САҒЫНДЫРҒАН «САРЖАЙЛАУ»
2025 ж. 31 наурыз
569
0

Әңгіме кілті: «Қазір дарынды ақын Мұқағали Мақатаевтың өлеңіне жазылған белгілі композитор Нұрғиса Тілендиевтің «Саржайлау» атты әнін жан-жүрегімен беріле тыңдап, оған адал көңілімен алақан ұрмайтын адам аз.
Бұл ән – халықтың ыстық ықыласына бөленген туынды. Үлкен де, кіші де осы әнді айтқанда арқаланып, асқақтап кетеді. Ал осы әнді орындамайтын орта бұл күнде жоқтың қасы. Жұртшылық жүрегіне жеткен осынау қымбат әннің қалай өмірге келгені туралы мүмкіндігінше мағлұмат берсеңіздер алғыстан басқа айтарымыз жоқ».
Газетіміздің почтасына түскен және ұлан-ғайыр республикамыздың бір жерінен ғана емес, әр түкпірінен келген оқырман хаттарын оқығаннан кейін бұл сұраққа жауап бере алатын адам көкейіме оралды. Қазіргі қазақ әндерінің ішінен оқшау бой көрсетіп, әр жүректің түкпірінен терең орын алған бұл өнер туындысы туралы айту үшін әннің авторы, композитор, Қазақ КСР Халық артисі Нұрағаң – Нұрғиса Тілендиевтің үйіне қоңырау шалдым. Оның дауысын бірден танып, ойымның шет жағасын сездірдім. Ол кісі сәуір айының ортасында Ульяновск қаласыңда өтетін өнер күндеріне қызу дайындалып жатқандарын, соған мүмкін болса, оркестр әзірленіп отырған жерге келуімді өтінді.
Құрылғанына аз ғана уақыт болса да, көпшілік назарына ілініп, ілтипат пен ықыласқа ие болған «Отырар сазы» ансамблінің дайындығы басталып та кеткен екен. Көне замандардың көкейкесті қоңыр әуенін әкелген қара домбыралардың, шымырлап, шым-шымдап қадым замандар қағысын таратқан шаңқобыздар мен қылқобыздардың, сан дауысты сырнайлар мен дүркіреген дауылпаздың, самал дауысты сыбызғы мен ат тұяғының таныс үнін еске салатын шартылдақтың – осынау сан түрлі музыкалық аспапты құйқылжыта сөйлеткен топтың ортасында, өнердің сан алуан түрін меңгерген жас толқынның ортасында – ол жалғыз тұр еді.
Жалғыз тұр. Қолы тиген жері әуен Нұрағаң, композитор Нұрағаң, домбырашы Нұрағаң, дирижер Нұрағаң – Нұрғиса Тілендиев жалғыз тұр.
Менімен бас изей амандасқан ол ансамбль әншісін ортаға шақырды. Сәлден кейін оқырмандар аманатын арқалатып, осы жерге келуге шақырған «Саржайлау» шалқып, төгіліп жүре берді. Ансамбль мазмұнына орай жаңаша түрленген.
«Саржайлау», әркімнің жан-жүрегін тербеп, туған жерін сағындырған «Саржайлау», әу деп тамақ кенеген әр қазақтың сүйіп орындайтын әндерінің бірі «Саржайлау» Алматы көшелеріне сыймай Алатауға қарай асқақтап барады. Мен іздеп келген Саржайлау осы еді.
– Нұраға, «Саржайлау» әні бұл күнде өнерпаз халқымыздың қуанышта, тойда шырқалар кең тараған әні болды. Бұл ән, шын мәнінде, халықтық сипат алып бара жатыр. Мұның нақты себебін, кез келген жерден көріп те жүрміз. Тіпті, өзіңіз де сондай бақытты сәттерді бастан кешкен боларсыз. Ал енді, қалың оқырманның ынта-ықыласын аударған осы бір «Саржайлаудың» өмірге келу процесі көпті толғандырады. Бұл ән қалай, қашан және қандай жағдайда өмірге келді? Сіздің марқұм Мұқағали Мақатаевпен арадағы творчестволық рухани байланыстарыңыздың кейбір көкейде қалған көркем сәттерін оқырман қауым білгісі келеді.
Нұрағаң әңгімесін бірден бастап кете алмады. Оның жан дүниесін толқындатып өткен сезім құйынын көздерінен көрдім. Арада біршама үнсіздік орнады. Композитор орнынан тұрып темекі тұтатты. Жанарынан қимастық пен сағыныштың өлең жолдарын оқыдым. «Айту ауыр, айналайын, – деді толқи отырып, – ауыр айналайын».
– Марқұм өнердің өмірлік жолдасы еді. Өнерді өмір деп бағалаған үлкен жүректі, ағынан жарылған азамат еді. Мүмкін мұндай тұлғалардың сирек болатыны да осыдан шығар. Бұрын да оның шын талантты, шынайы шебер екенін білуші едім. Бірақ бұл кезде ақынмен онша араласпаған кезім. Қайтыс боларынан бір жылдай бұрын бір күні үйге арнайы шақырдым. Онда оның дәрігерлердің қарауында болып өзін күтіп, емдеп жүрген кезі болатын. Содан үйге ертіп келіп: «Ал, Мақатаев, екеуіміз бір жақсылап жұмыс істейміз, менің айтқандарымды орындайсың» деп шарт қойдым (мен оны үнемі Мақатаев деп атаушы едім).
Мұқағали сырт қараған адамға арсы-гүрсілеу, адуындау көрінгенмен, шынын айтқанда, өмірде олай емес еді. Биязы, биік мәдениетті, парасатгы, тіпті, ұялшақ жан болатын. Бала мінез, аңқылдақ, адамға сенгіш болатын.
Сөйтіп ол біздің үйде отыз бес күн болды. Ол кезде біз Горький көшесінің орта жерінде тұрушы едік. Мұны айтып жатқан себебім, әлі күнге дейін сол маңнан жүрсем, аяулы күндерді еске алып, іштей егіліп кетемін. Отыз бес күн тапжылмай жұмыс істедік. Мен оған ойларымды, әуеннің негізгі желісін, драмасын, мәні мен мақсатын айтамын. Ашық, емін-еркін сырласамыз. Содан кейін екеуіміз екі бөлмеге кетеміз. Мен әуен қуамын, ол сөз қуады. Бір-бірімізге бөгет жасамауға тырысамыз.
Осы отыз бес күн ішінде қанша ән жаздық деп ойлайсың? – деді маған Нұрағаң.
– Айту қиын ғой, аға, қаламның ырқына емес, көңілдің шырқына байланысты ғой, – дедім тап басып айта алмай.
– Отыз бес күнде отыз бір ән жаздық, – деді Нұрағаң нұрлана сөйлеп. Күн сайын көкіректен жаңа әуен туып жатты. Екеуіміз де қуаныш құшағында жүрдік. Ән күн сайын өмірге келуде еді. Әуелі мен оған әуенін күйсандықта ойнап беремін, сосын үшеуіміз қосылып айтып, байқап көремін.
Мұқаңның ән салатын өнері бар екенінен хабардар едім. Ол, әсіресе, халық әндерін нақышына келтіре салады екен.
– Иә, дауысы өте жақсы болатын, баритон еді. Әнді айтып болғасын нұрланып, жарқылдап, тіпті, мақтанып қалатын.
– Сонда «Саржайлау» әні нешінші болып дүниеге келді? Меніңше, бұл ән бірнеше рет рухани жеңістерден соң дүниеге келген туынды сияқты болады да тұрады...
– Бұл ән тура отыз бірінші ән болатын.
– Енді «Саржайлауға» барар жол туралы тоқтала кетсеңіз...
– Бір күні ақын екеуіміз тереңірек сырластық, туған жерлеріміз туралы әңгімеледік. Мәселен, әр жүректің өз Саржайлауы болады ғой. Бірақ біз тар ауқымнан аулақ ығып, бар жүректің Саржайлауына айналатын, әнді орындағанда әркім өзінің атамекенін, туған жерін мөлдір махаббатпен, мәңгілік мақтанышпен еске алатын сәтті ойладық. Осы Алматы облысында Шалкөде деген атақты жайлау бар. Сол жақта Саржайлау деген шағын жайлау бар. Ақын соларды еске алды. Мен әннің табиғаты, ішкі иірімдері, динамикасы туралы айттым. Ол тебіріне ойланып отырды да: «Аға, мынау бір тамаша идея болды-ау, маған бір күнге рұқсат беріңіз» – деді толқи сөйлеп. Мен үнсіз келістім. Содан Мұқағали жасаулы тұрған шайға да қарамастан үйіне жөнелді.
– Ертеңіне келді ғой, – деп мен асығыстық жасап, Нұрағаңның алдын орадым.
– Сол күні түнде қар жауған. Мамықтай ұлпа, аяулы да әдемі қар еді. Таңертеңгі шайды алдымызға ала бергенде ол да келді. Үшеуіміз шай ішіп отырмыз. Ол асығар емес, баптанып отыр, түрі тым маңыз. Шыдамадым.
Мен де шыдамадым:
– Өлеңі бар ма екен? – дедім композиторға қарай жақындай отырып.
– Бар екен. Асықпай алып қолындағы қағазын маған ұсынды. Алдым да жөнелдім. «Түнімен ұйықтаған жоқпын» деді өлеңді беріп жатып. Ән әп-сәтте туды. Бас-аяғы бес минуттан аспайтын шығар. Екеуін шақырдым да, күйсандыққа отырдым. Мұқағали, Дариға жеңгең, мен – үшеуіміз (ре-минор) қосылып, екі-үш рет орындап шықтық.
– Ән орындалған кезде ақын қалай қабылдады?
– Бір сөз айтқан жоқ. Жанары жасаурап, мені құшақтап сүйді. Мен дереу әнші Бақыт Әшімоваға телефон соқтым. Ол әнді бір айтқанда-ақ қағып алды да: «Нұраға, бұл менің әнім, ешкімге бермейміз, өзім орындаймын» деді толқи сөйлеп. Ал мен әнді алғаш айтып отырып, мұны ең бірінші кім орындайтынын ойлап та қойған едім. Сонда көңілімде Бақыт тұрған. Менің бір әдетім ән жазып отырғанда, ең әуелі кім орындайтынын ойлаймын, соған лайықты жазуға тырысамын.
– Ән қанша күннен соң орындалды?
– Екі күннен соң. Бір кездесу кеші болып, сонда Бақыт бірінші рет осы әнді орындады.
– Ал Нұрғали Нүсіпжанов репертуарына бұл ән қалай кірді, әлгінде сіз Бақытқа «Саржайлау» сенің әнің деп сөз берген едіңіз.
– Ақын қайтыс болғаннан кейін әнші Нұрғали Нүсіпжанов творчестволық сапармен Мұқағалидың туған жеріне жүретін болды. Бір күні Нұрғали маған келді. Ол менен Бақыттан «Саржайлауды» ақынның туған жерінде орындауыма рұқсат алып беріңіз деп өтініш жасады, Бақыт келісімін берді де, Нұрғали Нарынқолға жүріп кетті. Кейін естідім де, ән орындалған кезде оның жерлестері жылап отырыпты. Нұрғали сол сапардан қатты толқып, тебіреніп оралды.
– Сонан кейін ақын екеуіңіз тағы да ән жаздыңыздар ма?
– Жаздым, бірақ көзінің тірісіндегі соңғы ән осы «Саржайлау» болды. Бақыт Әшімова әнді алғаш орындаған кезде жұртшылық жаңа туындыны жақсы қабылдады. Сол күні кешке Мұқағали телефон соқты. Әлі есімде, толқып сөйлей алмады. Осы бір ән ақын жүрегін қайтадан қозғап кетті ме, денсаулығын күтіп жүрген Мұқағали менің үйіме қайтадан келмеді. Онысынан ұялып, маған көрінбеуге тырысатын. Содан ауруханаға түсті. Мен кино түсіру жұмысымен Алматыдан алысқа кетіп қалдым да, ақынды содан кейін тірісінде көре алмадым. Тіпті, осы әнді бекер жазған екенмін деп өзімді кінәлаған кездерім де болды. Бір күні Мұқағали қайтыс болыпты деген суық хабар естідім. Нанбадым. Бір туған бауырымнан бетер болған аяулы інім еді. Бәрін тастай сала, ұштым Алматыға. Рас екен, амал не.
Арада бірнеше күн өткенде қағаздарымның арасынан ақынның маған қалдырған хатын тауып алдым. Шамасы, «кейін көрсін» деген болуы керек. Қарасам, өлең екен, басқа бір ауыз сөзі жоқ. Өлеңнің тақырыбы – «Есіңе мені алғайсың». Сол түні ұйықтаған жоқпын, сол түні жаңа ән туды. Бұл отыз екінші ән еді. Бұл ән менің жинағыма кірді. Нұрғалидың орындауында оркестрге жаздырдық, өзім дирижер болдым. Солай отыз екінші ән – қоштасу әні болып шықты.
Мен талай қиын сәттерді, аяулы жандардың қазасын көрген адаммын. Ал Мұқағали қазасы қабырғамды қайыстырып кетті. Ақындардан арамыздан ерте кеткен Төлеген Айбергенов пен Әнуарбек Дүйсенбаев дүниеден өткенде қатты қайғырдым. Композитор Әбілахат Еспаев ағамыз қайтқанда да қатты өкіндім. Ер қазасы елге батады. Мен Әбілахат ағаға қарыздар адаммын. Ол менің қамқорым еді.
– Нұраға, ақынның артында өлмес мұра қалды. Оны сүйген жүректердің ыстық ықыласы суынған жоқ, суымайды да. Оның өмірі қазір өлеңдерінде жалғасуда. Осы орайда ақынның жинақтарында әнге сұранып, қанатын қомдап тұрған қымбат өлеңдер қыруар. Ендеше Мұқағали ақынның өлеңіне жазылған әндердің саны отыз екімен шектеліп қалмас...
– Әрине, мен оның өлеңдеріне әлі сан рет қайта ораламын. Ол менің сағынышым ғой. Көкіректе көркем ой көп, көпке шығуы уақыт еншісінде.
Қайтыс боларынан аз ғана уақыт бұрын «Лениншіл жасқа» аманат етіп қалдырған «Жан азасы» реквиемін жазуды талайдан ойлап жүрдім. Бір күрделі туынды жазсам деймін. Бұған үлкен дайындық керек. Ақын рухы алдында қарыздармын. Одан басқа өлеңдері де бар. Оларға да ойлы түрде бару керек...
***
Нұрағаң тағы толқыды. Үнсіз қалды. Мен де үнсізбін. Көңілімізде – «Саржайлау». Әнші жігіт ортаға шықты. Дирижердің қолы әнтек жоғары көтерілді. Музыкалық аспап та сөйлеп қоя берді.
Жазира, жасыл кілем
өрнектеген,
Туған жерге, дариға,
жер жетпеген.
Кең өлкем, әлдилей бер,
сен деп келем,
Аңсап келем, сағынып,
шөлдеп келем...
Әнші дауысы асқақтап шығады. Терезеден алып тұлғалы Алатау қарайды. Ол да ән салып тұр.
Композитор Нұрғиса Тілендиев үнсіз. Оның жүрегі ән салып тұр. Жүрекпен айтылған әнге не жетсін, шіркін!
Өтеген ОРАЛБАЕВ,
ақын, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты
Сөзсырға
БІР ҚОРАП ТЕМЕКІ
(Нұрғиса Тілендиевтің әмірімен жазылған мақала)
1990 жылғы жаздың соңғы айында СССР Халық әртісі, әйгілі «Отырар сазы» фольклорлық ансамблінің жетекшісі Нұрғиса Тілендиев тап осы өнер ұжымымен Шалқарға келді. Аудандық мәдениет үйінде, Қазанғап атындағы саз мектебінде болғаннан кейін Нұрағаң аудандық партия комитетінің (қазіргі әкімшілік үйі) мәжіліс залында қала жұртшылығы өкілдерімен кездесу өткізді.
Қайран, Нұрағаң, өнер құдіреті Нұрағаң, әңгіме айтқанда майын тамызды-ау, шіркін! Өнердегі ғұлама ұстазы Ахаң (Жұбанов) жайында айта келіп, әңгіме ол ұйымдастырған Құрманғазы атындағы оркестрге ауысқанда, Нұрағаңның жүзі күреңітіп, сөзінен қимастық пен жанашырлық табы білініп, көп кібіртіктей берді.
Өнер әлеміне бір табан жақын болғандықтан, осы жерде Нұрағаңның сөзін әлденеше рет бөлуге тура келді. Мен қойған сұрақтардың негізгі мазмұны мынадай: «Отырар сазын» құруға Ахаңның әсері болды ма?», «Құрманғазы оркестрінің жағдайы неге нашарлап бара жатыр?», «Ахаң болмаса Құрманғазы оркестрі жоқ, Құрманғазы атындағы консерватория жоқ, қазақтың бүгінгі ұлттық өнері не күйге түсер еді?».
Нұрағаң ойланып қалды:
– Қайсысыңда темекі бар? – деді қарлығыңқы даусымен.
Әрине, залда отырғандардың ішінде шылым шегетіндер жеткілікті болатын. Бірақ Горбачевтың заманы. Бәрі де өлшеулі. Мекеме арқылы адам басына айына он пәшкі темекі аламыз. Ол дегеніңіз он-ақ күндік «азық».
Жан-жағыма қараймын. Бәрі де ыңғайсызданып-ақ отыр. Амал жоқ. Нұрағаңа маза бермей, сұрақты бастырмалата қойып отырғандықтан, қалтамдағы жаңа басталған «Стюардесса» сигаретін алдына апарып қойдым да, қипақтап аз-кем тұрып қалдым. Маған енді кім темекі береді. Ең болмаса бір-екі талын алып қалайын деп, қорапқа қолымды соза беріп едім:
– Тарт қолыңды, – деді.
Жалма-жан тартып алдым. Жұрт ду күліп жатыр.
Нұрағаң басын төмен салбыратқан күйі сигаретті әбден құшырланып сорды да, залға қарап:
– Ахаң ұйымдастырған оркестрге қауіп төнді, – деді.
– Нұраға, кешіріңіз, Алматыда Шамғон Қажығалиев, Ғазиза Жұбанова, өзіңіз бар дегендей, жоғары орындарға қозғау салуға болмады ма?
– Өй, бала, мәселені сен жаз, – деді көзінен от ұшқындап.
– Алматыдан екі мың шақырым жердегі құмда өскен баланың сөзін кім пәтуаға алады?
– Алады, тап сен жаз, пірәмі «Соц. Қазақстанға» жаз. Шерханға өзім айтам.
Ол кезде Шер-ағаң «Социалистік Қазақстан» газетінің бас редакторы болатын.
«Шерханға өзім айтам». Осы сөзді бұрын да жазушы Күлиман Жүнісованың аузынан естіп едім. Ол кісі де Шер-ағаңа айтып (ол кезде Шер-ағаң «Қазақ әдебиеті» газетінің бас редакторы болатын), менің көлемді мақаламды жариялатқан еді. Енді міне, бүгін тап сол сөзді Нұрағаң қайталап отыр.
– Жарайды, Нұраға, уәде – уәде, орындауға тырысамын.
Құрманғазы оркестрінің сол кездегі мүшкіл халі жөнінде
Шалқарға келген сапарларында Тахауи Ахтанов, Әбдіжәміл Нұрпейісов, Берқайыр Аманшин, Софы Сматаев, басқа да әдебиет пен өнер адамдары айтып жүретін. Қажетті жерлерін қойын дәптеріме түртіп қоятынмын. Енді міне, көптен бері толғанып жүрген іштегі сырды сыртқа шығаратын кез келді.
«Отырар сазы» Шалқарда үш күн болды. Қимастықпен шығарып салғаннан кейін, ертесіне қолыма қалам алып, тапжылмай отырып, екі жарым сағатта «Қайран, академиялық оркестр!» деген көлемді проблемалық мақала дүниеге келді.
Мақаланьщ ішінде көтерілген негізгі мәселелер: 1934 жылы Ахаң ұйымдастырып, атағы әлемге жайылған оркестрдегі 75 адамнан бүгінде қалғаны 25-ақ адам. Оркестр мүшелерінің айлық жалақысы 100-150 сом аралығында. Бұл қалай? Партия, совет қызметкерлері 400-500, журналист ағайындардың өзі 250-300 сом алады. «Үйі жоқтың – күйі жоқ». Оркестр мүшелерінің тарап кетуіне бір себеп – осы. Алматыдан елу адамға пәтер табылмайды дегенге кім сенеді? Өйткені, Қазақ елі Президентінің тапсырмасы бойынша халықтық бақылаушылар қаңырап тұрған мыңдаған пәтердің кілтін алды ғой. Оркестрге жағдай жасайтын Мәдениет комитеті не бітіріп отыр?
Мақала сол күйінде «Социалистік Қазақстан» (қазіргі «Егемен Қазақстан») газетінің 1990 жылғы 7 қазан күнгі нөмірінде «Өнер қонған ел едік» деген рубрикамен, редакцияның алғысөзімен үшінші беттің жартысындай көлемде жарық көрді.
Арада алты ай уақыт өткенде газетте 1991 жылғы 28 наурызда «Жазылған жайдың жаңғырығы» деген рубрикамен «Қайран, академикалық оркестр!» деп қойған менің тақырыбым тырнақшаға алынып, оркестрдің Қ.Қажымов, Ж.Бегендіков, Н.Қубалиева, А.Шәріпов, Қ.Тасбергенов, Қ.Әжімұратов, барлығы 28 мүшесі қол қойған мақаласы жарық көрді. Олар мақаладағы фактілердің толығымен дұрыс екенін айта келіп, Үкімет тарапынан елеулі қамқорлық қажет екенін мәлімдеген.
...Иә, кейін бәрі де түзелді. Үкімет арнайы қаулы қабылдады. Оркестр қалпына келді, жаңарды, жасарды.
Менің ең соңында айтпағым, бір кездері «газет сынына жауап беру, бермеу құзырлы орындардың өз құқы» деген қағидаға сүйенген қайсыбір шенеуніктер қазір газет сынына жауап бермек түгіл әрбір сөздің астарынан жеке өз басына моральдық нұқсан іздеп, қит етсе сотқа жүгіруге дағдыланып алды.
Уақыт ағымы дейміз бе, әлде...
Мұқамбетәли ЕСМАҒАНБЕТОВ,
Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі
НҰР-АҒАМА!
Жалт-жұлт еткен бейнең алмас қылыштай,
Жарып өтер құр бекерге тұрыспай,
Дарын едің басыңнан бақ ұшпаған
Аллам өзім құя салған құрыштай.
Алаулаттың әуендерді жандырып,
Естігеннің құрыштарын қандырып.
Қақыратып жаңа оркестр құрдың сен.
«Отырардың сазы» деумен жаңғырып.
Пенде болмай бала күннен ұшындың,
Өзіңді-өзің көк қарматып ұшырдың.
Арқаланып күйлерімен ұлтыңның
Топшысы нық қаршыға боп ысылдың.
Кетті әлемге қанат қағып ән-күйдің,
Тәнті болып тәңіріндей жан дүйім,
Мейірім мен ықыласқа бөледі
Асуларды алға тартып бар қиын.
Көк аспанмен араң әсте қиылмай,
Болдың өзің құдіретті құйындай,
Үйіріліп қайта оралып атылып,
Жүре алмадың шабыт-қайнар құйылмай.
«Жын-ойнақтай» кеудең сенің күмбірлеп,
Күмбездейін қозғап жаттың үнді үрлеп.
Тағат таппай бір орында тұра алмай.
Шырқ айналдың сазды асыл күнде іздеп.
Жалт-жұлт еткен бейнең алмас қылыштай,
Ағып өтті алжасуға тырыспай.
Дарын болдың басыңнан бақ ұшпаған
Әр шығармаң сыңғырлап тұр құрыштай.
Аллам берген мәңгі өлмесін атыңыз,
Әуенменен жазған ғажап хатыңыз.
Әрқашанда жарық болып алдыңыз,
Топырағың торқа болып жатыңыз.
Сейфолла ОСПАН,
ақын.