Дүйсенхан НАХЫМОВ: Қарапайым түріммен-ақ ұнайын, Ал кеудемде дауылым бар сұрапыл…

4
3141

 

 

Құйрықты жұлдыздай жарқ етіп өмірден ерте кеткен талантты ақын Дүйсенхан Нахымов тірі болғанда биыл 65 жасқа толар еді… 1977 жылы 9 сәуірде, небары 32 жасында дүние салған ақынның артында тек алғашқы жыр жинағы «Тұңғыш кітап» қана қалды. Ордабасыда туып, Оңтүстікте өмір сүрген оның мол мұрасының жарыққа шығуға кезегін күтіп жатқанына да талай жылдар өтіпті. Осы шаруаны қолға алған «Тұран» баспасы биыл Дүйсенхан Нахымовтың жыр кітабын даярлау үстінде. Біз бүгін Өлең деген өлкеде өз отына өртеніп кеткен өр ақынның бір топ жырларын оқырман назарына ұсынып отырмыз.

 

              МЕКЕНІМ

Сүйемін құт мекенім – арда жерді,

Ақ Арыс қыз сияқты талма белді.

Аққудай көлді аңсаған, аңсаймын мен,

Әжемнің алақанындай майда желді.

Қарашы, мына кәусар құба таңға,

Осындай шақтарымда нұр атам да.

Көшенің ұлпа шаңы көтерілген,

Жүк болып қалардай-ау бір атанға.

Шіркін, сол қайта айналып келсе бізге,

Көктем боп біздің өмір енсе күзге.—

Деп бір сәт қараймын-ау су ап қайтқан,

Шолпысы сыңғырлаған он сегізге.

Сүйемін адамдарын жаны нұрлы,

Соларға еркім менің бағынулы.

Десеңші, қандай арман етемін мен,

Ылғи да аппақ таңнан табылуды.

 

      Әжем жән қоңырау

Күздің күні сол шақта реңденіп,

Тұрған-ды ауылыма түр, өң беріп.

Жетектеп әжем мені келе жатты,

Көңіліне қуаныш пен жыр өңгеріп.

Кездескенге мақтанып жолымдағы,

Әжемнен қалмай келем жанымдағы.

Менің ерке күнімдей бұлғақтайды,

Матадан тіккен сөмке қолымдағы.

Ұлы өмір серпіп жатты ақ қанатын,

Көңілде арман толы ақтаратын…

Сөмкеде кітаптардан әлде қайда,

Әжемнің салған наны көп болатын.

Тағдырдан алып жүрдім ырысымды,

Келер көктем жетелеп үмітімді.

— Әкең не істейді?— деп сұрағанда,

Көп құрбымның лаулаған жүзі сынды.

Сәбидей бесікке сап еркелеткен,

Осылай өтіп жатты ерте көктем.

Алғашқы қоңыраумен әжем күліп,

Сияқты мені өмірге ентелеткен.

«Демейтін барлық бақыт маған қоншы,

Әйтеуір, білім болсын саған жолшы,

Деп әжем маңдайымнан сүйген еді,—

Айналайын, ел сүйген адам болшы!»

Шықтым ба сол тілектің үдесінен,

Шықпайды әлі сол бір күн есімнен…

Әжем менен тапқандай күлімдейді,

Өзінің бір шаттығын түгесілген.

… Жылдар өтті қаздардың қанатындай,

Дала жатты тербетіп баласын жай.

Әжемді көрген сайын қуанамын,

Қайтадан мектепке ертіп баратындай.

 

САРҒЫШ   ТАРТТЫ АТЫРАП

Сұр шатыры дөңгелеп,

Келіп жетті күз-дағы.

Сары бояу баяу өрмелеп,

Терек бойы мұздады.

Сарғыш тартты атырап,

Шәлісіндей анамның.

Өзен ақты сарқырап,

Асыға күтіп таң алдын.

Төркіндеді күн ыстық,

Жайы кетті масаның.

Шөптердегі күміс шық –

Гөзәл көзі матаның.

Тырналар кетті қайрылмай,

Қоштасып әрең көк көлмен.

Терек тұр бірақ айрылмай,

Өзегіндегі көктемнен.

 

                   Ұнатам

Көңіл – таудан ой- тастарды құлатам,

Өйткені мен ойлануды ұнатам.

О, кең дала, жайлауыңды ұнатам,

Қиялда деп өсиет еткен ұлы атам,

Ұлы атамдай қиялдауды ұнатам.

Өз еліме күй арнауды ұнатам,

Еңбегіммен сый арнауды ұнатам.

Жырымменен жалқауларды жылатам,

Өмірдегі жақсы күнді ұнатам.

Мәңгі өлмес жастығымды ұнатам,

Мәңгі тірі шаттығымды ұнатам.

Үйрендім мен батырлықты халқымнан,

Қуануды күнде өскен даңқыңнан…

 Үйрендім мен көлдей терең болуды,

Дариялар сарқылмай мен сарқылман.

* * *

Қидым тағы өлеңге бір түнімді,

Құйдым тағы тереңге күркірімді.

Жүрегім осы түні мың тілінді,

Билетіп қарлығаштай кірпігімді.

Еркімді бір керемет байлап алып,

Қиялмен бұлт жамылған айға барып.

Жанарда нөсер күндер айлап ағып,

Осылай өтер түндер ойда қалып…

 

       Мәңгілік өмір

Атқарсам еңбек ән қылып,

Жасықты жолға қалдырып.

Таң ата күнмен күресіп,

Жықсам-ау кешке талдырып.

Күн жүрсе маған ілесіп,

Осы екен өмір мәңгілік.

Тауларды асқар қопарып,

Тастасам егер жол қылып.

Жанып бір тұрсам от алып,

Осы екен өмір мәңгілік.

Дүние тұрса бабында,

Жоғалса соғыс, лаң, бүлік.

Адамзат жүрсе жанымда,

Осы екен өмір мәңгілік.

Көтеріп құдай арымды,

Әлемді тұрсам таң қылып.

Ел үшін қисам жанымды,

Міне, осы өмір мәңгілік

 

Түнгі серуен

Түн неткен қою бүгін кап-қараңғы,

Болмастай ажыратып ақ-қараңды.

Келемін сәулемменен шыр шертісіп,

Қос жүрек шырқағандай мақпал әнді.

Жібердік кең жайлауды думан қылып,

Жас тәнді тәтті ләззат, жырға алдырып.

Қалқамның «жаным» жалғыз сөзі,

Келеді айналамды нұрландырып.

* * *

Жап-жаспын мен, он тоғыз-ақ қыр астым,

Ұяңдығым мүмкін, әлде содан ба.

Дейсің бәрі күліп маған: жуассың.

Салқын пішін болмай ма екен адамда!

Сыртқы пішін. Несіне оны сұрайын,

Бір сөзім бар, кідірші сәл, тұра тұр.

Қарапайым түріммен-ақ ұнайын.

Ал кеудемде дауылым бар сұрапыл,

Жастық өмір көк дауылын сапырып.

Тұруының қажеті жоқ. Жайды ұғын.

Жатыр іште бір Жанартау атылып,

Сол ғой менің сұлулығым, байлығым.

 

Мейлі, достар, айбатты дер, сұсты дер,

Керек емес сұлу біткен пішінің.

Сұлулығын көрем десең түп-түгел

Ішіне үңіл ең алдымен кісінің.

 

            Көңіл күйлері

Жерде аяғым, ойым сонау аспанда…

Алға ұмтылған арманым көп жас жанда.

Тартып алдым торғын көктен жұлдызды,

Сол жүректі дүрсілдетіп ұрғызды.

Түннің бір сәт сырлы үнін ұғындым,

Таңның бір сәт самалынан жығылдым.

Күннің бір сәт шапағынан өртендім,

Лаулай жанып келер күнге ұмтылдым.

Көңілімдегі асқар тауым тұрғызған,

Құлап қалды, құлап қалды бір қыздан…

Көл бетінде ай сәулесі жарқылдап,

Шақырады жұпарымен салқын бақ.

Бір секундтың тілі жылжып сырт етті,

Ақын жаны бір үмітпен жылт етті.

Үміт енді аққу болып ұшты әні,

Сұлу еді неткен, шіркін, құс тәні.

Ұмтыл, ұмтыл! Айлы түнде жарыққа.

Арманым боп көк төрінде қалықта.

Шарбы бұлттар жөнкіледі жоғалып,

Торғын аспан кемпірқосақ оранып.

Көңілімде қызыл шапақ күн батты,

Көңілімде алтын арай таң да атты.

Жұлдыз – құстар тарасыпты сырласқан,

Қандай әсем, қандай тұнық нұрлы аспан!

Сол аспанда алақандай көк теңбіл,

Бұлт па өзі? … неткен сұлу, мөп-мөлдір.

Мынау аспан көкте орнаған көл екен!

Аспан-көлде қалықтайды күн-кеме,

Әр күн сайын ие болған жүлдеге.

Ақша бұлттар аспан көркін жырласқан,

Қандай таза, қандай ару нұрлы аспан!

… Әкелген жоқ мұның бәрін бір жақтан,

Өз Отаным, өз жүрегім сырласқан.

 

             Өтсем деймін…

Мөп-мөлдір күзгі шықтай таңғы сырлар,

Таңғы сырлар – кеудемде ән-құсым бар.

Алыстан күй тербетіп мен келіп ем,

Ағайын, аман-есен бармысыңдар!

Қиырлардың шарладым оппа қарын,

Қадірін ұғынсам деп ақ, қараның.

Талай көйлек кірледі, кірлетпедім,

Бір ұлдың елге деген әппақ арын.

Кезіктім ыстық жердің аптабымен,

Бақтарымен, көп жердің ақ таңымен,

Жылдар бойы жүрсем де анашымның,

Жалғыз тамшы ақ сүтін ақтадым мен.

Бар сағыммен кезігіп, барша күнмен,

Кей шақтарда ол рас, шаршадым мен.

Адамға біте бермес сағынышпен,

Кірпік қақпай туған жер аңсадым мен.

Айналып кең өлкемді шыр көбелек,

Өтсем деп ем бәріңді күнге бөлеп.

Шөл далада құлпырған жалғыз гүлдей,

Жалғыз менің бақытым кімге керек?…

 

Қыс көріністері

Айнала жаудыраған ақ жанарлар…

Қараймын әппақ оймен сүйініп бір,

Сыбдырлайды сұлу қыс сырласымдай

Көк мұздар ілініп тұр,

Теректің шың басында

Қалындық сырғасындай.

Алдымнан шашылып жатқан жыр көремін

Айнала жалт-жұлт еткен ерек көрік.

Келер жылға жеткерер нұр қорегін

Аспан өзі тұр жерге елеп беріп.

Аяз-ата көтеріп алды етегін,

Жастарды ол жасқандыра алады ма?!

Айналып кеткен бе-ей, бұл мекенім

Кәдімгі бишілердің алаңына.

Серуендедім тегіс жон. Соқпақтарда,

Білмедім жүрмедің бе, жүрдім бе өрге.

 Қалшиып қарай бердім әппақ қарға

Ақ сәулемді ойға алып тұрмын ба әлде?!

… Ызғарға тоза берем арқамды жай,

(Қыздар күлсе дәл маған күлсе керек)

Япыр-ай, мына қыстың дарқандығы-ай,

Үстімнен жатыр әлі жыр себелеп…

* * *

Ақ боран жынданғандай ұйытқиды,

Кеудеге салып қойып тұйық күйді.

Маңдайдан соққан асау өткір желді,

Қайықтай сүзіп шана жүйткиді.

Алдынан талай боран күтсін мейлі,

Қарлы дала шайқас бір үсті гөйлі.

Көзге түртсе көргісіз айсыз түнде

Аттардың құлағы да жіпсімейді.

Өздерінше күш алып өтіп қырдан,

Межелі жерге аттар жетіп барған.

Түңлікше желпілдеген танауға да,

Ақ сүңгі суық мұздар қатып қалған.

Жоқ, жолшы еске алмайды тұйық күйді

Боранның әлі келмей ұйытқиды .

Осынау әппақ шана ақ дүниемен

Ақ үмітті алға алып жүйткиді…

* * *

Көше арасы сияқты бір айдала,

Жолаушыға бір ауыз тіл қатпаған.

Алай-түлей ышқынады айнала.

«Түкірігің жерге түспес ақ боран»

Бораныңмен ұяң қыздай таң араз,

Таңды сүйді ақ боранның ер тісі.

Бет жалаған қызыл шұнақ сары аяз –

Қытымыр қыс еншісі.

Қыз-жігітің аппақ қардан ту алып,

Қыраттардың сыпырады етегін.

Мұндай кезде еске аласың қуанып,

Бұл дүниеде көктемнің бар екенін.

****

Әсем бір әуен күмбірлеп,

Кең қырға сыймай барады.

Қыз үні енді бір-бірлеп,

Әнге орап алды даланы.

Шарықтап жатыр қыз әні,

Төмендеп қалды бар биік.

Дандайсып тұрған шың әне,

Әуеннен ол да қалды ұйып.

Алысқа ұзап әу демде,

Қағып ап жатты белең көп.

Құрбымның әні кеудемде,

Құйылып жатыр өлең боп!

 qazaquni.kz

 

4 ПІКІРЛЕР

  1. МЕКЕНІМ

    Сүйемін құт мекенім – арда жерді,

    Ақ Арыс қыз сияқты талма белді.

    Аққудай көлді аңсаған, аңсаймын мен,

    Әжемнің алақанындай майда желді.

    Қарашы, мына кәусар құба таңға,

    Осындай шақтарымда нұр атам да.

    Көшенің ұлпа шаңы көтерілген,

    Жүк болып қалардай-ау бір атанға.

    Шіркін, сол қайта айналып келсе бізге,

    Көктем боп біздің өмір енсе күзге.—

    Деп бір сәт қараймын-ау су ап қайтқан,

    Шолпысы сыңғырлаған он сегізге.

    Сүйемін адамдарын жаны нұрлы,

    Соларға еркім менің бағынулы.

    Десеңші, қандай арман етемін мен,

    Ылғи да аппақ таңнан табылуды.

  2. Пақ-пақ шіркін ,»қайнағасын» жоқтатқан бастық-кришаңнан айналдым Қадірлесе әйелдарін сол ағаңдай құрметтесін «үлкен»,»кішкентай» әйелдерім деп

Пікір жазу

Пікіріңізді енгізіңіз!
мұнда сіздің атыңызды енгізіңіз