ТАРИХТЫҢ ТҮРЛІ ТҮЙТКІЛІ
2025 ж. 04 мамыр
273
0

Жалғасқали Дүтмағамбетовтің «1812 жыл: Соғыс және Бейбітшілік (қазақы нұсқа)» трилогиясын көргенде сонау 2000 жылдың басында жазушы Таласбек Әсемқұл екеуміздің өзара әңгімеміз еске түскен еді.
Иә, Тәкеңнің нақты бір құбылыстар туралы тосын тұжырымдары назар аудартпай қоймайтын.Мысалы, ол сонда Лев Толстойдың әйгілі «Соғыс және бейбітшілік» роман-эпопеясын әлеуметтік тапсырыспен жазылған шығарма деп бағалады. Мұндайда әлдекім бір сәт айран-асыр болып, «бәлі, мынау не деп отыр өзі, бүкіл әлемді тамсандырған туындыны мансұқ қылатындай бұл кім еді сонша?!» деп аңтарылып қалуы кәдік. Ал Тәкеңнің әлгіндей мәлімдеуіне мірдің оғындай дәлелдері болатын-ды.
Расында, аталған шығарма деңгейінің кереметтігіне ешкім шәк келтірмейді. Бірақ белгілі нәрсенің бұрмалануы, тарихи шындықтың нақты берілмеуі бағытынан алғанда, айталық, сол 1812 жылғы Франция – Ресей соғысындағы қазақ халқы рөлінің ескерілмеуін, тіпті, намысқа тиетінін әбден түсінуге болатын шығар. Одан да баяғы ұлыорыстық астамшылық андағайлап, автордың «кіші» ұлттарды місе тұтпайтыны анық аңғарылып тұратындай. Таласбекті де ренжітетін осындай сыңаржақтық еді.
Орыс патриотизмі рухында жазылған кітап туралы анықтамалықтың бәрінде дерлік: «Соғыс және бейбітшілік» 1812 жылғы жеңімпаз орыс халқының батырлығы мен даңқты туралы тарихи эпопея. Мұнда Лев Толстой қарақұрым наполеондықтардың күл-талқанын шығарған орыс әскерінің қаһармандығын сонша нанымды баяндайды. Өз ісінің дұрыстығын түйсінген орыс жауынгерлері ұрыс алаңында асқан қайраттылық танытады» делінеді.
Ал сол шайқаста: «Шедшие в авангарде российской армии конные отряды, составленные из представителей мусульманских и иных народов наводили ужас на противника» деген деректерді қайда қоямыз?!.
Бұл, әлбетте, істі мейлінше әділ безбендеуге тырысатын Анатолий Егоров сынды кейінгі тарихшылардың жазбалары. Оның «На Бородинском поле. Раздумья у народных святынь» аталған мақаласында сондай-ақ: «Историки особо подчеркивают, какое большое значение для ослабления последствий Континентальной блокады накануне Отечественной войны 1812 года имела доставка казахами скотоводческого сырья на рынки России. В период войны увеличилась закупка у казахов строевых и обозных лошадей. Уже через несколько дней после перехода Наполеоном пограничной реки Неман на казахском и других языках народов России было принято обращение об опасности начавшейся войны. Старшина Байсакал Тилекулы лично призвал казахов к сплочению против врага» деген де жолдар бар. («Звезда Алтая». 06. 11. 2013).
Демек, қазақтар көршілерге тыл жағынан ғана жәрдемдесіп қоймай, майдан даласындағы қиян-кескі шайқастарда да ерен ерлік үлгісін көрсеткен: «Немало башкир, татар, калмыков, алтайцев и казахов Букеевской орды, входивших в состав корпусов генералов Тучкова и Платова, погибло в самом кровавом сражении века – в битве при Бородино»…
(Осыларды түпнұсқасында ұсынғанымыз жөн сияқты. Авт.).
Бұл ретте, әрине, кімнің теріс, кімнің оң екенін тәптіштеп отыруға құмартпаймыз. Тек не жөнінде болсын, мәселе мәнісін үнемі қопара көрсететін Таласбек пікірінде салмақты негіз жататынын жеткізбекшімін ғой…
Ұлтын айрықша сүйген ол қисынсыз тұста «қазақ, қазақ» деп тар шеңберден шықпауды да құптай қоймайтын. Сырт елдердің жақсысынан үйреніп, жаманынан жиренуді насихаттаушы еді. Жоғарыда аталған әңгімеміздің бірінде:
– Қазіргі журналистикамыздың алдындағы үлкен мақсат – Батыстың, Ресейдің биік өредегі деңгейіне жету. Анау МГУ, ЛГУ-да оқитын жастардың ауқымды халықаралық шараларға, ірі қабылдауларға қатысып, сүйекті мақалалар жазып жататынын көресің. Солардың қолынан шыққан дүниелерге зер салсаң, кең ой-өрісті, терең таным-түсінікті аңдайсың. Бізде түрлі басылымдар қаптап көбейіп жатқанымен, өкінішке қарай, іні-қарындастарымыздың кәсіби біліктілік жағынан өсуден гөрі кері кетушілігі жиі байқалады, – депті.
Бұған да іштей келскен едім. Әйтсе де, Жалғасқали Дүтмағамбетовтей бауырларымыздың тарихтың түрлі түйткілдерін мейлінше тарқатып, ақиқатқа жүгіну ниетіне қатты қуанғанымды несіне жасырайын.
Құлтөлеу МҰҚАШ,
Қазақ үні