Марал Бағланова: «БОЗТОРҒАЙЫМ ДЕГЕН ҮНІН САҒЫНЫП ЖҮРМІН»

Марал Бағланова: «БОЗТОРҒАЙЫМ ДЕГЕН ҮНІН САҒЫНЫП ЖҮРМІН»

Әйгілі әншінің «Самалдағы» үйіне келгенімізде, кіре берістен Роза Бағланованың әдемі жұпар исі аңқып қоя бергендей болды. «Роза Бағланова жүрген жерден француз әтірінің исі шығады» деген сөз расқа шыққандай. 

– Марал, атақты кісіге келін болудың өзі үлкен сын. Отбасы, өздеріңіз үшін ол кісінің орны тіпті өзгеше ғой...

– Ең алғашқы босағадан аттаған сәтімнен мені бауырына басып, ардақты анам болған жаннан айрылу оңайға түскен жоқ. Ол кісі маған ене ғана емес, ана да болып еді. Көпке дейін түс көргендей, өң мен түстің арасында жүрдім. Халықтың еркесі, сандуғашы атанған жанға кездестірген тағдырыма ризамын. Келін болып түскенімде менің қолымнан үй жинағаннан басқа еш шаруа келмейтін. Жасым жиырма бірде болса да тамақ пісіре білмеуші едім. Өз үйімде жүргенде көбіне гүл өсіріп, есік алдын сыпыру сияқты даланың шаруасын ғана тындыратынмын. Келін болып түскен соң барлығын қайтадан бастауға тура келді. Өйткені, өз анам мен бес жасқа келгенде қайтыс болды да, нағыз ананың ақыл-кеңесі қажет кезде әкемнің, ата-әжемнің тәрбиесінде өстім. Ол кісілерге де рахмет. Қолдарынан келгенше еш аянып қалмады. Жоғары білім берді.

Сол жолы мамамның (Роза Бағланова дегені) шыдамдылығына таңқалдым. Маған көп нәрсе үйретті. Іштей «жұрт ерке деуші еді, қай жері ерке» деп қоямын. Ұлы Тәженнің еркелігіне мен қосылдым. Бізді ол кісі қатты еркелетті. Өзінің еркелігі жайына қалды. Үнемі бізді «Ақ Тәженім», «Бозторғайым», «Алтынсақам», «Ақмаржаным» деп асты-үстімізге түсетін. Мамамның жүрегінің кеңдігі соншалық, барлық кісіге орын табылатын. Сырттайғы кісілер «атақты кісі, тәкаппар» деуі мүмкін. Бірақ ол кісі өте қарапайым жан болатын. Әсіресе, үлкен немересі Тәжібайды ерекше жақсы көрді. Ырымдап, әкесінің атын өзі қойып еді. Болашағынан зор үміт күтетін. Атасы сияқты жеті тіл білсе деп арман етіп, «Роза Бағланованың немерелері» деген атқа сай болса деп үнемі ақыл-кеңес айтып отыратын.

Әлі есімде, Тәжібайды босанып үйге келдім. Сондағы мамамның қуанғанын көрсеңіз. Түнгі сағат үш болсын, төрт болсын баланың қыңқ еткен үні шықса болды, біздің бөлмемізге келіп, «не болып қалды?» деп жаны қалмайтын. «Түн ұйқысын төрт бөлген, түнде бесік таянған» деген осы шығар. Кейде бізге «сендер дұрыстап жатқыза білмейсіңдер» деп баланы өз бөлмесіне апарып, қасына алып жататын. Сенсеңіз, он жыл ішінде баланың шуылынан, айқайынан шаршадым дегенін естіген емеспін. Соңғы жылдары ауырып жүргенде де балалардың күлкісі, даусы құлағыма жағып, рахаттанып жатырмын деуші еді. Бірде үйге балалардың көрші достары келді. Мамам ыдысты толтырып кәмпит, печенье салды да, алдымен өзі әдемі киініп, боянып, балалардың барлығына үлестіріп шықты. Балалардың жапа- тармағай «рахмет, әже» деген сөзіне қатты риза болып, сүйсініп көп уақыт қарап тұрды. Өте балажан кісі еді ғой. 

– Апай өте талғампаз кісі ғой. Дегенмен, ол кісі қандай тағамдарды сүйсініп жеуші еді? 

– Ол кісі кеткен соң төрт бейсенбілік жасадық. Әр бейсенбіде сүйсініп жейтін тағамдарын әзірледім. Мамам екеуміз жұма сайын әруақтарға арнап, Ақкүріш әжеге деп шелпек пісіретінбіз. Өзі дұға оқып, шәй ішетінбіз. Сонда мамам ыстық шелпектің ортасына сары май жағып жегенді ұнататын. Жылқының жас етінен жасаған қуырдақ та ұнайтын еді. Мамам палауды керемет дәмді етіп әзірлейтін. Ол кісі палау жасағанда исі бүкіл ауланы алып кететін. Маған палау пісірудің қыр-сырын үйретіп кетті. Жолдасым палауымды «тура мамам пісірген сияқты» деп мақтап отырады. Ет асқанда мен жайған қамырды ғана ұнататын. Дәмді тұшпараны сорпасымен ішкенді ұнатушы еді. Мәнтінің кез-келгенін жей бермейтін. Үнемі «ішінде құйрық майы, пиязы мол болсын, сөлі тамып тұруы керек. Әрі міндетті түрде өрілген болуы керек, адам сүйсініп жеу керек қой», – деп отыратын. 

Науқасына байланысты көп тағамдардан бас тартуға тура келді. Менің жеміс-жидек қосып пісірген бөрегімді аса сүйсініп жейтін еді.

Бірде кішкене бөлігін кесіп, «бүгін қантыңыз дұрыс екен, аздап жесеңіз болады. Ертеңнен бастап диета» дедім. Кішкене балаша қуанып, «дәрігерлер сенен артық білуші ме еді» дегені бар. Сосын қыздарға «бозторғайға білдірмей тағы бір кесегін әкеліп беріңдер» депті.

Кейде оңашада мені бауырына қысып көзімнен, мұрнымнан шөлпілдетіп сүйетін 

– Ол кісі көріпкел, ерекше қасиетті кісі болды ғой. Түсіңізге кірмеді ме? 

– Кейде «түс бірдеңе айтады» деп жатады ғой. Мамам дүниеден озарда түс көрдім. Түсімде мамамды шомылдырып жатыр екенмін деймін. Ол кісі су-су қолымен басымнан сипап жатыр. Неге екенін қайдам, тек аяғын, табанын ғана жуып жатырмын. Оянып кеттім. Дереу ауруханаға хабарластым. Ол жақтағы кісілер «бәрі жақсы, уайымдама» деді. Сол күні мамам реанимацияға түсті. Таңғы төртте жүрегі тоқтады. Кім біледі, мамам өзінің уақытының жақындағанын сезді ме екен, маған екі күнде бір рет «қағаз-қаламды әкел де жаз, менің құлпытасыма былай деп жазыңдар. Жыртысқа жыртатын матасын қазірден ала бер. Ертең үлгере алмай қаласың. Кілемді алдың ба?» дейтін.

Кім анасын өлімге қисын. «Мама, қайдағыны айтпаңызшы. Ертең-ақ жақсы болып кетесіз», – дейтінмін. «Әлі баласың, көп нәрсені түсінбейсің ғой» дейтін. «Сәл-сәл қулау болсаңшы, тым аңқаусың. Аузыңды ашсаң жүрегің көрінеді. Бұлай тым ақкөңіл болуға болмайды» деуші еді. 

Жақында мамамды түсімде көрдім. Үйді жиыстырып жүр екенмін, бір кезде «бозторғай» деген мамамның биязы, жұп-жұмсақ даусын естідім. Қуанып кетіп қарасам, мамам тұр екен. Тура өңімдегідей. Үстінде күлгін көйлегі, медальдарын тағып алған. Жүгіріп барып құшақтай алдым. Мені бауырына қысып сүйіп жатыр, сүйіп жатыр. Кейде оңашада мені бауырына қысып көзімнен, мұрнымнан шөлпілдетіп сүйетін. Тура мені өзі туғандай еміреніп кететін. Түсімде де дәл солай сүйіп жатыр. Арасында «әбден шаршадың ғой, көп жылай берме» деп қояды. Мен кетпеңізші деп қоямын. Қазір келемін деді де ғайып болды. Мамамды түсімде көргенімнің өзіне мәз болып қуандым. Ұйқымнан сергек ояндым. Сол күні көңілім өсіп, жеңілдеп қалдым.

– Роза Бағланова ұлы үйленгенде келінін әкелуге өзі барыпты деуші еді. Сол рас па? 

– Иә, мамамның өзі бастап барған. Ауыл ақсақалдары, әкімшіліктегілер «шынымен Бағланованың өзі келе жатыр ма?» деп қайта-қайта сұрайды. Сонымен үш машинаға мінген құдалар да келді. Алдыңғы машинадан түскен мамам «Кәне, менің құдам қайда?» деді. Әкем өзі пір тұтатын атақты әншіге қарай жүрді де, құшақтай алды. Екеуі бір-бірін құшақтап, ұзақ жылады. Әкем «апа, сізді де көретін күн болады екен-ау» десе, мамам: «Енді екеуміз мәңгілікпіз, мың жылдық құдамыз» деген еді. Әкем Тәженмен ұзақ сөйлесті. Жалпы, менің әкем өте салмақты, қатал кісі. Тәженмен сөз байласып, отау құрмақ ниетіміздің барын сездіргенімде: «Ол атақты кісі, біз қарапайым отбасымыз. Ол кісі біздің тіршілігімізді менсіне қояр ма екен» деп салы суға кетіп уайымдаған еді. Мен: «Папа, ол кісі өте қарапайым, көресіз ғой» дегенмін. Шынында, солай болды. Әкем бұрын «егер күйеу балам ойымнан шықпаса, сенімен араласпаймын. Ойымдағыдай болса, батамды беремін» дейтін. Содан: «Енең де, күйеу бала да ойымнан шықты», – деп маңдайымнан сүйіп, батасын берді. Кейде құрбы-қыздарым енелерін сөз қылғанда қайран қаламын. Ене мен келін туралы көбіне жағымсыз әңгімелерді ғана естисің. Ал шын мәнінде келін үшін ең жақын адам ене болуы керек. Енеге де, келінге де көп нәрсе байланысты. Келін де бір үйдің еркесі болған бала. Бөтен үйге келіп, үйренісіп кету оңай емес. Үркітіп алмау керек қой. Ал менің мамамдай енеге келін болу екінің біріне бұйыра бермейтін шығар.

Тәженге: «Сен Маралды ренжітпе, әрбір мерекеде гүл сыйлағанды әдетке айналдыр, екеуің тату-тәтті болыңдар» деп отыратын. Бір мерекеде «Маралға әкелген гүлің қайда? Өй, осы сен не деген жігітсің» деп ұялтып тастағаны бар.

Халқыма еңбегім сіңді. Халқым мені алақанына салып, аялады

– Роза апай өмірінің соңғы уақытында өзін қалай сезінді? 

– Мен бұрын ырым дегенге, анау-мынауға көп сене бермеуші едім. Мамам өмірінің соңғы уақытында «түсіме шешем кірді, үлкен аталарымды көрдім» деп жиі айтатын болды. Тіпті, күндіздің өзінде көзі ілініп кетсе, «екі аппақ киім киген ата бас жағыма келіп тұрды» дейтін. Біз ондайда шошып кетіп, ешкім жоқ қой дейтінбіз. Сосын «Мен айтқан заттарды алдың ба?» деп қайта-қайта тексере бастайтын.

Соңғы рет ауруханаға түсетін жолы таңертеңгілік ас ішіп отырғанда: «Мен өміріме еш өкінбеймін. Халқыма еңбегім сіңді. Халқым мені алақанына салып, аялады. Менде бәрі болды. Арманым жоқ. Тек сендерді қимаймын, немерелерімді қимаймын» деді мұңайып. «Ертең менің көзім кеткенде жылай бермей, өзіңе берік бол. Егер үйде жатып о дүниеге жүріп кетсем, айқайлап жылап, балаларды қорқытып алма. Шошымалы болып қалады. Сабырлы бол», – деді. Сосын:

– Сен жәй адамның келіні емес екеніңді ұмытпа. Менің көзім кетісімен талай шуылдақ мен туралы әр түрлі өсек-аяңды бықсытатыны шындық. Ондайларға ренжіп, жүйкеңді жұқартпа. Қайтесің, менің кім екенімді сен білесің ғой. Ал әлгілерді Алла-Тағала өз орнына қояды. Достың кім, дұшпанның кім екенін сонда танитын боласың, – деген еді.

Мен іштей қорқып қалсам да білдірмей мамамның көңілін аулап, «Мама, сіздің жүзге келген, менің қырыққа келген тойымды жасаймыз. Сіз былай төрде отырасыз» деп көрсетіп қоямын. «Қайдағы, мені қаусатып төрге отырғызбақшысың ба?» деді. «Мен кеткенде қалай өмір сүресіңдер. Сендерді қимаймын» дегенде екеуміз құшақтасып алып ұзақ ағыл-тегіл жылаған едік. 

– Аузы дуалы бір кісі айтқан «Марал келін апайға қарау үшін арнайы үй күтушісін ұстады» деген сөзді өз аузыңнан естісек деймін... 

– Алғашыңда бір кісілер «үй шаруасы бір кісіден артылмасы анық. Мамаңа өзің-ақ қарамайсың ба, ақша шығарып қайтесің», – деген еді. Мен «ол кісіні бір сәт көзден таса етуге болмайды. Ал қаржы мәселесіне келсек, ол кісінің өз ақшасы өзіне жетеді», – дегенмін. Шынында, мен кейде дүкенге, балалардың мектебіне, дәріханаға шығып кетемін, ондайда мамамды қараусыз қалдыруға болмайды ғой. Мамам жатып қалғанда бөлмесіне күніне бес-алты рет бас сұғамын. Аяғын сипап-сипап, шығып кетемін. Сонда мамам «әлгі келген бозторғай ма, оның қолын сезіп қойдым ғой, қолы ерекше» дейтін көрінеді. Көзі жұмулы жатқанымен бәрін сезіп жатыпты. Кейде «бозторғай» деген дауыс шыққандай болатын. Дереу мамамның бөлмесіне жетіп барамын. Енді келмесін білсем де көпке дейін сенгім келмей жүрді.

Немерелері мектептен келетін кезде оларды қарсы алу үшін үйдің ішіне де міндетті түрде француз иіссуын сеуіп шығатын.

– «Роза апай өмірінің соңына дейін сахнаға шығатындай сәнді келбетін жоғалтпай кетті. Тіпті, тырнағының бояуы да сол күйінде екен» дейді көргендер... 

– Иә, мамам үйде жүргеннің өзінде сәнденіп киініп, айнаның алдында ұзақ отыратын. Сырттай бақылап жүремін, қасына жетіп баруға қысылатынмын. Кейін ол кісі бір жыл төсек тартып жатып қалғанда мен бетіне, қолына иісмайларды жағып, белгілі бір уақытта қол-аяғына маникюр-педикюр жасайтын қыздарды шақыратынмын. Сосын мамамды өзім суға шомылдыратынмын. Сонда мамам: «Жаным, барлығын қалай байқап жүргенсің, менің күндіз қандай, түнде қандай иісмай жағатыныма дейін аңғарыпсың» деп разы болғаны бар.

Мамама көйлек, костюм тіктіретін маталарды дүкеннен өзім таңдап әкелетінмін. Ол кісі өзі қарап шығады да: «Сен менің талғамымды дұрыс таңдапсың» деп қуанып қалатын. Жаңа жылға сыйлық ретінде әрі көңілі жаңарсын деп күлгін түсті костюм тіктірдім. Мамамның жеке тігіншісі бар, сол кісіге бұрынғы костюмін алып бардым. Өте шебер тігінші мамамның сол кездегі дене пішініне лайықтап, денесіне қонымды етіп, әдемі тікті. Соңғы тіккізген киімі де осы болды. Әйтпесе, ол кісі екі ай сайын міндетті түрде бір киім тіккізетін. Кішкене тола бастаса, «что-то поправляюсь, ты меня откармливаешь», – дейтін. Үйде бойын түзеп, сәнденіп, қонаққа баратындай киініп жүретін. Және менен де осыны талап ететін. Немерелері мектептен келетін кезде оларды қарсы алу үшін үйдің ішіне де міндетті түрде француз иіссуын сеуіп шығатын. Немерелері кейініректе «әжемнің исін сағындық» деп жылайтын еді. Мамам «Поломпикассо» деген француз әтірін ұнататын. Соңғы рет ауруханаға түсерінде «Мына иіссуды ауыстыру керек шығар. Исінен жалығайын дедім. «Диор», «Кристиан диордың» иістері жақсылары болушы еді» деді. Мен: «Жарайды, «Француз үйінен» бірнеше түрін әкелейін, қалағаныңызды таңдаңыз» дедім. Бірақ үлгере алмадым. 

– «Ана балаға сыншы» деген, балалардың өнер жолын таңдағандары бар ма? 

– Екеуі де ән айтады. Үйде олар ән салғанда апалары тыңдап отыратын. Кейде өзі де қосылып қояды. Кезінде Маржан музыка мектебінің фортепиано класына барды. Бір жолы: «Әже, мен қазір сізге бір шығарманы ойнап берейінші», – деді. Мамам тыңдап болды да: «У нее слух есть. Өнер жолын, менің ізімді қуайын деп тұр ғой. Бірақ байқа, өнер жолы оңай емес», – деді. Балалар мамамның дыбыс студиясына барып, ән салып, дауыс жаздырды. Мамам үйде балалардың дауысы жазылған дискіні қойып үнемі тыңдап отыратын. 

Мамам көбіне өзі туралы ертеректе түсірілген «Бірінші Роза» деген фильмді тамашалағанды ұнатты. Соны көріп, жылап отыратын. Арасында «Какая красивая была Роза. Ничего была» деп қоятын.

– Танымал кісілер көпшілік орынға жиі бара бермейді. Бара қалған жағдайда суретке түсушілер, қолтаңба дегендей... Роза апай дүкенге барушы ма еді? 

– Мамама далаға шығудың өзі бір мұң болатын. Шыға қалса, көпшілік қаумалап алатын. Сондайда мамам: «Құдай-ай, әйел құсап дүкен де аралай алмадым-ау» деп күйіп-пісетін. Бірде жеке жүргізушімен мамамды көк базарға алып бардым. Кірген бетте біреулер қолын алып амандасып, енді біреулер тілегін жеткізіп жібермей қойды.

Азық-түлік алғалы сөрелерді аралай бастағанымыз сол еді, сатушылар: «Апа, үйіңізге барып шәй ішіңіз» деп өрік-мейіз, жеміс-жидекті үйіп тастады. Өзіміздің бар алғанымыз екі-үш келі қызанақ пен қара уылдырық қана. Қалғанының барлығын мамамның тыңдаушылары үйіп-төгіп тастады. «Мама, базарға сізбен бару керек екен ғой!» деп қоямын. 

– Ой, бозторғайым-ау, мен бір рет дүкен аралаймын деп сілем қатып шаршап қалдым. Сен ғой күнара базарға келесің. Шықпай жүрген жаның екен, – деді.

Мені МАИ қызметкері тоқтататын кездер болып тұратын. Куәлігімді көрген бетте: «Сіз Роза апаның қызысыз ба?» деп сұрайды. «Ұқсайды екенсіз. Апаның жағдайы қалай? Сәлем айтыңыз» деп талай рет жібере салған жағдайлар болды. 

– Роза апай үйде ән айтушы ма еді? 

– Бірде Маржанға қосылып ән айтқаны бар. Әжесіне еркелеген Маржан, тіпті, төсектің үстіне шығып алды. Әжесі екеуі ұмар-жұмар алысып жатыр. Мен Маржанға «әженің бір жерін ауыртып қоярсың» десем, мамамның «Бақыт деген осы ғой» дегені бар.

Қатты сөйлеу, шу көтеру деген біздің отбасымызда болған емес

– Апайдың мінезі қандай еді? 

– Ол кісі үйде үнемі өзін ашық-жарқын ұстайтын. Қатты сөйлеу, шу көтеру деген біздің отбасымызда болған емес. Тіпті, мұғалімдердің өзі: «Кейде сыныптағы шуды көтере алмай, балаңыз «басым ауырды» деп отырады» деуші еді.

Менен қателік кетіп, бір нәрсені дұрыс істемесем, мамам жаныма келіп жаймен ғана: «Бозторғай, мына жерің маған ұнамады. Келесі жолы бұлай істеме», – дейтін. Мен «жарайды» деп басымды изеймін. Ол кісі: «Сенің орнында басқа біреу болса сөз қайтарып, бұлқан-талқан болар еді. Сен әйтеуір үндемей, жарайды деп құтыласың» деп күлетін. Мамамның биязы күлкісін, бізді еркелеткен сәттерін, жылы жүзін – бәрін-бәрін сағынып жүремін.

– Әңгімеңізге рахмет. 

Әңгімелескен Рая ЕСКЕНДІР, 

Алматы