай. Ендеше, әдебиетті ояту керек. Ұлт-азаттық идеясы әдебиетте басталуы керек. Оның алғашқы әдеби зерттеу кітабы осы тұрғыдан жазылыпты.

Өйткені осы кітапқа арқау болған жас Олжас, Әнуарлар ол кезде Мұратпен мұңдас, яғни ұлт-азаттық идеясымен «ауырып» жүріпті. Сөйтіп, алпысыншы, жетпісінші жылдардағы Мұрат әдебиет әлеміне тек қана эстетикалық ләззат беруші өнер деп емес, оқырманның саяси санасын да оятушы өнер деп қараған. Яғни еңсені басқан тоталитарлық тұманды серпер рухани күш деп қараған. Оның 1975 жылғы Жазушылар одағындағы жанайқайы соның дәлелі. 

Сонымен, жас тұлпар құлады. Бірақ сілкініп қайта тұрды. Шабыстың басқа жолын таңдады. Күрестің цензура көзіне түспейтін басқа бағытын қалады. Қасарысқан жүйеге қарсылық ойларын қағазға төкті. Және жазғандарын өзінен басқа жан баласы білмейтін қуыс-қуысқа тықты. Цензура кез келген сәтте үйге кіріп келіп тіміскілеуі мүмкін ғой. 

Бүгінде біз оқып отырған осы екі кітап, негізінен, сол түкпір-түкпірге тығылған қолжазбалардан құралған. Шынында да, ол заманда мұндай антисоветтік ой айтқан, айтып қана қоймай, оны қағазға түсірген жанның басы түрмеде шіритін. Немесе «диссидент» деген айдар тағылып шетелге қуылатын. 

Енді сол 1976-78 жылдары қағазға түсіп, қуыс-қуысқа тығылған сол ойлардың кейбіреуіне көз жүгіртелік: «В условиях попрания национального достоинства, национальной гордости, мечты о суверенности конфликт между государтсвом и личностью, осознавшей свою ответственность за общественное единение, именуемое народом, стал неизбежным» (1977), «История с книгой об эстетике кочевья и с книгой О.С. перетряхнула меня таким образом, что выстроились в боевые порядки мой разум, моя воля и моя совесть» (1977). «Не было в истории, чтобы в условиях мирного времени погибла половина народа» (03.05.77). «Как можно не кричать о голоде 30-х годов?» (30.06.78). «Что же молчишь и себя не являешь, Бог мой, тюрков Бог и покровитель?». «Большая ложь большою тучей затянула небо» (20.05.77). «Пора духовной капитуляции? Перед людьми? Обстоятельствами?.. Признание бессмысленности прихода в этот мир? Откуда это оцепенение, эта апатия?.. Неужели гнездится в глубине сознания мысль, что был неправ в патриотических начинаниях?» (09.09.77). «Специальности, положение в обществе, бытовой комфорт – были достигнуты и оставлены, легко, без сожаления» (11.09.77). «Глупости! Всмотрись в судьбы ближных. Поколение за поколением обесчеловеченные казахи следуют мимо истории» (14.09.77). «Я скован внутренне в той мере, в какой скована в своих возможностях духовность современных советских тюрков» (13.12.77). «Писать докторскую, делать карьеру, пускаться вдогонку тем, чьи идеалы и практику давно уже отверг как суету» (05.12.77). 

Байқап отырғаныңыздай, тап-таза диссиденттік ойлар. Шындығында, күнделікке құйылған оның бұл ойлары КГБ құлағына тигенде, Мұрат Әуезов ол жылдары басы ашық диссиденттер кебін киген болар еді. Сондықтан ол Алашқа азаттық аңсаған жанайқайын жазып, жабық сандыққа сала берген. «Времен связующая нить», «Ділім» кітаптары – күрескердің сол Кеңес заманында қағазға түсірген жанайқайы.

Мұрат Әуезовтің әңгімемізге арқау болып отырған осынау ғұмырнамалық эсселері орыс тілінде жазылған. Сондықтан да біз автор ойларына қиянат жасамас үшін үзінділерді түпнұсқада бердік. Мұрат Әуезов сынды ұлтын сүйген тұлға, сол ұлтының азаттығы үшін кеңестік заманда басын бәйгеге тіккен тұлға неге шығармаларын орыс тілінде – отаршыл ел тілінде жазды? 

Бүгінде міндетті түрде туындайтын осы сұраққа жауап бере кеткенді жөн көрдік. Шешесі Фатима Ғабитова «халық жауының» әйелі ретінде Алматыдан жер аударылып, Меркіде тұрып жатқан кезде жеті жасар Мұрат алғаш қазақ мектебінің табалдырығын аттайды. Бірақ орта мектепті орыстілді Алматыда орыс тілінде бітіреді. Жоғары білімді Мәскеуде алады. Орыстілді ортада өткен жылдары туралы автор былай дейді: «Мы, русскоязычные казахи, начинали осваивать мир с помощью звуков, ритма, мелодики, знаков родной речи», «Даже в периоды жизни, когда владел только русским языком, я не доверял ему своих самых глубоких переживаний», «Наиболее точным определением умонастроений, сложившихся в среде русскоязычной казахской интеллигенции 60-70-х гг., является инокомыслие в формах патриотизма».

Ана тілінің қайнар бұлағынан қанып ішу мақсатында жетпісінші жылдары Атырауға кетіп, досы Сәтімжан Санбаевтың алыс ауылдағы ата-анасының қолында айлап тұрады. Нәтижесінде осынау ұлтжанды азамат ана тіліне қайтып оралады. Тіл майданындағы бұл жол – Мұрат жолы, ана тілінен ажырап қалған бүгінгі талай қазаққа үлгі боларлық бірегей жол. «Орыс тілінде жазу жастарға арман болмаса екен деп баяғыдан айтумен келемін. Тіпті, біздің буын осы топтың соңы болуын қалаймын», «Ұлттың ішкі тұтастығын қамтамасыз ететін маңызды факторлардың бірі, тіпті, бірегейі тіл екені даусыз», – деп жазады автор. 

Мұрат Әуезов төрт тіл меңгерген. Ана тіліне қоса орыс, ағылшын, қытай тілдерінде көсіледі. «Ділім» кітабын оқығанда осынау көптілділік оның көзқарас көкжиегін кеңейтуге септігін тигізгенін көргендей боламыз. Мұрат сол 1975 жылдың өзінде небәрі отыз екідегі қыршын жас бола тұра, «1932-33 жылдардағы ашаршылық әлемдегі ең байырғы көшпелі өркениеттің күйреуі болды» – депті. Абыздар ғана айта алатын кексе ой. Және бұл ойды бекер айтпағанын сексенінші жылдары жазған «Энкидиада» мақаласында дэлелдейді. Көшпелі, отырықшы екі өркениеттің есте жоқ ескі заманда басталған тайталасына тоқталады. Адамата ұлдары Әбіл, Қабылдан басталған малшы-егінші арасындағы қақтығыс тарихтағы ең көне аккад жыры Гілгәмеш туралы дастанда да төбе көрсеткен екен. Мұрат зерттеуші жырдағы аңғал да адал алып батыр Энкиду болмысынан жалпы көшпенділерге тән мінез, өмір сүру философиясын көреді. Қулығы жоқ, баладай аңғал батыр Энкиду Ұрық атты қаладан шыққан зымиян жезөкше Шамхат сұлу құрған торға түседі. Өзінің далалықтарға тән сенгіштігінің, аңғалдығының құрбаны болады. Жыршы бұл көне жырда қалалықтардың арбауымен опат болған Энкидуды мадақтайды. Үнемі оның дала перзенті екенін айтып отырады. Далаға тән дарқан мінезін, мәрттігін толғайды. Жоқтайды. 

Мұрат ойшыл біздің дәуірімізден отыз ғасырдай бұрын қыштақтаға жазылған осынау көне жырды жалпы түркі фольклорының қайнар көзі деп біледі. Және көшпелі өркениет пен отырықшы өркениет арасындағы тарихи текетіресті де көреді. Сол тарихи текетірестің XX ғасырға дейінгі жүріп өткен жолына шолу жасайды. Гілгәмеш туралы дастандағы дала батыры Энкидуды жоқтау мен қазақтың көшпелі дәуірін жоқтаған зар заман жыршылары арасындағы ұқсастық, сабақтастық табиғатын ашады. Дәстүрлі көшпелі тірліктеріне төніп келе жатқан болашақ қауіп барын Асан қайғы, Қазтуғандар бастап сезгенін айтады. Зар заман абыздары бекер күңіренбепті. Алдағы алабөтен апатты сезіпті. Айтқандай-ақ, ғасырлар қойнауынан қоңыраулатып, әндей сыңсып ұбап-шұбап шыққан ұлы көш XX ғасыр басында тас-талқан күйреді. Күйреткен Қызыл империя болды.

«Ділім» кітабындағы үлкен тараудың бірі бүгінгі Тәуелсіз Қазақстан төңірегіндегі геосаяси қауіп-қатерлерге арналған. Өзі синолог Мұрат Әуезов шығыстағы ұлы көршіміз Қытай тарихы мен мәдениетін тура түпнұсқадан біледі. Оның үстіне 1992-96 жылдары Қазақстанның Қытайдағы елшісі болды. Қытайтанушының Қытай туралы ойлары төмендегідей: «Қытай – соңғы уақытта пассионарлық көңіл күйде жүрген мемлекет. Қытайдың басты тірегі – бес мың жылдық мәдениеті. Қытай мәдениеті – Қытайдың негізгі қаруы. Олар шоғырланса, өз қалаларын бөлектеп салады. Мәдениетін сақтап, тек өз тілдерінде сөйлейді. Сөйтіп, алға жылжиды. Қазір Қытай Шыңжаңның дамуына көп қаражат бөліп отыр. Ханьзулар қазіргі кезде Қытайдың орталығынан бері қарай көптеп қоныс аударуда. Олар Шыңжаңның билігіне емес, тікелей Пекиннің нұсқауына ғана бағынады. Қорғастың арғы жағында құрамында миллионнан астам адам бар еңбек және құрылыс бригадалары жұмыс істеуде. Олар бұйрық алған күні-ақ бір сәтте қолына қару ұстаған әскерге айналып шыға келеді. Оның 95 пайызы – қытай. Ұйғыр мен қазақ жоқ онда. Оларды жолатпайды. Біз бұған ойлана қарауымыз керек. Қытайдың географиялық аймағы үлкен болып көрінгенімен, көбісі адам тұратын жер емес. Қытай жыл сайын отыз миллион адамға көбейіп келеді. Олардың жылжитын бір-ақ бағыты бар. Ол – Қытайдың солтүстік-батыс бағыты. Яғни біздің атамекеніміз. Яғни біздер үшін, Қазақстан мен Орта Азия үшін ерекше қауіпті. Қазақстанға қытайтану институты керек. Қытай мен түркілердің байланысы – бұлардың бәрі өте қызықты тақырып. Қытай – дүние жүзіндегі алып күштердің бірі. Біз – онымен күнделікті араласып отырған көрші елміз. Екі ел арасындағы өзара байланыстарды дұрыс жүргізу үшін Қытайдың бес мың жылдық бейнесін тұтас қарастырып, зерттемей болмайды. Бұл біздің ең басты міндетіміз болуға тиіс. Біздің Қытай туралы қазіргі танымдық түсінігіміз үзік-үзік, яғни фрагментарлық кейіпте. Қазір Қазақстанда, Қытай жағының мәліметі бойынша, жарты миллион қытай жүр. Олар не істеп жүр? Мақсаты қандай? Осы сұрақтарға жауап берер бірде-бір ғылыми-зерттеу институты жоқ. Оны неге ашпаймыз?

Қытай мәдениетін зерттеуші синолог Мұрат Әуезовті осындай геосаяси сауалдар мазалайды. Бұл сауалдар, шынтуайтына келгенде, жалғыз Мұрат Әуезовті емес, жалпы жұртты мазалайды. Ұлт болашағына ерекше алаңдаған азамат Әуезов көптен «Жібек жолы бойындағы сұхбат» қозғалысын бастап келді. Осы қозғалыстың екі-үш жиынына қатысқанымыз бар. «Жібек жолы бойындағы сұхбатқа» негізінен көрнекті Орта Азия сарапшылары қатысты. Кейде Ресей, Еуропа және Қытай өкілдері де қатысатын. Қозғалыстың аты айтып тұрғандай, ондағы басқосулардағы әңгіме арқауы – Жібек жолы бойында жатқан аймақтың бүгіні мен ертеңі еді. Ал алтын арқауы –Орта Азия ынтымақтастығы.

«Біз барлық проблемаға көзімізді ашып қарауымыз керек. Қазақстанға болашақта Қытай тарапынан қауіп бар екені ақиқат. Кез келген тығырықтан шығатын жол бар. Оның бір жолы – Орта Азия елдері өзара тығыз қарым-қатынаста болуы керек. Егер қазақ, өзбек, қырғыз, тәжік, түрікмен болып бөліне берсек, алдағы уақытта алпауыт мемлекеттердің жеміне айналамыз. Орта Азия кеңістігінде алпауыт державалардың саяси ойыны жүріп жатыр. Осындайда Орта Азия елдері бір жеңнен қол, бір жағадан бас шығарар болса, барлық қиындықты жеңуге болады. Әрине, мұндай шешімге келу оңай емес. Бірақ бізде бұдан басқа таңдау жоқ. Егер ынтымақты Орта Азияға айналмасақ, жер бетінен жойылып кетуіміз әбден мүмкін» – деп жазды ол. 

Қытай мәдениетінің көрнекті білгірі әрі насихатшысы Мұрат Әуезов: «Қазақстан мен Қытай арасындағы өзара түсіністік, сенім және достық қатынастар үшін шамамның жеткенінше қызмет етуге дайын екендігімді айтамын» –дейді «Ділім» кітабында. Осы ойға біз де қосыламыз. Тәуелсіз Қазақстан өзінің сыртқы саясатын төңірегіндегі үлкенді-кішілі барлық елдермен достық, теңдік, тату көршілік бағытында дамытып келе жатқаны белгілі.

Мұрат Мұхтарұлымен біздің аға-інілік достығымыз қырық жылға жуық созылған екен. Мұқаң жайында бұл ойымызды Қазақстандағы ашаршылық тақырыбынан бастауымыз бекер емес. Өйткені Мұқаңмен біздің басымызды қосқан, рухани жақындастырған – осы тақырып. 

Сексенінші жылдардың ортасында ашаршылыққа арналған роман қолжазбасын Мұқаңа оқуға ұсындым. Ұсынарымды ұсынып алсам да, талғамы тарпаң сыншы «жүндеп тастамаса жарар ед!» деп пікірін қауіптене күттім. Қауіптенуіме себеп жоқ емес-ті. Соның алдында ғана Жазушылар одағында тарихи романдарға талдау жасаған сыншы Мұрат бірнеше белді жазушыны бетің бар, жүзің бар демей «төмпештеп тастап» шулатқаны бар-ды. 

Кешкісін болатын. Мұрат телефон шалды. Ә дегеннен үні көңілді, сергек шықты: «Смағұл бауырым, құттықтаймын!» – деген. Сыншы Мұқаң қолжазбаны куана қабылдапты. «Аштықтан итқорлықпен өлсе де кісілік келбетін жоғалтпаған» деп романның бас кейіпкері Пахрадцин туралы тебіреніп жатыр. Мен: «Ашаршылықта қазақ көрген қорлықтың кескін-кеспірі кісі шошырлық! Ол сұмдықтың бәрін қазбалап жаза алмадым» – дей бастауым сол, Мұқаң: «Осы да жетеді» – деді. Роман бес-алты жыл, КСРО құлағанша жарық көрмеді. Бұл біз үшін тым ауыр жылдар болды. Соны көріп-біліп жүрген ол кезде «Қазақфильмнің» бас редакторы Мұқаң: «Ендеше, біз былай етейік, романды алдымен кино қылып шығарайық!» – деп маған кітап бойынша сценарий жазуды ұсынды. Романның орысша атауын «Одинокая юрта» деп атауды қоса ұсынды. Қабыл алдық. Дәмір Манабай түсірген «Сұрапыл Сұржекей» фильмі өмірге осылай келген. 

Сол бір қиын-қыстау жылдары Мұрат Әуезовтей тұлғаның бізді қолдап-қолпаштауы сағымыздың сынып, ұнжырғамыздың түспеуіне үлкен септігі тиді. Оны біз ешқашан ұмытпаймыз.

Мұрат Әуезовтің бүгінгі әңгімемізге арқау болып отырған ғұмырнамалық «Времен связующая нить», «Ділім» кітаптары – сөз жоқ, қазақ интеллигенциясы тарихының коммунистік режим тұсындагы «ақтаңдақтарының» орнын толтыратын еңбек. Кітаптағы деректер Алашорда қозғалысының, қазақтың ұлт-азаттық идеясының қылышынан қан тамған коммунистік режим тұсында да үзілмей, өшпей, өмір сүргенін көрсетеді. Соның хатталган айқын дәлелі. Бұл кітаптар сонысымен құнды. Әкесі, ұлы жазушы Мұхтар Әуезов – өле-өлгенше Алаш идеясына адал болып өткен тұлға. Анасы Фатима советтік режимді иттің етінен жек көрген. Мұрат осындай күрескерлік рух тұнған ұлттық ұядан ұшқан жас қыран болыпты. Кітаптардан сондай ұядан ұшқан дауылпаздың ащы шаңқылы естіледі. Отаршыл империя тұншықтырған азатшыл үні естіледі. Әр саңқылы – отаршылдыққа атылған оқтай. Қанатының суылы – Алаш рухының уіліндей, «Тәуелсіздік!» деп тепсінген. 1991жылы төбемізге Тәуелсіздік туын көтерген сол рух еді. Күрескер Алаш рухы.

Смағұл Елубай, 

Қазақстанның Халық жазушысы