Махамбетті жоқтау
2025 ж. 20 наурыз
1478
0

Орны ойсырап тұр... Махамбеттің орны ойсырап тұр! Кісіліктің, мәрттіктің, өрлік пен ерліктің, адалдықтың орны ойсырап тұр. Дүниеқоңыздықтың, елдің қамынан гөрі бас пайданы ойлаудың зардабы зар қақсатқалы қашан?!. Қабырғасын санап, кінәсін бетіне басып, қақыратып айтар кісі жоқ. Жұмсақ жастығы, қатын-баласы, мыңғырған малын тәрік етіп, тебінгісін терге малшып, әділдік іздер кісі жоқ.
Төсіне қолын қойып, халық алдында ант беріп атқа отырғандар айдың-күннің аманында алдап кетуде. Айтқанына айлап сенесің, жылдап сенесің, сосын, ай далада аңырып қаласың. Уәде қайда, сөз қайда? Қайда? Әдіре қалған!.. Онысы арға сын, сүйекке таңба емес пе? Олай емес екен. Ел қазынасынан ойып алса, арманы жоқ көрінеді... Осындайды көргенде еске сен түспегенде кім түсер?!
Өрлігің, мәрттігің естен шыққан жоқ. Жұртыңның жадында. Әне, қазағыңның көгінде желбіреп тұр. Тұр... Бірақ, жасыратын не бар, желге желінген, күнге оңған, озбырлықтан тозған қалпы. Алайда жоқ емес, әйтеуір, бар!.. Көп ішінен әлдебір азаматың бойын намыс кернеп алдаспандай жарқ етсе, қайта жаңғырады. Найзағай боп жарқылдап, күн болып күркірей жөнеледі! Жазықсыз жалаға күйгендер, жаны қиналып, жапа шеккендер жалт етіп сен жаққа қарайды сонда. Сенің өр тұлғаңа қарайды!.. Тексіздерден теперіш, көргенсізден жүгенсіздік көріп күйзелгендер саған, сенің жалынды жырларыңа жүгінеді сосын! Сөйтеді де еңсе тіктейді. Құдайға шүкір, алыста, биікте болсаң да сен барсың! Сенің жүрген жолың сайрап жатыр! Сен болмасаң қайтер ек?!
Апырай, сенің жолың!.. Жәдігөй жарамсақ болсаң, Жәңгірдің жанында, алтын табақтан ақ май асап, құндыз жаға тон киіп, кекірік атып жүрер ең. Бірақ, қарапайым жұртыңның жайлауынан айырылып, үдере көшіп, үрей билеп, берекеден айырылғаны сенің жаныңа тыныштық бермеді. Асыра сілтеген алым-салық көптің өкпесін қысты. Біреу ата жұртынан, дағдылы көшіп-қонған жерінен айрылып тентіресе, біреу ханға туыстығына басып асып-тасты. Көпе -көрнеу әділсіздікке, әлімжеттілікке төзе алмадың. Қара басыңа мал-мүлкің, жайлау-қыстауың жеткілікті болса да, мамық төсегіңде көсіліп жата алмадың. Шындығында, «Ерте көшіп, кеш қонған, Санаулы сәнді орданың бірі» емес пе ең?! Халықтың арыз-шағымы ұйқыдан айырып, дөңбекшідің. Арызын жеткізіп ең, ханың адал сөзіңді ұққысы келмеді. Орынсыз әрекетін мойындамады. Әрі айттың, бері айттың, болмады. Қараның қамын көзге ілгісі келмей кергіді. Одан әріге шыдамадың. Шарт кеттің! Шарт кеттің де бетіне:
Хан емессің, қасқырсың,
Хас албасты басқырсың.
Достарың келіп табалап,
Дұшпаның сені басқа ұрсын.
Хан емессің, аянсың,
Айыр құйрық шаянсың! –
деп кеттің!
Жортуыл содан басталған! Төсектен бездің, түн қаттың.
Ереуіл атқа ер салмай,
Егеулі найза қалға алмай,
Еңку-еңку жер шалмай,
Қоңыр салқын төске алмай,
Тебінгі терге шірімей,
Терлігі майдай ерімей...
Ерлердің ісі бітер ме?! –
деп, тәуекелге бел буып атқа қонып, аттанып кеттің. Не көрмедің?! «Ел құтқарар ер едім, Жандаспай-ақ бір тынбан!». Түйген түйінің, берген сертің осы болған.
...Ақыры, азапты жолдың соңы не боларын білмеп пе ең?! Жеме-жемге келгенде құла дүзде, туған еліңнің бір пұшпағында жалғыз қалып, қаның төгіліп, басын шабыларын білмеп пе ең?! Білдің!.. Қамалаған қорқаулардың аңдып жүріп, бір күні опасыздық жасарын, айла асырарын, қапы қалдырарын білгенсің! Білсең де райыңнан қайтпағансың! Ерліктің тайқымас, таймас өнегесі үшін! Сол кезгі өзіңе сенген жұртың үшін, бүгінгі мына біз үшін! Сен сол өрлігіңмен, сол мәрттігіңмен Махамбетсің!
Жырың жақұт еді, жасын еді. Найзағайдай жарқылдады. Жаныңдағы жігіттердің жігерін қайрады. Жүректеріне ерлік рухын ұялатты. Тұтанған намыс оты кеуделердегі үрейдің көлеңкесін өшіріп, қорқынышты кетірді. Олар ғұмырында сескенуді білмеген серке Исатайдың соңынан ерді.
Өтемістен туған он едік,
Онымыз атқа мінгенде,
Жер қайысқан қол едік! –
деп өзің айтқандай Исатайдың соңынан ерген әр жігіт жүрек жұтқан батырға айналып, ат ойнатып, аласұрып шыға келді. Өз бауырларың қалың ортада. Қайтуды, қаймығуды білмеді! Олар сенің жырыңның көрігінде бұрқ-сарқ қайнаған ақ алмастар еді! «Азамат сені сақтадым, Бір күніме керек деп!». Азаматтар азаматтығын істеді. «Үйде жатқан жігітке, Төбеден тегін атақ болар ма?!».
Тұнықтан ілген қай сөзіңе сенбеп еді азамат! Асыл сөзіңе иланбаған жан жоқ. Бұрын да , бүгін де! Әділ сөздің қашанда бәсі артық.
«Қас үлектен туған қатепті, Қара нар керек біздің бүйткен бұл іске!» демеп пе ең?!
Өзің сондай болған соң, өлеңің сондай! Өртті, отты! Жалыны әлі күн жамандардың бетін қариды. Олар әлі күн қараулықтарын қараңғыда, алакөбеңде, ібіліс жайлаған іңірде жасайды. Сенің рухың желбіреген қазақтың сонау биігіне қарағысы, көргісі келмейді. Өйткені, бет жоқ!.. Одан да бүгежектеп, күйбеңдеп, ұрлап-қарлай бергенді жөн көреді. Жөнсіз екенін білсе де...
«Мынау жалған дүние, Кімдерден кейін қалмаған?!» дегеніңді ұғар ма? Мәңгі өмір сүретіндей құнығады. Атақ та, абырой да байлықта деп ойлайды. Одан әргіні бағамдауға өре жоқ. Ойдың өзегі бітеліп қалған. Астанадан отыз-қырықтан, шет елдің әр жерінен пәтер алып, араны ашылып, аптығып жатқан жебірге не дерсің?..Жылдар бойы бір пәтерге зар болып, зарығып кезекте тұрғандар олардың осы ісін көргенде күйінбес пе? Бірі –мүгедек, бірі – көпбалалы ана, енді бірі – тағдырдың тәлкегіне ұшырып тентірегендер... Ауылының іргесіне дейін жыртылған жерден жалғыз сиырын өріске қалай жетелеп өткізерін білмеген шаруа өкінбес пе?.. Қолында тұрғандар неге қараспайды?.. Таққа отырған ерлер неге дүниеқоңыз?.. Неге құлқынның құлы? Неге тойымсыз? Тәңір жарылқап үлкен лауазымға ие болған соң көптің қамын неге ойламайды? Неге Ата Заңмен бекіген ана тілін үйреніп алып, өрнектеп бір сөйлемейді? Неге күмілжиді, неге тұтығады? «Анау жетпей жатыр, мынау жетпей жатыр» деп ел қамын ойлап құс төсегінде жатып неге терлемейді өзіңше, Маха?! Дені тепсе темір үзетін шақтағы жастар. Басқаға емес, дүниеге құштар. Дүниеге құштар болған соң, басқа құндылықтар басын ала қашқан шығар. Екі білекті түрініп, жалындап жүріп елге қызмет етпес пе? Жоқ, асып-тасқан дүние керек. Сөйтіп жүріп омақасып алды сүрініп те жатыр. Екі күннің бірінде ботадай еңіреп, айдалып кетіп жатады. Алайда, сабақ алу жоқ. Артқысы сол соқпақпен әлі кетіп барады. Ақыры, өзіміз кәнілі шығармыз.Өзіміз солай тәрбиелеген шығармыз. Көрген-білгендері сол болды. Көрсеткеніміз сол болды. Көлдің табанын тазалаймыз, суын сыңғырлатамыз, тасқынға-тосқын топырақ үйеміз, қаланың қарын шығарамыз деп жымқырады-ай кеп. Ептеп емес, түйені түгімен жұтады. Әлгіндей жоқшылықтан жұтаған халықтың сол қазынасы құмға сіңген судай жоқ. Сөйтіп, өзімізді өзіміз жейміз. Сонда, өзгенің алдында не беделіміз болмақ? Тәуелсіздік алғанда өстіп, барымызды талан-таражға түсіреміз деп пе ек?!
Басқа шағынарым жоқ. Сені оқыса деймін.
«Махамбет өлеңі – қазақ сөзінің қайталанбас құдіреті. Әрбір буыны мен бунағы, тармағы мен шумағы мұншалық тап-таза қорғасыннан құйылған ап-ауыр асыл сөз қазақтан басқа жер бетіндегі ешбір елдің өлең-жырында жоқ.», «...Абайдан кейінгі өлеңшілерді өз алдына қойғанда, Абайға дейінгі қазақ поэзиясында бұдан асқан ақын жоқ» деп жазған академик-жазушы Зейнолла Қабдолов. Бүгінгінің адамына бұдан артық қандай пайым керек? Неге оқып, неге тұшынбайды?
«Махамбетше өмір кешу – қажет! Спартандық хал-ахуал, қатал тұрмыс алысқан жаудың жігерін мұқалтады, бірақ, өзіңе қайрат береді, бойыңа күш-қуат қосады, тілемсектеніп ел аралап қайыр сұрама, күйреуіктей жасып, езіліп кетпе, намыстың қайқы қылышын қоршауды, шеңберді бұзып-жарып, дұшпанға сілте, сөздің өткір селебе жүзін өтірікке қарсы жұмса, сөйтіп, жағдайы әрі қатаң, әрі жалаң тіршіліктен де асып түс. Тыныштықты бұз, көңілді мазала, ұйқы көрме, тыным таппа, аз мүмкіндікпен көп нәрсеге жет, мол табысқа кенел.
«Қазақ тілді бозбала, біз – Махамбетпіз» дейді, ойшыл жазушы Дидар Амантай. Рас сөз! Дүниеге көмейің бүлкілдеп тұрса, ісіңде адалдық болушы ма еді. Көлгірсіп, алуды, жымқыруды көздеп тұрасың ғой. Тұрғын үйдің сапасыз, асфальттың жұқа болып жатқаны содан емес пе?
Азаттықты аңсап, әділдікті көксеп, ханға кектеніп мұз жастанып, қар жамылып кеткенде көргенің анау, Маха. Мен туған ауылдың жанындағы ол кездеді терең, қазіргі жайдақ сайда басың кесілді. Жастай ерлігіңді біліп, жырыңды жаттап, қапы қалғаныңа қайғырып өстік. Сол тебіреністен шығар, талабымды қолдап, түсіме еніп, батаңды бердің. Сен айтқан сырды, сен жырлаған жырды жалғай түскім, оқушымның жігерін қайрай түскім келді, өзімше.
Бұрысым көп, қиысым көп, қатам көп,
Жырларымда жалындыдан қасаң көп.
Жығылуға бірақ мұрша бермейді,
Көкірегімде сайрап тұрған Махамбет!
Тіледі ме: «Мәңгі өлмесін, батам!» деп.
«Әр жүректе кезім күтіп жатам!» деп.
Әр қазақтың кеудесінде, әйтеуір,
Табаласаң – түрегелер Махамбет!
Ақиқатты айтсын бүкпей хат-өрнек,
(Қап түбінде қажетсіз боп жатар ма ек?)
Бала кезім...
Ұмытқам жоқ, түсімде,
Дүрілдетіп бата берді Махамбет! –
деп тепсіндім.
Арман да арман арман бел,
Әлекті тағдыр салған жер.
Махамбет ақын өкініп,
Қапыда, шіркін, қалған жер! –
деп Қаройды жырладым.
Достары көп, емес еді, қассыз да,
(Қарғыс атқыр көрді қайта ашқызды, ә?!)
Қалай ғана білмеді екен әңгүдік,
Махамбеттің жырлайтынын бассыз да! –
деп Ықыласпен ерегестім.
Қойдан жуас деп жүрдің бе,
Білмедің!
Қаймықтырмас көр бөлмесі түрменің!
Білмедіңдер әр қазақтың қанында,
Алшаң басып Махамбеттің жүргенін! –
деп, желтоқсаншыларды қайрадым.
Бәрі, бәрі көз алдымда, баба! Озбырлыққа шыдамай, намыс оты өртеп, қасқайып ханға тіл қатқаның, халықтың қанын сүліктей сорған жауызды сәті түсіп тұрғанда шауып бір алайық деп, қалың қолды үш айналып, дігірлегенің, арыстандай Исатайдан қапыда айырылып қалып, зар илегенің, жаралы жолбарыстай басыңды тауға да, тасқа да ұрып, қол жинамақшы болғаның, ақыры, шіркін-ай, мынау, мен туған ауылдың сыртында жалғыз үй боп талайыңнан келерін күтіп отырғаның... Шіркін, сонда да, дегеніңнен қайтпай жұлқынғаның. Әділдік, еркіндік үшін деген қалпыңда, бағынбастан басыңды бергенің!... Сол биігіңде қалғаның.
Ақынның, батырдың аманаттай жырларын оқиықшы, тазаланайықшы, сергиікші. Өмірін үлгі етіп, жырын жалау етіп кетті ғой, Махамбет!
Адал болайықшы, ағайын!
Серік Жетпісқали,
Көкшетау қаласы.