ТҰЛҒАЛАР ТАҒЫЛЫМЫ
2024 ж. 28 тамыз
5135
0
Қазақтың әлімсақтан аға буын өкілдеріне жүгініп, олардың ақыл-кеңесін әрдайым ел игіліне бағыттайтын салты ең қастерлі рухани құндылық болса керек. Сондай-ақ отбасылық бірлік, ұрпақ сабақтастығын жалғастыратын: үлкенді сыйлау, сөзге тоқтау, күрделі сәттердегі ұйымшылдық, бір-біріне көмек қолын созу, меймандостық дәстүрі де осынау бағалы ғұрыптың құрамдас бөлігі екені даусыз. Төменде ұсынылып отырған даңқты Бауыржан Момышұлының лебізі сөзімізді мейлінше айғақтай түседі.
ОЙЛАНА БІЛЕТІН КІСІ ЕДІ
– Сұрағыңды қойғын.
– Жазушыларымыздың біразына өз көзқарасыңызды білдірдіңіз. Енді Ғабиден Мұстафин аға туралы қандай пікірдесіз?
– Оқырман ретіндегі әсер-сезімім, замандас жазушы ағаларымнан құрмет тұтып, жақсы көрген кісімнің бірі – Ғабиден Мұстафин. Себебі, біріншіден, Ғабекең өзімнің шамалауымша, мансапқұмар емес. Қолымнан келе ме, келмей ме дей біліп, басқалардай жанталасып, билікке ұмтылғанын байқамадым. Екіншіден, жоғарыдағылар бір тапсырма беріп, жауапты орынға қойса, соны қарым-қабілеті, білімі жеткенше мұқият орындауға талпынып бағатын. Көп ойланып, толғанып жазғандықтан «Шығанақ», «Миллионер», «Дауылдан кейін» шығармалары өзінше жарастықты маңызға ие.
Құдай берген ақылы, білімі, дүниетанымы жеткілікті болса да, әртүрлі жағдайға байланысты ойлаған ойлары түгел жүзеге асты дей алмаймын. Табыстары да, қапы кеткен сәттері де бар. Сол себепті, бұл кісі адамдармен абайлап сөйлесіп, абайлап қарым-қатынас жасайтын, абайлап жазатын. Ғабекең әсірелеу-мәсірелеу дегенге бара бермеді, менің байқауымша, бармады. Басқалар қызыл сөзбен тартыс қырманын қыздырамын деген ойда мөлшерден асып-тасып, сүрініп жататын.
Күнделікті тұрмысында Ғабекең өзін сабырлы ұстайтын, қызметінде де кішіпейіл еді. Қайсыбіреулердің қалбалақтап, байқамастан уақытша пайдаға қызығып, белсенділердің қолжаулығына айналып қалатын да кезі бар ғой. Ғабекең ондай қателікке ұрынып, ешкімге қолжаулық болған емес. Ішінде көп сыр сақтаулы жүретіні сезілетін. Кімнің көңілінен шыққанын, шықпағанын айта қоймайтын. Бұл ұстаздыққа тән, ініге аға бола алатын асыл қасиет. Мұның өзі де ол кісіге үлкен мінездеме.
Бізде, құдай-ау, қанша топтың айтыс-тартысы болмады дейсің? Оларға Ғабекең бел шешіп қатысқан жоқ. Арты не болар екен деген ойда қызараңдап, ұстамдылық танытты. Айтпақшы, бұл кісі менімен әңгімелескенде өзінше ойға бата отырып, тыңдарман ретінде әңгімелесетін.
«Сарыағаш» шипажайы маңайында Қараман деген кісі болды. Шипажайға барғанымды естісе «о, арыстаным, қаһарманым» деп іздеп келіп, қонақ етіп, сырласып тұратын. Өзі кезінде баскесерлердің қолбасшысы атанған. Түрмеден шығып, қайта түсу ол кісінің әдетіне айналған. Ташкентте Қараман келе жатыр десе, үлкен кісілер түгілі, жылап отырған бала жылауын қоя салған. Өзі атақты байдың баласы болған.
Сәбит, Ғабит, Ғабиден бәріміз бір бас қосқанымызда Қараман туралы айтып бергем. Ертесіне Ғабиден аға телефон соғып: «Әй, Бауыржан, Қараманды жазғын. Жазушылар одағынан сені қанша уақытқа болса да, іссапарға жіберейік. Қарекеңе ерекше көңіл бөлші! – деді. Тақырып ол кісіге қатты ұнап, жан-дүниесін мейлінше тербетіпті. Басқалар «бас кесерді қойшы» дейді ғой тітіркеніп. Ғабекең тітіркенген жоқ, керісінше, жаны жадырап, құлай ұнатты.
Шамалауымша, Құдай біледі, Ғабекең байдың, не молданың баласы болуы керек. Сөйлесіп жүргенімде сұрамағаныма қазір өкініп отырмын.
Ол кісінің үшінші ерекшелігі, соғысқа іссапармен келгенінде Рамазан Елібаевтың «Жас қазақ» әніне, «Талғар полкі» маршына екі мәтін жаздырғаным бар. Сонда Ғабекең соғыс жағдайын көзімен көріп, терең түсінді, жауапкершілікті жүрегімен сезінді. Мұның өзі де ол кісіге жақсы мінездеме.
Ғабекеңнің төртінші ерекшелігі, көзге түссем деген ойдан аулақ, оған құмар емес еді. Екі мәрте Жазушылар одағының төрағасы болды. Біреуге: «Саған бір рет айттым ғой, Он рет айтуым керек пе? Неге түсінбейсің?» – дегенін естіген де кезім бар. Ежелден ауызбіршілігі жоқ ұжымда, ығы-жығының ішінде жүрсе де, Ғабекең: «Әй, жігіттер, бұларың жарамайды», – дей білетін, бетімен кетушілікке жол бермеуге ұмтылатын, барлық кезде ойлана білетін кісі еді. Қонаққа да көп бармайтын. Қара басының пайдасын көздегендерді барынша жек көретін. «Алты күн нар болғанша, бір күн бура бол» деген мақалды онша ұнатпайтын.
БАУКЕҢНІҢ ЕСКЕРТПЕСІ
Алматының С.Д.Асфендияров атындағы медициналық университет студенттері менімен екі рет кездесу өткізді. Соңғы кездесуімде бір студент қыз, Солтүстік Қазақстан облысынан екен, аты-жөнін ұмыттым. Маған:
– Сіз Бауыржан Момышұлымен жиырма бір жыл қарым-қатынаста болыпсыз. Осы мезгіл ішінде бір рет өзіңізді еркін сезінген кезіңіз болды ма? – деген тамаша сұрақ қойды.
– Жоқ, өзімді ұстараның жүзінде отырғандай сезінетінмін, – дедім. – Мен түгілі атышулы Мұхтар Әуезовтің, Сәбит Мұқановтың, басқа да ақын-жазушылардың, ғалымдарымыздың өзі ол кісімен абайлап сөйлесетін. 1943 жылы майданнан елге екі айға емделгелі келгенде, Абай атындағы опера және балет театрында қала жұртшылығы Баукеңмен кездесу кешін өткізеді. Белгілі сазгеріміз Құдыс Қожамияров «Бауыржан Момышұлы» деген ән шығарып, оны әнші сахнада орындайды.
Кездесуден кейін сол кездегі Мәдениет министрі Серғазы Толыбеков Баукеңе: «Ән туралы ойыңыз қандай?» – дейді.
– Тақырыбын өзгерту керек.
– Қалай деп өзгерткенім жөн?
– Момышұлы емес, Момышқызы деп өзгертіңіз.
Мұны естіген Мұхтар Әуезов «Бауыржанмен абайлап сөйлеспесек арандап қалуымыз мүмкін» деген екен. Бұл жауабыма қанағаттандыңыз ба?
– Рақмет, қанағаттандым.
– Барлық уақытта Баукеңнің ойынан шықтым деп айта алмаймын. «Есігімді екінші рет ашушы болма» деп үйінен қуып шыққан кездері де болды. Ол кісінің тосын сұрақтарына лайықты жауап қата алмаған кінәмді мойындап, алдына қайта баратынмын.
Бауыржан Момышұлының ақылдылығын, қаталдығын, табандылығы мен ойшыл-алғырлығын бір мен емес, азды-көпті қарым-қатынас жасаған кез келген адам еріксіз мойындайтын. Қандай құдірет десеңізші?! Сан мәрте үйінде болып, сөйлесіп жүрсем де, әр кез есігінің қоңырау түймесін басарда, «ойпырмай, қандай көңіл-күйде, қандай ойда отыр екен» деп қобалжып, жан-тәніммен тіл табысуды көздейтінмін. Менің шын ниетімді түсінген Баукең:
– Маған ренжіме. Білмегенін білсін, тоқмейілсімей, ізденсін дедім. Мен сенің түсінігіңді, жүріс-тұрысыңды, жұртпен қарым-қатынасыңды сынап байқадым. Біріншіден, ұстамды, екіншіден, білуге құштар, ізденімпаз, сөйлескен кісіңнің ішкі жан сырын мүмкіндігінше тыңдап, түсіне алады екенсің. Ғұламалармен, үлкен-кішімен, бала-шағамен сөйлесе білетінің, өзіңді толғандырған мәселелер төңірегінде орынды сұрақ қойып, қажетті жауап алуға талпынысың ұнады. Мұның үлкен нәрсе. Бұл жеке пікірім. Сенің мені әңгімеге магнитше тартқаның сондай, «апырма-ай, бұдан сырымды жасырып қайтем, өзіммен бірге алып кеткенімде не ұтамын» деп ағымнан ақтарылуыма мұрындық болдың, – деді.
– Сіз еліміздің азаттығы үшін басыңызды өлімге байлаған, қандай адам болмасын жүрегі шайлығатын қанды қырғынды көре жүріп алған бетіңізден қайтпаған, қайсар адамсыз. Батальон, полк, дивизия басқарып, сан мәрте жау қоршауға алғанда ажал апанынан тапқыр- табандылығыңыздың арқасында аман шықтыңыз.
– Өткен өтті. Саған айтарым, әке-шешесіз, үйсіз өстің. Көрген қиындық бейнетің ұмытылды. Сен алда ел-жұртыңмен, халқыңмен, оған шамаң келмесе, туған-туысқаныңмен, жекжат-жұратыңмен аралас, солардың сый-құрметіне бөлене біл. Онсыз жетімсіреп қаласың. Мұным ақыл емес, ескерту...
БЕКБОЛАТ БАТЫР
– Сен Алматы облысы Жамбыл ауданындағы батыр Бекболат ауылында болдың ба?
– Жоқ. Жолым түспеді.
– Не дейсің?! Қайталап айт!
Баукеңнің шамына тигенімді сезіп, жақ ашпадым.
– Қайтала деймін! – деді бұйырып.
– Жолым түспеді. – Дауысым құмығып әрең шықты.
– Сен ол ауылға арнайы іздеп барып, үлкен-кішісіне иіліп
сәлем беруің керек. Ол батырдың ғана емес, ақылдың да ауылы. Бекболат Әшекеевтің 1916 жылғы Жетісудағы ұлт-азаттық көтерілісі көсемдерінің бірі болғанын білесің бе?
– Білем.
– Білмейсің! Білсең, батырдың, ақылдың ауылына жолың түсер еді. Тоқсаннан асқан ақсақалдан бата алып, жиналған көтерілісшілерге:
– Ел үшін кеудесін оққа тоспайтындар атқа қонбасын! Тауға шаппай, жауға шабатын болыңдар! Халқым, сендер үшін құрбандыққа дайынмын, – деп, жетпіс үш жастағы қарт Бекболат батыр қол бастап, пулеметке, зеңбірекке қарсы найза, қылыш шоқпармен, аңшы мылтығымен қарсы шығады. «Әттең, бізде де зеңбірек, пулемет болар ма еді» деп кіжінген көтерілісшілер қанға бөгіп, жеңіліс табады.
Көтеріліс көсемі Бекболат ауылын, қарулас жолдастарын жазадан құтқарып қалу үшін жауға өзі барып беріледі. Қандай биік саналылық?! Тексерушілердің сұрақтарына ол кеудесін тік ұстап, жасқанбай жауап береді.
– Сізді дүлей күшке қарсы шығуыңызға қандай күш еліктірді?
– Елімнің еркіндікке деген ықыласы еліктірді.
– Сыбайластырыңыздың аттарын ата?
– Сыбайласым – елім.
– Сізге берілген батада қандай сөз айтылды?
– Қазақтан солдат алмаймын деген антын бұзған ақ патшаны ант атсын.
– Кімдермен байланысыңыз болды?
– Ешкіммен байланысым болған жоқ. Көтерілісті өзім ұйымдастырдым.
– Сіз ата жолын қуып, өзіңізді хан жариялапсыз. Бұл туралы не айтасыз?
– Қазақ ханынан айырылғалы қашан? Бізді дарға ассаңдар, қан ағады.
Бекболаттың жауаптарынан халқымызға деген шексіз сүйіспеншілігін, өмірге деген құштарлығын, озбырлыққа төзбес өжет, қайсарлығын, мақсатына жету жолындағы беріктігін, ақыл-парасатының биіктігін көреміз. Боралдайда құрылған дар алдына алып келгенде, патша жазалаушыларына:
– Соңғы өтінішім, өлер алдымда намазымды оқып алуға рұқсат етіңдер, – дейді. Олар жұрт көзінше қорқып, жалынар деген үмітпен рұқсат етеді. Бекболат батыр намазын оқып болғаннан кейін құрулы дар ағашына өзі барып, басын арқанның ілмегіне сұғып, бақилық болады. Қандай ерлік, қандай саналылық?! Мен ұрпағыма батыр болсаңдар Бекболат бабаларыңдай батыр болыңдар деймін...
ҒҰЛАМА СЫНШЫ
Баукең шабыттана сөйлеп отыр.
– Білімнің қара шаңырағы – С.М.Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетінің қасиет-қадірі үлкен. Ол қаншама талантты ақын-жазушыларымызды, ойшыл ғалымдарымызды, өнегелі ұстаздарымызды тәрбиелеп шығарды, алда да тәрбиелей бермек. Жүрегімнің түбіндегі тілегімді түгел қаусырып айтарым, қара шаңырағымыздың алауы мәңгі сөнбесін.
Баукең аз-кем ойға еніп:
– Ендігі сөзім нағыз ғұлама-сыншы, бір өзі асыл ойдың алтын кені, профессор Темірғали Нұртазин туралы болмақ, – деді толғана тебіреніп. – Өзгелер менімен келісе ме, келіспей ме, ісім жоқ, өз басым Темекеңді ғұлама-сыншы деп білем.
Әдебиет әлемінде сыншы сирек талант делінеді. Ол – шындық. Қазақстан Жазушылар одағында бес жүзге тарта ақын-жазушы бар. Сыншы саусақпен санарлықтай. Неге бұлай? Себебі, сыншылық – рухани ауыр жүк. Сол ауыр жүкті ауырсынбай көтере алған адамның ғана лебізіне жұрт құлай құлақ асады. Осындай талап биігіндегі Темекең, Темірғали Нұртазин теориялық тартыстарға түсіп, творчестволық айтыстарға қатысып, шыныққан шымыр ғұлама-сыншы. Шебер суреткер жазушымыз Бейімбет Майлиннің шығармаларына тарихи тұрғыдан жоғары баға беруін Темекеңнің ерлікке пара-пар өресі биік ізденісінен туған еңбек деп білемін.
Темекең Бейімбет шығармаларының ішіне кіріп, халықтық қасиетін жете ұғынып, бүкіл философиялық астарын нәзік түсініп, Бейімбеттің өзімен ой жарыстыра отырып, жанын жайып, төгіле, ғылыми талдау жасаған әдісіне тұщына сүйсіндім. Абай, Пушкин, Лермонтов туралы берген бағалары да орнықты. Абайдың орыс әдебиетінен алған тәлім-тәрбиесін, образ өрнектерін жан-жақты талдап көрсете білгеніне де тәнтімін.
Мұхаңның, Мұхтар Әуезовтің ерекше екі түрлі қасиеті барын: бірі – жалынды шешен, сүйген ісіне жүрегінің нұрын құйып, бар сезімімен беріліп жазатынын, екінші қасиеті – теориялық білімге бай екенін, жалпы Мұхаңды жалындап тұрған өткір, табанды, күндіз-түні ерінбей сарылып ізденетінін, әдебиетімізде ат салмайтын жанры жоғын, қашанда ғылыми негізбен, теориямен сөйлейтінін, қайрат-жігері таусылмас, өмірге құштар күрескер тұлға екенін ғылыми дәлелдеуі көңіліме қонды.
Ғұлама-сыншының деректі туындыларды салыстырып қарастырғаннан авторлардың өзіндік жетісігін, кемшілігін толығырақ анықтауға мүмкіндік туатыны, орыс әдебиетіндегі деректік шығармалар туралы кейбір ой-пікірлердің басқа ұлт әдебиеті табиғатына келе бермейтінін, оның себебі әр ұлт әдебиетінің өзіндік қасиеті, өзіндік ерекшелігі бар деген тұжырымы мені көп ойға жетеледі.
Темекең ақын-жазушылар қауымына қалай жағып жүр, әдетте сыншы кінәмшіл қауымға жаға бермейтін еді ғой деген сауалға менің жауабым – ағаның қара қылды қақ жарғандай адалдығы, әділдігі, ойшылдығы, біреуді мұқатып сүріндірейін демей қолтығынан сүйеп, әр шығармадан оқырманды жігерлендірер ой, жақсылық іздеуі дер едім.
Жарыста озған жүйріктің үстіне көз тимес үшін кілем жауып, «мінеки, бәйгеден бірінші келді» дейтін салтымыз бар ғой. Аса қадірлі Темеке, әлі де қиырға шабатын қасиетіңізден танбай, жүйріктердің қатарынан табылып, халқыңызды қуанта беріңіз, деніңіз сау, көңіл күйіңіз шат болып, шабыттың ақ атынан түспеңіз деген туысқандық тілегімді білдіремін...
ҮЛКЕН КІСІНІҢ ҚАЗАСЫ
Баукең амандық-есендік сұрасқаннан кейін:
– Не жаңалығың бар? – деді бірден мені тыңдауға ықылас танытып.
– Кезінде Оңтүстік Қазақстан облыстық партия комитеті ауылшаруашылық саласы жөніндегі хатшысы болған, бүгінде зейнеткер Төлепбек Назарбеков аға ұзақ жыл Мәскеуде ғұмыр кешкен Нұртас Дәндібайұлы Оңдасынов ағаның жерлеу рәсімі қалай өткенін әңгімелеп берген еді. Тыңдаймын десеңіз.
Тыңдаймын. Тек асықпай, рет-ретімен айт. Себебі, үлкен кісінің қазасы да тәрбиелік мәнге ие.
– Нұрекең, Нұртас Оңдасынов ағамыз өмірден озды деген суық хабарды естісімен тез киініп, Оңтүстік Қазақстан атқару комитетінің төрағасы С.А.Терещенконың жұмыс бөлмесіне бардым. Сол бөлмеден Сағидолла Құбашевты көріп, көңіл айттым.
– Мәскеуден көкке көтерілген ұшақ кешігіңкіреп жатыр. Нұрекең сүйегін Шымкенттен Түркістанға машинамен алып баруға келіскен едік. Күн ысып кететін болды, – деді Терещенко абыржи сөйлеп.
– Ендеше Нұрекең сүйегін Мәскеуден келген ұшақтан жергілікті ұшаққа ауыстырғанымыз жөн шығар, – дедім мен.
– Осы дұрыс шешім. Мен Оңтүстік Қазақстан облыстық партия комитетінің бірінші хатшысы жұмыс бөлмесіне кіріп шығайын, – деп Сағидолла кетіп, сәлден кейін қайтып келді.
– Жерлеуге қатыса алмаймын дегеніңіз – ұят. Нұртас Дәндібайұлы Қазақ ССР-і Министрлер Кеңесін он үш жыл басқарған абыройлы кісі дегенімнен кейін В.Б.Темірбаев Түркістанға баратын болды, – деді қуанып.
Сағидолла екеуміз әуежайға тарттық. Жұрт жиналып қалыпты. Әуежайда академик Евней Букетовтің әйелі (ол кісі Нұрекеңнің қарындасы екен), тағы бір журналист келіншек ұшақтың келуін күтіп жүрген көрінді. Сөйлесіп, көңіл айттық.
– Қатты науқас деген соң Мәскеуге бардым, – деді Нұрекеңнің қарындасы, Евнейдің жұбайы. – Алдымен балаларымен ақылдастым.
– Әкелеріңді еліне, Түркістанға апарып жерлеуге қалай қарайсыңдар? – деген едім, екеуі біраз қиналыңқырап отырып:
– Біз қарсы емеспіз, тек шешемізбен келісіңіз, – деді. Содан кейін жеңгеммен сөйлестім. Ол кісі:
– Жол ұзақ қой әрі ол жақта ешкімді танымаймын. Мен келіскен күнде де сүйегін Түркістанға қалай жеткіземіз? Басына күнде барып тұруым да қиын. Оған қаржыны қайдан аламыз? Мұның бәрі оңай емес қой, – деді қинала мұңайып. Мен бірден:
– Сіз ол жағынан қам жемеңіз. Нұрекеңнің ата-бабалары жатқан туған топырағына жерленгені дұрыс. Шығынын ел көтереді. Қабірі басына барып тұруыңа да жағдай жасалады. Қиналма, қамықпа, – дедім. Жеңгем күрсіне отырып келісімін берді.
Нұртас ағаммен де сөйлестім. Ол кісі әбден әлсіреп қалған еді, әзер тілдесті. Ойымды астарлап жеткіздім.
– Ата-анам сонда ғой, – деді. Басқа ештеңе деген жоқ. Әлгі сөзін келісім бергені деп жорып, ағамды кіндік қаны тамған туған топырағына жерлейік деген шешімге келдім.
– Өте дұрыс ойластырыпсыз, рақмет, – дестік.
– Ұшақ кешікті, біз жүре берейік, – деген тұжырыммен Сағидолла, мен, Оңтүстік Қазақстан облыстық атқару комитеті төрағасының орынбасары Ташқараев үшеуміз жеңіл машинамен Түркістанды бетке алдық. Темірбаев, Терещенко соңымыздан келетін болды..
Нұрекеңнің туған жері «Амангелдіге» жеттік. Жиналған жұртта есеп жоқ. Түркістан азаматтары ұйымшыл ғой. Сағидолламен бәрі көрісіп, амандасып жатыр.
– Сәкеңді қалай таниды? – десем, Сағидолла Қазақстан Орталық партия Комитетінің екінші хатшысы кезінде Нұртас аға: «Мен сонша жыл жоғары лауазымды қызметте істеп жүріп, туған ауылыма бір жақсылық жасамаппын. Сен мектеп салдырып, жолын жөндеуге жәрдем берсең?» – деген екен өтініп. Сүйікті ұстазының ол тілегін Сәкең толығымен орындапты. Өзі Түркістанға талай рет келіп, құрылыс жұмысын бақылаған көрінеді. Түркістандықтардың, Нұрекең ағайын-туғандарының Сағидолланы жақсы білетіні содан екен.
Әділдікке жүгінсек, колхоз басқарма төрағалығынан бірден облыстық атқару комитеті төрағалығына өсірген Нұрекең сенімін Сағидолла Құбашев ақтады. Тәжірибелі, іскер, адамгершілігі мол мықты азамат екенін таныта білді.
...Нұрекең сүйегін інісінің үйіне әкеп, жерлеу рәсіміне дайындық жасап жатқанымызда Темірбаев келді. Ақылдасып, мәйітін ауыл орталығындағы Нұрекең өтініп, Сәкеңе салдырған зәулім мектеп мәжіліс залына қойып, жұртпен қоштастырдық.
Аулада қаралы жиын өтті. Оны Түркістан аудандық атқару комитетінің төрағасы Жансейітов ашып, Сағидоллаға сөз берді. Ол Нұрекеңнің өмірбаянын, қызметін айтып өтті.
– Жайықтан су шығарып, Теңдік жеміс-жидек, Теңіз ауданынан «Құрманғазы» совхоздарын құрған едік. Өзімнің колхозым Перодовикке су шығарған соң, Оңтүстік Қазақстан партия комитетінің бірінші хатшысы Василий Андреевич Ливенцовқа Нұртас аға телефон соғып:
– Василий Андревич, кешіріңіз, жерлесіңіз ретінде жәрдеміңіз керек болып тұр. Қазақ ССР-і Орталық партия Комитетінде бөлім меңгерушісі болып біраз жыл істедіңіз. Гурьев облысының жағдайын жақсы білесіз. Біраз жоңышқа тұқымынан бізге көмектесе аласыз ба? – деді.
– Көмектесе аламын.
– Василий Андреевич тауып берген тұқымды алып барып, Орал-Жайық бойына егіп, жоңышқа өсірдік. Мұның мал басын көптеп өсіруімізге көмегі тиді. Осы еңбегімді бағалаған Нұрекең мені бірден облыстық атқару комитетінің төрағалығына өсірді.
Сағидолладан кейін Ташқараев сөйледі. Нұрекеңнің үлкен суретін кіші ұлы ұстап, көшті бастап жүрді. Бәріміз ауыл сыртындағы ата-анасы жатқан қорымға апарып жерледік.
Мен қаралы дастарханда бірінші болып сөйлеп, Нұрекеңнің өмірінің соңына дейін шығармашылық жұмыспен айналысқанына, адамды тани білетін көрегендігіне, үлкен ұстаз, жастарға қамқоршы екеніне тоқталдым. Мәскеу Тимирязев атындағы ауылшаруашылық академиясында үздік оқып жүрген, факультет комсомол комитетінің хатшысы мені танысы арқылы үйіне шақырғанын, алғаш ұялып бармағанымды, деканыма телефон соғып, мені таптыртып алып сөйлескенін, содан үйінде болғанымды, Нұрекеңнің таңғаларлықтай мейірбандығын, нағыз ағалық тілеулес көңілін ешқашан ұмытпағаныма тоқталдым. Кейін Оңтүстік Қазақстан облыстық партия комитетінің хатшысы болған жылдарымда Мәскеуге жолым түскен сайын Нұрекеңе сәлем беретінмін. Бірде:
– Аға, Шымкентке, не Түркістанға көшіп келсеңізші? Алатау қарағайынан жеке үй салдырып берейін. Елміз ғой, – дегенімде:
– Ниетіңе рақмет, інім. Мен көнгенмен жеңгең көнбейді, – деген еді. Нұртас Дәндібайұлы Оңдасынов ағамыздың абыройы Алатаудай биік еді. Біз ол кісінің өмір жолына тәнтіміз. Топырағы торқа болсын. Рухы артында қалған ел-жұртын, ағайын-туғанын, бала-шағасын жебей берсін», – дедім сөзімді аяқтап.
– Сенің мына қаралы хабарың мені қырға, сайға жетеледі. Алдымен қырға жетелегеніне тоқталайын, – деп Баукең жеңіл күрсінді. – Халқымыздың барлық асыл қасиеттері біздің асыл қыздарымыздың бойына шоғырланған деген ойға тағы бекіне түстім. Өзің таразыла, Нұртас ағаның қарындасы Мәскеуге арнайы іздеп бармаса, жеңгемізбен сөйлесіп, өз дегеніне көндірмесе, ағамыз Мәскеуде біржола қалып қояр еді ғой. Ойлы, саналы, намысшыл, жігерлі қарындасымыздың бары қандай бақыт, қандай қасиет!
Енді сенің қаралы хабарыңның сайға сүйрегеніне көңіл бөлейін. Ашығын айтсам, жеңгеміздің осалдығына көңілім толмады. Ол кісі еліміздің айтулы азаматтарына хат жазып, не телефон соғып: «Қарақтарым, ағаларыңның халі нашарлады. Қандай ақыл-кеңес бересіздер?» – десе жетіп жатыр ғой. Менің бұлай жеңгеме кінә таққаным дұрыс па?
– Дұрыс.
НАУРЫЗБАЙДЫҢ ЕРЛІГІ
Бір жағынан Қоқан ханы, екінші жағынан орыс империясы Қазақты езген үстіне езе түсті. Кенесарының «бас қосып, күш біріктірейік» дегеніне қырғыздар көнбеді. Содан соң «күшпен көндіреміз» деп Кенесары қырғызға соғыс ашты.
Наурызбай үйленбеген жас батыр. Қарсы келгендерді жайпап, бас сауғалап қашқандарды қуып жетіп өлтіреді. Сондай бір шайқаста қаза болған қырғыздың бір батырының денесі жер қойнына табыс етілгеніне бірер күн өткен екен. Қырғызға әбден өштескен Наурызбай әлгінің өлігін көрден қаздырып алып, сыртқа шығарып, денесін қылышпен кескілеп турап, қарға, құзғынға жем болсын деген оймен далаға тастап кетеді. Жан беріп, жан алысқан тағы бір шайқаста қырғыздың екінші батыры қолға түседі. Наурызбай оның екі қолын шауып, атына мінгізіп, екі аяғын үзеңгіге байлап, бос қоя береді. Ол ат үстінде қор болып өледі. Тағы бірде тууға айы, күні жақындап қалған келіншекті найзасының ұшына шаншып, аспанға тік көтеріп мерт етеді. Мұны көрген қазақ батыры Сыпатай: «Ей, Наурызбай, қырғыз, қазақ қатар жатқан құдандалы ел едік. Наурызбай, бұған дейінгі барлық жауыздығыңа төзіп келіп едім, енді мына жауыздығыңа төзе алмаймын», – дейді де, атын кері бұрып, отыз мың сарбазын өзімен бірге алып кетеді. Кенесары он мың әскерімен не істесін? Күш тең емес. Қырғыздар Кенесары мен Наурызбайды қолға түсіреді. Сот болып, алдымен Кенесарыны өлім жазасына кеседі.
Қырғыздың манаптары: «Екі ел арасында осындай өрескел жағдай болды. Әлі де кеш емес, татуласайық», – дейді. Кенесары көлісуге сыңай танытқан екен, Наурызбай көнбей отырып алады. Ол Сыпатай батыр қайтып оралар деген үмітте міз бақпайды. Сыпатайдан хабар жоқ.
Қырғыздар Кенесарыны алаңға шығарып, сақалынан ұстап бауыздап өлтіреді. Ағасының қалай өлтірілгенін Наурызбай көріп отрады.
– Ал, төре, ағаңды о дүниеге аттандырдық. Біздің ұсынымызға көнесің бе, көнбейсің бе? Көнбесең, сені де өлтіреміз. Наурызбай көнбейтінін айтады. «Ертеңге дейін ойлан», – деп зынданға қамап, күзет қояды. Ағасының өлім құшқанын көрсе де, Наурызбай алған бағытынан қайтпайды. Не деген ерік-жігер десеңші?! Қырғыздар тұқым алып қалайық деп қойнына қыз салады. «Жауыма тұқымымды қалдырмаймын» деп ол қарамайды.
Ертеңіне сот болып: «Ей, төре, көнбесең өлтіреміз», – дейді қырғыздар. – Қандай арманың бар?
– Бір арманым – апам бар еді. Соны құтты орнына қондыра алмай кетіп барамын. Екінші арманым – жоңғардан, қытайдан тоқсан түйеге жүк артқан саудагерлер келе жатыр еді. Солардың жүгінде не барын көрсем деп едім. Оны көре алмай кетіп барамын. Үшінші арманым – осы кезге дейін үйленген жоқ едім.
– О, атаңның көрі, түнде сенің қойныңа қырғыздың ең шырайлы қызын салдық емес пе?! – десе, Наурызбай: «Ол қаншыққа тұқымымды қор қылғым келмеді», – депті.
– Қазір өлтіреміз. Бізге айтар қандай тілегің бар?
– Өмірімде намаз оқымап едім. Өлер алдымда дәрет алуға, екі рәкәт намаз оқуға рұқсат беріңіздер. Басқа тілегім жоқ.
– Рұқсат.
Наурызбай дәрет алысымен жайнамаз жайып, жүгініп намазын оқиды. Қырғыздар «тәубесіне келіп, кешірім сұрайтын шығар» деп күтеді. Наурызбайдың кешірім сұрамайтынына көздері жеткен соң: «Мұны кім өлтіреді?» – десіп ақылдасады. Атқа танылып өлтірілген қырғыз батырының әйелі «мен өлтірем» дейді.
– Атаңның көрі қоқи. Сен байымның жанын алсаң, мен сенің жаныңды аламын деп қылышын құлаштай сілтейді. Қылыш мойнының сіңірін кесіп, омыртқаға жетіп тоқтайды. Наурызбай орнынан қозғалмай отырған күйі басын бұрып: «Ей, манаптар, тышқақ лақты бауыздарлық қырғызда еркек жоқ екен ғой», – дейді. Қырғыздар қатты намыстанады.
Алаңғасар бір батыры жүгіріп кеп ана әйелдің басын қақ бөліп, Наурызбайды періп жібереді. Наурызбайдың басы допша домалап кетеді. Басынан айырылған Наурызбай құламай, орнында отыра береді. Сонда Манап оң қолының саусағын тістегенде, тісі ары-бері өткен екен. «Қап! Қап! Бекер өлтіріппіз! – деп өкінген көрінеді.
Кенесары, Наурызбайдың қазасын естіп, Тезек төре қырғыздарға барады. «Соңғы кезде қырғыз, қазақ арасы жақсарды. Батырларымыздың қабірін көрсетіңдер. Бастарына белгі қояйын», – дейді.
– Төре кешіріңіз, олардың қай жерге жерленгенін біз білмейміз, – деседі қырғыздар. Тезек төре бос әуре боп қайтады. Тағы бірде: «Өткенге салауат, мен жауласқалы келгем жоқ. Әкемнің ерін іздеп келдім» – дейді Кенесарының ұлы Сыздық батыр. Қырғыздар ерді алып кеп Сыздық батырдың алдына қояды. Ол қанжарын алып, ердің басын шауып, бауырын тіледі. Ашып қараса, бәрінде алтын. Қырғыздар таңғалады. «Уа, манаптар, басын алғанмен алтынын, атағын ала алмаған екенсіңдер» дегенде, қырғыздар төмен қарап отырып қалып, сәлден кейін: «Төре, бәрі сенікі», – дейді
Бәлкім, бұл аңыз шығар. Естіген құлақта жазық жоқ. Мен саған елден естігенімді ғана айттым...
1967 жылдың жазында Қырғыз әскери комиссариатының шақыруымен әйелім Кәмешті ертіп Фрунзеге (Бішкекке) бардым. Қонақ үйге орналастық. Телевизордан, радиодан сөйледім. Кешкі сағат 5-6 кезі еді. Ауладан көшеге шығып, ары-бері жүріп, қайтып ішке енсем, қонақ үйдің директоры, қызметкерлері жүгіріп жүр. Не боп қалды десем, Қырғызстан Орталық партия Комитетінің идеология жөніндегі хатшысы Қазақбаев келмек екен. Бір кезде бөлмемізге екі адам кіріп келді. Бірінің екі балдағы бар, жасы қырықта дерліктей. Екіншісі тіпті жас.
– Ассалаумағалейкум, Бауке.
– Уағаликумассалам, жоғары шығыңыздар. Балдақты жігіт: «Бауке, сізді мазалағанымызға айып етпеңіз. Мен Қазақбаев деген хатшымын. Сізді қарсы ала алмағанымызға ғафу өтінем. «Сізді келеді» деп хабарламаған адам бізді ұятқа қалдырды. Қазақтың «құр аяқ ерін жыртады» дегені бар ғой. Рұқсат етсеңіз, дәм татып, рухтанып отырып әңгімелесейік», – деді де, қасындағы жігітке иегін қағып еді, ол жүгіріп кетіп, дастарқан жайды.
– Кеше телевизордан сөйлеген сөзіңіз бізге ұнады. – Әңгімеміз қыза түсті. Әйелі қазақтың қызы екен. Бір кезде: «Біздің үй осы арадан бір жарым квартал ғана. Қарындасыңыз, әлде қызыңыз бола ма, ас пісіріп жатыр еді», – деп үйіне шақырды. Бардық. Төрде Аалы Тоқамбаев әйелімен отыр. Оның әйелі де қазақтың қызы екен. Мен «күйеу балаларға байыдым ғой» деп әзілдеп едім, бәрі күлді. Обалы не керек, жақсы отырыс болды. Қасымдағы қатар отырған Аалы алжыған-ау. Өзін-өзі қырғыздың Жамбылымын деген ойдағы біреу көрінді. Көбейетін уақыт жақындағанда:
– Оу, Бауке, Алматыға қашан қайтасың? – деді Аалы маңғаздана сөйлеп.
– Бұйырса, арғы күні қайтамын.
– Батырдың көзі қырағы келеді ғой. Қордайдан асып бара жатқанда оң, сол жағыңа қарайлап өт. Бір нәрсе көзіңізге шалынып қалар, – демесі бар ма алжыған неменің?! Орнымнан ұшып тұрып, жағасынан алып: «О, әкеңнің... сақау, мақау неме? Нені меңзегеніңді түсіндім» дегенімде, ол ұрады деп қорқып, басын екі қолымен қорғаштай берді..
– Бауке, не боп қалды? Не болды? – Үй иесі Қазақбаев та, басқалар да шошып кетті.
– Мына алжыған, шірік шалдың сөзін естідіңдер ғой? Қиямпұрыс сөзіне қиямпұрыс жауап бердім. Мұның: «Қордайдан асып бара жатқанда оң, сол жағыңа қарайлап өт. Кенесары, Наурызбайдың елесін көріп қаларсың» деген құйтұрқы сөзіне кім төзеді? Ақымақтың ақымағы да төзбейді», – дедім қаһарға мініп. Аалыға қарап:
– Жаман, арам әдетті қашан қоясың? «Өзің әділ болмасаң, өзгеден әділдік іздеме» деген мақал саған арнап айтылғандай. Екі елді өштестірерлік сөздің отын жаққанша, елдестірер ақыл-ойдың отын жақпайсың ба? Ел мен елді, адам мен адамды жауластырып, азғын атанғаннан басқа сен не ұтасың?! Әлгі сөзді маған не бетіңмен айтып отырсың? Баяғыда ұмыт болған қанды оқиғаны ұрпағымыздың қанына сіңірмекпісің?!
– Мен жай қалжыңдап едім.
– Осындай қалжың бола ма? Қазақ қызынан бала-шаға сүйіп отырғаныңды қалай ұмытасың?
Ол менен тізерлеп кешірім сұрады. Қатыныма:
– Әй, бір ән айтшы? – дедім. Кәмеш сөз астарын түсінетін кісі еді. «Қазақ, қырғыз туыспыз. Аалы жездемізді сыйлаймыз» дей келіп «Қараторғай» әнін шырқады. «Бұлбұл жеңгеміздің керемет даусы, денсаулығы үшін» деп қырғыздар тост көтерді. Сөйтіп әңгімеміздің арнасын басқа жаққа бұрып жіберді.
Алматыға қайтарымызда Қазақбаев шығарып салды. Мерекелерде жеделхат жолдап құттықтауды әдетке айналдырды. Оның парасаттылығын, мәдениеттілігін, ойшылдығын біздің Ілияс Омаровпен ғана салыстырамын. Ол шын мәнінде қырғыздың Ілияс Омаровы еді. Соқырішектен қырық бес жасында операциядан қайтыс болды.
Мамытбек Қалдыбайұлы,
Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының иегері
qazaquni.kz