БУЫРҚАНҒАН БОЯУЛАР

БУЫРҚАНҒАН БОЯУЛАР

 Белбұлақ ауылындағы № 32 жалпы білім беретін орта мектеп аудандағы алдыңғы қатарлы ұжымның бірі. Мектеп оқушыларға сапалы білім мен жақсы тәрбие беруде жақсы жетістіктерге қол жеткізіп жүр. Әр оқу жылы өзімен ерекшеленіп, игілікті шараларда көп өтіп тұруы ұжым басшысы Айман Катранованың іскерлігімен ұйымдасып жатады. Ондай шаралар оқушылар мен ұстаздар есінде қалатын тәлім-тәрбиесі мол кездесулер мен кештердің аз өтпейтіні. Солардың бірі – көркем өнер пәнінің мұғалімі, Республикалық жарыстардың жеңімпазы, «Дарынды ұстаз», «Педагогика саласының үздігі», «Еуразиялық дизайнерлер одағының мүшесі, «Жаңа Қазақстанның үздік жыл адамы-2024» номинациясының иегері, суретші, мүсінші Ғалымжан Сатанбаевтың «Дала дүбірі-2» атты шығармашылық сурет көрмесінің тұсаукесері.  

Тұсаукесерде сөз алған мектеп директоры Айман Қамшыгерқызы ұжымда тәжірибесі мен білімі жоғары ұстаздар аз емес екенін айта келіп, соның бірі Ғалымжан Сатанбаев ауданға ғана емес, облысқа тамымал ұстаздығын және көркемөнердегі сегіз қырлы, бір сырлы өнер иесі деді. Жас маман мектеп оқушыларына білім беруде және өнегелі тәрбиесі, қоғамдық жұмыстарда белсенділігін де атап өтті. Сонымен қатар оның көркемөнердегі безендіру саласында үлкен жетістікке жетіп жүрген талант екендігін тілге тиек етті. Пән мұғалімі республикалық көрмелерде әлде неше рет қатысып жеңімпаз атанғаны біз ұжым үшін мақтаныш дей келе, жас таланттың шығармашылық сурет көрмесіне елімізге белгілі қылқалам шеберлері мен есімдерін құрметтейтін азаматтардың келуі де ұжым үшін зор құрмет екенін жеткізді. Көрменің тұсаукесер рәсіміне Қазақстанның мәдениет қайраткері, «Құрмет» орденнің иегері, суретші, профессор Ермек Асылханов, Қазақстан этнодизайнерлер одағындағы «Бабалар аманаты» жобасының жетекшісі Қанағат Көдеков, Ұлттық дизайн академиясының академигі Серікхан Мәдіғалиев, ақын, сазгер Камнұр Тәлімұлы, Талғар аудандық жастар ресурстық орталығының маманы Мария Сермаханова және басқа мамандар қатысып, Ғалымжан Сатанбаевтың сурет әлеміндегі жетістіктеріне тоқталып, табыстар тіледі. Профессор Ермек Асылханов қылқалам шеберінің еңбегін жоғары бағалап, «Еуразиялық дизайнерлер одағының» дипломын тапсырды. Құрметті қонақтар мектептің үлкен залындағы көрменің тұсаукесерін кесті. Көрмедегі суреттер табиғаттың алуан көріністеріне арналыпты. Олардың бояуларындағы ерекшелік адам жанына жақындықты сездіреді. Таудың биік шыңдары, даланың көркем сұлулығы, аңдардың әдемі бейнелері, қазақ батырларының айбынды келбеті үлкен ізденіспен салынғандығын байқау қиын емес. Суретші бояу арқылы табиғаттың жыл мезгілдерінде әсерлі салған. Көрмедегі мүсіншілік еңбегі де ерекше. Аң мен жәндіктерді жасаудағы шеберлігі тірі бейнеге дәл келуі оның кәсіби мүсіншілік бір қырын таныдады. Көрмені тамашалаушылар әр туындыға зер салып, қызықтады. Әсіресе мектеп оқушылары ұстаздарының керемет суретші, мүсінші екендігін оның еңбектерінен танып білгендей болды. Ал белгілі қылқалам шеберлері Ғалымжанның көрмесіне ақ баталарын беріп, алдағы уақытта жекелей көрмесі Алматы мен Астанада қалаларында ұйымдастыруға лайық деп таныды. Біз Ғалымжан Сатанбаевтың кеудесіндегі төсбелгілерінен көп нәрсені ұқандай болдық. Оның бәрі облыстық, республикалық байқауға қатысып, содан иеленген марапаттары екен. Жаста болса еңбегімен елге танылған таланттың әлі алар биігі асқақ екендігіне осыдан кейін күмән келтірмедік. 

                                           Жексен Сағымбекұлы