ТІЛ ҒЫЛЫМЫНА ҚОСЫЛҒАН ТЕҢДЕССІЗ ҮЛЕС
2024 ж. 31 қазан
3351
0
Нұртас Оңдасынов – 120
Халқымыздың ең қасиетті, ең киелі қазынасы – тіл. Сол киелі дүниенің ұрпақтан-ұрпаққа мұра болып қана қалмай, ұлттық сананы дамытудың негізгі өлшемі болуына көп тер төккен, ойын, білімін, парасатын арнаған ғалымдарымыздың, тіл жанашырларының өмірі мен жолы өнеге толы ғибрат мектебі.
Өз өмірін қоғамның дамуы мен елдің өсуіне, қазақ тіл білімінің өрістеуіне арнаған аптал азамат, белгілі қоғам және мемлекет қайраткері – Нұртас Дәндібайұлы Оңдасынов.
Нұртас Оңдасыновтың тіл саласына қатысты еңбектері жайлы Әбдуәли Қайдар, Өзбекәлі Жәнібек, Рахманқұл Бердібаев, Өмірзақ Айтбайұлы, Айтбай Айғабылұлы, Асқар Егеубаев, Асылы Осман және т.б. жазды.
Нұртас Оңдасынов тіл білімінің лексикология, лексикография, этимология, терминология, тіл мәдениеті, әдеби тіл, орфография, ономастика мәселелерін қарастыра келіп, тіл ғылымының іргелі проблемаларын сөз етеді.
Нұртас Оңдасыновтың айрықша қарастырған саласы – қазақ тілінің лексикографиясы, әсіресе, сөздік түзу мәселесі. Тіл ғылымындағы «лексикография» деп аталатын сөздіктану саласының өзіндік көтерер жүгі бар. Тіліміздегі барлық сөздерді жинақтап, жүйелеп, бір ізге түсіру, сөйтіп сөздік түрінде түзудің де үлкен ғылыми-тәжірибелік мәні аса зор. «Сөздік – жазу мәдениеті мен халықтың рухани мәдениетінің, ғылымы мен білімінің дамуына, өзге тілді көрші халықтармен араласуына, түсінісуіне игі ықпал ететін, экономикалық, мәдени, саяси қарым-қатынас жасауда басты қажеттілік болып табылатын ортақ құндылық» олай болса, Нұртас Дәндібайұлының «Арабша – қазақша түсіндірме сөздік» және «Парсыша-қазақша түсіндірме сөздіктері» – елдің ортақ игілігі.
«Арабша – қазақша түсіндірме сөздік» атты еңбегі туралы автор: «Сөздік тез тарап кетті. Оқырман қауымнан түскен хаттардың мазмұнына қарағанда, көпшіліктің көңіліне жол тапқан сияқты. Рас, сөздіктің бірінші басылымының көлемі шағын және негізгі тақырып қысқаша баяндалған болатын. ... Біз қазақ тілінде кең өріс алған 400-ден астам араб сөздерінің қазақша жазылу түрлерін анықтап шықтық. Олардың шұбарлығы соншалық, оның себебін ашуға кісінің ақылы жетер емес. Оған жүздеген мысалдар келтіруге болады» – дейді. «Арабша-қазақша түсіндірме сөздік» те, одан кейін жарық көрген «Парсыша-қазақша түсіндірме сөздік» атты еңбектері қазақ тіл ғылымында ерекше маңызды орын алады. Мұндай сөздіктер қазақ тілінде бұрын-соңды болмаған еді. Осы бағыттағы алғашқы еңбекті бір өзі ғана атқарғанын ескерсек, бұл нағыз жанкешті адамның ерлігі еді. Сөздік жасауға түрткі болған мына бір жағдайды, нақтырақ айтқанда, Сирия сапарындағы сол бір сәтті ол былайша есіне алады: «Мен Қазақстаннан, астанасы Алматы деп едім ешкім біліңкіремеді. Сол тұста ойыма сап етіп өзімнің туған жерім Түркістан, ондағы Қожа Ахмет Яссауи мавзолейі түсе кетті де жалма-жан соны айттым. Сол-ақ екен жапырлап келіп қолымды алып, үстімдегі киімімнің (ұзын ақ көйлек кигізіп қойған) етегін сүйіп, әбігер болды да қалды. Сөйтсем, бар ғұмырын суфизм ілімін уағыздауға арнаған, даналық ойларымен ұнаған Қожа Ахмет Яссауиды сириялықтар да жақсы біледі, әрі үлкен құрмет тұтады екен. Қожа Ахмет Яссауимен жерлес болғандығым үшін ғана табан астынан ең құрметті болып шыға келдім. ...Сол кезде байқағанмын – сөздерімізде, тілде ұқсастықтың барлығын. Содан ой туды – ұқсас сөздерді жинап, мағынасын ашып, кімнен қандай сөз ауысты, өзгерісі қалай дегенді зерттеп, неге сөздік жазбаймын деген. Оған тағы бір себеп – бала кезімде ауыл молдасынан алған білімім, яғни, ептеп арабша хат танитындығым». Оның осы пікірінен сөздік жасауға түрткі болған жайды жақсы аңғаруға болады.
Кезінде ақын Әбділда Тәжібаев «Нұртас Оңдасынов» деген өлеңінде:
Пенсияға кетем деп ойламаған –
Басын іске бағыштап қойған адам.
Басқамызша мақтанып өзін-өзі,
Елу жасын шулатып тойламаған,
– деп жазады. Рас, зейнетке шыққанда да қарап отырмай, өзінің туған халқына, қасиетті тіліне қалтықсыз қызмет етті. Қажырлы еңбегінің арқасында бірнеше сөздік жазып қалдырды. Қазақ тіліне араб-парсы тілінен ауысқан сөздер аса көп емес, алайда ол сөздердің мағынасын ашып, қалың оқырманға түсіндіріп талдайтын сөздік жасаудың жалпы қазақ тілінің тарихын, оның дамуы мен қалыптасуын бағдарлауда маңызы аса зор. Бүгінгі күні әлеуметтік желілерде қазақ тіліне араб-парсы тілінен енген сөздер өте көп деп кейбір жаңсақтықпен айтылған ұшқары пікірлерге қайтарар жауапты сөздік авторынан да, осы сөздікке қатысты пікір айтушы ғалымдардан кездестіреміз. Мәселен, Н.Оңдасынов: «Араб тілінің ықпалы түркі тілдерінің бәріне бірдей, бір дәрежеде болмаған. Әзербайжан, өзбек, татар тілдеріндегі арабизмдер сан жағынан көбірек және ертерек қабылданған болса, шығыс аймақтағы қазақ, қырғыз т.б. түркі тілдеріндегі арабизм саны аз және кейінірек сол әзербайжан, татар тілдері арқылы келіп жеткен» - десе, ғалым Айтбай Айғабылұлы: «Туысқан түркі тілдері ішінде араб-парсы сөзін ең аз қабылдаған – қазақ тілі. Бұл жөнінде ғалымдар аз айтып жүрген жоқ» – деп көрсетеді, ал Асқар Егеубаев: «Әрине, жалпы түркі тілдес халықтар ішінде араб, парсы сөздерін ең аз қабылдағаны қазақтар ғой» – деп жазады. Бұл пікірлер белгілі бір ғылыми негізге сүйене айтылған пікірлер. Және мұндай пікірлер аз емес. Сондықтан да дәлелді пікірлердің қашанда салмақты болатынын ескерсек, жалған айтылған екіұшты пікірлердің қисынсыз екені айдан анық.
Сөздіктегі кейбір кісі аттарының берілу сипатына бірнеше мысал келтіре кетуді жөн санадық. «Аһөн, Ақан. Темір (шойын, болат ерітпесі шығатын көміртегі араласқан күміс түсті ауыр металл). Кісі емес Ақан төрде билік айтқан, Ұры емес ауыл торып, ел шулатқан. Молда емес, мешіт салып, зекет алып, Нәжісін дүниенің бойға жаққан (І.Жансүгіров). Сәрә, Сара. Таза араласпаған, сұрыптап алынған, толық бағалы ақша. Адамнан артық туған Сара саңлақ, Сарадай оңай емес ақын болмақ (Әріп). Корбоз, Кербез.
Сұм, алаяқ, желаяқ, қу, жылпос, кезеп, суайт, сәнқой, сырбаз. Күйменің іші –Жібек, Кербез, бір-екі қыз... (Ғ.Мүсірепов). Кенебай, Кербез сұлу елге келіп, кір жуып, кіндік кескен жерге келіп, Екеуі оншақты жыл дәурен сүрді, Балалы-шағалы боп ойнап-күліп. (К.Әзірбаев)».
Нұртас Дәндібайұлы Оңдасыновтың қазақ тіліндегі бірнеше сөздердің орынды қолданысын көрсетіп, қалыптастырған тұстары да аз болмаған. Мәселен, «власть» пен «правительство» сөздері бір ғана сөзбен «өкімет» болып аударылып, мағыналарының жігі ашылмай келген. «Власть – өкімет, правительство – үкімет» болсын деп ой тастаған, бұдан өзге наука – ғылым, учение – ілім, знание – білім деп, «технические культуры» деген тіркесті «техникалық дақыл» деп «Социалистік Қазақстан» газетіне нұсқау берген.
Ғалымның сөздің шығу төркіне қатысты пікірлері де аз емес. Мәселен, күнделікті сәлемдесуде ер адамдар тарапынан қолданылатын «Ассалаумағалейкум» сөзіне байланысты: «Ассалам» арабтың «Сәлем» деген сөзінен шыққан. Сәлемнің ана тіліндегі мағынасы – тыныштық, бейбітшілік, қауіпсіздік, амандық, саулық, есендік. ...«Ассаламға» – «ғалайкум» қосылғанда «сізге бейбітшілік» деген мағына туады. «Уағалейкумассәлем!» деп қайыра жауап бергенде «Сізге де бейбітшілік!» деген мағына ұғылады» – деп түсінік береді.
1979 жылы «Қазақ әдебиеті» газетінде жарияланған «Сөз ала-құлалығы сауаттылыққа зиян» атты кейбір сөздердің жазылуы жайындағы мақаласында күні бүгінге дейін кейде «рақмет», бірде «рақымет», тіпті «рахмет» деп айтып жазу әлі де толық жүйеге түспеген сөздер туралы Н.Оңдасынов былай дейді: «қазақ тілінің де реттелер, сұрыпталар, бір жүйеге түсірілер сөздері баршылық. ... тіпті күнде сансыз айтылатын рақметтің – рақымет, рахмат, рахмет, рахымет, рақмет секілді бес түрлі жазылуы кездеседі». «Қалауын тапса – қар жанады» дегендей, әр сөздің түпкі мағынасына сәйкес орнын тауып, айнымас таңбасын қоя білсек, тіліміз күн сайын шыңдалып, жазуымыз әрленіп, тіл мәдениеті арта түсетіні сөзсіз» – деп қорытады [3, 82б.].
«Араб текті қазақ есімдері» атты еңбектің орны ерекше. «Араб тілінен енген кісі есімдері, жоғарыда көрсетілгендей, фонетикалық әрі семантикалық тұрғыдан көптеген өзгерістерге ұшыраған. Тіпті, арабша бір ғана есімнің қазақ тілінде үш, кейде бес-ондаған варианттары болады. Нұртас Дәндібайұлы осы еңбекте кісі есімдерінің ішінде сан жағынан молы жалпы есімдерден қойылған есімдер деп, олардың бірқатары мағыналық жағынан айқын да анық, түсінікті болса, енді біразының мағынанасы күңгірт, түсініксіз есімдер екенін айта келіп, олардың әрқайсысының негізгі, түпкі мағыналарын сөздікте барынша ашып көрсетеді:
Халуа – 1) тәттілік, шырындық; 2) тәтті тағам. Алуа. Алуа деген сұлу қызға Жарылқасын дейтін жігіт ғашық болады да, елдің рушылдық тәртібін бұзып, алып қашады (С.Мұқанов).
Зайн – 1) әшекей; 2) сұлулық, әдемілік; 3) жақсы. Зейін. Сейілге Зейінмен бір рет барып, Қиялдаған бір қызды көргені анық (Ж.Боранбаев).
Сөздікте қазақ тіліндегі араб текті кісі есімдерінің түп-төркіні, шығу тегі, әуелгі мағынасы ашылып, тілімізге енуінің себептері мен жолдары айтылып, олардың тілімізде жарыса қолданылып жүрген, фонетикалық, грамматикалық өзгеріске түскен нұсқалары да нақты мысалдармен көрсетілген, ғылыми тұрғыдан дәлелденген. Ғылымның дамуында өзіндік қолтаңбасы бар көрнекті қайраткер Нұртас Дәндібайұлы Оңдасынов қазақ тіл білімінің мәртебесін арттыруға зор үлес қосты. «Сүйер ұлың болса, сен сүй, сүйінерге жарар ол», - деп Абай айтқандай, даналығы мен даралығын танытқан, ұлтының, елінің болашағын тәрбиелеуге, білім көкжиегін кеңейтуге қатысты құнды ой қалдырған, тегеуірінді тұжырым жасаған Нұртас Оңдасынов еңбектерін зерделеу арқылы тіл ғылымының қазынасы одан сайын толықтырыла берері даусыз. Аптал азаматтың ғылыми мұрасы, тіл біліміне қатысты құнды еңбектері ұстаз мамандарға, тіл зерттеушілеріне, журналисттерге және көпшілік оқырман қауымға рухани азық бола берері сөзсіз.
Құралай Мұхамади,
әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық
университетінің қауымдастырылған профессоры,
филология ғылымдарының кандидаты,
Алматы қаласы Алмалы аудандық
Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының төрағасы