МАРҒҰЛАН ӨЗ БАҒАСЫН НЕГЕ АЛА АЛМАДЫ?
2024 ж. 22 тамыз
5696
0
Халқымыздың біртуар ұлдарының ішінде түрлі себептермен көп айтылмай келгені – академик Әлкей Марғұлан. Осы төңіректе ғалымның талантты шәкірттерінің бірі Самат Өтениязовтан сыр тарттық.
Мемлекеттік сыйлық маңындағы түйткіл
– Таныс-білістеріңіз қай жылдардан басталып еді?
– Әуелі Әлекең менің «Аттила» атты кітабымның қолжазбасын оқыды. Бұл – 1980 жыл. Ұнаған болуым керек. Сосын Қазақстан Ғылым академиясы Тарих институтының директоры, академик Ақай Нүсіпбековке айтып жүріп, сол институттың ертедегі және орта ғасыр тарихы бөліміне жұмысқа алдырды. Кілең сайдың тасындай шет тілдерінің маман-ғалымдары қызмет істейтін бөлімді белгілі ғалым Болат Көмеков басқарады екен.
Тарихты ендеп зерттей бастадық. Дегенмен, ұзамай ұстазым мені шоқантануға икемдеп, баулып әкетті. Қанша жерден санлақ ғалым, сұңғыла оқымысты болса да Әлекең өз бағасын жеткілікті дәрежеде ала алмай, туған еліне өкіметтен өгейлік көріп өткен адам.
– Дәлел керек қой?
– Дәлел-дәйек сұхбаттың өн-бойында жеткілікті айтылатын болады. Әңгімені әріден бастайын.
1929 жылы Санкт-Петербургтен (Ленинградтан) Шығыстану институтын тәмамдап келген өрімдей жастың одан кейінгі ғұмыр жолы ауырлау болды. Ел ішінде өсек-аяң өрекшіп, қуғын-сүргін өршіген уақыт. Сондықтан аспирантураны сылтау етіп, 1931 жылы Петербургке қайта аттанған. Одан кейін Мәскеуде қызмет істеген. 1938 жылы сол шақтағы СССР Ғылым академиясының басшысы Әлекеңді шақырып алып, «еліңізге қайтыңыз» деген ұсыныс жасайды. Сөйтсе, маман жетіспей жатқандықтан сол кездегі Қазақстан Үкіметі басшыларының бірі Нұрмақов өтініш білдіріпті академияға. Ол жақта, әрине, Әлекең үшін тыныш. Қауіпсіз. Десе де, амалсыз оралған.
Рас, 1940 жылы алғашқы ғылыми кітабы («Қазақ әдебиеті» Қажым Жұмалиевпен бірге жазған) жарық көрді. Одан кейінгі еңбектерінің жариялануы өте-мөте сирек. Тіпті, 1951 жылы «Казахстанская правда» газетінде сын мақала да шыққан. Мазмұны білім беру өресі өте жоғары институтгы бітіріп келген Әлкей Марғұландай білімдар ғалымдар да ештеңе бітірмей жүр деген айыптауға толы. Авторы кім дейсіз ғой? Әлекең оны, ол Әлекеңді қатты сыйлайтын ғалым Мариям Тұрсынова. Ол кісілердің арасындағы сыйластыққа мен куәмін. Кейіннен түсініскендері анық.
Ал, XIX ғасыр тарихын Мариям Сүлейменқызынан артық білетін тарихшыны кезіктірмедім. Бұл бағыттағы білгір тарихшы Бекмахановтың көзін біз көрген жоқпыз. Мариям – шоқантануға орасан үлес қосқан ғалымдардың бірі. Әлкей ағаны сынағаны үшін оны нашар адам екен деп ойлап қалмау керек. Сол кездегі ғылым саласындағы құйтырқылықтарды Мариямға байланысты да айта аламыз. Шоқантануға ерен еңбек етіп жүрген Мариям апайға өз бағытында емес, ойда жоқ Маңғыстау адайларының тарихы туралы қорғау ұсынылған. Біріншіден, кеңестік саясат үшін өмір бойы Ресей империясына қарсы соғысқан жауынгер елдің шежіресі маңызды тақырып емес еді. Екіншіден, қанша білімпаз болсаң да саясат сүрлеуіне салып мін тағушылар көп болары даусыз. Сонда да мықты ғалым дес бермей, ақыры (кандидаттықты) қорғап шыққан. Осы зерттеу мұрындық болып, 1972-1973 жылдары Салық Зимановтың жетекшілігімен «Казахи Мангышлака XIX века» атты жинақ баспадан шыққаны бар. Сізге өтірік, маған шын, кезінде Англияға, Францияға, Испанияға барғанымда менің де алдымнан аталған кітапты сұрап шыққандар аз болмады.
– Енді Шоқан және Әлкей тақырыбына оралсаңыз.
– Шоқантану – қазақ ғылымының үлкен бір саласы. Оның ішінде этнография, тарих, археология, әдебиеттану, нумизматика (тастағы жазу), тағы басқа болып бөліне береді. Яғни, Шоқан Уәлиханов мұрасы әмбебап. Оны зерттейтін ғалым да жан-жақты оқымысты болуы шарт. Сол ізбасар, сөз жоқ Әлкей аға болатын.
Қаныш Сәтбаев Қазақстан Ғылым академиясының президенті ретінде Шоқан мұраларын түгелдей іздеп тауып, жариялату мақсатында қатарынан алты мәрте ғылыми топ құрғызған. Ғалымдар қанша топтасса да ештеңе бітіре алмайды. Шоқан еңбектері өте күрделі әрі жоғын іздеп табу да қиямет-қайым. Күрделі болатыны, мысалы, Шоқан жолда кезіккен шөп, ағаш немесе аңның атын қазақша (араб қарпімен), орысша, латынша, иранша, парысша дегендей, жаза берген. Мұнан басқа да қиындықтар көп.
Енді тұйыққа тірелген Сәтбаев Орталық Қазақстанда археологиялық экспедицияны басқарып жүрген Әлекеңді Шоқанзерттеу тобын басқаруға зорлап көндіреді. Сол-ақ екен, іс ілгері басады. Маман бәрін шешеді деген сөз осындайдан шықса керек. Топқа бағана айтылған Мариям Тұрсынова және Палгова, Кармышева, Миңғұлов сынды небір білгірлер қамтылады. Екі жылдан соң (1958 ж.) Шоқан Уәлихановтың таңдамалысы, 1961, 1962, 1964 жылдары I, II, III томдары, 1968, 1972 жылдары IV, V томдары тасқа басылған. Соның өзінде кітапқа «Едіге батыр» жыры мен ол туралы Шоқанның тамаша танымдық мақалалары енбей қалған. Шоқан «Едіге» жырының бір нұсқасы мен «Манастың» бір бөлігін орысшаға тәржімалаған. Осы аудармаларды 1904 жылы Веселовский өте жоғары бағалағаны есімізде.
1985 жылғы Шоқанның 150 жылдығы қарсаңындағы науқанға өзім куәмін. Алдымен, бұл мәселені 1982 жылы Мәдениет министрінің орынбасары Өзбекәлі Жәнібеков көтерді.
Дінмұхаммед Қонаевқа Әлекең хат жазды. Ғабит, Ғабиден үшеуінің қолын Көмековтің бөлімі түгелдей бес томдықты қайта шығаруға жұмылдырылғанбыз. Түсініктемелері қысқартылды. Орысша бес томдық 15 мың данамен 1985-1986 жылдарда жарық көріп үлгерді. Қазақша небәрі жалғыз том шықты, онда да кешігіп. Қазақшасын қойып, орысша бес томының өзі дүкендерге түсіп үлгермей, пышақ үстінде үлестіріліп әкетілді. Күні бүгінге дейін Шоқан еңбектерінің қаттығын осыдан-ақ бажайлай беріңіз.
Өкінішті бір жәйт – Әлекеңнің Шоқан туралы жазған (20 баспа табақтан астамы) кітабы баспаға жіберілмеді. Мемлекетгік баспа комитетіне барғанымызда «Марғұланның ана баспада бәленінші, мына баспада түгенінші томы кезекте тұр» деген сылтауды көлденеңдетті. Жылда сондай сылтау айтылатын және сол кезекте тұрғандарының өзі басылмай қалатын. Сөз боп отырған бір томдықты, академияның вице-президенті Жабайхан Әбділдинге, академияның төралқасына да апардық. Әлекеңің қызы Дәнелдің айтуынша, төралқаға ұсынылған нұсқасы қайтарылып берілмей жоғалып кетіпті.
– Шоқан мұралары түгелдей табылып, ғылыми айналымға енді ме?
– Бірде Арғынбаев екеуміз Әлекеңнің үйіне барғанымызда Шоқанның Ленинградтан әкелінген бір жәшік еңбегі түгелдей із-түссіз кетті академияда дегені есімде. «Бірақ олардың тізімі түгелдей менде бар», – деді. Бұл да академияның былықшылығының бір көрінісі.
Шоқан қайтыс болғансын оған әкелік қамқорлық жасаған генерал Гутковский бастаған ғылыми топ құрылады. Мұның өзі Орыс жағрафия қоғамының Шоқанды өте жоғары бағалауымен байланысты. Алайда екі жылға жетер-жетпесте Гутковский шаруасы аяқсыз қалады. Жариялау мақсатында ғалымдардың қарауына таратылған қолжазбалар сол қалпы әркімде кетеді. Веселовский бірде Шоқанның үш-төрт дәптерін Григорьевтің мұрағатынан тапқанын ескерткен. Меніңше, Шоқан мұрасының көбі Әлекең бастаған топтың арқасында табылды.
– Гутковский деп отырғаныңыз Сәбит Мұқановтың Шоқан Уәлиханов жайындағы пьесасындағы Катерина Гутковскаяның әкесі ғой?
– Дәл өзі. Сәбит Мұқановтың бәлкім, білместіктен үстірт кеткен тұсының бірі осы. Көркем шығарма қалай дегенмен де шындыққа шіркеу келтірмеуі тиіс. Драмада Катерина мен Шоқан арасындагы махаббат мәселесі сөз етіледі. Ал, өмірде, Шоқан Гутковскийдің үйіне барғанда Катерина бар-жоғы екі жастағы сәби. Сол бір аяулы жан қолына түскен Шоқан еңбектерін жиырмасыншы жылдарға дейін шашау шығармай сақтап, жетпіске келген шағында мұрағатқа тапсырған. Мәдениетті әулеттің ғалымға деген зор құрметінен басқа пенде ретіндегі махаббат мәселесі онда мүлде жоқ. Бұл жөнінде Ғабит Мүсірепов те сынап жазған. 150 жылдыққа орай 1985 жылы ғалымдардан пікір алу мақсатында драманы оқу тапсырылды. Мариям Сүлейменқызы жоғарыдағыдай нақты деректерді айта келіп, мүлдем жарамсыз деп дәлелдегенімен құлақ асқан жан болмады. Сахналанды.
Ал «Аққан жұлдыз» романында да тарихи деректер бұрмаланған. Қысқасы, Сәбит ағамыздың «Аққан жұлдыз» романынан гөрі Әлкей Марғұланның «Шоқан және Манас», «Көкетай хан» секілді кітаптары маңыздырақ.
– Энциклопедиялық білімдарлық совет дәуірінде ілуде біреуге, дәлірегі – Әлекеңе бұйырса, ол кісінің зерттеулерінің басында археология тұр. Оны біз кезінде «Білім және еңбек», тағы басқа газет-журналдардан үзіп-жұлып оқығанымыз бар.
– Әлекең кандидаттық, докторлық еңбекті филологиядан қорғаған. Әрине, ол заманда ғылыми еңбекке төрелік айту тек Мәскеудің құзырында. Ал, Қазақстан археологиясының атасы – Әлкей Марғұлан болып қалары даусыз. Әлекең – ғұмырында мәртебелі қызмет істемеген адам. Жеткен биігі – этнография бөлімінің бастығы ғана. Қазақстанның ұлан-байтақ жерінде археологиялық зерттеу қажеттілігі де кезек күттірмейтін іс еді. Сөйте тұра, археология институты ашылған жоқ. Жері шап-шағын Өзбекстанның Самарханд пен Ташкенттегі екі бірдей археологиялық институт жұмыс істеді. Тек тәуелсіздік алған соң ғана институтқа қолымыз жетті. Институт ашып, Әлекеңе жағдай жасауға Қазақстан Компартиясы Мәскеудің қаһарынан қорықты, шамасы. Өйткені, аржағынан қотарып жазатын Әлкейдей ғұлама кешегі бұратана аталған елдің көп шындығының бетін ашары хақ болатын.
Археологиялық экспедицияға жетекшілік етіп жүріп, Әлекең 1977 жылы өзінің «Орталық Қазақстандағы Беғазы Дәндібай мәдениеті» атты әйгілі жаңалығын ашты. Баспада сүрленіп көбірек жатып, «Беғазы – Дәндібай мәдениеті» жарық көргенде, әлемнің түкпір-түкпірінен Әлекеңе ғалымдар лебізі жауып кеткен. Ғылыми ортаның назарын ерекше тартқан еңбекті сексенінші жылдар басында СССР Мемлекеттік сыйлығына да ұсынуға ұйғарым қабылданды. Бірауыздан ұсынып, ұйғарым қабылданған Академияның түрлі марапат, сыйлыққа ұсынатын арнаулы комиссиясы. Комиссия төрағасы –Асқар Қонаев.
Арада екі-үш жыл өтіп кетті. Сосын Әлекең күдіктенді ме, мені жұмсап, комиссия отырысының хаттамасынан Ақышев, Байпақов бастаған ғалымдарының лебізін жаздыртып алды. Олар обалдары қанеки, қатты мақтаған. Не қылғанмен сыйлық берілмеді. Біздің топшылауымызша, Қазақстанда да, Мәскеуде де Әлекеңмен бақталастар аз болмаған. Бәлкім, Мәскеу кезінде алаш ардагерлерімен аға, бауыр болып араласқан Әлекеңнен іш жиған шығар. Әйтеуір, осы мәселе жұмбақ күйі қалды.
1983 жылы Қазақстан тарихының бес томдығы жарыққа шықты. Ертедегі түркі мемлекеттері қақындағы бірінші томын жартылай, екінші томын түгелдей Болат Көмеков, үшінші томын толық Бек Сүлейменов басқарған-ды. Шыны керек, Әлекеңнің бірнеше мақаласы болмаса, онда үлесі аз. Әйтсе де, Қазақ КСР Мемлекеттік сыйлығы берілген төрт-бес адамның ішіне Әлекеңді қосып жіберді.
Түркі ғылымының төрінде Әлекең тұр
Ол, ол ма? Бізде өте ыңғайсыз ахуал қалыптасты. Тер төгіп еңбек еткен Болат Көмеков пен Бек Сүлейменов атаусыз қалды да, оның есесіне институт директоры Ақай Нүсіпбеков, орынбасары Григорий Федорович Дахшлейгер Мемлекеттік сыйлықты иеленді. Болмаса, ақ адал еңбек иелері үшін осы екі бастықтың біреуі сыйлықтан бас тарта алмады. Қазақстанда күні бүгінге жалғасып келе жатқан адал еңбекті белден басудан классикалық үлгісі бұл.
– Әлекең мен Сәтбаев екеуінің қарым-қатынасы жөнінде аз айттыңыз.
– Сәтбаев екеуі Баянауылдан. Жерлес қана емес, Әлекең оның туған күйеу баласы.
Қаныш Сәтбаевтың ғылыми еңбегін сөз ету аз. Оның саяси еңбегі де орасан үлкен. Мысалы, Маңғыстау облысы Түркіменстанға беріліп кетуге айналғанда, СССР Ғылым академиясының президенті, академик Кельдыш арқылы шырылдап жүріп Маңғыстауды Қазақстан құрамында алып қалған Сәтбаев. Кешегі, бүгінгі саяси сайқалдар оны Қонаевтың ерлігі құсатып көрсетуге тырысып бағуда.
Әр нәрсені өз атымен атайтын күн жетті емес пе?!
– Аталған «Орталық Қазақстандагы Бегазы – Дәндібай мәдениетінің» мәнін түсіндіре кетсеңіз.
– Солтүстік Кавказдағы Қобан мәдениеті мен Оңтүстік Сібірдегі Қарасұқ мәдениетіне дейінгі алқапта ешқандай өркениет болмаған деген байлам жасалып келген. Дүниежүзі ғылымындағы осы түсінікті Әлекең түбірімен өзгертті.
Жаңалыққа әлем ғалымдары назарының бірден ауған себебі де осында.
Орталық Қазақстанда осыдан аттай екі мың жыл бұрын қалыптасқан «Бегазы – Дәндібай мәдениеті» бүгінгідей батыстан немесе мұхиттың арғы жағынан әкелінген мәдениет емес. Ол осы өңірде пайда болып, гүлденіп дамыған төл мәдениет. Әрине, оны томаға тұйық жағдайда қалыптасты деуге келмейді. Керісінше, Жезқазған аймағында бұдан екі дәуір бұрын металл қорытылған. Яғни, Жезқазған өңірі түсті металлургияның дүниежүзіндегі аса маңызды орталығына айналған. Бүгінгі Қаракерей даласы, солтүстік Бетпақдала, Атасу алқабы, Ұлытау аймағында атазаманғы кен қазған, мал бағып, егін еккен қалашықтардың жұрты жатыр. Соның барлығын түгендей келе ғұлама, өзі ашқан өркениет қақында бұлтартпайтындай археологиялық дәлелдерді келденең тартады.
– Қазақ әдебиеттану саласын да Әлкей Марғұлансыз елестету мүмкін емес қой.
– Иә, солай. 1929 жылы оқу бітіріп келе, Алматыдағы Білім министрлігінің жанындағы «Жаңа әліпби» комитетінде қызмет істеген. Министрліктен Әлекеңе өзге мамандармен бірге, араб қарпінен латынға көшу мәселесін шешуді тапсырады. Осы мақсатпен Әлекең «Еңбекші қазақ» газетіне дүркін-дүркін мақала жазған. Оған қоса 1920-1921 жылдары Әбубәкір Диваев экспедициясы жинаған қазақ ауыз әдебиетін жүйелеуді қолға алады.
Ол туралы Әлекең былай дейді: «Сол күннен бастап, Ә.Диваевтың экспедиция материалдарын тәртіпке түсіре бастадым. Бұл топтағы көп дәптерлерді Ә.Диваев Жетісу, Сырдария өлкесін зерттегеңде жазып алған, кейбірін қолжазба түрінде тапқан. Оның барлық жазып алғаны – екі жүз қырық дәптер, болмаса сегіз мың беттік фольклор қазынасы... Қорқыт, Алпамыс, Қамбар, Қозы Көрпеш-Баян сұлу, Едіге, Ер Тарғын... Бір Қорқыт хикаясының өзі сегіз дәптер... қария сөздер, мақал-мәтелдер, Асан Қайғы, Бұхар жырау, Абылай, Әбілқайыр туралы аңыздар. Осы қазынаны көруге құмар үш жазушы – Мұхтар, Сәкен, Ілияс болатын. Сәкен күн сайын келіп, Асан Қайғы, эпос жырларын көп сұрайтын еді».
Ә.Диваевтың бұл алтын қазынасы бізге сол қалпында келіп жетпеді. Ол әркімнің қолына түсіп, жоғала бастады. Қалғандары Қазақ ССР Ғылым академиясының кітапханасы мен Орталық мұрағатта сақтаулы тұр...
– Ақталған Сәкен мен Ілиясты және Мұхтарды ауызға алғаны түсінікті. Әсіресе, Әлекеңнің Коммунистік партияга мүшелікке өтуге талпынбай өтуі таңқаларлық...
– Әлекең 1985 жылы қаңтарда дүниеден озды. Одан төрт жыл өткесін барып, Әлихан Бекейханов, Ахмет Байтұрсынов, Міржақып Дулатов, Жүсіпбек Аймауытов, Мағжан Жұмабаев, Мұстафа Шоқайлар ақталғаны белгілі.
Егер сол арыстарымыз Әлекеңнің көзі тірісінде ақталғанда, бүгінге дейін біз білмейтін қаншама сырдың тиегін ағытар еді. 1931-1938 жылдары Мәскеу жақта жүргендіктен ғана аман қалған Әлекең, ғұмырының соңына шейін «Могиканның соңғы тұяғындай» күй кешті. Ешқандай қызметке, дәлірегі, Коммунистік партияға мүшелікке өтуге ұмтылмады. Өйткені, Әлекең іштей, сөзсіз, коммунистік жүйеге қарсы болатын. Жалындап тұрған жастық шағында өзі аялы алақанын көрген Алаш абыздарын, ешқандай аяусыз қырқып-қырқып түскен коммунистік пышаққа іші жылымай өткені ақиқат. Сондықтан мұндай партия қатарынан өзін көргісі келмеуі – ерлік деп бағалауға лайық. Әйтпесе, ұлы ғалым екені әлдеқашан мойындалған тұлғаға партияның електі есігі айқара ашыла салары анық болатын.
Арыстар дегеннен шығады. Әлекең Сәкен Сейфуллиннің «Тар жол, тайғақ кешу» романы бұрынғыдан қысқарып шыққанын жиі айтатын. Себеп, сол шақтағы бір ықпалды адамдардың туысқандары жасаған қылмыс жайлы ашық баяндаулары алынып тасталыпты.
Тұнжырлармен тілдескен ғұлама
Өзінің айтуынша, 1926 жылы Ленинградтағы Шығыстану институтының бірінші курсын бігіргесін профессор С.И.Руденконың экспедициясына қатысады. Экспедиция міндеті – Маңғыстау халқының мәдени мұрасын зерттеу болған. «Бірде, түнде бір ауылға жақындадық, –дейді Әлекең. Сол кезде домбыраның күмбірлеген даусы естіледі. Руденко бастаған топ, ат басын тартып, тыңдай қалғанымен, ауыл иттері ат дүбірін естіп қалып, «аттандап» әкетеді. Сол түнде адайдың бір шалының «Ақсақ құланды» жарты сағат төгілте тартқанына бәрі тебіренеді. «Бір өкінішті жағдай, «Ақсақ құланды» мәдениетіміз бен өнеріміз дамып тұрған осы заманда дәл сондай етіп ешкімнің орындағанын көре алмадым» – деген сөзінің жаны бар. Сол сапардан оралғанда алғаш «Адайлар» атты мақала жазыпты.
Екінші бір экспедиция Мәскеуден Батыс Қазақстанды зерттеуге шыққан. Әлекеңнің айтуынша, оның құрамында әйгілі Әлихан Бөкейханов болыпты. Ол шақта Әлихан атамыз «хан тұқымы» атанып, көзге шыққан сүйелдей көріне бергесін шығар, Мәскеуде тұрған. Ғұмырбаянына үңілсек, 1922-1927 жылдарда Мәскеудегі СССР Орталық баспасының қазақ бөлімшесінде қызмет істеген екен. Аталған экспедицияны, әсіресе, Әлихан Бөкейхановты жергілікті жәмиғат төтенше ыстық ықыласпен қарсы алған. Қазақ салтында тек ерекше сыйлы адамға қонақасыға құлын, тай сойылады. Алаш ардақтысын жұрт тай сойып құрметтеген.
– Әлекең ғылымның нешеме саласын терең зерттеген әмбебап ғалым ретінде жазғаны, жинаған деректері ұшан-теңіз. Жалпы мақалаларын машинкаға өзі басушы ма еді?
– 1983, әлде 1984 жылы қызы Дәнел Әлекеңнің бір мақаласын дереу бастырту керек болғасын әр бетіне алпыс тиыннан төлегені есімде. Асықпаған жағдайда қолжазбасын пұлымен қоса бізден беріп жіберетін. Елу-алпыс тиын ол кезде кәдімгідей ақша. Сондай адал адам. Ешкімнің еңбегін жемейтін. Кезінде Мұхтар Әуезов, Ілияс Есенберлин қатарлы кісілер жеке машинистка ұстағаны мәлім. Олардың мүмкіндіктері, қаржылары бар болды. Әлекеңнің олай істеуге жағдайы көтермеді. Арабша жазғанын көбіне Зейтүнә деген бір апайға бастыртатынбыз. Себебі, Зейтүнә тәте жазуды білетіндіктен тура кириллицаға түсіріп беретін. Орысша қолжазбаларын энциклопедия редакциясына апаратын едік. Ондағы қыздар: «Әлекеңнің қолжазбасының бір беті машинкамен екі бет шығады. Уақытымыз жоқ» десіп қиналып қалатын. Өте ұсақ жазатын-ды. Шамасы, қағаз да қат болған шығар.
– «Халық жауы» атанып атылып кеткен арыстарымыздан кімді ауызға көп алушы еді?
– Хамза Абдуллинды жақсы көретін, тонның ішкі бауындай араласып, сырласып жүретін. Хамзамен Омбыда Мағжанның үйінде танысыпты. Мағжан мен Хамза ет-жақын туысқан. Екеуінің әңгімесі тек Мағжан жайында болатын. Сондықтан бірде Мағжан шығармаларын бастыру жөнінде Бейбіт Қойшыбаев екеуміз Орталық Комитетке хат жазғанымыз бар. Себеп, Мағжан 1960-шы жылдарда негізінен ақталған. Оған Әлекең қол қойғанымен, Ғабит Мүсірепов пен Ғабиден Мұстафин көнбеді.
– Бір өзі институтқа татитын әлкейтану енді ғана басталмақ. Сіз бен біз теңіздің тамшысын тартқандай ғана күйдеміз. Тіпті, сәулет өнері жайындағы зерттеулері қақында әлі жақ ашқан жоқпыз ғой.
– Сәулет өнері туралы кенен еңбектерін де түгесіп талдап шығу келешектің ісі. Біздің айтпағымыз, тағы да жалғыз мақаласының көлемінде («Ерте дәуірдің архитектурасы»). Мұнда да Әлекең ғана жасай алған байыпты байлам, парасатты пайымдар жеткілікгі. Кейбіреулерін келтіре кетелік: «Қола дәуіріндегі тұрғын үй құрылыстары біркелкі жер кепе болып келеді...»; «Қола дәуіріндегі Атасу қыстағы, Атасу өзенінің бір саласы Мыңбай сай бұлағының кең алабында орналасқан. Бұл қыстақ 15 мың шаршы метр мөлшердегі алаңда созылып жатыр. ...Олардың конструкциясындағы ерекшелік, қабырғалары жерге тіке қазылып көмілген үлкен гранит тақта тастармен қапталған. Жер-қабырғаларды қаптау үшін ұзындығы 150 сантиметрден 180 сантиметрге дейінгі тақта тастар қолданылған...»; «Бұғылы немесе Алексеев қыстақтарындағы үлкен үйлерде кемінде отыз-қырық адам тұрған, ал қыстақтағы адамның жалпы санын үш жүз-бес жүз адам мөлшерінде жобалауға болады»; «Оңай жығып-тігетін жазғы үйлердің үлгілері қола дәуірінің соңғы кезінде Қарасұқ мезгілінде (біздің заманымыздан VIII-IX ғасыр бұрын) шыға бастады... Арба үстіне орнатқан үйдің формасы да Қарасұқ мезгілінен бері белгілі болған...»; «Кейбір материалдарға қарағанда, үйсін гуньмосының ордасы ішінде құрылыс салынбаған, ол тек қабырғамен, жалмен және ормен қоршалған алаң болып келеді... Үйсін обаларын қазғанда одан штукатур (сылау), өңдеу материалдары табылды...»; «Қазақстан территориясындағы қыстақ-кенттердің тарихын шолудың көрсетуінше, қоғамның дамуына қарай, олардың бірте-бірте жүйелі түрде өркендегенін көреміз. Бұлардың ең ертедегілері тек ішкі үлкен ашық алаңды қоршаған бір ғана қамал қабырғасы болатын. Оның ішінде тек тізілген киіз үйлер тобы тұратын еді...»; «Кейінірек, феодалдық қоғам қалыптасуының алғашқы кезінде, тапқа жіктелудің өсуі және бұқара арасынан тайпа көсемінің бөлініп шығуымен байланысты, бекініс қабырғалардың ішінен қамал ретінде екінші қорған тұрғызу қажет болды. (Күйік қала) Берік қамал тайпа көсемінің не ру басылардың жеке басы мен мүлкін сақтау мақсатымен салынды...»...
Осынау ұзын-сонар сұхбатымызда, кейде ғұламаның небәрі бір мақаласының деңгейінде қалып жатсақ, кінә бізден емес деп ойлаймын. Естуімізше, жиырма-жиырма бес томға жетеқабыл Әлекең еңбектерінің «түйе боталағандай» анда-санда жырымдалып жариялануында тұр мәселе...
– Еңбектерінде толығырақ жарияланғандай көрінгені «Қазақ халқының қолданбалы өнері» атты үш томдық. Оның өзі орысша. Ол қай жылдары баспаға ұсынылган ? Сондай-ақ, ұстазыңыздың сексен, тоқсан жылдық мерейтойларына куә болыпсыз...
– 1984 жылы Әлекеңнің сексен жылдығы жетім қыздың тойындай дәрежеде өткізілді. Олай дейтінім, Қазақстан Ғылым академиясының сонша салтанатты, үлкен-үлкен залдары тұрып, ұлттық ғылымымыздың маңдайына біткен жарық жұлдыздарының бірі Әлекеңнің тойын Тарих институты директорының кабинетінде өткізді. Халықтың ілтипатында шек болмады, көбі көшеде тұрды.
«Қазақ халқының қолданбалы өнері» кітабы 1970-ші жылдары баспаға ұсынылған. Содан 1986 жылғы аласапыран кезінде 1-томы, іле 1987 жылдың соңында 2-томы жарық көрді. 3-томы біршама кешеуілдеп 1994 жылы оқырман қолына тиді. Сол 1994 жылы Әлекеңдей біртуар ұлының тоқсан жылдығын Қазақстан халқы дүрілдетіп атап өтті. Шын мәнінде тәуелсіз елдің ұлттық ғылымының мерейтойына айналды. Ал, жүз жылдық мерейтойы ЮНЕСКО деңгейіне шығуынан асқан қуаныш болар ма!
Сөйтіп, Әлекеңнің айы халқы Тәуелсіздік алғасын ғана оңынан туды, өз бағасын алды.
Әңгімелескен Дағжан Белдеубайұлы.