ШЫН ЕСІМІ – ХАКІМ ЕДІ
2025 ж. 22 қаңтар
55
0
Қазақтың Мәкесімен болған әңгіме
Қайсысымыз болсақ та, өзіміз жан тартқан адам туралы ыстық лебіз білдіргіміз келгенде: «бірегей», «біртуар» деген теңеулерді таңдап алып, сөз нөсерін төгіп-ақ бағамыз, ал сол «бірегей» мен «біртуарлардың» кейбіреуі төңірегіндегі түрлі жағдайға қарай құбылып, бірде қымбат, бірде арзан болып, кеше олай, бүгін былай, ертең алай сөйлеп, жұртты көрінеу адастырады, яғни, бір мәселені ойлауы, айтуы, істеуі бір-біріне мүлде ұқсамай, кәдімгі кесірткеше «құйрығымен күн көреді».
Енді бірі, мәселен, өзінен жоғарыдағы кейбіреулерді сыртынан мысқылдап, кекеп-шалып жүреді де, онымен көпшілік алдында кездесе қалғанда оның шуашын шайына езіп ішуге дайын жалбақайға айналып, қызыл тілінің майы мен қанын қатар ағыза мадақтағанын естігеніңде жүрегің айниды.
Әл-Фараби атындағы Мемлекеттік ұлттық университетімізде сондай бір «спектакльді» көргенімнің ертеңінде Хакім ағамызға... Михаил Иванович Есенәлиевке телефон шалып, мән-жайды баяндап беріп:
– Мәке, ол қалайша? Студент те, кандидат та, доктор да емес, академик ұстаз деген дардай атағы бар кісінің онысы несі? – дедім. Ол күлді де:
– Дәріс оқығанның бәрін «ұстаз» дей беру дұрыс емес. Ұстаз қай қырынан қарасаң да міні жоқ дерлік адам, ал сен айтып отырғандай «анаулар» – хамелеондар. Келісесің бе? – деді.
Мәкеңмен қашан, қайда, не, кім туралы болсын пікірлессең де, онымен келіспеуің мүмкін емес-ті. «С» әрпін «с» мен «з» әрпін қосып айтқандай қызық етіп, бірқалыпты жұмсақ қоңыр үнмен сөйлейтін ұстаз аға нендей мәселенің де мән-жайын жете бажайлайтын.
***
Хакім ағамен алғаш әңгімелескенім 1984 жылдың жазында (егер жаңылыспасам, шілде айының аяқ шені).
Бұрын Қазақстан Компартиясы Орталық комитетінің пленумдарында, ол өткізген о жиын мен бұ жиында, Жазушылар одағында кездесіп, ресми ғана сәлемдесіп жүргеніміз болмаса, іркіліп сөйлесіп көрмегенбіз. Бір күні, сағат 11 кезінде, қабылдау бөлмесіндегі хатшы келіншек кіріп:
– Ағай, телефон тұтқасын көтеріңізші, Есенәлиевпін дейді, – деді.
– Қабышев тыңдап отыр, – дедім, тұтқаны алып.
– Әскери шеніңіз қайсысы? – дейді қуақы қоңыр дауыс.
– Сіз кімсіз? – дедім, тосын сауалына еріксіз таңданып, хатшы келіншек айтқан ныспысына ой жүгіртіп те үлгірмей.
– Есенәлиевпін ғой, Михаил Иванович, Сыртқы істер министрлігінен.
– Ә, Мәке, ассалаумағалейкүм!
– Уағалейкүмассалам! «Қабышев тыңдап отыр» дегеніңізге қарағанда, ең бері қойғанда не капитан, не майор шеніңіз бар әскери адам болған шығарсыз деп ойладым, қателескен жоқпын ба? – дейді жылы сөйлеп.
«Оңбай қателестіңіз» дей жаздап қалып, тілімді тежеп үлгеріп:
– Әжептәуір қателестіңіз, Мәке. Мен әскердің маңына жоламаған жанмын, тым құрыса Гитлердей ефрейтор да болып көрмедім, – дедім. Ол балаша мәз болып күлді де:
– Республикалық «Ара-Шмель» журналының Бас редакторында тура телефон жоқ па еді, цеканың служебный справочнигінен таба алмадым, – деді.
– Бар ғой. Біреу-міреуге керек болған соң алып қалған да, – деп едім, ол тағы күлді де:
– Ендеше, Ғабеке, сол нөміріңізді алып, маған кіріп шығыңызшы, бір әңгіме бар. Орныңыз, бойыңыз үлкен болғанмен жасыңыз кіші ғой, тіл аларсыз, ә? – деп әзіл тастады.
– Мәке-ау, аға шақырғанда ініде табандар дәт бола ма, қай сағатта барайын?
– Түстен кейін қалаған уақытыңызда келе қалыңыз!..
Сағат 3-те (15-те) бардым. Мир көшесіндегі бір қабат ағаш үйдің кеңдеу бөлмесі. Министр емес, шірегенде министрліктің бөлім бастығы отырар жұпыны кабинет.
Мәкең орнынан домалана тұрып, үстелінен қолын ұсына шығып қарсы алды. Сәлемдестік, хал-ахуал сұрастық. Сәл қиыстау тұрған дөңгелек үстелше басына жайғастық. Шай алдырды.
– Кабинеттің кескіні осы, сіздерде мұндай жоқ шығар? – деп жымиды.
– Мәке, айырбастайықшы, бізде қыста салқын, ал жазда ыстық, түстен кейін күн шақырайғанда төбемнен табаныма дейін терлеп есім шығады, – дедім.
Журнал редакциясы Алматының әйгілі көкбазары маңындағы шыны-бетон он екі қабат ғимараттың ең үстіндегісінде еді. Мәкең күліп:
– Айырбастайық, – деді де, орнынан тұрып барып, бір ғимараттың шағын макетін алып келіп: – Міне, бұл – болашақ кеңсеміздің макеті, өзім айтып отырып жасаттым, келесі жылы осында отыратын боламыз, – деп, оның неше бөлме екенін, ішкі-сыртқы бейнесі қандай болатынын, төңірегіне тағы бірер ғимарат салынатынын, қазіргі отырған үйлерінің сақталатынын, себебі, оның тарихи құрылыс екенін құдды сәулетшіше ғажап ықыластана әңгімеледі.
Біз жақсылап таныстық. Министрлігінің бүгіні мен ертеңі туралы ой толғады. Әдебиетке, өнерге, баспасөзге, біздің сатиралық журналға қатысты пікірлерін айтты. Әңгімеміздің аясы кең болды. Партияның Орталық комитетінде мәдениет бөлімін он екі жылдан астам басқарған Мәкең жайында көбінесе мақтау сөз естігенмін. Керісінше айтатындар да кездеседі, бірақ, ондайлар аз-ды.
– Мәке, мына кедесуіміз мен үшін бір қымбат сәт болды, кілегей қатқан күрең шайыңыз қандай, шіркін! Көп-көп рақмет! Көп ұзамай келесі жолы әңгімелесерімізге шейін сізге бүгінгі соңғы бір сұрағымды кояйын ба? – дедім. Ол кішкене көзі күлімдей қарап, басын изеді.
– Орталық комитеттегі жұмыстарыңызға ризасыз ба? Өкінішіңіз жоқ па? – дедім.
– Ризамын да... өкінішім де жоқ емес... – Мәкең сәл жымиып алды да, байсалды қалпына көше баяу сөйледі: – Заңгердің дипломымен дипломат міндетін атқардым. Басқасын айтпағанда, Орталық комитеттің мәдениет бөлімін он үш жылдай басқарғаным сонша жыл дипломат болғаным. Әдебиет, өнер адамдарын өзің білесің, ортасында жүрсің, олардың қай-қайсысымен болсын дипломат тілімен сөйлеспесең, ол сүрінгенің ғой. Бір-екі сүрінген соң жығыласың, жатасың. Мәселен, егер жазушыларды айтсам: пікір таласынан жалықпайтын Ілияс Есенберлинмен, әншейінде бала сияқтанып жүрсе де, ой қақтығысында қайраулы қанжар болып кететін Әнуар Әлімжановпен, күндей күркірей калатын Жұбан Молдағалиевпен, биіктеп сөйлеуге құмар Олжас Сүлейменовпен... қайсыбірін айтасың, кез келгенімен даулы бір мәселені шешу дегенің – қып-қызыл от кешкендей қиындық. Тағы бір жазушымызға қалжыңдап айтқаным бар: сенімен түсінісуден гөрі мемлекетті басқарған оңай шығар деп. Шыны солай ғой, қалай, рас па?
– Білмеймін, мемлекет басқарып көрген жоқпын, – деп әзіл жауап қайтардым.
– Әй, сатирик... Айтпақшы, осы сендермен, сатириктермен, істес болған емеспін, сендер, былайда шатақтау тәрізденгендеріңмен, дауласуға жоқсыңдар, а? – деді ол қулана сөйлеп.
– Иә, біз дауға жоқпыз, жоғары-төменге арыз жазғанша әзіл- сықақ әңгіме-өлеңімізді жазып тыныш жүргенді ұнатамыз.
– Рас айтасың... Ал өкінішім дегенім... мен сол он екі, почти он үш жылда арызданған, айтысқан-тартысқан ағайындарды бітістіруші кәдімгі дипломат болдым. Жоғарыдағы басекеңдерім... Дінмұхамед Қонаев пен Саттар Имашев: «Олай шешпе, бұлай шеш!» – деп қиыс тартады, дәлелдеріме құлақ қоя бермейді, ал шағым иесіне олардың әмірін жеткізіп әлек бола алмайсың, еріксіз өз сөзіңмен жуып-шайып, «кейінірек көрерміз» деп шығарып саласың. Партиялық... не дейміз, этика дейміз бе?.. Өйтпесіңе болмайды. Төс пен балғаның арасындағы темірсің... Көп жағдайда дұрыс шешім жасадым, соған ризамын, бірақ, бірер мәселеде болсын ойың орындалмағаны кісіге ауыр тиеді, соған өкінесің.
Хакім аға ақиқатын айтты. Түсіндім. «Құрысын!» деп қолды бір сілтеп тұрып кете берсе, «Бәрекелді! Бері кел!» дейтін екінші орын қайда?.. Партия «саптыаяққа ас құйып, сабына қарауыл қойып» отырады.
Ғаббас ҚАБЫШҰЛЫ,
жазушы
Азамат
«Азамат» сөзі әу баста қазіргі қолданыстан басқашалау, жігіттің жігітіне ғана айтылар биік ұғымға ие еді. Тіл дәмін түйсінер «кәрі құлақ» қариялар әлі де сол мағынасында жиі қолданады. Ол қолданыстың мәнін қағаз бетіне әлсіретпей түсіру үшін, үлкен әріппен бастап жазып, соңына леп белгісін қойып отыру керек сияқты. Қазіргі төлқұжаттағы терминдік атау жалпыға ортақ болғанмен, бәріміз бірдей әлгі қазақы талапқа жауап бере алмасақ керек.
Шын мәніндегі Азаматтар қай заманда да қадау-қадау ғана болған ғой. Осы тіршілікте соқпағым жанасқан ірі тұлғаның бірі – Михаил Есенәлиев.
Бір қызығы, менің өмір жолымда ұшырасқан белгілі адамдардың әралуан артық қылықтарымен қатар, әртүрлі кемшіліктері қоса жүретіні. Ал мына кісі – көңілім жан-жақты толған бірден бір Азамат. Бұл кісінің бойына ақыл, білім, мінез, ұйымдастырушылық қабілет, кісілік, кішілік, ерлік, қайсарлық, адалдық сияқты қасиеттер түгел тоқайласқан.
Бір жолы республикалық бір газет менен «ел жақсысы дегенді қалай түсінесіз және кімді атар едіңіз?» деген сауалға жауап сұрады. Мен талай жақсының арасынан Михаил Есенәлиевтің есімін бөле жара атадым да, неліктен солай деп есептейтінімді баяндадым. Өйткені, мен оны мемлекет және қоғам қайраткері ретінде ғана емес, үлкен-кішіге бірдей ілтипаты мол, кісілікті адам ретінде де білуші едім.
Кезінде мен Михаил Ивановичтың қарамағында қызмет істедім. Ол кезде бұл кісі партияның Орталык Комитетінде Мәдениет бөлімінің меңгерушісі еді. Қол астында жүргесін, әрине, өмірбаянынан хабардармыз: Ресейдің Саратов облысында туған, сонда өсті, оқыды, жоғары білімді Мәскеуде алған, аспирантура тәмәмдаған. Қазақстанға тың игерушілер қатарында комсомолдық жолдамамен келіп, Павлодар облыстық комсомол комитетінің екінші, сонсоң бірінші хатшысы болған. Одан партия қызметіне ауысып, Алматы қалалық комитетінде хатшы болған. Содан ҚКП Орталық Комитетіне ауысқан. Сонысына қарамай, казақша таза сөйледі және мақалдап, мәтелдеп сөйлейді. Азан шақырып қойған есімі – Хакім екен. Әйткенмен, өзі қатарлы үзеңгілес жолдастарының айтуынша, Қазақ еліне жаңа келгенде ана тілінде бір ауыз сөз құрастыра білмеген көрінеді. «Апыр-ау, қазіргідей осынша жақсы сөйлеу үшін жатпай-тұрмай үйренді ме екен?!» деп еріксіз таңырқайсың. Қызылорда яки Шымкент облысында жүрсе бір сәрі, Павлодар мен Алматы бұл кісінің тілін қалай сындырған?!
Сөйтсек, оның үлкен сыры бар екен: бар мәселе оның өз ұлтына деген сүйіспеншілігінде, қазақтық намысында екен.
Бір жылдары Қазақстандағы Тың игеру тақырыбына арналған «Нан дәмі» атты кинофильм түсірілді де, монтаждалған алғашқы нұсқасы партияның Орталық комитетінде талқыланды. Фильмде қазақ халқының қарапайым өкілі ретіндегі бір әйел бейнесі бар екен: жүріс-тұрысы да, сөзі де, қылығы да мүлдем ерсі, тұрпайы, далақтаған нағыз салдақының өзі болып шығыпты. Әңгіме осы рөл туралы болғанда, белгілі бір орысқолды режиссер ағамыз: «Өте тамаша жасалған бейне, осындағы нағыз колоритті бейне!» деп өзеуремесі бар ма.
Орталық Комитеттің хатшылары, бөлім меңгерушілері, министрлер секілді кіл ығай мен сығай қатысып отырған-ды. Қазақтар жағы жаппай ыңғайсызданып қалысты. Сол кезде Михаил Иванович әлгі режиссерге оқыс бұрылып, тістене: «Өй, сенің өзіңде түк намыс жоқ екен ғой!» деп қазақша зеки күбірледі. Құлағы шалған қазақтардың айызы қанды, орыстар ештеме ұққан жоқ. Кішкене ғана штрих қой. Бірақ оның қай жерде, қай кезеңде, кімдердің көзінше айтылғанын ескерсең, еріксіз тәнті боласың. Бұл кісіні тұлға ретінде танып, ықыласым құлауы дәл осы оқиғадан басталды.
Әйтсе де, бірге істеп жүрген кезімізде Мәкеңнің қадіріне анық жете алдық дей алмас едім. Кімнің болсын, ненің болсын қадір-қасиеті салыстырғанда көрінеді ғой. Ол кісінің Азаматтық тұлғасын кейін өзге қызметке ауысып кеткесін айқынырақ танығандай едік. Бұрын біз бөлім ішінде өтетін мәжіліс, жиналыстарда көңілдегі түйткілдерімізді ірікпей, еркін айтуға үйренгенбіз, кейінгі бастықтар бізден, негізінен, «ләббай» дәмететінін байқадық.
Михаил Иванович бізге: «Әдебиет пен өнердің әрбір қайраткері – жеке министрлік. Әрқайсысымен дара-дара жұмыс жүргізу керек» деп үйрететін-ді. Өзі осы принципті тұтынатын. Дарын иесін жас демей, жасамыс демей қабылдап, тілін тауып сөйлесіп, қолынан келген қамқорлығын жасаушы еді. Жас әнші, музыканттарды өзі шақырып алып, ұзақ-ұзақ әңгімелесіп отыратын. Кейінгілер өнер иелеріне кісімсініп қарайтын болды.
Бірде Әсет Бейсеуов бір шенеунікті өзінің шығармашылық кешіне шақырып: «Бәленшеке, үйдегі құрдас екеуіңізді де күтем» деген еді. Соған анау шала бүлініп: «Құрдасты тапқан екен, қайда келіп, кімді шақырып отырғанын ұқпайтын бұл неткен адам!» деп шала бүлінгені әлі күнге көз алдымда. Қайран, әумесерлік-ай! Қазір оның бар-жоғын кім біліп жатыр! Ал Әсет марқұмның абырой- атағы қайда жүр!
Михаил Ивановичтың кісілікті келбеті осындайда еріксіз еске түсетін. Мәселен, мынадай жәйт: бір жылы жас сыншы Сағат Әшімбаевты комсомол басшылары «Лениншіл жас» газеті редакторының орынбасары қызметінен босатып жіберді. Жұмысқа орналаса алмай, біраз жүріп қалғаны бар. Соны көріп ренжіген Михаил Иванович: «Жігіттер, осы қылықтарың үшін кейін өкінетін боласыңдар. Сағат талантты жігіт, оны бүйтіп шетқақпай ғып тастағандарың ұят» дегені есімде. Сонан соң өзі кірісіп, сол тұста босай қалған ВААП бөлімшесі бастығы қызметіне тағайындатып жіберді.
Сол секілді ірілі-ұсақты жәйттер Михаил Ивановичтің күнделікті атқарар міндеттерінің жібек арқауы іспетті еді. Сондықтан да әдебиет пен өнер қайраткерлері оны аса қадірлейтін. Осы күндері олар өзімізбен ұшырасып әңгімелесе қалғанда сол кезеңді «Қазақ мәдениетінің алтын дәуірі» деп атайды.
Бұндай баға бүгінгі күн үшін ғана емес, мәдениет пен өнерге тәп-тәуір мән берілетін сол заман үшін де дәл еді. Мәдениет саласындағы басшылық пен қайраткерлер арасындағы жарасымды түсіністік, өзара сыйластық Михаил Ивановичтың бұл саладан ауысуымен бірге жоғалды десек те болғандай. Өнер мен әдебиет өкілдерін бағалаудағы ең басты шарт болып табылатын талант деңгейі мен қайраткердің азаматтық болмысы дейтін өлшемді кейін жерлестік, ілік-шатыстық сияқты шылықтар алмастырған-ды.
Марқұм Ғафу ақыннның Жазушылар одағындағы бір жиналыста: «Халық жазушысы деп атақ береді, ал онысын халық білмейді» деп ашына сөйлейтіні сол тұс еді.
Орыс халқында: «Адам ажарын орын кіргізбейді, орын ажарын адам кіргізеді» дейтін жақсы мақал бар. Михаил Иванович қайда жүрсе де, өзінің ірі қайраткер тұлға екенін танытумен болды. Биік мансап бұл кісінің сол болмысын аша түсуге қызмет ететін. Біреулер орынтағын пайдаланып өз жағдайын күйттеп жатса, Мәкең оны мемлекет пен халық мүддесіне қызмет етуге жұмылдыратын.
Мейлінше адал, принципшіл Михаил Есенәлиев, әсіресе, ел басына аумалы-төкпелі заман тап болғанда тұлғалана түсті. Бұрын біз оны кішіпейіл кісілігі үшін жақсы көріп, жан-жақты білімділігі, ақылдығы үшін сыйлап, БҰҰ-ның биік мінберінен туған халқы атынан сөз сөйлеу кұрметіне ие болған тұңғыш қазақ ретінде мақтаныш тұтсақ, сол бір аласапырандар тұсында шын асылға лайық іс-әрекеттеріне анық тәнті болдық.
Қайраткер ағамыз жетпістің жалына қол салып тұрған кезінде де тұғырдан тайған жоқ. Зейнеткермін ғой деп үйде қол қусырып қарап отырмай, қоғамдық, мемлекеттік шаруаларға белсене араласты. Бірінші сыныпты Төтенше және Өкілетті Уәкіл деген дипломаттық атағы бар ол әлгі кезде Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігінің Ерекше тапсырмалар жөніндегі Елшісі қызметін атқарды.
Әйтсе де, қазақ өнері мен әдебиет қайраткерлері оны өз адамымымз деп есептеді. Михаил Иванович, қашан көрсең, өнер саңлақтарының шығармашылық кештерінде, театрлардың жаңа қойылымдарында отыратын. Әдебиет пен өнер қайраткерлері мерейтойларының құрметті қонағы ретінде төрден орын ұсынатын. Шын Азаматын халық аса жақын тұтты. Азаматтың абыройы да, өзі де жалпыға ортақ деген, бәлкім, осы шығар.
Марал ЫСҚАҚБАЙ,
жазушы
Жыр-арнау
ЖЕТПІСІҢНІҢ КЕМЕСІ ЖЕЛКЕН ЖАЙЫП...
(М.Есенәлиевке)
Аттағанда тіршілік қақпасынан,
Бастадыңыз еңбекті бақташыдан.
Той кешінде толғанып қалайын бір,
Жан түбінде жасырын жатпасын бір,
Жалтармайтын жандардың тіреуі өзің.
Табылатын шындықтың тап қасынан.
Туылса да Ресейдің Саратында,
Елге деген жатты ұғым санасында.
Ұлтқа, руға ешкімді жіктемеген,
Тұғырында толқиды дара тұлға.
Өркендесе екен деп өрім жасты,
Өмірдің ой толғадың төрінде ащы.
Адамдықтың жүрген соң атын тартып,
Өзіңді кеттім іштей көріп жақсы.
Таң шапағын толтырып көзге тұнық,
Биіктерге үн қаттың жерде тұрып.
Жетпісіңнің кемесі желкен жайып,
Өмір-теңіз, келесің тербетіліп!
Жыр көрігі суынбай, жансын гулеп,
Өміріңіз, жақсы Аға, қалсын жыр боп.
Шындық үшін орнатқан ортадағы
Секілдісің қозғалмас алтын діңгек!
Марфуға АЙТҚОЖА,
ақын