БЕКСЕЙІТТІҢ БАЯНХАТ БОЯУЛАРЫ
2025 ж. 17 қаңтар
275
0
Ұлтымыздың көркемсурет өнерінде талантты туындыларымен, келешекке қалдырған баянхат бояуларымен ерекшеленген. Бексейіт Әбдезұлы Түлкиев қапыда қазаға ұшырамағанда 70 жасқа толар еді. Осы күндерде оның өнеріне қол соғып, қолын алып, қошемет білдіріп жатар едік…
Бұдан 47 жыл бұрын, бар болғаны 23 жастағы жас суретші Бексейіт Түлкиев және оның тұрғыластары туралы «Лениншіл жас» газетінде «Жігердің жеті бояуы» деген мақала жазғанымда оның талантынан қазақ көркем өнеріне сыбаға салар сындарлы еңбек күткенімді айтқанмын. Арманшыл жігіттің алғы сапарына үміт артқанмын. Оның алғашқы туындыларын ел назарына ұсынғанбыз. Ол 1978 жылдың көктемі еді. Алдымен сол мақалаға көз жүгіртіп көріңіздер:
«Республикалық 13-көрмеге Қазақстанның барлық он тоғыз облысынан 129 суретші 248 туындысымен қатысып отыр. Осынау сараң цифрлардың түбіне үңілсек, оның ар жағында тынымсыз еңбек, творчестволық ізденіс жатқанын ұғуға болғандай. Оның үстіне, биылғы фестивальдың шарты жылдағыдан гөрі қатал. Әрине, конкурстың аты – конкурс. Сондықтан бәйгеге түскен жүйріктердің бұл сыннан сүрінбей өтуі үшін дайындық, жастық жігер талап етіледі.
Бұл 248 туындыда бояулар әлемі бір-бірімен әр толқында ұштасып, бүгінгі бақытты өмірдің жырын жырлайды. Осы көрмеде өзінің айтар ойымен, көркемдігімен көрерменнің есінде қалатын туындылардың бірі – жас суретші Бексейіт Түлкиевтің «1941 жылдың июні», «Дала балладасы» және «Қаралы хабар» (майлы бояу) триптихы. Оның осы сериядағы суреттері бір-бірімен рухани ұштасып, айтар ойы жалғасып, мазмұн тереңдігімен, бояулар құдіретімен көрушіге үлкен әсер қалдырады. Бірінші суретте соғыс бояуы арасында тұншыққан ана мен сәби. Екеуінің арасында үлкен жол жатыр. Сол жолда енді-енді тәй басып, апыл-тапыл жүре бастаған бейкүнә сәбидің қатыгез балалығы жатыр. Сол жолда күйеуінің кеткен жолына қарайлаған ақ жүрек ананың көз жасы жатыр.
Ал «Дала балладасы» туындысында талантты автор осы тақырыптың аясын одан әрі кеңейтіп, бүкіл бір қазақ ауылының басына түскен ауыр күндерді шежірешідей тарқатады. Ауыл адамдарының жүзінен соғыс салған қасіретті таңбаларды жазбай көріп, жаңылмай тануға болғандай. Бұл туынды – ойлы да ауыр туынды. Соғыстан оралған, екі аяғы жоқ, кішкентай қол арбаны қос қолымен демеп, делбеп жүргізіп әркімнің бетіне жаутаңдап бір қараған, бірақ маңдайында қызыл жұлдызы жарқыраған әскери құлақшынды мүгедекке мадақ бояуын беретін бұл туынды соғысқа қарсы айтылған лағынеттің қуатты бір шумағындай.
Соғыс тақырыбына барған жас суретшілердің арасынан Бексейіт Түлкиевтің мүмкіндігі молырақ, деңгейі биігірек көрінеді. Сондықтан бұл автордан алдағы уақытта халық өмірінің алуан қыры мен сырын қамтыған үлкен полотнолар күтуге қақымыз бар секілді. Оның «Қаралы хабар» атты сол триптихтың үшінші туындысы да орындалу шеберлігімен назар аудартады. Төбе басынан етегіне қарай сүріне-қабына жүгірген жандарды оның етегінен тұңғиық тұнжыр бояу жұтып әкетіп жатқандай. Бұл ретте де жас суретшінің ой деңгейі өз тұрғыластарынан жоғары көрінеді.
Әлемдегі сан алуан мың сәулелі бояулардың атасы – қасиетті жеті бояу. Ендеше, Жігердің жеті бояуы жер шарының бүгінгі болмыс-тіршілігін, бейбітшілік пен тыныштық үшін күрескен рухы қайсар жандардың жүрек лүпілін бедерлеуге тиіс».
Сонда оның шығармаларының болашағын танығаным үшін мен бүгін өзім де қуаныштымын. Сол топқа Ерболат Төлепбаевты, Амандос Ақанаевты қосқанмын, бұл жігіттер қазір халықаралық деңгейдегі «мастерлерге», «мэтрлерге» айналды, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаттары атанды. Осы атақты Бексейіт те алар еді, әттең…
Сол кезеңде Бексейіттің «Замандастар», «Әке», «Ата-баба жері», «Суретшінің түсі», «Әже», «Түсіру алаңы», «Әкені майданға шығарып салу» атты еңбектері халықаралық және бүкілодақтық көрмелерде көптің көзайымына айналып жатты. Жоғарыда аталған мақаламда санамаланған суреттерді осы топқа қосқанда, оның қаламгерлік қолтаңбасы айқындалып шыға келеді. Бұл жерде қаламгерлік деген сөзді әдейі келтіріп отырмын. Оның қыл қаламы, мольберттің ығы-жығы бояуларын сәнімен және жөнімен еркіне бағындырса суретші ол да қаламгер. Қаламы келіссе, жеті өнердің, жеті саздың, жеті бояудың бәрі жүрекке жетеді.
Бексейіттің шағын жанрлық суреттерін, бояуы ойнаған пейзаждарын, нақышы нұрлы натюрморттарын, парасатты портреттерін лирикалық өлеңдерге ұқсатамын. Бір қызық жағдай, лирикалық тыныстағы суреттерді кейде Дәулеткерей мен Қазанғаптың жан дүниеңді жаппай баурайтын әсем де әсерлі күйлеріне ұқсатамын. Осы реттен келгенде, Бексейітті ақын деп бағалаймын. Сағынышы мен сабырын тұтастандырған сазгерге де ұқсатамын. «Сүйген құлдың аты көп» дегендей, «әкесі бухгалтер бол» десе де болмай кеткен, жекпе-жек өнерін сүйсе де, осы жолда әйгілі Джеки Чан мен Мұстафа Өзтүрікке етене дос, ежелгі әріптес болса да, сурет өнерін «жеке меншігім» деп қапысыз құлаған Бексейіттің болмысын барқын бояулар мен талшын түстер мәңгілікке баураған. Ол осы жолда жорыққа шықты, ажалдан жеңілсе де, арманнан жеңілген жоқ. Арамнан ажал құшса да, адамнан үміт үзген жоқ. Сол үшін біз оның талантына тағзым етеміз.
«Сурет – көзбен көретін поэзия» депті дуалы ауыздар. Көзбен көру үшін де талғам керек. Талғам мен танымның нысаны өнер атты биікке ұмсынған шығарма болса, поэзия деген – сол. Сонда көркемөнердің тұғыры өлең болғаны ғой. Демек, көркемөнердің көркем туындысын тудырған жанды не десек те жарасар. Жаратылыстың тылсымы мен тынысын, болмысы мен бітімін, сазы мен назын, жыры мен сырын көрермен көзіне, талғампаз көңіліне жеткізуде суретшілерден бақытты адам жоқ шығар. Қарап тұрсаң, дүниенің өзі тұтас бір галерея, Луврдың кең дәліздерінде, Третьяковтың көрмесінде, Әбілхан Қастеевтің музейінде тұрған алуан жанрлы ерен еңбектерді көрген сайын көңіл құсың шартарапқа шалқып, солармен бірге жүріп, біте қайнасқандай боласың. Стиль дегеніміз – автор екені рас болса, оны танысаң, сен де авторсың. Натюрморттан бастап, қазақ даласын сыйдырған немесе ұлт тұлғаларын кескіндеген кесек полотнолар талант табиғатын ашады.
Ежелгі элин дәуіріне бармай-ақ қоялық, одан берідегі «Репин жаққан ұлы бояулар», Левитан мен Шишкиннің табиғат иісі аңқыған пейзаждары, Айвазовскийдің алапат толқындары, Васнецовтың жауынгерлік рухтағы портреттері, Жетісу жерінде көркемсурет мектебінің негізін салған Хлудовтың табиғи сызбалары, бұлардың бәрін былай қойғанда, Әбілхан әкеміздің қазақ даласының сан бояуын тоғыстырған байтақ полотнолары, Түріксіб түйіскендегі жұртымыздың сәбидей аңғал, шынайы шамдал бейнесі, Телжанов пен Шарденовтің қайталанбас бояулары, ұлы Мұхтар Омарханұлын тамсандырған Таңсықбаев трактаттары, Ақорданың ішін сәнге толтырған, албырт ойлаудың шебері Ерболат Тоғысбаевтың поэтикалық-патетикалық полотнолары мен Амандос Ақанаевтың үш тәсілді стильді біріктірген (ағаш, темір және тоқыманың барқын бояулары) кескіндемелік таңдамалысы, кешегі мен бүгіннің ертеңге қалдырған баянхаттары десек, артық айтқандық болмас. Бұл туындылар ұрпаққа баянхат.
Осынау алғыр тізімге Бексейіт бояуларын қоссақ, сурет өнерінің төрт құбыласы түгенделгендей болады. Кеше ғана өмірден өткен Байтұрсын Өмірбеков ағамыз сурет өнеріндегі еңбекті «салған» деген, яғни салынған деген ұғымды ұстанып өтті. Біз де осы ұғымды құп көруші едік, бірақ көптен көз жазып қалмайық деп, көшке ілесіп келеміз. Жарайды, «жазған» деп жаза берейік, Бексейіттің шынайы шығармалары туралы аз-кем ойымызды жеткізу бағытында ол жазған әр алуан жанрдағы еңбектерін тағы бір саралап қарағанда, оның бояуларындағы ұлттық рең, рухани колорит, азаматтық кредо мен қайраткерлік уақыт тудырған кемел талант екенін қапысыз көрсетеді. Ол өсу үстіндегі жан еді. Заман тынысын терең сезінудегі байқампаздық пен адам санасындағы өзгерістерді байқаудағы талғампаз түйсік оның шағын жанрдағы бояуларына жаңаша жан бітірді. Оның барқын бояулар мен талшын бояулар астасқан туындылары өлеңнің өрнегіндей.
Бексейіт «Ұлы көш» атты күрделі шығармасына жайдан-жай келе салған жоқ. Осы бекетке жету үшін жүздеген шығармасын жазды. Сурет мамандары бұл алып картинада 89 адамның бейнесі бар деп жүр. Мен бұл еңбекте 90 адамның бейнесі бар деп санаймын: мұнда автордың өзі бар. Ол сізге тесіле қарап тұрмауы мүмкін, бірақ оның сан күндерде ұйқысыз өткен, ізденген, күйзелген, шаршаған бірақ шамырқанған, тапқан, таныған, қуанған маңдай тері бар. Президент Әкімшілігіндегі осы еңбектің алдында талай тұрдым. Бейнесі бедерленген жандардың әрқайсысының уақыт алдындағы қолтаңбасын қапысыз сезінген авторлық ремарканы тарихи романның тараулары деп таныдым десем, артық болмас.
«Ұлы көш» ғасырлар тоғысында, тарих толқынында қайығы сан аунаған, қайғысы мен қасіреті қан болып ұйып, көз жасы болып төгілген қазақтың «ақырып теңдік сұраған» айбаты мен арманына қол жеткізген тұстағы бақыты мен қуанышын да көрсетіп тұр. Ұжымдық алып портреттің ұлттық идеясын тарих таразысына салған бұл шығарманы сурет өнеріндегі эпикалық поэма деп айдар тақсақ, алысқа кетпейміз. Біреулер мұны әдейі әбден үлкен етіп жазған екен деп, көлем қуғанға жатқызуы мүмкін. Енді біреулер ондағы бейнелерді көріп, «ана біреуді не үшін салған» деп шамдануы да мүмкін. Олар қателеседі.
Еңбекті тұтастай алып қарасаңыз, «Ұлы көш» ұлы армандардың шежіресі болып тұр. Бексейіттің сурет өнеріндегі тындырып кеткен еңбектерінің қорытындысы осы десек, бұл оның басқа шығармаларын әлсіз көргендік емес, қайта қайраткердің сол шығармаларын барынша бағалай отырып, оның бұл туындыға келгеніне шынайы риза болғанымыз. Үлгерді, жазып кетті. Үлкен таланттар үлкен шығармасын бергенде қоғам одан оқыста айырылып қалардай елеңдейтіні де бар.
Сондықтан біз Бексейітке осы үшін рақмет айтамыз, рухы шат болсын деп дұға жасаймыз. «Біткен іске сыншы көп», бітірген ердің кемі бар ма? Жоқ. Оның шығармаларындағы ұлттық ұстанымды ұмыта аламыз ба? Жоқ. Рух пен руханияттың төл перзенті болған Бексейітті ұмыта аламыз ба? Жоқ. Қазақ баласының жігерін жебеп, қайратын демеп, намысын оятқан азаматты ұмыта аламыз ба? Жоқ. Демек, Бексейіт Әбдезұлы Түлкиев бақытты ғұмыр кешкен жан. Оны қазағы ұмытпайды. Көркемөнердің осы саласында әлі талай жаңа Бексейіттер шығады. Олар да Бексейіт мектебінен тәлім алады. Солар ғұмырлы болсын.
Өтеген ОРАЛБАЙҰЛЫ,
Мемлекеттік сыйлықтың
лауреаты