ҚИЯЛДА ТОҒЫСЫП САН ТАҒДЫР
2025 ж. 06 ақпан
1222
0

Халық әртісі Бикен Римова туралы сыр
Актерлік болмысы өзге ешкімге ұқсамайтын, жүрек тебірентер үнімен шыға келгенде, сахна толып жүре беретін, халқымыздың дарынды өнер қайраткері Бикен Римованың творчестволық жолы ұлттық театр, киномыздың даму тарихымен тікелей өзектес. Елу жылдан аса уақыт аралығында жасалған үлкенді-кішілі қандай ролін алсақ та бұлардың әр кезеңде атқарған маңызын, салмағын байқамай өте алмайсың. Тым артық мақтамаңдар деген сөзін талай рет естігенімізбен, Бикен апайдың есімі аталғанда, оның өнер өлкесінде өзіндік ұғымға жетелейтін сиқырын сезінбеу бәрібір мүмкін емес-ті. Зерттеушісі табылса, тарау-тарауға бөліп әкетерлік мазмұнға бай ғұмыр кешті ол.
Сонау отызыншы жылдары мектепте оқып жүргенде, ән салып, билейтін, ауладағы кішкентай балалардың басын қосып, шымылдықты құрып тастап, әртіс боп ойнағандарын жымия еске түсіреді. Кейде тіпті көрші келіншектер бүгін біздің үйде қонсыншы, ойнағаны қызық деп шақырып әкететін. Анасы он саусағынан өнері тамған, керемет ісмер адам еді. Жалғыз қызының бетінен қақпайтын. Көкірегінің ашықтығынан шығар, қалайда оқып, білім ал деп жиі қайталайтын. Соның әсерінен жетінші класты бітіргеннен кейін Алматыға келіп, есеп-кредит техникумына оқуға түсті. Бірінші курста жүргенде-ақ астана театрлармен танысып, әсіресе, Күләш қатысатын спектакльдерді назарынан тыс қалдырмайтын. Бұдан былайғы тұста театр десе іштей елеңдеп, көңілі алабұртып, өзі де түсіне қоймайтын мазасыз бір күй кешетін болды.
Шымылдықтың баяу сырғыған сәтінен бастап, таңғажайып әлеміне шақыртатын әкететін сахна құдіреті енді жас қызды мүлдем баурап алды. Жатса, тұрса есінен театр шықпайтын дертке душар болғаны соншалық, екінші курста бір ай оқып, одан әрі сабаққа қатыспай қойды. Үздік оқушының себепсіз жарты ай бойына үнсіз жатып алғаны, шынында да, көкейге қонымсыз жайт еді.
Сөйтіп жүргенде, директор шақыртып жатыр деген хабар жетті құлағына. Өзімен ұзақ әңгімелесіп, бағыт сілтеген сол бір педагог ақылды жан екен. Неліктен сабаққа қатыспай жүргенін сұрап алғаннан кейін ендеше сен театр училищесіне бар, көрсін, егер қабілетің болса, қабылдауға тиіс деп кеңес берді. Шыны керек, дәл сол кезде әрістікке баулитын оқу орны бар дегенді мүлдем естімепті. Қолына адресі жазылған бір жапырақ қағазды ұстап, құстай ұшсын. Көшенің атын жаттап алса да, қағазды қолымен одан сайын қыса түседі. Тірлігінің бүкіл мәні театр училищесінің көшесі мен үй саны жазылған осынау қағазда тұрғандай-ақ, қайта-қайта қарап қояды.
Бір, екі... үш рет келді, сірә, көктемгі каникул мезгілі болуға керек.
– Қандай өнерің бар, бала?
– Өлең айтамын,билеймін...
– Ал, кәне... қандай әндер?..
Қазақстаның бірнеше халық әнін орындап,титтей қысылмастан билей жөнелгенін, одан кейін орысша өлең айтқанын біледі. Не істей, не қойып жатқанының парқын түсіне қоймағанымен, әйтеуір өзіне-өзі мәз.
Асқар Тоқпанов бастаған комиссия мүшелері:
– Оқуға түстің, ертеңнен бастап келе бер, – деді.
Сол күні қуанышында шек жоқ, дереу театр училищесінің жатақханасына ауысты.
Келсе, орын жоқ.
– Әзірше Шолпанның орнына жайғаса тұр, ол ауылына кеткен, – дегесін, қыздардың бөлмесіне жасқана-жасқана енді.
– Шолпанның төсегі мынау... – Бөлмедегілер бұған тосырқай көз тастады.
Қатарындағылармен салыстырғанда, тап-тұйнақтай, жинақы жиналған, жастықтарына шейін кестелі шілтермен көмкерілген кереуетке жақындауға батылы жетпей біраз тұрды. Ішінен кім де болса, шебер қыз екен деп ойлады. Группаластарынан кеш түскені әсер етті ме, ешкіммен араласпай көпке шейін саяқ жүрді.
– Мына қызды қараңдаршы; отырысы бөлек, мына қыздан бірдеңе шығады, – дейтін сол кезде училищеде оқитын Сапарғали Шәріпов.
Төңірегіндегілерге зер сала қарап, көп жайтты жүрегіне түйгенімен құрбыларымен ашылып сөйлесе қоймайтын Бикен театр училищесінде білімге деген ынтасымен көзге түсті. Мұның өзі оның табиғи ерекшелігін қалыптастыруға ықпалын тигізді.
Ұлы Отан соғысы бастағанда, Бикен өзінің майдан даласына аттанатынына сенімі мол еді. Алты ай бойы мергендікке үйретіп, арнайы сынақтан өткен. Қанша әрекеттегенімен, оны майданға жібермеді.
Жанарынан от ұшқындап, тал бойынан сезімталдық пен сергектік ескен жас қыз училищедегі оқуын жалғастыра берді. Театрдағылар жас талапты бірден байқаса керек, спектакльдерге қатысуға жиі-жиі мүмкіндік алып, бірте-бірте Бикен мұнда өз адамына айналды. Әйтсе де қызметке алар-ау деген ой қаперіне кірмепті.
Бір күні әдеттегідей теартға келген, коридор қабырғасында ілулі тұрған қағаздарға үңілгенде, өз көзіне сендер-сенбесін білмей аңтарылып тұрды да қалды: «Бикен Римова театр труппасына қабылдансын»...
Көзі бұлдырап кетті қапелімде. Жан-жағына қарап еді, танитын ешкімді көре қоймайды. Жүгіріп далаға шықты. Қуаныш кернеген кеудесін кере дем алып, қарттардың аузынан талай естіген басына бақ қонды деген сөзін тұңғыш рет түсінгендей, тұңғиық ой құшағында жападан-жалғыз көшеде ұзақ жүрді.
Өнер деген ұлы ұғымының айналасында өзіне-өзі іштей есеп беріп, Қалибек Қуанышбаев, Елубай Өмірзақов, Рахия Қойшыбаева сияқты атақты сахна шеберлерімен шынында да бір коллективте боламын-ау дегенді көз алдына елестеткенде, аспандағы жұлдыздарды қолымен ұстағандай әсерге бөленген. Мұндай жағдайды балалық шағында да басынан өткергені бар.
Бұлардың аулына келіп-кетіп тұратын Шашубай ақынның гармонын құлаштай созып, ән салғанын естігенде, әйтпесе тостағанды аяқтың басына іліп, небір сиқырлы қимылдарын көргенде, осындай хал кешетін. Адам баласының жаны мен тәнінен өрбіп, небір таңдай қақтырарлық құбылыстың қандай түрі болса да жүрегін өрекпітпей қоймайтын. Халық әндерінің өзекті өртеп жіберерліктей сазы құлағына жеткен сәтте де сондай сиқырлы сезім билейтін жан дүниесін. Ендеше, тұла бойды буған осы қасиеттен туындайды екен ғой артистік қабілет. Басқа қандай шарты бар, мұны дәл қазір анық білмегенімен, жүрегін тулатқан сол сиқырлы сезім кез-келген қиындықтан жетектеп алып шағатындай көрінген. Талантты аға-апаларының бүкіл тірлік тынысына сүйсінуі болашағына деген сенімі мен жауапкершілігін арттырып, театрға енген алғашқы күннен жұмысқа құлшына кірісті.
Мұхтар Әуезовтің Еңлік-Кебегі қазақ театрының беташары саналса, оның көптеген актерлердің творчествосын қалыптастырып кеткен құдіретін де айтқан жөн. Римованың актриса ретінде тұсауы кесілгені де осы пьсадан басталады. Еңлік-Кебек спектаклінің екі қойылымында да басты рольде ойнап, ұзақ жылдар бойы көрермендер мен театр мамандарының жылы ілтипатын иемденді. Баспасөз беттерінде Еңлік – Бикеннің театр тарихында айтулы белес болып қалғаны кеңінен талқыланған. Тұжырымды ойларға жетелейтін бұл бейнені сомдаған актрисаның өзіндік қолтаңбасы дәл сол тұста айқындала бастады.
***
Асылы, әйелдің бақыты ең алдымен азаматына байланысты. Кім білсін, жолдасы өнердің, әсіресе, театрдың табиғатын көргендікпен түсінетін, бұған қоса мейірімді, адал, талантты боп кездеспегенде, тағдыры басқаша бағыт алар ма еді, қайтар еді.
Кейіннен білді, астанаға келіп, алғаш көрген пьесаның авторы да Шахмет Хұсайынов екен. Аялы алақанның ыстық табын сезінгендіктен, актрисалық қана емес, аналық парызын да жастайынан парасаттылықпен атқара білді. Туған анасындай боп, тату-тәтті ғұмыр кешкен қайын енесімен арасындағы қарым-қатынастың бергені де мол еді. Кейін ойлап отырса, от басының ынтымағы мен кіл өңкей жақсы-жайсаң жандардың ортасында жүргені бақытының бастауы сияқты.
Кино мен театр сахнасында бейнеленген кейіпкерлерінің өмірдің өзіндей нанымды шығып жататынына қарағанда, мұның себебін актрисаның қазақ әйеліне тән мінездерді тән жастайынана бойына сіңіріп өскен елгезектігінен іздейміз. Еңлік, Майраларға тән нәзіктік, назды еркелік, асқақтық оның өзіне де жат емес еді. Қазақ қыздарының асыл бейнесін шынайылықпен суреттеген Римованың бір ерекшелігі –спектакльдерде өзін-өзі қайталамауы, ұқсас-ау деген рольдерге жақындамауы. Кейде мұнысынан зардап шеккен сәттері де кездесуі ықтимал,бірақ талғам мен танымы бұдан өсе түспесе, титтей кеміген жоқ.
Қазақ сахнасында ғана емес, жалпы театр әлемінде айтарлықтай құбылыс болып қалатын Ана-Жер-Ана спектаклі Бикен Римованың творчествосын өрлеткен белеске айналды. Режиссерлық соны қолтаңба бірден өзіне назар аударды. Актерлердің алдында тұрған міндет те аса қиын, әсіресе, сахналық заңдылыққа бағына қоймайтын Жер-ананың келбетін елестетудің өзі мүмкін емес-ті. Спектакльдің сипатын нәрлендіріп тұрған Жер-ананың атынан айтылатын әрбір сөздің ырғағына шейін терең ой елегінен өткізуге техникалық шеберлік, тіпті, талай жылғы актерлік тәжірибе де аздық еткені шындық.
Бұрын-соңды ұшыраспаған, драматургиялық материалдың ерекшелігін Жер-ана бейнесінде жүктелген парыз да алабөтен салмақты болды. Тіршіліктің тәңіріндей тебірене тіл қатып, бірде күңірене аһ ұрып, бірде күркірей әмір еткен ірбір сәттің ар жағында Римова ғана жеткізе алар құдірет жатыр. Ішкі жан сарайының байлығы, сан-алуан тағдырлардан зерттеп түйгені өз алдына, философиялық ой тереңдігін де қажет қылатын осынау сахналық жұмысы актрисаның өміріндегі ұлы бетбұрыс жасаған кезеңіне ұласты. Жер-ананы дайындау барысында өзінің мүмкіндігін жан-жақты дәлелдеп, рухани күші мен моральдық хақысының тепе-тең тұрғанына көрермендердің көзін әбден жеткізді.
Режиссер мен театр мамандарына бұл әрі жаңалық,әрі заңдылық ретінде қабылданды. Өйткені Ана-Жер-ана спектаклін Бикен Римовасыз елестету қиын десек те, оның жарыққа шығар мезгіліндегі ізденістің кез-келген түрі, әдісі көкейге сенімнен гөрі күдікті көбірек ұялатқанына да таңдануға болмайтын.
Тіпті, тосын нәрсенің бәрін құбылыс деп қабылдаудың қисыны келе бермейтіні сияқты, ауыз толтырып айтар жаңалықтың да көпшіліктің көңіліне қона кетуі қиын. Уақыт өткен сайын әлеуметтік мазмұны қоюланып, ел-жұрттың сүйіп көретін дүниесіне айналғаны белгілі. Бірақ шыны керек, көрерменмен жүздесер әр сәтін ірі оқиғадай қабылдайтын да дәл осындай басқа туындының сирек кездесетіні рас. Ұзақ жылдардан бері Жер-ана боп, адамдарды әлдилегенде, көкірегіне түйген бір сыр- табиғаттың тылсым құпиясындай бауырына тартар күші бар бейненің жұмбағын шешіп, қаншалықты дөп бастым дегенмен, сахнаға шыққан сайын іштей беймаза хал кешіп, үнемі шарқ ұра ізденумен, толықтырумен келген еді.
Римова үшін Жер-ана ешқашан сарқылып бітпейтін бұлақтың көзі-тін. Шеті де, шегі де оның көрінбеді. Көңіл хошының құбылмалы сәттері, өміріндегі ірілі-ұсақты өзгерістер қуанышы, қайғысы,мұңы-айналып келгенде үлкен тағдырға ұласып, Жер-ананың сұлбасында көрініс тауып жататын-ды. Бұны роль деп айту да шартты нәрсе. Сондықтан сахналық нұсқаның толық пісіп жетілгеніне қарамастан, өне бойы беймәлім талай қырларын танып отырғны өзіне ғана мәлім. Жан сезіміндегі өзгерістерге орай – Жер-ананың жүрек дүрсілі де бүлк-бүлк соғып, әрбір ойнаған сайын жаңа бір мінезімен елес берді. Жеке басынан өткен қызық-қуанышы, қиындықтары, әсіресе, осы спектакль барысында ерекше сипат алатыны ұшырасты. Ұлдарының есейіп, әскерге шақырылған кезінде ме, аяулы жар, адал азамат Шахаңнан айырылып, аза тұтқан кезінде ме, жүрегінің қуаныштан тулап, әйтпесе, өкініштен жаралаған шақтары болсын, Жер-ана тынысында тамырын тереңге жайып, толыққанды сахна тіліне, айналып жататын. Бұл да былайғы жұрттың түсінуі неғайбыл, актердің өзі ғана сезінер қарапайым жәйттердің бірі еді.
Тіл тазалығын сақтап, сөздің мағынасын жеткізудегі Бикен Римованың орны бөлек-ті. Бұл саладағы тәжірибенің сырын арнайы талдау қажет. Алайда, анықтап айтатын мәселе – жаратылысынан қанына дарыған ашық даусының кім-кімді де селт еткізер сиқырлы сыңғыры небір сезім иірімдерін байқатып-болжауға бейім-ді.
Тағы да Ана-Жер- анаға жүгінейікші, ұзақ уақыт тапжылмай, артық қимыл жоқтың қасы, қалтарыссыз айтылатын монологтарды игерудің мүмкіндіктері қандай. Ә деген әрбір әріптің арқалаған жүгі бар еді мұнда. Қанша жаттаңыз, тіліңізді қанша құбылтыңыз, жылаңыз, еңіреңіз, жүректен шықпаса, о басты бітпеген кең тынысты көмей болмаса, бәрібір ештеңе шықпайды. Римованың сөзіндеруге, түсіндіруге лайық даусының күші мен мұның шынайы тебіренуден өрбитіні Жер-ананың қасиетін арттырып тұр. Сондықтан да шығар, Римовадан басқа актрисаны бұл бейнеде көре алмай келгеніміз.
Өзі үшін де, әріптестер, көрермендер үшін де жүз таныс болғанымен, Жер-анадан ұзамай, актерлік талантын бір ғана еңбегі төңірегінен тарата талдауымыздың себебін әлгінде айтқан – басқа жанды дәл осы бейнеде елестету қиын деген пікірден іздеу дұрыс. Әйтпесе қандай ролін алып байқасақ та, байсалды талдауға тұрарлық. Ару қыз Еңлік, ақын қыздар Майра, Зейнеп, инженер Сәуле, парторг Жанар, ғылыми қызметкер Кәмаш... осылай жалғаса беретін тізімнен қазақ әйелдерінің толық портретін жасағанын аңғарамыз.
Атап өтпеуге хақымыз жоқ және бір жайт – орыс, шетел драматург жазушыларының шығармаларынада ойнаған көптеген рольдері. «Ревизор», «Шындық жақсы, бақыт одан да артық», «Шыңырау түбінде», «Сараң», «Елеусіз қалған есіл ер», «Дон-Жуанның думаны» атты әр жылдары қосылған спектакльдерде бір-біріне ұқсамайтын, сан алуан ұлттық характерін ашатын әйел кейіпкерлерін бейнеледі. Олардың бәрі бірдей көңілінен шықты деуге бола қоймас, бірақ өзінің де, өзгенің де жадында сақталған аса қымбат рольдері баршылық-ты.
Театрдың сырын жан-жақты түсінуі, қол жеткен табысқа масаттанбай ұдайы мазасыз күй кешуі оны жұртшылыққа кейінгі кезде басқа қырынан танытты. Бұған таңдануға болмайды. Сахнадағы саналы ғұмырын бағдарлай қарасақ, әріптестері туралы жазған мақалалары, өнер жайлы толғаныстары творчествосының тағы бір саласын құрайды екен. Ендеше кейініректе жарық көрген Мұхтар Әуезовтің романы бойынша «Абай-Әйгерім» атты пьеса дайындап жазып шығуы – Бикен Римова үшін үлкен абырой. Өнерсүйгіш қауымды қатты қуантқан бұл дүние біртіндеп көптің сағынып қауышқандай көретін спектакліне айналды.
Өнер шеберінің қуаты сірә, ешқашан сарқылмаса керек. Іште жасырынған мүмкіндікті қанша пайдаландым дегенмен, зымыраған уақыт, бүгінгі күннің талабы өзгеше серпін күтері анық. Бұны актриса жақсы түсінді, театрға көңілі о баста бір құлады екен, одан кейін ешқандай аяушылық жоқ. Атағың мен ақ шашың да арашалап қала алмайды сені сахнаның күн сайын жалғаса берер тынымсыз тірлігінен...
Үнемі өзін-өзі қамшылап, жанын салмаған адам мұнда жүре ала ма. Соғыстың қиын-қыстау жылдары есігін имене ашып, театр коллективіне алғаш қосылғанда-ақ аңғарған бұл қағиданы...
Рахия Қойшыбаева, Серке Қожамұлов, Шәкен Айманов, Хадиша Бөкеева сынды атақты шеберлердің тәжірибесінен де осыны ұққан. Өнерлерімен туған елін сүйсіндірген, азаматтық тұлғаларымен үлкен-кішіге қамқор болып, адамгершілік қасиеттерін үлгі тұтатын осынау аға-апаларының дәстүрі бүгінгі толқынға жетіп жатса, бұл да көңілге медет.
Шын мәнінде халқының артисі атанған Бикен Римова өмірінің соңына дейін шығармашылық биігінен түскен жоқ. Қатарластарының табысына қуана алатындай ақпейіл жүрегі кең, кейінгі жастарды демеп жіберліктей мейрімі мол әйел-ана еді. Сондықтан да оның жанашыр тілектестері, достары көп болды. Әріптестері,мейлі қарт, мейлі жас болсын, осы күнге дейін ол кісіні аса бір жылы сезіммен еске алады.
Үйде де, түзде де табиғи қалпынан айнымай, адалдықты, жомарттықты жанына серік еткен, даңқы елге жайылған актрисаны көптеген ойлар толғандырды. Ертеңгі күннің еншісіне жоспарлаған жұмыстары қанша еді десеңізші. Соның бәрі жан дүниесінің, көңіл күйінің, балаларының, немерелерінің бабын тілеумен өтті. Соның бәріне үлгеріп, не істесе де күйгелектікпен емес, кемеңгерлікпен тындырған мейірбан ана, Қазақтың мемлекеттік М.Әуезов атындағы академиялық драма театырының артисі Бикен Римованың бүкіл шығарашылық қызметі туған халқына арналды.
Қазақ ССР-інің Халық артисі, Қазақ ССР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты атақтарына лайық қызықты да мазмұнды өмір кешкен хас өнер шеберінің кешегісі мен бүгіні баршамызға өнеге.
Өмірдерек
Сахна мен экранда бірдей жарқырады
Бикен Римова (1923 -2000 ж.ж.) тұрақты түрде бір-ақ театрда жұмыс істеді. Кейін Мұхтар Әуезовтің есімі берілген Академиялық драма театры оның өз үйінен артық болмаса, кем болған жоқ. Осы сахнада ол әр алуан әйелдер бейнесін жасады. Кейбіреуін ғана санап өтсек: Еңліктен кейін М.Әуезовтің «Қаракөзіндегі» Маржан, «Абайындағы» Зейнеп, Шыңғыс Айтматовтың «Ана-Жер-анасындағы» Жер-ана, «Жәмиласындағы» Жаңыл, «Ақкемесіндегі» Әжей, ӘбділдаТәжібаевтың «Жалғыз ағаш – орман емесіндегі» Фарида, «Майрасындағы» Майра, Ғабиден Мұстафинның «Миллионеріндегі» Жанат, Әбіш Кекілбаевтың «Абылайханындағы» Әулие-ана, Мольердің «Сараңындағы» Элиза, Гогольдің «Ревизорындағы» Пошлепкина, Н.Островскийдің «Шындық жақсы, бақыт одан да артығындағы» Мавра Дурасова, Шахмет Хұсайыновтың «Алдар көсесіндегі» Меңсұлу, «Сырымбет саласындағы» Зылиха, Тахауи Ахтановтың «Кездейсоқ кездесуіндегі» Ғайни, Сәкен Жүнісовің «Ажар мен Ажалындағы» Сарыжорға. Бөле-жара атауға болатын образдың бірі – «Абай» драмасындағы Зере.
Құнанбайдың анасы, болашақ данышпан ақынның әжесін сахнада сомдау екінің бірінің қолынан келмейді. Ешкімді бетіне қаратпайтын ақылды да айбынды Құнанбайдың өзі оның алдында именіп, Абай бір жағы еркелесе, бір жағынан одан тәлім-тәрбие алады – ауыл-аймақтағы үлкен-кішінің бәрі соның аузына қарайды; осындай сан қырлықарым-қатынастарды, сезім, мінез тайталастарын көрерменге нанымды түрде жеткізе білу, әрине, үлкен шеберлікті керек етеді.
Сахнада талай образдар жасап, көпшілікке кеңінен танылса да өзінің көкейінде көптен жүрген бір образды ол соңғы рет ойнағанындай шығарды. Ақын-драматург Иран-Ғайыпқа өзі айтып, қазақтың ең бір сыршыл сазгері Естай өмірінің соңғы кезеңін бейнелейтін драма жаздырды. Жастайынан ғашық болған Қорланға Естай бір емес, бірнеше ән арнаған. Оның бәрі ел аузында.
Бірақ тағдыр екеуін қоспаған. Ал мына пьеса Естайдың да, Қорланның да қартайған шағын бейнелейді. Ресей жақтағы бай қазақтарға тұрмысқа ұзатылған Қорланды Естайдың іздеп барғаны – тарихи шындық. Енді екі ғашықтың жасы ұлғайғанда кездесуі, әрине, қызық тақырып. Бикен Римова жасы жетпістің мол ішінде де «сыны кетсе де сыры кетпеген» Қорланның бейнесін аса бір тебіреніспен, тұңғиық терең сезіммен ойнағанын көзіміз көрді. Бұл – ұлы актрисаның сахнамен де, өмірімен де қоштасар алдындағы аққу әніндей көрініс еді...
Сахна саңлағы кинода да көрнекті рөл атқарды. «Тақиялы періште», «Шабандозқыз», «Менің атым Қожа», «Қозыкөрпеш – Баян сұлу», «Құланның ажалы», «Гауһартас», «Аруана», «Абай» т.б. фильмдерде әр қилы образдар жасады.
Олардың ішінде драмалық та, күлкілі де бейнелер бар. Кейінгі жылдары «Тоғысқан тағдырлар» («Перекресток») атты көп сериялы телефильмге түскені талайлардың жадында болар.
Бикен Римова өзінің замандас әртістерін насихаттайтын бірқатар мақалалар жазды, сүйген жары – көрнекті драматург Шахмет Хұсайынов жайында жазған естеліктері біртөбе. «Еңлігім – Еңлікгүлім», «Өнердегі өнегелі өмірлер» атты кітаптарында қазақ театры сахнасы жайында талай сырлар бар. Бикен Римова «Абай – Әйгерім», «Қосмұңлық», «Қорғансыз жандар» сияқты пьесалар жазды.
Мағира ҚОЖАХМЕТОВА,
жазушы