ЖҮСЕКЕҢ
2024 ж. 09 қазан
1850
0
Жүсіп Алтайбаев. Осы бір аты-жөнді не естіген, не оқыған сәт сайын әлемге аян болған суретші армян Айвазянның құдіретті қылқаламынан туған «Тоғызыншы толқынжал» деген аласапыран айшықты сурет – шектен шыға долырған дауылды теңіз төсінде тәуекел желкенін тік көтерген қуатты кеме көз алдыма келе қалады. Әке-шешесінен балауса шағында көз жазған балғын Жүсіптің өмірінің сол кемеге ұқсай жаздағанын, яғни, он бес жасында әділдік үшін күрес бастағаны үшін комсомол қатарынан кінәсізден-кінәсіз қуылу қаупіне тап болғанын Жүсекеңді сол кезінен, мүмкін одан да бұрын жақсы білген, қазір де көзі тірі дос-жолдастары жыр қылып айтады. Менің де қосарым бар ол жырларға. Өткенді жаңғыртқаныма ардақты аға да болған ұстазымыздың аруағынан ғафу өтіне отырып айтсам: мен Жүсекеңді сырттай 1959 жылы таныдым. Орта мектепті тәмәмдаған соң Шығыс Қазақстан облыстық «Алтай большевигі» гәзетінің редакциясына орналасып, әдеби қызметкер болып жүргенмін. «Ара-Шмель» деген жорналдың шығатынын сонда ғана біліп, көріп, кәдімгідей кезекке жазылып оқи бастадым. Небір өткір, ащы фельетондар жарияланады екен, сайқымазақ суреттері қандай! Жас жорналшылар, қолымыз босай қалғанда, жорналдың материалдарын оқып, суреттеріне мәз болып жүрдік. Бірде біздің облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшыларын «сойып салған» фельетон шықты. Редакцияның хат бөлімінің меңгерушісі Хадас Наханов ағай:
– Әнеугүні тілшісі келіп қайтып еді, тегін келмеген екен! – деп рахаттанып күлді.
– Біздің тісіміз батпай қойған, есіңде ме? – деді оған мәдениет бөліміміздің меңгерушісі Асхат Темірбаев ағай.
– Анау басекең тұрғанда облздрав суға салсақ батпас, отқа салсақ жанбас, енді «Ара-Шмельге» не істер екен, көрейік, – деп күлді Хадас ағай.
Жорналдың келесі бір санында Шығыс Қазақстан облыстық партия комитетінің бірінші секретары Алексей Иванович Неклюдовтың анау фельетонға жауабы жарияланды. Сынға ұшыраған кадрларын қаһарлана қорғап, жорнал тілшісін үстірт жазған деп қатты кінәлапты. «Жорналдың саяси ұстанымын білу үшін бір пұт түз жеуіміз керек шығар» деп кекетіпті. Орыста бір пұт тұз туралы мәтел бар ғой, соған сайдырған кекесін. Біз «тон пішуге» кірістік. «Неклюдов жорналдың Бас редакторы Жүсіп Алтайбаевты құртады, себебі, ол партияның Орталық комитетіндегі дос-жолдастарына арқа сүйейді, олар мұны қостайды, мынадай қаһарлы жауапты әдейі бастырған да – солар». Тұспалымыз осы. Партия бірегей әмірші болып тұрғанда бұдан басқаға жорудың өзі қиын еді, өйткені гәзет жұмысы ыңғайында жоғары жақтағылардың дізе батыруын қайсыбіріміз көргенбіз де.
Енді жорналдың жаңа санын асыға күттік. Нені болсын күткен деген қандай!.. Әр айдың соңғы күндерінде келетін жорнал кешігіп, келесі айдың орта шенінде жетті. Таласа-тармаса ашып жіберсек – Неклюдовке арнаулы жауап бір бет боп тұр! Жүсекеңнің өзі жазыпты! Жолдастарымның бірі дауыстап оқып шықты. Үй, айызымыз қанды-ау! Жүсекең бірінші секретарымызды сілейтіпті. Кадрларыңның бейбастақ қылықтарын тексертіп шара қолданудың орнына көзіңізді жұмып алып қорғапсыз дегендей істік сөзді қадап-қадап алыпты да: «А.И.Неклюдов жолдаска тұздың неше пұтын жеу керегін кім білсін» деп батпан балғамен періп кеп қалыпты. «Әп, бәрекелді!» дестік.
Обком мен жорнал тартысының ақыры денсаулық сақтау басқармасы басшыларының тақтан таюымен аяқталды.
Кейін Алматыда аға-інідей болып жұргенімізде бірде Жүсекеңе:
– Баяғыда жүрегіңіз шайлықпай-ақ шайқастыңыз-ау Неклюдовпен, қиын болған шығар, ә? – дедім.
– Әй, мынау біздің цэкада отыратындар қызық қой, әкесінің төрінде отырғандай қоқиланады. Неклюдовтың жауабын күштеп бергізгенмен қоймай, маған одан кешірім сұратқылары келді. Атасының басы! Тілшіміз тексеріп әкелген фактілерді алдарына жайып салып едім, сонсоң ғана ауыздарын жапты. Күш алған соң тоқтайын ба, бес саусақты тарбитып жіберіп, Неклюдовтың бетіне былш еткіздім! – деп күлді.
Ілгері озыңқырап айтар болсам: партияның Орталық комитетіндегілері Жүсекеңнен ол жолы ұпай артылта алмаған да, әдеттегілерінше қара мылтықтың қарауылына іліп, қақпанды қоса құрып қойған. Он жыл Бас редактор болған «басасау» оның сол он жылдағы «кінәларын» да қайтадан тергіштеп, ақырында, амал не, ұшқыр қаламы ұтымды да уытты қасиетінен жаңылмаған, әлі де сан жыл жаңыла қоймайтын Жүсекеңді – қазақ сатирасының қажымас, қайтпас сардарын зейнеткерлікке күштеп шығарып, бір «уһ» десті. Ұстазымыздың жасы алпысқа толғанына бір апта ғана болған-ды.
Халқымызға қасқайып адал қызмет етудің үлгісі, ірі тұлға Жүсіп Алтайбаев басқарған жорнал қоғамымыздағы әділдік үшін күрестің бірден-бір туы еді, сол үшін оның үстінен жоғарыға жауған ашық-жабық албасты арыз-шағым атаулының неше есекке, неше қашырға жүк болғанын бір құдай білсін!
Өздері мен өздерінікін қорғаштаудан өзгеге өресі жетпейтін сірі сықпытты шенеуніктер Жүсекеңді зейнеткерлікке шыққанынан кейін де ұмыт қалдырмады. Оған бір дәлел: қазақ тарихында Ақжолтай атанып қалған әйгілі Ағыбай батыр Қоңырбайұлы хақында он жыл тарихи дерегін іздеп жазған хикаятының идеологиядағы саққұлақ-саңыраулардың үстелі суырмасында саржамбас етіліп, автор қайтыс болған соң тоғыз жылдан кейін әрең шыққаны.
Хикаятының қамымен қажып жүрген тұсында Жүсекеңнің бірде:
– Е-е-е, Ғаббас, «Ағыбай батыр болған емес!» деп арызбен бомбалап жатқан әнеубір байқұстарға ренжуім бекер-ау деп ойлаймын кейде. Шәкәрімді, Әлихан Бөкейхановты, Ахмет Байтұрсыновты, Мағжан Жұмабаевты және басқа ағаларымызды «алашордашыл жаулар!» деп қаралап, әлі ақтатпай жүрген алаяқтар тобына зауал табылмайтын шығар, –дегені бар.
Жә, кешегі Карл Маркс емес, екінші ғасырдағы Рим драматургі Теренций айтқан «Өмір – күресті» көрген Жүсекеңнің өмір жолының бастауына оралайын. Ол 1911 жылы көне Қарағанды өңірінде, қазақ әдебиетіне, өнері мен ғылымына небір тарихи тұлғаларды берген қазақы Қарқаралы топырағында келді дүниеге. Жетім балақанның тағдыры тұйыққа тым ерте тірелер еді, егер ауылдың ардақты азаматы, ақылгөйі Мұхаммедия Ахметұлы қолына алып бақпаса. Кем-кетікке қамқоршы болған жомарт жанды Мұхаң, сірә, торсық шеке ұлдың қозған шоқтай қойкөзінен оның күні ертең Елұлы, Халықұлы боларын аңғарған шығар.
Айтпақшы, керіауыздардың жолын кесіп өте берген адал Мұхаммедияға да «халық жауы» деген қара таңба басылып кете барғанда оның тәрбиесіндегі Жүсекең «халық жауының баласы» есебінде комсомолдан аластатылуға айналды, бірақ, әділдікке жаны пида батыл жігіт қамқоршысының да, өзінің де жазықсыз екенін дәлелдеп шыға алды. Мұхаммедия бала Жүсіпті тануда қателеспеген екен! Ол ақталып келіп, кейінде ауылдың қадірлі Диясы атанды.
Жүсекеңнің Қарқаралының мектебін, педагогика техникумын, Мәскеудің Жоғары партия мектебін тәмәмдаған, бейнеті мен зейнеті бірге өрілер жорналшы жолын таңдаған, Алматыда: «Пионер» гәзетінің хатшысы, «Жетекші» жорналының, «Лениншіл жас» гәзетінің, сондай-ақ, Семей мен Талдықорған облыстық гәзеттерінің Бас редакторы, казақ Телеграф агенттігінің директоры, Қазақ Радиотеледидар комитеті төрағасының орынбасары, Қазақстан Жорналшылар одағының хатшысы тәрізді аса жауапты қызметтерде ерекше іскерлігімен, ұйымдастырушылығымен, оралымдылығымен абыройға бөленгені баршаға мәлім. Өзі де, ол басшылық еткен ұжым да әрқашан халықтың көзі, құлағы, тілі, өкілі, жақтаушысы, жоқшысы болды. Жүсекеңнің ой таразысынан, қаламынан өткен қай мақаланы, қай очеркті, қай әңгімені, қай фельетонды шолсақ да, бәрінен шындықтың қанық бояуын көресің, шындықтың өктем үнін естисің, шындықтың өткір жүзіне қарай алған батылдықтың үлгісін танисың. Республика баспаларынан шыққан: «Нақ, нақ», «Сыпырғыш», «Ұят-ай!», «Тәлкек», «Бұзаулы сиырға – арзан домбыра» атты жинақтары үйіңіздегі кітәп сөрелеріңізден табылса, оларды тағы бір мәрте парақтап, Жүсекеңнің әр жанрдағы еңбектеріне зер салсаңыздар, бұл айтқан пікіріммен келісетіндеріңіз шәксіз.
Кезінде әдебиет сыншыларының, аудармашыларының әрқилы, кереғар топшылауларына нысана болған аудармалары: Н.Гогольдің «Диканька хуторы маңындағы кештер», И.Тургеневтің «Қарсаңда», М.Горькийдің «Фома Гордеев», Р.Джованьолидің «Спартак», Илья Ильф пен Евгений Петровтың «Алтын баспағы» мен «Он екі орындығы», Шукшиннің әңгімелер жинағы да – Жүсекең қолына тектен-тек алған туындылар емес, жазушы-жорналшымыз олардағы өмір суреттерінің нақтылығына, әріптестерінің шығарма шырайына шын қызыққан еді. «Әй, Шукшин келте айтса да, керемет айтады, ә?!. Ой байлығы тіл байлығымен керемет шебер көркемделеді, ә?!» деп танымпаздықпен сауал қойып, бірде көп шәкірттерінің бірі – менің де тамырымды тағы бір басып қойғаны әлі есімде. Жүсекең танымал жүйрік тілді аудармашы да еді ғой...
Қаламгер Жүсіп Алтайбаев әрқашан тауып та өткір сөйлейтін, шыншыл да шымыр жазатын. Әжуа, мысқыл, кекесінінің ауызшасы мен жазбашасы жарысты, жарасымды болатын. Ал байсалды прозаға қалам тартқанында оқиғаның нанымдылығын қадағалайтын, көркем суреттеудің, оқырманды қызықтырудың жөні осы деп қызу, жылтырақ қитұрқыға қол ұрмайтын. Ауызша әңгімеде де әлдекімдерше әйтеуір айтқыш болудай жөнсіздікті, жеңілтектікті қаламайтын, нақтылықты қадірлейтін аса әдепті адам еді.
Жүсекеңнің ауызша әзілдегі тапқырлығы бізді шын қызықтыратын. Бірде кабинетіме келіп, үш-төрт қызметкеріміз бар бәріміз оны-мұныны әңгімелеп отырғанымызда ұстазымыз, әдетінше «хе-хе» деп күліп қойып, былай деді:
– Бағана трамвайда келе жатқанымда менімен қатар отырған орыс әйелдің алдындағы қанден иті оқыс ұмсынып, қолымды жалап кеп алды. «Ей, мынау қайтеді?!» деп итін мұрнына шертіп қалдым. «Ұрма! Иттің аты – ит!» деп иесі ашуланып шыға келді. «Ит екенмін деп жалай бермек пе сонда?» десем, анау қатын: «Есеңіз кетіп бара жатса, сіз де оны жалап алыңыз» –дегені бәтшағардың, – деп жымыңдады. Біз ду күлдік.
– Айтпақшы, бізбен көрші бір әйелдің ұлы әскер қатарынан оралды. Кеше кешке, – деп Жүсекең тағы «хе-хе» деп алды: – Әйел жалғызбасты еді, баласы да жалғыз сол. Енді қуанып жатыр ғой, қуанышына құтты болсын айтып шығайық деп кемпірім екеуіміз бардық. Жігітпен әңгімелесіп отырған бір әредікте шешесі ұлына емірене қараған қалпы: «Қыстай не киіп жүрдің, құлыным?» деді. «Шинель» деді баласы. «Ал түнде ұйықтағанда не төсеніп, не жамылып жүрдің?» деген шешесіне ұлы жымиып: «Шинель» деді. Сонда шешесі емірене түсіп: «Шинеліңнен де, өзіңнен де айналайын!» деді. Біз тағы ду күлдік.
Жүсекең ауызша айта жүретін әзілдерін кейін жинақтарына сәл-пәл өзгертіп, әрине, дәмдеп енгізетін. Тыңдаушысына әсерін алдын ала байқап, оқушысына қалай ұсынуды жобалайтын әдеті болса керек.
Басыма екі жыл бойы үйірілген бұлт (Орталық Комитеттегі «көсемдер» мені жорналдан кетіруге кіріскен) 1987 жылдың күзінде әбден қоюланған бір күні Жүсекеңнің үйіне телефон шалдым.
– Иә, батыр, хал-жағдайың қалай? – деді.
– Жорналға «Сенен артық ешкімнің керегі жоқ!» деп апарған партиямыз енді «Сенен ақымақ ешкім жоқ!» деп жатыр. Екі-үш министрі сыналып, тоңқалаң асқанын білесіз...
– Білем ғой, білем. Күшті көкелерінің көлеңкесіне табынып жан сақтайтын жалбақайлардың талайын тырапай асырдың, соларының кеңірдегіне кездік тиген ешкіше бақырғандарына басекеңдері қалай төзсін, тонның ішкі бауындай байланып, ымы-жымы бір болып кеткен пәлелер емес пе, бірін бірі қорғап қоқиланады олар. Біздің қоғамның соры – сол. Биліктің тұтқасын ұстағандар қоғамның күйін ойламайтын болып барады, енді оны өзің де білесің. Бульдозердің астына түсіп қалма, байқа, ойлан, қабырғаңмен кеңес, – деді, налыс толы үнмен.
– Идеология жағындағы хатшысына барып шықтым...
– Әлгі «үш әріп» жақтан келген қуға ма?
– Иә, соған. Жазушылар одағынан еріксіз әкеткенсіңдер, енді Жазушылар одағына қайтадан апарыңдар, бұдан былай жорналда жұмыс істеуім мүмкін емесін сездім дедім.
– Ол не деді?
– Ол: «Ештеңе етпейді, жұмыс істесеміз!» – деп ырсиып қалды.
– Адал іс жоқ жерде арам күлкі жүреді, – деді Жүсекең...
Жорналшы, жазушы Жүсіп аға мынау фәниден сәбилік тазалығымен, азаматтың адалдық-әділдігімен өтті. Тік жаралған еңсесін тік ұстады.
Ғаббас ҚАБЫШҰЛЫ,
жазушы