ЖАРҚЫН БЕЙНЕСІ – ЖАН-ЖҮРЕГІМІЗДЕ

ЖАРҚЫН БЕЙНЕСІ – ЖАН-ЖҮРЕГІМІЗДЕ

Алаш қайраткерлерінің әдеби мұрасын алғаш зерттеушілердің бірі, Қазақ баспасөзінің теориясы мен практикасының негізін қалаушылардың бірегейі, филология ғылымдарының докторы, профессор, әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті журналистика факультетінде ұзақ жылдар декандық қызмет атқарған, біз журналистика факультетінде оқуға түскен тұста Мерзімді баспасөз кафедрасының меңгерушісі болған Темірбек Қожакеев ағайдың ұстаздық, ғылыми және шығармашылық қызметінен тәлім алған шәкірттерінің бірі ретінде аз-кем пікір айту – мен үшін де мәртебе.

Журналист боламын деп, әсіресе, 1970-90-жылдары ҚазҰУ-дың журфагына түскен талай тарланбоздарға дәріс берген Темірбек Қожакеев ағамыздың алдын көрген азаматтардың ол кісі туралы қай-қайсысы да қызғылықты естеліктер айтары анық. Себебі, Темірбек ағамыз сынды сан қырлы тұлғаның қазақ журналистикасында өз орнының үңірейіп тұрарына шын мәнінде уақыт әділ төрешілік етті деп ойлаймын.

Біз мектепте жүргеннен-ақ ол кісінің атына қанық едік. Қолымызға түскен кітаптары мен баспасөз бетінде жиі жарық көріп тұратын мақалалары арқылы да Темірбек Қожакеев есімін тани түстік. Одан қалса, ҚазҰУ-дың филология және журналистика факультеттерінің қабырғасында ол кісіден дәріс алып жүрген таныс-білістеріміз Темірбек ағадан алған тәлімдерін қызғылықты қылып әңгімелеп беретін.

Иә, кейбірі ағайды қатал әрі өте талапшыл деп те жататын. Содан ба, ойымыздағы орындалып, көңіл қойған оқуымызға түсіп кеткеннен кейін ауылдың қара домалағына ағаймен қоян-қолтық араласып кету қиын соғатын шығар деп жүретінбіз. Жоқ, көп ұзамай-ақ университет табалдырығын жасқаншақтай аттаған сарыауыз шәкірттерін өзіне жақын тарта бастаған. 

Әсіресе, «журналист болам деп жұлқынып, ақын боламын деп қылқынып» жазғызсынып жүргендерімізге: «Әй, бала, сенің кеше бәлен газетке шыққан дүниеңді оқыдым. Дұрыс, жарайсың! Жаза түс», – деп ақыл-кеңесін айтып, қанаттандырып қоятын. 

Сол кездері ағайдың жақсы пікірін естігеніміз аспанға айды шығарып тастағандай мақтанып қалатынбыз. Кейбірімізге сол бір ауыз сөз қайта қуат беріп, тағы бір өзімізше «тәуір» дүние жазып тастайтынбыз. 

Осындай жылы шырай, ұстаз бен шәкірт арасындағы жақын достық бізді тек журналистиканың қыр-сырына баулып қана қоймай, зиялылыққа, қарапайымдылыққа тәрбиелей түскен.

Әлі есімізде, мамандық бойынша кафедраларға жазылу кезінде ағай басқарып отырған «Мерзімді баспасөз» кафедрасына қанша аңсарымыз ауып жүргенімен, басқа кафедраға бөлінген екенбіз. Ақыры үш-төрт жігіт өз өтінішімізді арқалап, ағайдың алдына барғанбыз. 

Екі сөзге келмей өтінішімізге қол қойып жібергені күні кешегідей көз алдымызда. Бір қызығы, мұнымызды кейбіреулер майданның ең отты шебіне сұранып барған жаужүрек жауынгердің ерлігіне пара-пар екен деп бағалаған. Себеп-сыры белгілі. Мана айтып кеткендей, ағайдың талапшылдығы мен қаталдығын алға тартады. Алайда тәртіп пен талғам қай жерде болмақ десек, талабы мен сарабы күшті жерде салтанат құрмақ. 

Ендеше, тәртіп пен тәлім егіз. Ал тәрбиелік пен білімділік екі-бастан. Бес жыл біз соның куәсі болдық. Ағайдың алдынан жақынырақ барып дәріс тыңдап, тәрбие көргенімізге қуанбасақ, еш өкінбейміз. Қайта бағымызға қарай, осындай ұстаздың алдын көргенімізді бүгінде мақтаныш тұтамыз.

Темірбек ағаның сан қырынан танылған талант иесі екенін тек шәкірттері ғана емес, бүкіл қазақтың қауымы біледі. Бір бойына тоғысқан әдебиетшілігі, сыншылығы, журналистігі, фельетонистігі, сатириктігі, ғалым-ұстаздығы бәрі-бәрі қолтығы сөгіле, қан сорпасы шыға төккен терімен жасаған еңбегінің өтеуі іспеттес. 

Бәрінен бұрын бізге ағайдың ғалым-ұстаздық қыры жақын әрі жыға таныс. Бұл басқа қырын білмейміз дегендік емес. Ең алдымен Темірбек аға – біз үшін ұстаз.

Соңғы қырық жылдың бедерінде университет бітірген, бүгінде қазақ журналистикасының қара қазанын қайнатып жүрген журналистердің барлығына Темірбек ағамыз ұстаздық етті десек, артық емес. Және алты мыңдай бұқаралық ақпарат құралдарына мамандар әзірлеуге үлкен үлес қосқан. Байқап қарасақ, аз уақыт, аз цифр емес. Бүтін бір ұрпақтың өмірі. 

Қазақтың «елу жылда – ел жаңа, жүз жылда – қазан» деген мақалын еске алсақ, сонша уақыт шәкірт тәрбиелеу – мықтылықтың бір мысқал көрінісі.

Темірбек Қожакеев 1926 жылы Жамбыл облысы Меркі ауданы Ойтал ауылында дүниеге келген. 1953 жылы Қазақ мемлекеттік университеті филология факультетінің журналистика бөлімін бітірген. 1947-1948 жылдары Мерке аудандық комсомол комитетінің бөлім меңгерушісі қызметін атқарады. 1953-1972 жылдары Қазақ мемлекеттік университеті журналистика факультетінің оқытушысы, аға оқытушысы және доценті болып қызмет етеді. 

Одан соң ұзақ жылдар бойына аталған жоғары оқу орнының журналистика факультетінің деканы болды. Филология ғылымдарының докторы, профессор. Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген мәдениет қызметкері.

«Ойында сәулесі, ал ісінде әуресі бар жанның артында өзіндік із қалары сөзсіз. Темірбек Қожекеев осы қасиетке тән адам еді», – деп жазыпты профессор Тілеубек Көлбаев. 

Расында да, Темекең өткенді ойлап, болашақты болжап, сан-сапалық кұбылыстарды бір ізге салар ақыл-парасаты мол нар тұлғалы азамат еді-ау. «Бар саналы ғұмырын Алаш дейтін аталы жұрттың амандығына арнаған ол өзіне тән мінезі, таңғажайып талғамымен даралана білді», – дейді филология ғылымдарының докторы, профессор Бауыржан Жақып.

Темірбек Қожекеев әдебиттанушы, жазушы, сыншы, зерттеуші, журналист, сатирик және талантты ұстаз бола білді. Ол жиырма мыңнан астам журналист тәрбиелеп, қазақ бұқаралық ақпарат құралдарының қаламы жүйрік, ойы ұшқыр маман даярлап шығарды.

«Темекеңнің іргелі зерттеу еңбектері, мақала, кітаптары – қазақ журналистикасының өсу, қалыптасу кезеңдерінің шынайы көрінісі. Шәкірттерінің алдында ең алдымен ұстаздық борышын адал өтеген ғұлама», – дейді филология ғылымдарының докторы, профессор Намазәлі Омашев.

«Темекеңнің ғұлама ғалымдығының куәсі – оның том-том зерттеу еңбектері мен оқулықтары. Шын ғалымның шынайы іздемпаз екендігі әдебиет пен журналистикадағы тың тақырыпқа түрен салып, өзі тапқан сүрлеуін даңғылға айналдырғандыгында», – деп жазады филология ғылым- дарының докторы, профессор Өмірхан Әбдіманұлы.

«Темірбек Қожекеев ізденісінің ерекшелігі – тақырыпты тек бетінен қалқымай, тұңғиықтан тартып, қағидалық тұғырнамасының тамыры тереңде болып келуі. Сондықтан да ғалымның еңбектері сатирада сан сырлы құбылыстың құпия қырын ашып, жанрларының жігін ажыратып беруімен қымбат. Темекең өз ізденісі барысында еш шаршауды білмейтін. Міне, сол талмай іздену қасиеті оны тұлғалық қалыбын жасауға жетеледі», – дейді филология ғылымдарының докторы, профессор Кәкен Қамзин.

Рухани жағынан бай халықтың ұлттық дәстүрі де өміршең. Өйткені рухани байлық бабалар мұрасы, әрі аманаты. Темірбек Қожекеев бір сөзінде: «Рухани байлық ескірмек емес, тот та баспайды. Ол әркімнің игілігіне қызмет етеді. Рухани байлық адамның жан дүниесін байытады», – депті.

Темекеңнің осы сөзі рухани байлықты парасатты тұрғыдан игеру – өмір қажеттілігі екендігін ұқтырады.

Иә, сатира – қазақ әдебиетінің ежелгі саласы. Мыңдаған жылдық көне тарихымыздың мәдени қазынасына жататын ақыл-ой, рухани байлығы. Сатираның мыңдаған жылдық даму тарихын зерттеп, тектерін тамырлата талдаған да Темірбек Қожекеев болатын.

«Біздің әдебиттану ғылымында сатираны зерттеп, кешегісі мен бүгінгісіне барлау жасап, ертеңіне ой жүгіртіп отырған ғалымдарымыз аз. Қазақ әдебиетіндегі осы жанырдың қалыптаса бастауынан бері қамқоршы болған жанашыр ғалым – Темірбек Қожекеев. Ол өзінің «Сатира және дәуір» атты монографиясымен қазақ әдебиттану ғылымында маңыз-мәні жоғары жаңа ғылыми бет-бағдар ашты», – деп жазған екен профессор Рымғали Нұрғалиев. Ғалымның бұл пікіріне ешкім дау айта қоймас.

Міне, бұл – Темірбек ағаның өмірлік қағидасы. Ол мұны айтып қана қойған жоқ, толығымен осы қағидамен өмір сүрді. Сондықтан да Темірбек Қожекеевтің артында ел-жұрты, халқы сүйген, қоғам сыйлаған, шәкірттері құрметтеген абыройлы аты қалды.

Темірбек ағаның талғамының биіктігі мен талабының күштілігін сезініп өскен шәкірт күні ертең сол деңгейден қарауға дағдыланатыны анық. Өйткені өзі де тек еңбекке үйренген ұстаздың жалқаулыққа жаны қастығына, сары жамбасты жақтырмайтынына еш шәкірт шек келтірмейді. 

Алайда қақ-соқтығымен, қыңыр тартып, тәртіпке көнбегенді де ағайдың тезге салып, түзеп жібергенін көргенбіз. Жөн сөз айтып, жөндем болған қарабайырлықпен емес, қарапайымдықпен шақыратындығы талай «шатақ» шәкірттің шаңын да қағып, шалқайғанын еңкейткен. 

Мінсіз журналистпін дегеніміздің өзі ол кісінің алдына барғанда ақауымызды аңғара қоятынбыз. Ұстаз – қашанда ұстаз. 

Асыл ағаның аяулы бейнесі көз алдымда осылайша қалып қойыпты. Енді бүгін профессор есікті ашып кіріп келіп, лекция оқи жөнелетіндей көрінеді де тұрады.

Болатбек ТӨЛЕПБЕРГЕН,

Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты