«АҚЫЛДЫҢ АЗАБЫН ТАРТҚАН ЕБЕКЕҢ...»

«АҚЫЛДЫҢ АЗАБЫН ТАРТҚАН ЕБЕКЕҢ...»

Таяуда Қазақ елінің экономикасы мен ғылымын, мәдениеті мен руханиятын жаңа сатыға көтерген, Орталық Қазақстан өлкесінде кадр дайындау мәселесінде ұшан-теңіз қызмет атқарған қайталанбас тұлға Ебіней Бөкетовтің туғанына жүз жыл толады. Осыған орай Алтынбек Нұхиұлы бастаған Сенаттың жеті депутаты Премьер-министр Олжас Бектеновтің атына сауал жасады. Сөйтіп, біртуар дарын иесі мерейтойы қарсаңында Ебіней Арыстанұлының жиырма жыл бұрын жарық көрген алты томдық шығармалар жинағын толықтырып, жаңадан жеті томдығын шығару; ҚР Оқу ағарту министрлігі «Жайлы мектеп» мемлекеттік бағдарламасы бойынша салынып жатқан заманауи мектептерге – туған жері Петропавл және Қарағанды, Көкшетау, Астана, Алматы, Түркістан қалаларында есімін беріп, сол мектептерде Е.Бөкетовке арналған музей мен бұрыштарды ашуды қолға алу; аса көрнекті ғалым-жазушының тұлғасын айшықтау үшін Астана, Алматы, Түркістан және Балқаш қалаларында көшелерге есімі беріліп, еңбегі сіңген Балқаш қаласы мен туған жері Петропавлда еңселі ескерткішін тұрғызу; Қарағанды облысының әкімдігі ұлы тұлғаның жатқан жерін ретке келтіріп, жаяу жүргінші жүретін жолды абаттандыру мәселесін шешу; ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі Е.Бөкетовтің Еліміздің қалаларының театрларында қойылған драматургиялық пьесаларын қайта жаңғырту және заңғар ғалым-жазушы туралы деректі фильм түсіру, баспасөз беттері мен әлеуметтік желіде насихат жұмыстарын жүргізу; ҚР Ұлттық банкі ғұламаның құрметіне мерейтойлық монета шығару мүмкіндігін қарастыру; ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігі Ұлттық ғылым академиялары мен Жоғары оқу орындарына ғұламаның мұрасын кеңінен насихаттау мақсатында халықаралық конференциялар мен дөңгелек үстелдер өткізу жоспарын қабылдап бекіту сияқты жеті ұсыныс айтты.

Оқырман назарына осынау игі іске белсене қолдау білдірген авторымыздың Ебекең өмірі қалтарысынан көпшілікке беймәлім бірталай сыр ақтаратын естелігі ұсынылып отыр. 

Редакция.

– ...солай ақылдың азабын Ебекең, Ебіней Арыстанұлы қатты тартты ғой. Соның біреуіне өзімнің куә болғаным бар. Айналайын Гүлсім, сол оқиғаны көптен саған айтсам деп жүрмін, өйткені менде жас емеспін, өзіммен бірге алып кеткім келмейді. Сен тыңда мен айтайын, – деп, Қанапия ағам әңгімесін бастап кетті, біз үнтаспамызды қоса қойдық:

   – Бұл оқиға 1975 жылдың май айының 6-7-ші күні болатын. Бір күні Ебіней Арыстанұлының хатшы қызы телефон соғып, сізді ректор өзіне келіп кетсінші деп жатыр деді. Естісімен кешікпей келдім.  

      – Қанапия, сенің бір көмегің керек болып тұр, ертең қонақтар келетін еді, соған соятын қой таба алмай қиналып отырмын, сенің мүмкіндігің қалай, – деді. 

– Ебеке, дәл қазір нақ табамын деп айта алмаймын, бір-екі сағатта жауабын берейін, – дедім. 

     – Құрман Қасымжановичқа тапсырып едім (Ермағанбетов, проректор) жаңа таба алмағанын айтты. Содан саған шығып отырмын, – деп, қатты қиналып тұрғанын сездірді. Май айы емес пе, малдың бәрі әлі арық, көкке тойған жоқ, дұрыс, семіз малды табу қиындау болатын кез.

    Содан мен Ебекеңнің тапсырмасын орындау үшін «сапарға» шықтым. Бір-екі жігітке барып едім, ауылдары осы қалаға жақын маңда тұратын, бәрі де «ой, қазір мал арық қой» деп шығарып салды. Содан, дүкендерге тамақ бөлетін мекемеде істейтін Қуаныш деген жолдас жігіт бар еді, соған кетіп бара жатқанымда алдымнан Болат Кәкенов досым шыға келді. Ол да университетте қызмет істейді. Бас салдым, «қалайда қалай табу керек, Ебекең қатты қиналып отыр» дедім. Сөзімді осыдан бастап, сосын түсіндірдім. Болат: 

– Табамыз, бірақ жүз елу шақырымдағы ауылға барып келуіміз керек деді. Мен: 

– Барамыз! –дедім, қуанып кетіп. 

 Содан жүз елу шақырымдағы «Ақжар» аулына, Болаттың ағайын туыстарына, қайын-жұртына қарай шықтық. Жолай университетке соғып Ебекеңе баяндап кеттік. Ол кісі үлкен денесімен, үлкен басымен қомпаңдап қуанып қалды. Мен іштей «Ебекеңді, осынша састырған кім екен?» деп қоямын. 

Зулатып отырып «Ақжарға» жеттік. Келсек, мал өріске шығып кетіпті. Не істейміз, өрістегі малға жол тарттық. Келген мақсатымызды қойшыға баяндап едік ол да қазір мал арық қой, әлі көтеріле қойған жоқ деді. Бір кезде менің көзім семіздеу бір қойға түсті, қойшыдан сұрап едік ол совхоздың директорының қойы, бере алмаймын деді. Біз бұл қойдың академик Ебіней Арыстанұлына Бөкетовке керек, оның Алматыдан келетін қонағына соймақшы, сол үшін келдік, егер бұл сапарымызды директорыңыз естісе өзі-ақ бір қойын беріп-ақ жіберер еді» деп, сөзді жанып-жанып жіберіп едік, қойшының көне қойғаны.  

   Қойшы қойды беруін берді-ау, ал енді оны ұстауды айт. Үшеулеп қуып, ақ тер-көк тер болып зорға ұстадық. Қойлардың да берекесін кетірдік. «Уф» деп демімізді алып бола берген тұста досым Болат: сонда Ебекеңе жалғыз қойды апарамыз ба, бұл ауыл менің қайын-жұртым ғой... қымыз алайық, сүрленген ет табайық, май болса оны да алайық» демесі бар ма?! 

Мен қуанып кеттім. Сонда екеуміз де Ебекеңнің көңлінен шығып, бір мақтанғымсыз келіп тұр ғой.

Содан Болат жақын бір қайын ағасының үйіне барып, жеңгесіне «менің биылғы сыбағам қайда?» деп, әзіл-қалжыңын араластырып, дүрсе қоя берді. Жеңгесі қалбалақтап «бар, бар ғой...» деді. «Онда маған сол сыбағамды, қасына сары майыңды қосып бер, ұзақтан келетін қонақты күтуге қажет болып тұр» деді. Содан жеңгесі сүр қазы, қаймақ, қолдың майын салып берді. Тіптен, жаңадан ғана бие байлап, сауа бастаған бір үйден қымыз да алып алдық. Осының бәрін жинап жүргенімізде кеш те болып қалыпты. Болаттың жеңгесі «дәм татпай қалай кетесіңдер» деп бәйек болып жүр. Тамақ жеп, шәй ішіп, тапқан олжамыздың бәрін машинаға салып, көтеріңкі көңілмен Қарағандыға тарттық. 

Біз келгенде түн болып, сағат он екі мен бірдің шамасы болып қалды. Бірден Ебекеңнің үйіне келдік, бұл кезде ол кісі Ленин даңғылындағы үйде тұратын. Есік ашқан Ебекең: 

– Батырлар, мені әбден састырдыңдар ғой. Мен сендер кешіккенге бұл не болды деп, қой бола ма, болмай ма деп...

Біз әкелгендерімізді үйге кіргізіп, Зүбайра жеңгей мен Ебекеңнің алдына жайып тастадық. Екеуміз де іштей Ебекеңнің «заказын» орындағанымызға ризамыз, мәзбіз. Ол кісінің уайымдап қалған жүзі әп-сәтте өзгеріп, нұрлана қалып: «Ой, батырлар, сендер мықтадыңдар ғой!» деді. Сөйтті де қасымда тұрған Болатқа мән бере қарап: «Бұл қай бала?» деді. Мен біздің кафедрада істейді дедім. «Е, жақсы, жақсы».

Қоштасып, пәтерден шыға бергенімізде «Қанапия, ертең кел осында» деді. «Жоқ, Ебеке рахмет, рахмет!» деп шыр-пыр болып жатырмын. Сөйтіп едім: «әй батыр, мен сені қонақ еткелі шақырып отырған жоқпын, қонақты күтісуге шақырып отырмын» деді. Мен ұялып қалдым да, артынша «келемін, келемінге» бастым. Ертеңіне Ебекеңнің үйіне өзі айтқан сағат күндізгі он екіге таман келдім.

Содан, бірлер шамасында Ебекеңнің шақырған қонағы үш адам болып келді. Алдында ғана Ебекең маған келетін қонақтың кім екенін білесің бе деді. Мен жоқ дедім. Онда біле отыр – Асқар Қонаев келеді деді. Еркіндеу отырған мен жиналып алдым. Ғылым Академиясы Президентігінен академик Шахмардан Есеновтің жүз пайызбен өтіп, сайланған төрт жылына шыдатпай, екі жылы өткенде жоқ жерден кінә тауып, орнынан түсіріп, Асқар Қонаевтың «таққа» отырған кезі болатын. Іссапармен Қарағандыға келген беті екен де, Ебекең үйіне қонаққа шақырған тұсы екен. Менің байқауымша, Ебекең, Зүбайра апай институтта қатар оқыған көрінеді. 

Содан қонақтық басталып кетті. Ебекеңнің жұбайы дастарханды жайнатып қойған. Қонаевтың алдына қойдың басы қойылып, сүр ет араласқан қойдың біраз мүшесі келді. Әңгіме-дүкен басталды. Қонаев сөзге аса шешен емес екен, шешіле қоймай, өзін байсалды ұстап отырды. Қасындағы екеуі алма-кезек сөзді ағытып отыр. Сөз арасында Асқар Қонаевты марапаттап қояды. Ет те желініп, сорпа да ішіліп бола берген кезде үй иесі ретінде Ебекең сөз алды. Әуелі Асқарға жаңа жұмысында табыс тілеп тілек айтты. Академиядағы кемшін соққан тұстарды айта келіп, ғылыми жаңалықтарды тез арада өндіріске енгізу керек, дарынды жастарды өсіру керек... қысқасы, академияға жаңаша серпіліс керек дегенді айтып салды. Осы кезде Асқар Қонаевтың қасына еріп келген кексе еркек, көзінде көзілдірігі бар, мүмкін көмекшілерінің бірі болар, президентті аяғымен түртіп қалды. Солардың қатарында төмендеу отырған мен бұны байқап қалдым. Сол сол-ақ екен, Асқар Қонаевтың түрі бір бозарып, бір қызарып, ақырында: «Ебіней, маған ақыл айту үшін шақырдың ба, үйіңе?! Сен кім едің маған ақыл айтатындай?» деді орысшалап. Мен бұл сөздің астарынан Ебекеңе деген ыза, өктемдік, «мен саған әлі көрсетемін!» деген алапат зорлық-зомбылықты сездім, шошып кеттім.   

Сөйтті де Қонаев орнынан атып тұрып, сыртқы есікке беттеді. Ана жандайшап екеуі де орындарынан тұрып Қонаевтың соңынан ере берді. Оларға қарап Ебеке: «Оу, қайда барасыңдар! Зүбайра, түнімен сендер келеді деп торт пісіріп еді... неге шайға қарамадыңдар?» деді. Оларда үн жоқ. Зүбайра жеңгемізге «рахмет» айтуға да мәдениеттері жетпей үйден шығып кетті. Олардың соңына қарап тұрып Ебекеңнің бар айтқаны: «Мынауың нағыз надан екен ғой» болды...  

Шынымды айтсам, осыдан кейін Ебекең басына бұлт үйіріле бастады. Жоқ жерден тексеріс келіп, университеттің берекесін қашырды. Осының бәрі ол кісінің жүрегіне салмақ салды. Дүниеде жала жабудан артық қорлық жоқ. Ебекеңе, жала да жабылды, алаяқ Хлестаковқа теңеп мақала да жазылды, жаздыртты... 

Ал, алғашқы кірпішінен бастап өзі қалаған университетке Ебіней Арыстанұлынан артық ешкім еңбек сіңірген жоқ. Қаншама оқу корпустарын, жатақхана салдырды. Мәскеу, Ленинград, Алматыдан қаншама профессор- ұстаздарды шақырып, университетке мұғалім етті. Дарынды жастарды өзі іздеп жүретін, олардың қаншамасын Ресейдің үлкен қалаларындағы оқу орындарының аспирантурасына жіберді. Айта берсеңіз әңгіме көп.  

Содан отырып ойланамын, Ебекеңнің басына түскен тағдыр тәлкегін, түрлі жаланың жабылуын, бәленің басын осы «қонақтықтан» іздеген дұрыс-ау деп ойлаймын. Қасында жүрген әлгі жандайшаптың Асқар Қонаевты аяғымен түртіп қалуында – бар бәле. Басшыны бүлдіретін айналасы ғой. Жау ұзақтан келмейді, көп басшы кім дос, кім қас, соны ажырата алмай құриды. Олар былай шыға салысымен Асқар Қонаевтың құлағына: «бұл Бөкетов асып-тасып кетті, өзін білгір, білгіш санайды, бұған бір тосқауыл қоймаса болмайды, әлі бұл сіздің орныңызға таласыды...» демесіне кім кепіл. Олар осылай жанашырлық көрсеткен болып, қолында зор билігі бар Асқар Қонаевтың сенімді адамдарына айналады, сосын бұл сенімділікті өз мақсаттарына пайдаланады. Бұл бесенеден белгілі, қай қоғамның болмасын жазылмаған жаман заңы, ауруы. Ебекең айтса академияға жаны ашығандықтан, жақсы болса екен дегендіктен, оның үстіне қатар-құрбы боғандықтан, өзімсінгендіктен айтқан болар. Үйіне шақырып алып оны мұқататын ұсақтық Ебекеңнің бойына жат қылық! Ол кісі айтатынын ашық, анық, нық айтып отыратын мінезді адам, оны біз қоластында істеп жүрген прфессор-ұстаздар жақсы білеміз. 

Қысқасы, Ебіней Арыстанұлының республикадан асып Одақ көлеміне тараған – СССР Жазушылар одағының мүшесі мен СССР Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты деген абырой-атағы сол кездегі ғалымдар арасында ешкімде жоқ еді. Оның аса дарынды ғалым, сыншы, аудармашы деген жазушылық қабілеті кейбір іші тар адамдардың қызғанышын тудырғаны шындық еді. Менің Ебекең ақылдың пайдасын да, азабын да көп тартқан адам дейтінім сондықтан.., – деп, өзі де ғылымның біраз биігіне жеткен, педагогика ғылымының докторы, профессор, ҚР Ұлттық Ғылым Академиясының академигі Қанапия Арынғазин ағамыз бұрын біз естімеген оқиғаны аяқтай келіп, тағы да сөзін маған қаратып: – Қалқам Гүлсім, қолыңда қаламың бар... осы бір өмір үзігін саған айтуды өзіме парыз санадым. Ебекең өмірін зерттеп жүрген тарихшы, журналист, жазушылар болса септігі тиер мүмкін. Ең бастысы жастарымыз осындай жаман әдеттен аулақ болса екен деп тілеймін...» деп, көптен көкейінде жүрген көңілсіздеу әңгімесін осылай аяқтады.  

   Гүлсім ОРАЗАЛЫҚЫЗЫ,

        журналист-жазушы