Абайтану абызы Мекемтас Мырзахмет дүниеден өтті
2025 ж. 11 қаңтар
325
0
Мекемтас Мырзахметұлы (9 мамыр 1930 жылы, ОҚО, Түлкібас ауданы, Майтөбеде туған) — абайтанушы, ғалым. Филология ғылымдарының докторы, профессор. Қазақстанның мемлекеттік сыйлығының (1996) және «Түркі әлеміне қызмет» халықаралық сыйлығының иегері. "Абайтану" ғылыми-зерттеу орталығының директоры, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі.
Мекемтас Мырзахметұлының зерттеу еңбектерінде абайтану мен мұхтартану, бауыржантану, иасауитанудың, Абайдың ақындық зертханасының жайы, ақын мұрасының рухани нәр алған қайнар көздері, Абай мұрасының шығыспен байланысы 1965 жылдан бастап терең зерттеле бастады. Абай мұрасындағы мораль философиясының негіздері оның исламға, адамгершілік мұраттарына қатысты зерттеліп ашылды. Қараханидтер заманынан бастау алған кемел адам мәселесі Жүсіп Баласағұнидың “Құтадғу білік” дастанында қамтылып, Иасауидің “хал ілімі” (камили инсани) арқылы негізделіп, Абайдың “толық адам ілімі” арқылы дәстүрлі жалғастық тауып даму жолдары жәуанмәртлік, яғни иманигүл(үш сүю) жайындағы Абай танымдары негізінде талданып‚ бір жүйеге түсірілді. Мырзахметұлы кеңестік кезеңде-ақ патшалық Ресейдің Қазақстанда жүргізген миссионерлік саясаты негіздерін әшкерелеп (“Қазақ қалай орыстандырылды”, 1993)‚ қазақ жеріндегі топонимдер мен антропонимдердің саяси-әлеуметтік сырларын ашып, қоғамдық ой-санаға ықпал етті. Абайтану мен мұхтартанудың ғылыми негізді қарым-қатынасын зерттеді. Абай шығармаларын жаңа қырынан талдап, ондағы айтылмай келген шығыстық мәселелер мен танылмай келген ойларды, шығыстық термин сөздерді бүгінгі күн талабы тұрғысынан жаңаша қорытып, ғылыми айналымға түсірді. Сондай-ақ қазақ әдебиетінің түрлі салаларынан мамандар даярлап, отыздан астам кандидат диссертация қорғатты. Абайтанудың библиография көрсеткіштерін құрастырып (1965, 1988, 1995) алғы сөздерін жазды. “Абай” энциклопедиясы мен М.Әуезовтің 20 томдық, 50 томдық шығармалар жинағын шығаруға атсалысты.