ОЛ ҚАЗАҚТЫ ӘЛЕМГЕ ТАНЫТТЫ
2025 ж. 25 қаңтар
373
0
Бауыржан Момышұлы Олжас Сүлейменов туралы
– Танысымның үйінде қонақта болғанымда бір жігіт:
«Олжаспен жақын туыспын. Оның жазған «Аз и Я» кітабы түкке тұрмайды. Оны Олжас демей Алжас деу керек», – деді. Бұған сіз не айтасыз?
– Жақында маған да бір танысым Олжас туралы аузына келгенін оттады. «Олжасқа баға беретін сен кімсің?» деген сұрағыма ол бозарып, сазарып жауап қатпады. «Білгің келсе, айтайын».
– Сіз қазаққа жақсылық ойламайтын адамды қорғайсыз, – деп маған ренжи бастады.
– Қазаққа Олжастай жақсылық жасаған бірде бір ақын-жазушың жоқ. «Ақылды ит көріп үреді, ақымақ ит еріп үредінің» керін келтіргенді қойсаңдаршы. Адамның ең үлкен кемшілігі – еріп үрген итке айналуы. Бұл аса қауіпті дерт. Әркім ақымақ болмау үшін қарнымен ойламай, басымен ойлап, шыншыл, әділетті болғаны, адасса да өз ақыл-ойымен адасқаны абзал.
– Танысым: «Олжасқа қоятын ең үлкен кінәм – орысқа бүйрегі бұрып тұрады», – дегенді айтты. Сіздіңше, оның бұл пікірі шындыққа жанаса ма?
– Бұл сөз надан адамның сөзі! – Баукең даусын қатайтып, шамдана сөйледі. – Көрші елдермен тату тұрғанымыз – ақылдылық. Орысқа менің де бүйрегім бұрады, оған әлі де арқамды сүйеймін. Өйткені ол – өзіміз сияқты, бір-бірімізді тез түсінеміз, мінездеспіз. Қысқасы, қай халықта болмасын әділетті, әділетсіз жандар бар. «Бір құмалақ бір қарын майды шірітеді» дегендей әділетсіз жандарға бола бүкіл халықты қаралау – қауіпті қателік.
Кезінде мен де:
– Ол халқымыздың пайдасын неге ойламайды? Мұнысы қалай? – деп жауап таппай тұйыққа тіреліп, «Олжастың азаматтығы жетіспейді» деген тұжырымға келгенімді жасырмаймын. Зейнеткермін, уақытым мол. Шалқамнан жатып:
– Мен кімге дұрыс баға бердім, кімге дұрыс баға бере алмадым. Жұртты безбендеуге өрем жете ме? – деп көп ойландым.
Өткен жолы қатты ауырып қалғанымда, қарсылас адам ретінде өзіме өзім сұрақ қойып:
– Әй, оңбаған, сен білгішсініп Пәленшені пәлен, Түгеншені түген деп бағалап, ғұламалармен араласқаны, оқығаны, тоқығаны көп Олжас Сүлейменовтің неге азаматтығы жетіспейді деп жүрсің? Оған қандай дәлелің бар? Үш күн мұрсат берем, үш күннен кейін жауабың дұрыс болмаса, сені қазандағы қайнаған суға тастаймын. Тек қорықпай, алжаспай, өзіңнің таза пікіріңді айт, – деп шарт қойдым.
Сұрағыма қанағаттанарлық жауап алардан бұрын қазіргі қазақтар кімдер, тұлабойында қандай қасиеті бар, бір-бірімен қарым-қатынасы, халқына деген көзқарасы қандай, келешек ұрпаққа, тіпті үйіндегі бала-шағасына жаны ашуы, ар-намысын қадірлеуі қай дәрежеде деген мәселені зерттей келіп, Олжас менен әлденеше есе ақылды екен. Істеп жүргендерінің бәрі дұрыс, – деген қортындыға келдім. Өзіммен өзім ақылдасып, Олжастың азаматтығы жетіспейді деген ойымның түбірімен қате екенін мойындадым. «Оның ізденісінің бәрі сәтті, ол өте дұрыс жолда келе жатыр. Егер Олжас ана топқа, мына топқа қосылғанда, қолында ештеңесі жоқ ақымақтардың ғана көсемі атанып, келешек ұрпақтардың алдында қарабет болып қалар еді», – деген тоқтамға келдім.
– Олжасты «білгіштер» «барып тұрған орысшыл», – деп жазғырады. Бұл пікірге сіз не айтасыз?
– Сен өзің оқырман, журналист ретінде ол пікірді қалай бағалайсың?
– Мен үстірт, әділетсіз пікір деп бағалаймын.
– Дұрыс. Қазір Олжасты жамандаушылар қатарының өсуі – көріп үрген иттен көрмей үрген иттердің көбейіп кеткенінен. «Пәленшелер жоғары жаққа жазып жүрер. Түгеншелердің бет алысына бағайын. Олар бірдеме демесе, үндеместер қатарына қосылайын» – дегендер әділет сөзін айтуға жасқанады. Бүгінгі қазақтың кейпі осы. Қайсыбіреулері кішкентай бала сияқты ойлау қабілеті шамалы, көзі нені көрсе, соны ғана айтады. Жақсы болса, жақсы, жаман болса, жаман дейді. Інжу-маржанның тереңде жататынымен ісі жоқ.
– Бір сүйсінерлігі – Олжаекең ешкіммен айқайласып, дауласпайды. Оның осы ұстамдылығын сіз құптайсыз ба?
– Құптаймын. Алғаш рет ұлтымыздың намысын, саясатын ойлап, қазақ тілін қорғаған кім? Олжас. Тіпті, славян тілінің қазақ тілімен байығанын дәлелдеген кім? Олжас. Қазақтың психологиясын, қазақтың ойлау, халықтық тұрпатын мақтау мәселесін алғаш кім көтерді? Олжас көтерді. Бізге бұдан артық қандай еңбек, қандай азаматтық керек?
Хакім Абай: «Орыс тілін білу арқылы дүние жүзіндегі ғылымдармен танысуға болады», – демеді ме? Бұдан артық қандай сөз керек? Олжас «қазақтар, орыстарға құл бол» деп ешуақытта айтқан емес. Әлде айтты ма?
– Айтқан емес.
– Әйтеуір жамандаған осылай деп «білгіштер» Олжасқа жабылып жатыр. Олжас мәмілегерліктің, тепе-теңдіктің бәрін ойластырып, дұрыс шешім қабылдады. Қазақ халқына қай бағыт ыңғайлы екенін айтып, жол көрсетіп келеді. Оны түсінбегендер «ақымақ» дейді.
Олжастың әр сөзін, әр сөйлемін қисық деу – қиянат. Ол аз сөйлесе де, саз сөйлейді. «Орысшыл» деп сынап жүрген ақымақтардың бес күн дайындаған баяндамасын Олжас бес сөйлеммен түсіндіреді. «Қазды қанша жамандасаң да, қарға болмайды. Қарғаны қанша мақтасаң да, қаз болмайды» дегендей Олжас – Олжас.
– «Білгіштер» ол қазақ тілінің дамуына қамқорлық жасамайды деп те кінәлайды.
– Олардың мұнысы да артық кінәлау.
– Олжас – біреу. Қазақстанда қанша ақын-жазушы бар?
– Бес жүзден асады.
– Олар не бітіріп жүр? Қазақ тілінің дамуын тежеп келе жатқан Олжас па? Қазақ тілінің дамуына неге көмектеспейді дейтіндей оның қандай кінәсі бар? Ол кәдуілгі творчество адамы, оның қолында ешқандай билік жоқ.
– Біз кез келгеніміз «қазақ тілін дамытайық, өйтейік, бүйтейік» деп халықтың құлағын елеңдетуге құштармыз. Аузымызбен орақ орғанымызбен істеп жатқанымыз шамалы. Ал Олжас істің адамы. Бұл пікірге қосыларсыз?
– Үлкен жиналыстарда: «Мінбеге шығып көсемсіп, әр нәрсені бір айтып сандырақтап, былшылдаудың қажеті қанша? Қазақ тілін дамытудың бір-ақ жолы бар. Біз орыс тілін қалай үйрендік? Оны үйрен деген конституциямыздан бір сөзді таба аламыз ба? Таба алмаймыз. Орыс тілі әр түрлі ұлттардың ортақ сөйлесетін тілі болғандықтан біз оны өзіміз білуге талпындық. Онсыз жоғары оқу орнына түсіп, білім ала алмайтынымызды, қызметке орналасудан мақрұм қалатынымызды, тіпті, ғылыммен айналысуымыз мүмкін емес екенін білдік.
Кесіп айтсам, тіліміздің дамуын дұрыс жолға қоятын жалғыз адам – мемлекет басшысы. Оның ұстанған саясаты әділетті болса, қазақ тілін үйренбеген бірде-бір адам қалмайды. Өйткені әркім қызметке орналасуға, жұртпен тіл табысуға құштар.
– Білгіштер «Олжас – ақын, тарихпен неге шұғылданады?» дегенді де айтады.
– Ақын тарихпен шұғылданбай қалай ақын болады? Ақын болу ақылды болу деген сөз. Ақылсыз адамнан ешуақытта ақын шықпайды.
– Иә, иә.
– Ақынсымақтың:
– Ой, сенің жұпар исің бар,
Маған болшы асыл жар.
Тілің майда, тілің бал,
Сен жоқта айналам қар», –
деп мақтағанымда, қыз құшағыма құлай кетті дегені кімге қажет?
– Сіздіңше ақын қандай болу керек?
– Ақын әмбебап ақыл иесі болу керек. Тарихты білмей, жан-жағындағыларын білмей қалай ой толғайды. Ақыл иесі көп нәрсенінің түп-тамырын, оның табиғатын түсінуге тиіс. Әсіресе, тарихты білмейінше ешкім ақын бола алмайды. Тарих деген – өмір. Өмірді білмеген адам қалай ақын болуы мүмкін. «Білгішсымақтар» Олжасты тарихпен шұғылданады деп сынай ма?
– Иә.
– Ехе-хе-хе. Олар оттапты. «Білгішсымақтардың» түсінігі бойынша ақын тек өлең ғана жазуы керек пе? Тарихты білмейінше ол қалай ой ойлап, өлең жазады? Тарих деген бұрынғы, қазіргі өмір. Бұрынғы өмірді білмей қазіргі өмірдің жақсысын, жаманын қалай бағалайсың? Қазіргі өмірге дұрыс баға бермей келешек өмір туралы қандай көрегендік ой айтасың?
Тарихсыз ешнәрсе жоқ. Тарих дегеніміз – сенің, менің, оның – бәріміздің бұрынғы, бүгінгі, ертеңгі өміріміздің көрінісі.
«Білгішсымақтарды» көп адам: «Ой, жарайсың, Олжасты өлтіре сынадың», – деп мақтап жатқан шығар. Былайша айтқанда, ақылды адамдар оларды Крыловтың пілге үрген қандені дейді де қояды. Оның үстіне Олжасты сен жақсы білесің. Әкесінің қарамағында біраз жыл жұмыс істедің.
– Өзімен де әңгімелескен кезім бар.
– Олжастың көбіне араласқаны орыстар. Одан басқа оның «кінәсі» жоқ. Ақылды жігіттеріміз Олжас сияқты өзінің қызметін, беделін жоғалтпай халқымызға қызмет істеуі керек. Талантты жастарымызды қудалағаннан не пайда табамыз? Жұмысын істей берсін, қоғамға көмектессін. Егер сүрінсе, қолтығынан демеп, сүрінбеудің жолын үйретуіміз керек.
– Орысша білген, орысша жазғандардың бәрін ақымақ деуге бола ма?
– Керісінше, ақылдылар деуіміз қажет. Тіл білу де оңай емес. Бәрінен сол тілде жұрт сүйіп оқып, рухани нәр алатын өлең жазу үшін асқан талант керек «Білгішсымақтар» Олжаспен күресудің орнына қазақтың қасиеті қандай болған, ол қасиеттің қазір қаншалықты көрінісі бар, қаншалықты көрінісі болуы керек еді, оны неліктен жоғалтып алдық, оның себептері не, ол қателігімізді түзетудің жолы қандай деген мәселелерді қозғаулары керек емес пе? Тек Олжас орысша жазады, орыстарды мақтайды, билікті жақтайды дегендері бос былшыл. Қит етсе, орыс бізді құртты дейтіндер бар. Қазақты қазақ құртты.
– Қазақтың тілі жөнінде кім толымды еңбек жазды деп білесіз?
– Олжас қана жазды. Кез-келген адам Пәленшенің пәлендей кемшілігі бар деп оттай салады. Себебі, әркім өзінің өресіне сай баға береді. Ол пайымдаулар көбіне өмір шындығынан алшақ жатады. Белгілі тұлғаға терең философ, терең психолог ғана табиғи баға бере алады.
Олжасқа тіл тигізу – ақымақтың ақымақтығы. Оған тіл тигізу үшін оның дәрежесінде болуың, не одан бір елі жоғары тұруың керек.
– Біздің замандастарымыздан Олжастай көп оқыған кімді атар едіңіз?
– Олжасты атар едім. Оның бір дәлелі – Олжакеңдей қазақты дүние жүзіне танытқан ешкім жоқ. Қазақтың үлкен туы ретінде Олжаспен мақтана білуіміз керек. Ол қазақ баласы қабілетінің қаншалықты құдіретті екендігінің шар айнасы.
Олжас ойлана білетін жігіт. «Былай ұмтылғанда қай жаққа барам? Кім мені қолдайды? Халқымның кескіні мынау, «кімнің тарысы піссе, соның тауығына айналған» зиялыларым – анау. Менің ізіме кім ереді? Абайдың: «Сократқа у ішкізген, Иоанна Аркті отқа өртеген, Ғайсаны дарға асқан, пайғамбарымызды түйенің жемтігіне көмген кім? Ол – көп, ендеше көпте ақыл жоқ» дейтіні бар емес пе. Сол айтқанай, қарапайым халқыңның кейде қара тобыр ретінде көрінетіні өтірік емес қой. Міне, Олжас сондықтан үһілеп, «іштен тынайын да, мүмкіндігінше ешкімге зиян жасамайын» деген бағытқа көшіп, азаматтық ар-намысына кір жұқтырмай, оны ту етіп жоғары ұстап келеді.
– Олжастың абыройын кетіргісі келіп, сыртынан негізсіз әртүрлі сөз айтып жүрген қазақтарға көзқарасыңыз қандай?
– Оларды терең дей алмаймын, олар рухани кедей жандар. Жаратылысы бөлек Олжасты кім түсінеді? Оны ақыл-парасаты, адамгершілігі мол, рухани бай адамдар ғана түсінеді.
Мен, мысалы, кейбір ақымақ басшы қазақтардан көп таяқ жедім. Қанша таяқ жесем де, халқымды жек көргенім жоқ, ешуақытта жек көрмеймін. Жек көруге хақым жоқ. Өйткені халқым жарамсақ, алмағайып, кімнің бағы жанса, соның сойылын соғатын халық. Кешегі хакім Абай: «Есіл сөзім қор болды-ау, тобықтының езіне» деп күйінсе, Сәкен Сейфуллин «кімнің тарысы піссе, соның тауығы болған» қазақтың ақымақтығын айтып кетті. Мен оған қалай ренжимін. Бірін бірі тонап, бірін бірі күндеп, бірін бірі шыңнан шыңырауға құлату қазақтарға үлкен мәртебе секілді саналатынын Олжас та жақсы білді. Ол – ғұлама адам. Оның білімі, түйсік-түсінігі өте терең. Аузы бірікпейтін қазақтың табиғатын шынайы танығанына менің ешқандай шүбәм жоқ. Ол қазақтардан гөрі өзін түсінген орыстарды әлдеқайда жақын көрді. Өзін түсінбеген жандарды жат санау – өмірдің заңы. Орысша оқығаны, орысша тәрбиеленгені – оның кемшілігі емес. Орысша сөйлегенде жұрттың бәрін Олжастай тамсандырып, таңғалдыру кімнің қолынан келеді?
– Сіз көп ойланатын тәріздісіз.
– Ойланбай өмір сүруге бола ма? Ойланбау – өмір сүрмеу.
– Сіз барлық уақытта әділ сөйлейсіз.
– Неге әділ сөйлейтінімнің себебін білесің бе?
– Өзіңіз айтыңызшы?
– Әділ сөйлейтін себебім, мен ешуақытта біреуден мақтау сөз естиін, беделім өссін, не біреуден пайда табайын демеймін. Менде ондай ой бала кезімнен болған емес. Түйсік-түсінігіме, өмірдің заңдылығына сәйкес айтар сөзімді ешкімнен именбей ашық айтамын. Айтқым келмесе, үндемеймін.
– Жарайды, уақытты шығындамай, ойыңызды қорытқанда, Олжасқа қандай баға бересіз?
– Олжас өзін құрметтеп, бағалаған өзге халық өкілдеріне құшағын ашты. Осы азаматтығын түсінгеннен кейін мен ол туралы қателескенімді мойындадым. Ол ұлтын шексіз сүймесе Алтын орда, Жошы хан, Махамбеттердің рухын найзаның ұшындағы қан сіңген көйлектей алаулатып жырлай алмас еді ғой. Шын мәнінде орыстар тұлпарының тұяғынан от ұшқындаған көшпенді бабаларын құлшына жырлаған Олжас Сүлейменовті алақанына салды. Олжастың сөзі арқылы орыстың әдебиетшілері, филологтары өздерінің орыс тілін жете білмейтінін мойындады. Ол сөйлегенде, өлеңдерін оқығанда тәнті болып, алақандары қызарғанша қол соқты.
Қайық мұхитта жүзе алмайды. Таяз жиекті жағалап, дауыл құлатып, суға батырып жібермей ме деп, сақтанып жүзеді. Бейнелеп айтсам – Олжас үлкен кеме. Үлкен кеме әруақытта да терең мұхиттарды қалайды. Осындай қуат-құдіретке ие Олжас Сүлейменов қазақ халқының ғана емес, әлем халықтары мақтанышының бірі.
Мамытбек Қалдыбайұлы,
бауыржантанушы