АБАЙ ЭСТЕТИКАСЫ
2025 ж. 20 наурыз
2196
0

Қазақ мемлекеттілігінің және ұлттық рухының бірегейлігін сақтаудың бір қыры – этникалық болмысының өткенін, қазіргі келбетін, болашақтағы бейнесін тұтастай биография ретінде қарастыра отырып, тарихи жадыны үнемі қайта жаңғырту арқылы келешекке бой сермеумен ұштасып жатыр. Ол тек саяси тұлғалар ғана емес, рухани тұлғалардың болмысына үңіле отырып, толығырақ мағлұмат алу үшін оларды ғылыми тұрғыдан зерттеумен де байланысты.
ХІХ ғасырдағы Қазақ тарихындағы айтулы тұлғаларың бірі – Абай Құнанбаев ақын, жазба әдебиетін қайтадан негіздеуші, прозаик, ойшыл, сазгер ғана емес, қазақтардың рухани әлемін шығыспен қатар, батыспен де мәдени сұхбаттастық құру жолының жалпы бағдарларын негіздеуші болатын. Биыл, 2025 жылы басқа да тарихи тұлғалармен қатар Абайдың да 180 жылдық мерей тойының бүгінгі қазақ қоғамы үшін орны ерекше.
Абай Құнанбайұлы өзінің әдеби туындылары арқылы әлемді көркемдік тұрғыдан пайымдаудың, қоғамның әлеуметтік мәселелерін толғаудың, адам өмірі мен мағынасы, жалпы тіршіліктің келбеті жөнінде терең мәнді идеяларын ұсынудың жарқын үлгісіне айналды десек те болады.
Сондықтан да, Абайтану ілімі қазіргі таңда кең көлемдегі зерттеулерге бет бұрған, оның педагогикасы, психологиясы, этнографиялық мәселері туралы пайымдаулары ғылыми-теориялық тұрғыдан қарастырылып келеді.
Философия ғылымының іргелі бір саласы – эстетика. Абайдың идеялары мен туындыларын эстетикалық тұрғыдан зерделеу оның туындыларының табиғатына тереңірек үңілудің өзіндік бір қырын паш етеді. Абайдың туындыларының эстетикасын зерделесек, оны мынадай үш бағдар бойынша ажыратуымызға болады: өлеңдері мен қара сөздеріндегі ойлау машығы мен өзінің ойларын көркемдік тәсілдермен жеткізе білуінің төлтума ерекшеліктері; туындыларының мазмұнындағы дүниені эстетикалық тұрғыдан байыптау; ақын эстетикасының қазақ халқының және әлемдік эстетикалық ой-пікірмен сабақтастығы.
Абайдың тіл шеберлігіндегі көркемдік нақыштар қазіргі әдебиет теориясындағы әдістермен де дәйектелген. Ондағы теңеу, метафора, шендестіру т.б. оның өлеңдеріндегі ойтолғау шеберліктерінің куәсі ғана емес, ол қазақ әдебиетіне жаңа өрнектер қосады, бұрынғы дәстүрлі мәнерлерді кең көлемде қайта жаңғыртады.
Абай тұтас әлемді, табиғатты, тіршілікті, өмірді көркемдік тұрғыдан түйсінудің қазақ руханиятындағы келбетін қайта жаңғыртты. Ол үшін табиғат және оның көріністерінің өзі сұлулық, ол жай ғана сұлулық емес, адамзат тіршілігімен байланысты өмірмәнділік, қазақ халқының тұрмыс-тіршілігінің шат-шадыман өмірінің әсем айшықтарындағы өмірлік шабыт оптимизмі түрінде бейнеленеді. Оның жылдың төрт мезгіліне қатысты өлеңдерінде қазақ халқының тұтас тіршілігі, мәселен, «Жаз» өлеңінде бейне бір картинадағыдай елестейді: «Жаздыгүн шілде болғанда, Көкорай шалғын, бәйшешек, Ұзарып өсіп толғанда; Күркіреп жатқан өзенге, Көшіп ауыл қонғанда..»,-дей келе, белгілі бір ауыл арқылы қазақ қоғамының көктемгі келбетінің тұтас бейнесін береді. Сонымен қатар, күздің жабырқау келбетін де тамаша суреттейді, өйткені, ол жаздың аяқталып, қыс мезгіліне аяқ басқан шақ, қара суық пен қыстан шығу мәселесінің айналасына шоғырланған келбетті нақыштайды.
«Қараша, желтоқсан мен сол бір-екі ай» атты өлеңінде күздің көңілсіз бейнесі адамның рухани әлемімен байланысып жатады. Бұл эстетикалық тәсіл көркемдік құрал ретінде поэзияда кеңінен қолданылады. Мәселен, белі мертігіп құлазып жатқандағы Ер Тарғынның қайғылы көңіл күйі мен «Бұлғыр, бұлғыр, бұлғыр тау, бұлдырап тұрған құрғыр тау» деп таудың да күңіренген келбетінің арасындағы үндестік те табиғат пен адамның көңіл күйінің паралеллизмін білдіреді.
«Қыс» өлеңінде жалпы көшпенді халық үшін шаруашылыққа қолайлы емес мезгілдің ызғарын жай ғана бейнелеулер емес, ол шындығында, тұтас халықтың қыс мезгіліндегі психологиялық көңіл күйінің көріністерін жинақтайды. «Борандай бұрқ-сарқ етіп долданғанда, Алты қанат ақ орда үй шайқалды. Әуес көріп жүгірген жас балалар, Беті-қолы домбығып, үсік шалды. Шидем мен тон қабаттап киген малшы, Бет қарауға шыдамай теріс айналды».
Ал көшпелі өмір салтында айрықша мәнге ие болатын көне замандардан бері қалыптасқан «көктем қуанышы» архетипі ұлт ақыны арқылы сыртқа терең көңілмен шығарылады, шаттану мен қуаныштың әлеуметтік психологиясын тиянақтайды: Жазғытұры қалмайды қыстың сызы, Масатыдай құлпырар жердің жүзі. Жан-жануар, адамзат анталаса, Ата-анадай елжірер күннің көзі». Ол көктем мезгіліндегі өмірдің бейнесін космологиялық құбылыстармен шендестіреді: «Күн», «Жер», «Ай», «Жұлдыз», яғни, табиғат пен әлемнің жаңаруын адамның тіршілігіне көшіреді және керісінше халқымыздың тұрмыс тіршілігіндегі коэволюционистік танымды айғақтайды. Бұл тұстағы ақын лиризмі әрі қарай ғарыш пен адам қатынасының үйлесімділігін бейнелеуді де қамтиды.
«Елжіреген күннің көзі», «қалы кілемнің түгіндей», «масатыдай құлпырған жердің жүзі» т.б. әлем сұлулығының бір ғана эпизоды болса, «Гүл мен ағаштың майысып қарауы», «судың бұлаңдап» ағуы т.б. барлығы сөзбен салынған сұлу пейзажды антропоморфтаудан туған.
Абай Құнанбайұлының эстетикасы адамгершілік пен сұлулықты, табиғат пен өнерді, үйлесімділік пен даналықты біріктірген ерекше құбылыс. Оның поэзиясы арқылы қазақ халқының көркемдік ойлау жүйесі мен рухани-эстетикалық дүниетанымы көрініс тапты.
Елімізде Абайдың 180 жылдық мерейтойына орай, ақынның мұраларын дәріптеу мақсатында іс-шаралар қарқынды өткізіліп келеді. Соның бір көрінісі ретінде әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-да Философия және саясаттану факультеті Философия кафедрасының білімгерлері арасында өткен «Абай туындыларындағы эстетика» тақырыбындағы республикалық деңгейдегі ашық дәрістер сабағын атап өтуге болады. Осылайша оның мерейтойына орай жүргізілетін шаралар мүмкіндігінше қоғамдық өмірдің барлық саласын қамтып, айтулы ақынымыздың мәртебесін асқақтата беруі тиіс.
Аташ Б.М.
әл-Фараби атындағы ҚазҰУ, философия кафедрасының ұстазы
Туленова С.М.
әл-Фараби атындағы ҚазҰУ, философия кафедрасының докторанты