НАПОЛЕОН ӘСКЕРІН ЖЕҢГЕН КІМ?

НАПОЛЕОН ӘСКЕРІН ЖЕҢГЕН КІМ?

Алматыдағы Ұлттық кітапханада төрт тілде басылып шыққан «1812 жыл: Соғыс және Бейбітшілік (Қазақы нұсқа)» трилогиясының тұсаукесері өтті. 

Жиынды құттықтау сөзімен ашқан Қазақстан Жазушылар одағы Басқарма төрағасы, жазушы Мереке Құлкенов аталған кітаптың құндылығына тоқталды. 

Таныстырылымды Қазақстан Жазушылар одағы Басқарма төрағасының орынбасары, ақын Ғалым Қалибекұлы жүргізіп отырды. Шарада сөз алған Қазақстан Жазушылар одағы Басқарма төрағасының орынбасары, ақын Қасымхан Бегманов, жазушылар Талғат Айтбайұлы, Көлбай Адырбекұлы, Жұмабай Құлиев, Болатбек Төлепберген, ақын Болат Шарахымбайлар т.б. туынды турасындағы ойларын ортаға салды.

Іс-шара соңында сөз алған атыраулық жазушы, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының иегері Жалғасқали Дүтмағанбетов «1812 жыл: Соғыс және Бейбітшілік (Қазақы нұсқа)» трилогиясының жазылу барысы турасында айтып берді. «Біз Наполеонның әскерін өкшелеп қуып, Парижге дейін барған орыс әскерінің құрамында шайқасқан қазақтар ерекше ерлік жасағанын француз тарихшыларының айтуы бойынша білдік. Кітаптарда екі жүз жылдық тағдырымыз нақты дерек көздеріне сүйене отырып баяндалды. Архивтік материалдар пайдаланылды» деді ол. 

Бір қызығы, бұл соғысқа автордың бабалары қатысқан. Бір бабасы Франциядан жалғыз қайтпай, Француз қызы Мишель деген сұлуды ала қайтады. Өкініштісі, ол бала үстінде көз жұмады. Өмірге ұл келеді, ол өседі, ұрпақ ұластырады. Бүгінде француздың жиеншарлары Атырада біршама. Солардың бойындағы қан үзілмей, арада әлденеше ұрпақ өтсе де, беттері ақ сары, көздері көк болып келеді екен. Кітапта фотосуреттер де берілген. Соның бірі Құлсарыдағы Мишельдің бейітінің суреті.

Қазақ тарихында ашық айтылмай келе жатқан ақтаңдақтар аз емес. Бір әулеттің бұрынғысы мен бүгінгісі үзілмей, жатық тілмен астаса жалғасып жеткізіледі. 

Әсіре бояудан аулақ үш том автордың өз қаржыландыруы бойынша аз таралыммен ғана «Тоғанай Т» баспасынан жарық көрді. Тағы бір ерекшелігі, қазақша нұсқасы танымал кәсіби аудармашылардың арқасында орыс, ағылшын және француз тілдерінде де басылып шықты. 

Аударма сапасына ерекше мән берген автор Абылайхан атындағы Әлем тілдері университетінің ұстаздар ұжымымен берік байланыста болып, аудармашылармен де шығармашылық тұрғыда жұмыс істеген. 

Жаз айында кітаптың Франция елінде француз тіліндегі нұсқасының таныстырылымы өткізіледі.

Салтанат ӘБДІҒАЛИ