ЕЛ ЖҮРЕГІНДЕ МӘҢГІ САҚТАЛАТЫН БЕЙНЕ
2024 ж. 31 қазан
1251
0
Құттықтау
Құрметті түркістандықтар!
Қадірлі зиялы қауым!
Биыл қазақтың көрнекті мемлекет қайраткері, белгілі тілші, ғалым, Нұртас Дәндібайұлы Оңдасыновтың туғанына 120 жыл толып отыр. Бұл мемлекет тарихындағы, мәдени өміріміздегі елеулі дата. Баршаңызды ұлтымыздың ұлы тұлғасының мерейлі белесімен шын жүректен құттықтаймын!
Қасиетті Түркістан өңірінен түлеп ұшқан НұртасОңдасынов күрделі кезеңде ел басқару ісіне белсене араласып, мемлекет дамуына өлшеусіз еңбек сіңірді. ХХ ғасыр басында тарих сахнасына шыққан қазақ зиялыларының жолын жалғап, ұлтына адал қызмет етті.
Он жылдан астам уақыт Қазақ КСР Үкіметінің төрағасы болып, елге қажетті ірі-ірі жобаларды іске асырды. Осы жылдары елдегі сауатсыздықты жою жұмысын қолға алып, жаппай мұғалімдер даярлайтын курстар мен мұғалімдер институтын ашты. Осылайша халқымыздың білімді ұлтқа айналуына үлкен үлес қосты.
Мұнымен ғана шектелмей, Қазақстанда Ұлттық Ғылыми академиясын құру ісіне бел шеше кірісіп, оның ашылуына қол жеткізді. Қазақ ғылымының қанат жайып, оның академиялық деңгейде дамуына жол ашты.
Сонымен қатар, ұлттық басшы кадрлар даярлап, баулуға ерекше мән берді. Олардың қатарында кейіннен елімізде басшылық жасаған белгілі тұлғалар бар.
Нұртас Дәндібайұлы артына ел басқару тәжірибесін ғана емес, бірнеше ғылыми еңбектер де қалдырды. Осы мұраны ұлықтап, дәріптеумен қатар, өскелең ұрпаққа насихаттау – ортақ міндет. Түркістанда өтіп жатқан Нұртас Оңдасыновтың тұлғалық болмысы мен құбылысын зерделеуге арналған бұл конференция – осы жолдағы жемісті қадам деп білемін.
Осы игі іс-шараны ұйымдастыруға ұйытқы болған жандарға алғыс айта отырып, ғылыми конференция жұмысына сәттілік тілеймін.
Ерлан ҚОШАНОВ
Құрметпен Қазақстан Республикасы
Папрламент Мәжілісінің Төрағасы