ҚАЗАҚТЫҢ ТҰҢҒЫШ КӘСІБИ СКРИПКАШЫСЫ
2024 ж. 03 шілде
6169
0
Әйткеш Толғанбаев – 100
Толғанбайдың Әйткешін жас ұрпақ неге танымайды?
Дүниеде тек музыкамен күн кешкен адам
Қазақстандық скрипкашылар мектебі сонау отызыншы жылдарда қалыптаса бастады. Біздің әңгімеміздің кейіпкері, еуропалық аспапта кәсіби ойнаған тұңғыш қазақ Алматы музыкалық драмалық техникумында оқыды.
Сол жылдары Әйткештің жан баурайтын сиқырлы ойынын тыңдаған танымал скрипкашы М.И.Сквирский: «Иосиф, егер бірдеңе бөгет болмаса, мына бала әлемдік даңққа бөленеді» деген екен оның ұстазына.
Ол Шыңғыстаудың Қарауыл ауылында дүниеге келген. Абай, Шәкәріммен аталас Әйткеш өз естеліктерінде Шәкәрімнің үйіне бірнеше рет келгенін: «Шәкәрім ағамыз жиналған жерде әртүрлі дүниетаным ағымдары жөнінде келелі әңгіме қозғап, домбыраға қосып таза қоңыр дауысымен өзінің жаңа әндерін орындайтын. Оның өлеңдері мен сөздері даналық ақыл-парасатқа, өлмес-өшпес өсиетке толы болатын. Мен әкемнің тізесіне шынтақтай жантая отырып Шәкерім қажының айтқан әндерін жан-тәніммен беріле тыңдап, қалт жібермей ұғып алуға тырысатынмын» деп әңгімелепті.
Ол музыканы жоғары бағалаған отбасында тәрбиеленеді. Анасы Бибісара халықтың лирикалық әндерін сүйіп айтқан. Бірге туған ағалары да өнерге бейім болады. Олар да домбыра, гармонь, гитара тартып, ән шырқаған. Оның болашақ мамандық таңдауына көрнекті шебер М.Полякиннің радио арқылы скрипкамен орындаған әуендері қатты әсер етіпті.
Жас музыканттың әлемдік музыка классиктерінің туындыларын терең игеруге құлшынып, өнеріммен халқыма қызмет етемін деген ниеті біртіндеп асыл арманға айналады. Алайда ол алдында күтіп тұрған аласапыран қуғын-сүргінді, өзінің жер дүниенің түкпір-түкпірін азапты концлагерьлер тұтқыны ретінде аралайтынын білген жоқ еді.
Ол бастан кешкен қилы өмір жолын «Қатал тағдыр тәлкегі» деп аталған естелік-кітабында баяндап, бұл еңбегін фашистік және советтік концлагерь құрбандарына арнайды.
Әйткеш туралы ең алғаш Ілияс Жансүгіров жазған екен. Ол осынау өнерлі жеткіншекті бірінші мәрте 1936 жылы Семейде өткен жас көркемөнерпаздар олимпиадасында көріп, ақ жол тілейді. Он екі жастағы дарын кәсіби білім алу үшін берілген жолдамаға жасын он төртте деп өзгертіп, Алматыға аттанады.
Ең қызығы, алғашқы ұстазы И.А.Лесманның қабылдау емтиханында іріктеп алған сол жиырма екі баланың арасынан жыл соңында екі оқушы ғана қалыпты.
***
Отан соғысының екінші жылы майданға аттанады. Он сегіз жасар Әйткеш өзбектің Термез қаласында, Грозный түбіндегі шайқаста алдымен атқыштар мен пулеметшілер ротасында жүріп, кейін танкіге қарсы қолданатын зеңбірек оқтаушысы болады. Кезекті қанды соғыста аяғынан жараланып, контузия алып, фашистер тұтқынына түседі. Он мыңға жуық тағдырласымен бірге Моздок түбінде (Солтүстік Осетия) қоршауға алынып, сол лекпен бірге Түркістан легионының үгітшілер взводы құрамынан бір-ақ шығуға мәжбүр болады. Оның легиондағы басқа солдаттар секілді Отанға қарсы қару ұстап соғыспай, үгітшілер құрамына кіруіне алдымен өнері, сосын артист Мұхаметқали Батыркерейұлы себепші болыпты. Олар взводта әртүрлі ұлт музыканттарымен бірігіп концерттер береді. Осы екі қазақты өлім жазасына кесіп, ату үшін Стаудепс лагеріне апара жатқанда ағылшын, америкалық ұшақтар атқылаған кезде бас сауғалап қашудың орайы келеді. Сөйтіп француз партизандарына қосылған Әйткеш немістерге қарсы қолына қару алады...
Соғыс аяқталар жылы ол Римдегі Совет елшілігі қарамағында күзетші болып жұмыс істейді. Бұл қалада қолы бос уақытта Римнің Адриано театрының симфониялық оркестрінде жаттығады. Тіпті, Үлкен театр (Мәскеу) оркестрінде ойнаудың да сәті түседі (!). Ол Ла Скала сахнасына шығып жүрген сол кездің танымал баритоны Тито Гоби секілді опера әншілерінің дауысын тыңдап: «Итальян шеберлерінің өнерін тамашаладым, осылайша өмірдің сарқылмас шабыт көзінен нәр алғандай болдым» деп еске алады. Мұнда оған Еуропа өнерінің есігі айқара ашық тұрды. Бірақ жүрегі қазақ деп соққан жас шынайы бақытты тек туған Отанынан табуды көксейді. Кейінгі жылдардағы мерейтойында айтқанындай: «Қазақ – әлемдегі ең мықты, ең керемет халық, мен осы ғажайып халықтың ұлымын!» деп елге оралғанына өкінбеді, қазақтың бәрін бауырым деп сүйді.
Дегенмен, 1945 жылы қарашада оралған Әйткеш Толғанбаевты «үш әріп» үлкен күдікпен қарсы алды. Соңына түсіп, «бізден құтылған ешкім жоқ, егер бар болса онда біздің беделіміз қалмайды» деп, оған сол жылы-ақ жазықсыз жала жабады. «Өз еркімен жауға берілген сатқын», «ағылшын шпионы», «шетелдік барлау органдарының құпия өкілі» деп айыптайды. Осылайша оны дүние мүлкін тәркілеп, жиырма бес жылға бас бостандығынан айырып, еңбекпен түзеу лагеріне кеседі.
Осы жылы Новосибирск түрмесіне айдайды, жаз соңында Иркутскіге, одан Қиыр Шығыстағы Ванин шығанағы, әрі қарай Находка, Магадан лагерлерінде жүріп тұтқындардан құрылған джаз оркестрінде, симфониялық оркестрде скрипкада, орыс ұлт аспаптар оркестрінде мандолинада ойнайды. Бұл кезде ол қазақтың халық әндері мен күйлерін аспапқа лайықтайды. Намысын қорғап бас көтергені үшін Якутияға қатаң тәртіпті лагерьге аударады. Мұнда музыкант емес, көп тұтқынның бірі бола жүріп К.Е.Ворошилов жарлығы шыққанша, көрмеген қорлығы, атқармаған жұмысы қалмайды.
Ол азапты лагерьлерде жүріп өнерін, скрипкасын сүйеніш етті, «Мен М.Глинка мен Құрманғазыны, П.Чайковский мен М.Огинскийді, Абай мен П.Сарасатені қалай ұмытамын, бұлар менің, өмірлік сүйенішім және ең жақын ұстаздарым» деді. Алматыға екінші рет оралғанда (1956) А.Жұбановтың көмегімен Консерваториядағы окуын жалғастырады. Мұнда доцент В.С.Хесс пен Қаз. КСР-іне еңбегі сіңген И.Коганның класында білім алады. Соңғы курстың дипломдық жұмысына П.И.Чайковскийдің скрипка мен оркестрге арналған концертін ойнауға бел буады. Музыкант бұл шығарма туралы: «Онда адамға бостандық пен бақыт сыйлайтын музыкалық үн бар», – дейді. Өзіне бірде-бір скрипкашы түлек ойнамаған, бүгінге күрделі техникалық туынды болып саналатын шынайы шеберлікті талап ететін концертті Жамбыл атындағы Қазақ мемлекеттік филармониясының симфониялық оркестрімен ойнайды (!).
Сол кезеңдегі беделді басылымдар «Ә.Толғанбаев үлкен жетістікке жетті», «Ол – республиканың бірінші скрипкашысы» тәрізді жылы лебізді естіді. Бірақ кейін, оны елдің шекарасынан шығармады, ешбір газет-журнал есімін жазбады. Оған тағылып жүрген «шпион» атына қарсы шығу – совет саясатына қарсылық болып саналды. Міне, осындай әрекеттен соң оны кейінгі буын ұрпақ қайдан танысын?!.
Бірақ білікті маман, зерделі тұлға «Жақсылық жаса, басқаға көмектес, қандай жағдайда да адам болып қал!» деген өмірлік ұстанымына берік болды.
Ол өз басынан өткізген ауыртпалыққа еш өкінбеген, «тағдырыма осы жазылды, бәрін көруге, көтеруге тиіс болдым. Менің өмірім – менің тағдырым. Екінші рет, үшінші мәрте де осылай өмір сүрер едім» деген. «Ол қандай кедергілерді көріп жүрсе денсаулығы нашар күнде де халын сұрағандарға: «бәрі жақсы, бәрі Құдайский» деп жарқын, оптимистік сезіммен жауап берген. Жалпы кәрі, жас демей руына, жеріне, ұлтына да қарамай барлық адам баласын жақсы көрді», – дейді қызы Сәулет.
«Ағылшын шпионының» тағдыры отбасына, қызметіне де әсер етпей қойған жоқ. Ол туралы Сәулет: «Мен К.Байсейітова атындагы дарынды балалар мектеп интернатының скрипка бөлімін 7 класс оқыдым. Айналам «халық жауының баласы» деген көзқарасты анық байқататын. Ызамен жылаған кездерімде әкем: «Егер ештеңеге мән бермей алға ғана жүрсең, сен әйгілі скрипкашы боласың» дейтін. Бірақ әрі қарай төзе алмадым, бәрін тастап басқа мамандыққа кеттім».
Естеліктерден оның студенттерінің қысым көргенін, конкурстарға қатысып, лауреат бола алмағандығын байқауға болады. «Әкемнің класынан шыққан түлектер қазір шетелдерде жүр. Оның фамилиясынан қауіптенгендіктен дарынды студенттер әрі қарай өсу үшн соңғы курстарында басқа педагогтерге ауысып жатты...» дейді қызы.
Әйткеш Толғанбаев Алматыға келген сәттен бастап қазақ зиялыларының арасында жүрді. Е.Брусиловский, А.Жұбанов, Ғ.Жұбанова, Ф.Мансуров, Л.М.Шаргородскийлер оған қолдау көрсетіп отырды.
«Алматыда қазақ, өнерінің майталмандары біздің үйде жиі бас қосып, музыкалық кештер жасайтын. Күләштіц, Қанабектің, Н.Тілендиевтің, (тіптен ауылдан келген жыршылардың), т.б. өнерін ашық терезеден тыңдап тұрған халық ысқырып, ду қол шапалақтап жататын» деп еске алады Сәулет Әйткешқызы.
Тоқсаныншы жылдардың басында кітабының жазылуына көмектескен И.М.Савина фильм түсіруді ұсынғанда музыкант «сенің өміріңе қауіп болады» деп бас тартады. Сол идеяны режиссер И.М.Ганапольский «Қазақфильм» студиясында 2012 жылы ғана жүзеге асырды. Ә.Толғанбаев өмірбаянына арналған «Музыкант» деп аталатын 7 сериялы деректі фильм түсірілді.
Әйткеш Толғанбаев (1924-1995) шындықты дәлелдеу үшін өмірінің соңына дейін күресті. Оның өмірі мен баяны – өскелең ұрпаққа өнеге, қайтпас қажырлылықтың үлгісі. Кәсіби тұңғыш қазақ скрипкашысы Әйткеш Толғанбаев Ел Тәуелсіздігін алған тұста ақталды.
Әйтекеңнің өзі: «Мен – музыкантпын, жарық дүниеде тек музыка әуенімен өмір кешетін адаммын» дейді екен.
Айтпақшы, Әйткешті Алматыда И.А.Лесман оқуға қабылдап алған екінші баланың есімі Ғалымжан Әбсамалов екен. Ол да кейін атақты скрипкашы болып шығады. Оның да тағдыры өте күрделі. Ол да соғыс кезінде Түркістан легионының құрамында болған адам. Сол себепті майданнан кейін Отанға қайтпай Түркияда қалуға бекінеді. Сөйтіп жүз жасқа таяп барып сол мемлекетте көз жұмады. Ғалекең Әйткештен жеті жастай үлкен. Өзі: «Әйткеш маған қарағанда аса дарынды еді» деп мойындайды екен.
Бақыт ТҰРМАҒАМБЕТОВА,
музыкатанушы
Талантымен Гитлерді тамсантқан
Ақмола облысының солтүстік аймағындағы Моншақты, Қарабұлақ, Қызылтопырақ деген өңір бұрын бір-бірімен көршілес, малы қоралас үш болыс ел болатын. Қарабұлақ елін атақты Сағынайдың паң Нұрмағамбеті қоныстаған. Қазір бұл жерде Степногорск деп бой түзеген жаңа қалада біздің ағайын-туыстар әлі тұрып жатыр. Соның бірі – Мақсұт Нәбиев еді. Жазушы Әскен Нәбиевтің туған ағасы. Жасы тоқсанды алқымдап қалған ақсақал өте ширақ, пысық еді. Өткен соғыста Түркістан легионында болған, Мұстафа Шоқайды көрген, оның сөзін естіген.
Сонау алпысыншы жылдардың басында, Мақсұт ағайды Алматыдан «Казахконцерттің» әншісі Мұқамбетқали Батыргереев іздеп келді. Мұқаң еліміздің солтүстік өңірінде гастрольдік сапармен жүр екен, әдейі ат басын бұрыпты. Осы жолы екеуі жақын ауылда тұратын соғыста бірге болған Кәкім Сүлейменовпен кездесті, үйіне қонаққа барды. Үш майдангер жолдастың кездесуінің куәсі болдым, өйткені сол кездегі басты көліктің бірі болып есептелетін үш аяқты мотоциклмен оларды ерсілі-қарсылы тасып, жүргізуші міндетін атқарған едім.
Осы басқосуда талантты скрипкашы Әйткеш дегенді алғаш естідім. Мақсұт ағай күні бүгінге дейін «шіркін, Әйткеш», «ол скрипкада ойнағанда неміс офицерлері керемет таң қалатын. Тіпті, оның керемет өнері туралы сөз Гитлерге дейін жетіпті», «ғажап музыкант еді» деп отырды. Мақсұт ағай да, оның жолдасы Кәкім де ән айтады, домбыра, мандолина тартады, Әйткешпен бірге легионның музыкалық ансамбліне қатысқан көрінеді. Ал бұлардың басын қосып жүрген – Батыргереев. Мақсұт ағай «біз Мұқамбетқалидың арқасында тірі қалдық» деп оған ылғи ризашылығын білдіретін-ді.
Әйткеш Толғанбаев – ұлы Абайдың дарынды ұрпақтарының бірі болып шықты. Семей облысының Шыңғыстау ауданындағы Қарауыл ауылында туған. Ата-бабалары Ырғызбайдан тарайды. Ырғызбайдан Өскенбай мен Мырзатай. Өскенбайдан Құнанбай, одан – Абай, Шәкәрім. Ал Мырзатайдан – Жұман, Толғанбай, Толғанбайдан – Әйткеш.
Әйткеш жастайынан ән-күйді, дәстүрлі ұлттық өнерді қастерлеп өсіпті. Шешесі Бибісара тамаша әнші болған екен, болашақ музыкант анасы жырлаған Абай әндерінен сусындаған. Әкесі Толғанбай да баласының музыкамен әуестенгенін қоштаған. Сондықтан да оның музыкаға деген құштарлығы, сүйіспеншілігі ерте оянады. Мектепте оқып жүріп, көркемөнерпаздар үйірмесінің облыстық байқауына қатысып, бірінші орынға ие болған. Жюри мүшелері ақын Ілияс Жансүгіров пен композитор Латиф Хамидидің көзіне түседі. Латиф Хамидидің кеңесімен Алматыға музыка училищесіне түсіп, кәсіптік шеберлігін шыңдайды. Консерваторияның үшінші курсында дәріс алып жүргенде соғысқа аттанады.
Соғыс! Миллиондаған адам тағдырына өзінің қанжоса ізін қалдырды. Орыстың белгілі майдангер жазушысы Виктор Астафьев «Комсомольская правда» газетіне берген бір сұхбатында (07.05.1995) «Война – самое большое несчастье в моей жизни» дейді. Қан майданды көзімен көріп, оны жүрегімен сезген, соғыс тақырыбына талай кітап жазған қаламгердің бұл сөзінің жаны бар. Шынында, Әйткеш сияқты қыршын жастарды баудай қиып, тірі қалғандарының көпшілігінің өмірін кара түнекке айналдырып, сорлы, бейшара күйге ұшыратып, бақытсыздыққа жол ашқан соғыс зардабы емес пе?
Әйткеш Толғанбаев 1942 жылдың қаңтар айында он сегіз жасқа жетер-жетпесте әскерге алынды. Құжат бойынша 1922 жылы туды деп көрсетілгенмен, дұрысы – 1924 жыл. Өйткені музыка училищесіне түсу үшін осының алдында екі жасын ұлғайтып алған болатын. Соның арқасында жан алысып, жан беріскен сұрапыл майданға құрдастарынан екі жыл бұрын барды, соғыстың ауыр зардабын, мехнатын, ауыртпалығын ерте сезді. Жауды оп-оңай жоямыз, құртамыз деп қиялдаған жастық жалын тез суыды.
«Толғанбаев Әйткеш Моздок бағытындағы майданда жүріп, 1942 жылдың қазан айында өз еркімен немістерге тұтқынға түсті». – Бұл тергеу құжатынан алынған үзінді.
НКВД тергеушілері жазған бұл ақпардың дұрыс-бұрысы қалай? Бұл жөнінде Әйткештің өзі не айтты? Тыңдап көріңіз.
«Жаудың келесі шабуылында біздің танкіге қарсы соғысатын ротамыз қоршауда қалып қойды. Көп адамдар оққа ұшты... Зеңбірекке келесі оқты салып, енді нысанаға алмақшы болып тұрғанымда, қатты жарылыстан не болғанымды білмеймін. Контузия алып, есімнен танып қалыппын, аяғымнан жараланыппын, қан көп кетіпті. Қанша жатқанымды білмеймін, көзімді ашсам, айналам толған жау жендеттері, қолына тапаншасын ұстаған неміс танкисі маған төніп тұр. Мен үшін жарық дүниенің біткенін бірден ұқтым».
Әйткеш «Қатал тағдыр тәлкегі» деген естелік кітабында тұтқын болу хикаясын осылай баяндайды (21- б.).
Осы үзіндіден Әйткештің неміс тұтқынына қалай түскені түсінікті сияқты. Ал фашист лагеріндегі қызыләскерлерге немістер қандай «сый-сияпат» көрсетіпті? Енді мәселенің осы жағына назар аударайық. Тағы да Әйткештің өзін тыңдағанымыз жөн.
«Моздок түбіндегі соғыс тұтқындарының лагеріне немістер бірнеше он мыңдаған адамды қамап ұстады. Темір тордың ар жағында автоматпен қаруланған күзетшілердің тепкісі мен немістің овчарка иттерінің талауына түскен аш-жалаңаш, жаралы, жазықсыз адамдар қорлық пен азаптың айтып жеткізуі қиын зардабын тартып жатты. Бұдан тірі қаламын, болмаса қашып шығамын деп ойлау мүмкін емес еді. Күніне аштықтан және жарадан жүздеген адам өледі. Ондағылардың бәрі педикулез ауруына шалдығады. Бит дегенің аш, әлсіз, ауру адамдарға өш болатын көрінеді. Ішкі киімдерімізді қойып, бас, сақал-мұртқа дейін жайлап алды, тіпті, аузыңа кіріп кете ме дейсің, оны қағып, сілкіп, түсіруіңе әлің жоқ. Кейбіреулер көйлек-дамбалын шешіп отқа қақтағанша, кәдімгі табаға май қыздырғандай бытырлатып, шыжғырылып түсіп жатады». (Сонда, 22-б.).
НКВД кұжатында Әйткешке тағылатын айыптың бірі – Түркістан легионында болғандығы. «Осы легионда Толғанбаев үгіт взводындағы ансамбльге жетекші бола жүріп, легионерлерге антисоветтік ұлтшыл әндерді айтып, пьесаларды қою арқылы фашистік Германияға берілген рухта, сөйтіп кеңес одағына карсы өшпенділікті күшейту тұрғысында идеологиялық жұмысты өрістетгі», – делінген тергеу материалында.
Әйткеш легионда болғандығын жасырмайды және онда не істегенін, қандай іс-әрекетпен шұғылданғанын былайша баяндайды: «Мұнда мен алаңсыз музыкамен шұғылдандым... Үгітшілср взводында отызға жуық музыкант болды. Біз күнделікті дайындық жасап, орындалатын классикалық шығармалармен бірге бағдарламамызға халық әндерін де енгіздік. Басында скрипкада жеке орындаушы болып жүріп, артынан шағын оркестрді басқардым». (Сонда, 42-б.).
НКВД тергеушілеріне қызыләскерді соттап, бас еркінен айыру үшін жау тұтқынында болды деген дерек жетіп жатыр. Сондықтан Әйткеш Толғанбаев НКВД-нің басын көп қатырған жоқ: легионда болды, демек, «фашистерге қызмет істеді», немістерден қашып жүріп, оны ағылшындар ұстаған, олай болса «ағылшын шпионы». Міне, осының бәрі құрастырылып, қиыстырылып, тігісі жатқызылып айыптау қорытындысына жазылды. Оны сарғыш тартқан архив құжаттарынан оқуға болады.
Әйткештің «қара ниетті адамдар менің өмірімді тәлкек жасады. Мені өз еркіммен жауға берілген сатқын, шпион, шет елдік барлау орындарының құпия өкілі деп айыптады. Шын мәнінде мені қаралаған жеке ісімде, кінәмнің жоқтығын, ақ екенімді дәлелдейтін деректер жеткілікті, тергеу ісінің қылмыстық жолмен жүргізілгендігін, үкім шығаруда соттарға қысым көрсетілгеңдігін, заңдылықтың бұзылғандығын істі оқып танысқан әрбір көзі қарақты, озық ойлы, адал, саналы адамдар көздсрін жеткізген болар еді» деуі – 100 % шындық. (Сонда, 6-б.). Солай бола тұрса да басынан аяғына дейін біржақты тек қаралау тұрғысында жазылған НКВД-нің тергеу материалдары негізінде қыршын жасында қолына мылтық ұстап, Отанын қорғаған Әйткеш Толғанбаев итжеккенге жіберілді. Өткен соғыста неміс, ағылшын тұтқынын артқа тастап, туған еліне келгенде орынсыз айыпталып, үшінші рет енді кеңес лагеріне айдалды. Одан босанып шыққаннан кейін өзінің кылмыскер еместігін дәлелдеу үшін бүкіл өмірін сарп етті.
Алматы мен Москвадағы прокуратура, сот, қауіпсіздік органдарына жіберген арыз-шағымдары ылғи аяқсыз қалды, әділдігіне көшіп, дұрыс шешім қабылдаудың орнына «мүмкін есі ауысқан болар» деген күдікпен үйіне жындыхана дәрігерін де жіберген! Не деген масқаралық десеңізші! Мұндай қорлыққа шыдай алмай әбден ашынған Әйткеш ең соңында КСРО президенті М.Горбачевке болған жағдайды баяндап, «мен енді қартайған шағымда совет азаматтығынан шығамын, өйткені тәртіп сақтау органдарының басшылық қызметін жаулап алған жендеттермен бір азаматтықта болғым келмейді», – деп хат жазады. Оның жан айқайын сонда да ешкім естімеді. Әйткеш сияқтылардың көз жасы, қарғысы жіберсін бе, коммунистік жүйе құлады, КСРО тарады. Оның қылмыскер емес екендігі тек еліміз тәуелсіздік алғаннан кейін ғана мойындалды. Ақталған соң небәрі төрт жылға жетер-жетпес ғұмыр кешті. Жазықсыз жанның осылай өмір бойы қуғын-сүргінде болуының өзі өткен қоғамның «қазақтың Паганиниі» атанған Әйткеш сияқты елдің аяулы азаматтарына қаншалықты қатыгездік жасағандығының айқын көрінісі болса керек.
***
Майданда жарақат алған немесе қарусыз қалған қызыләскерлер мен командирлерден жалаңаш қолымен оқ атып, автомат кезенген неміске қарсы тұр, қайтсең де тұтқынға түспе деп талап ету, ондай сөзді естудің өзі тағылық емес пе? Осындай абыройсыз іс кімге керек? Кез келген ақыл-есі дұрыс адам үшін мұндай бұйрық жабайылықтың, сандырақтың, рақымсыздықтың және өнегесіздіктің жарқын үлгісі екендігі өзінен-өзі белгілі: қандай майданда болсын қаза тапқандар, жарақат алғандар, тұтқынға түскендер болатыны хақ. Сөз жоқ, мұндайда барлық тұтқындардың – соғыстың нағыз құрбандарының қолынан келмейтін жағдайларға байланысты олардың міндетті түрде бастан-аяқ қорқақ, жүрексіз, сатқын болуы шарт па?
Түсіндіріп ұғындыруға қажеті жоқ талас тудырмайтын осы қағиданы сарапқа салып, мәселені адамгершілік тұрғысынан шешу мемлекет, әскер басшылары тарапынан бұрын да, кейін де аз болмаған. Нақтылы мысалдар көп.
Бірінші дүниежүзілік соғыста неміс тұтқынынан қашып шыққан әрбір орыс жауынгері мен командирі (тұтқында шамамен 2,5 млн. адам болған) батылдық, ерлік көрсеткені үшін Георгий кресімен марапатталған.
Екінші дүниежүзілік соғыста барлық одақтас әскерлерде, вермахта да, тұтқынға түскен ағайындарына түсіністікпен қарап, мүмкіндігінше қол ұшын созған халықаралық қызыл крест ұйымы арқылы көмектескен. Немістің белгілі фельдмаршалы Роммель болса күдер үзген үмітсіз сәтте жауынгерлерінен тұтқынға түсуді, сөйтіп өздерін Германия үшін тірі қалуды үзілді-кесілді талап еткен. Ал ағылшындар Германиядағы өз тұтқындарын үнемі азық-түлікпен, киім-кешекпен қамтамасыз етіп тұрды. Сонымен бірге әрбір әскери бөлім өзінің жау қолындағы сарбаздарына дер кезінде қажетті заттарды, тіпті шоколадка дейін, беті-қолын жуатын шараға дейін жеткізіп тұрған.
Жаугершілік кезінде қолға түскен әскерилердің кейінгі тағдыры әрқилы, Айталық, бұрын-соңды соғыс кезінде тұтқын болғандардың қатарында Де Голль, Уинстон Черчилль, Броз Тито, Франсуа Миттеран сияқты ірі мемлекет, қоғам қайраткерлері бар. Бірақ оларға туған жері, өскен елі күдік көрсетті ме? Жоқ. Венгерлік Бела Кун мен Ференц Мюнних туралы да осыны айтуға болады. АҚШ, Ұлыбритания, Италия, Германия, Жапония тағы басқа елдердің бұрын әскери тұтқын болған азаматтарының мәселесін мемлекеттік дәрежеде қалай шешкендігі назар аударарлық. Кейбір деректерге үңіліп көрейік.
1950 жылдың шілде айында жиырма төрт американдық жаяу әскери дивизияның командирі генерал-майор Дин Вильям Корей Халық Демократиялық Республикасы әскерінің қолына түсіп, үш жыл тұтқында болған. 1953 жылы бостандыққа шыққан соң Дин АҚШ-тың жоғарғы ордені – «Құрмет медалімен» марапатталады, генерал-майор шені оған тұрақты беріледі, келер жылы 6-армия қолбасшысының орынбасары болып тағайындалады. 1955 жылдың қазан айында генерал-майор Дин көп жылғы сіңірген еңбегіне байланысты отставкаға шықты. Американың әскери ақпарат құралдары оны ұлттық батырлар қатарына қосқан. Ұлыбританияның әуе-десант дивизиясының командирі генерал-майор Уркварт Роберт 1944 жылдың қыркүйек айында Арден қаласының маңында тұтқындалыпты. Оның дивизиясы талқандалып, штат кестесіндегі 10095 адамның 7605-і қырылған, жарақаттанған, тұтқынға айналған. Тұтқыннан қашып шыққан Уркварт «3 дәрежелі Бани» орденімен марапатталып, 1945-1946 жылдары әскери министрлікте қызмет істейді, кейін әскери-десант дивизиясына жетекшілік етеді. 1952 жылы Малайзиядағы ағылшын әскерлеріне басшылық жасайды, сосын Австриядағы ағылшын әскерлерінің бас қолбасшысы қызметіне бекітіледі. Жасы келуіне байланысты қызметін аяқтап, демалысқа шығады. Ағылшын жұртшылығы Уквартты ұлттық батырымыз деп есептейтін көрінеді.
Сорымызға қарай, әлем тарихында қан майданда тұтқынға түскен жауынгерлерінен безіп, опасыздық жасап, теріс айналған, сонымен қоймай оларды сатқын деп масқаралап, жазаға тартқан бірден-бір ел – Кеңес Одағы. Дей тұрсақ та, дауылпаз ақын Қасым Аманжолов айтқандай, «күркіреп күндей өтті ғой соғыс». Ол да тарих қойнауына кетті.
Амантай КӘКЕН,
журналист