ӨНЕГЕСІ ӨЗГЕ ӨМІРЗАҚ
2024 ж. 03 мамыр
2777
1
Қазақ тарихындағы ең ауыр екі қателік
Санаулы күннен кейін 70 жасқа толатын Өмірзақ Ақжігіт технардан шыққан тәуелсіз журналист. Технардан шыққан қаламгерлерді марқұм Медеу Сәрсекеден бастап есептесек саусақпен санарлық. Өмекең тәуелсіздік аталатын жабайы капиталистік қоғамға ә дегеннен ақ, деколонизация, декоммунизация өткізу қажеттігін ликбезде сан рет атап көрсетті. Үш жүз жыл бойы қожайынның жұмсағанына барып келуді мәртебе санап, желке шашы желпілдеп жүргендердің ұғымында тәуелсіздік дегеніміз тойханаға түйемен кіру, құдаң тік ұшақпен келу, қонаққа акула сою деп түсінетін тобырға қастерлі ұғымды ұғындыру оңай шаруа емес-ті. «Өткен ғасыр басында ойлайтындардың, ойлана алатындар дың жолы болмады, есесіне айтқанды бұлжытпай істейтіндердің асығы алшысынан түсіп көпшілік соған қалыптасты» депті бір ғұлама. Тәуелсіздіктің бір көрінісі - биліктің қиғаштау жерін дер кезінде байқап, ескерту жасап отыратын оппозиция. Біздің оппозиция туралы таным түсінігіміз де көмескілеу. Танымал «қайраткер» бұрынғы кемікті де кілегейлі лауазымынан айрылған кезде аттандап, өзінің «әділетсіз қоғамда» өмір сүріп жатқанын енді біліп, болашақта әділет орнатуға күш салатынын айтқанда сене саламыз. Ал оппозицонер: «Ханнан қырық туғанша, қарадан бір-ақ тусайшы, артымыздан біздердің, ақырып теңдік сұрарға (Махамбет)» демекші табиғи болмаса пайдасызға ұқсайды. Бұл жағынан Өмекең ата мирас оппозиционер. Атасы Ақжігіт қызылдарға қарсы Созақ көтерілісін басқарған атақты Салықбай мергеннің он жеті мергенінің бірі болған. Жыр алыбы бабамыздан жеткен отты шумақтар да: «О данышпан сабазым, езілгенді теңедің, Зарыққанды жебедің, Жер жүзіне шамшырақ орнатамын деп едің» боп аяқталатын. Сол «шамшырақ» Созаққа жаңбырдай жауған пулемет оғы түрінде жетті. Күші басым жаудан жеңілген мерген: «Естіген жан дұға қыл, Салықбай мерген ұсталды» деп сабаздарына бас сауғалауға рұхсат берді. Таңертең басталған шайқас түн ортасына дейін созылып, пулемет оғынан жусап қалған сарбаздардың өлгеніне сенбеген қызыл жендеттер «контрольный выстрелдің» орнына штыкпен шаншып анықтаған. Түнгі шайқаста жеңіл жараланып үйілген мәйіттердің арасында құдай қағып тірі қалған Ақжігіт мерген жалғыз ұлын мінгестіріп, тәжік асып кеткен. Өмекең сонда дүниеге келген.(Сондықтан тума оппозиционер). Отбасы Атамекенге тың көтеру жылдары оралған. Бір өкініштісі өзге республикаларда ұрда-жық шұлғаудан шыққан шуаш шолақ белсенділердің екпіні бізге қарағанда бәсеңдеу болған. Сондықтан қазіргі «аралмандардың» аталары өзге елде сан азапқа төзе жүріп ұрпағын аман сақтап қалған. Дулат Исабеков ағамыз бір шығармасында Мәскеуден шыққан қаулы-қарарлардың жол бойы онша орындалмаса да, төрт мың шақырымдық Алматыға жеткенде мүлтіксіз орындалатынын тамаша суреттейді. Тәуелсіздік жетістіктерінің бірі, қоғам барометрі -әлеумет тік желінің мәліметіне қарағанда, қазіргі жазғыштар әр өңір қайраткерлерін «жекешелендіріп» алып, өзге қаламгерге «біздің пәленшекеңде не шаруаң бар?!» деп ақиып шыға келетін көрінеді. Ал Өмекең мұндайдан ада, сұхбатына рулық деңгейден биіктеп, ұлттық деңгейге көтерілген азаматтарды таңдайды. «Әй өзім де қумын- ау, Өктәбірден ары бармаймын» деп өмір сүрген атақты ақын ағасына кереғар, көп қаламгер бата алмайтын тікенді тақырыптарды қозғайды. «Қисынды сұрақтар қоя білу - ақылдылық пен көрегендіктің белгісі» депті бір ғұлама. Оның бір дәлелі - ардагер журналист Сапабек Әсіповтен алған сұхбаты. Қазақтың ата-бабасынан қалған шұрайлы қонысынан ақ патша жарлығымен айрылған қайғы-қасіреті, ыза-кегі, мұң-зарын қағаз бетіне түсірген мұндай туынды жоқ. Сонымен бірге бірлікке шақыруда жан тебірентер мақал шығарғыш қазақтың өзі шығарған мақалға амал қылмай, өзге ұлттарға жем болуы. Сұхбаттан үзінді. С.Әсіпов: «...Келесі жылы Свердлов Әліби Жанкелдинге «Мәскеуге кел, Қазревкомға басшы боласың, Ленинмен, Троцкиймен ( ол кезде Троцкий есімі Ленинмен қатар аталатын) бұл мәселе келісілді» дейді. Свердлов сонымен қатар сол кездегі «Алаш» қайраткерлерін де шақырады. Бұл делегациясының құрамына Ресейлік 1-ші, 2-ші думаның депутаты Бақытжан Қаратаев, Кеңес өкіметін мойындаған Ахмет Байтұрсынов секілді тағы басқа бірталай азамат кіреді. Барған соң оларды Ұлттық қатынас халық комиссары Иосиф Сталин қабылдайды. Ол жиынды ашып, Қазревкомның төрағасы тағайындау туралы күн тәртібін жария етіп, большевиктер Әліби Жанкелдинді ұсынып отыр, сіздер де өз кандидатыңызды атаңыздар дейді. Бір қазақ орнынан тұрып: «Біз ешкімді ұсынбаймыз. Әліби Жанкелдинді де қолдамаймыз, себебі біз, қазақтар, үш жүзге бөлінетін халықпыз, Жангелдин болса өз жүзіне бұра тартып кетуі мүмкін. Сондықтан бізге орыс, немесе басқа бір бейтарап ұлттың өкілін басшы етіп жіберулеріңізді сұраймыз» дейді. Қандастарының мынадай ісін көрген Әлекең өзінің туысы, Торғай военсоветінің төрағасы Байқадам Қаралдинге (композитор Бақытжан Байқадамовтың әкесі) қарап өзіне қолдау күткендей болады. Көмек күткен Қаралдин болса төмен қарап шұқшиып қалады. Содан Сталин баяғы Царицыннан қалған ішіне қатқан кегі бар ғой, қуанып кетпей ме, «Мен онда басшылықпен ақылдасып алайын» дейді-дағы, ертесіне «біз сіздердің ұсыныстарыңызбен келістік» деп, өзінің орынбасары Станислав Пестковскийді тағайындап жібереді....» Менің екінші кітабымда «Қызғаншақ қайраткерлер - қызыл қырғын құныкерлері» деген мақалам бар «Құныкер» деген сөздің не екенін білесің ғой? Сонда бәрінің атын атап түрін түстеп айтып бердім.
Енді Данабике Байқадамованың, қазақтан шыққан тұңғыш стенографистің, Мұхтар Әуезовтың «Абай жолы» романын қағазға түсірген адамның өз аузынан естігенімді айтайын. «Әлекең біздің үйге келіп жүрген бір ретте Бақытжан екеумізге былай деді: «Тағдырым қыл үстінде тұрған Мәскеудегі сол бір оқиға кезінде мен Байқадамға қарап «ең болмаса сен бір ауыз сөз айтсайшы» дегендей болғанымда, ол мені қолдауға жараған жоқ». Әне сол қызғаншақ қайраткерлердің кінәсінен қазақ 1932 жылы төрт миллион адамынан айрылды.
Өмекеңнің осындай «еркін ойлы қайраткерлердің пікірін оқырманға жиі жеткеріп тұру керек» дегені есте. Бір сөзінде: «Бабам қазақ бір тойынса кекіріп, Ұмыта салған кеше көрген аштығын» деп абыз ақын айтпақшы қазақ көрген азабын, қайғы қасіретін, зорлық зомбылығын оңай ұмыта салатын халық қой. Қазіргі қазақты «Ақтабан шұбырындының мәңгі майданына» айналдырған «Жер туралы кодексті» ұсынған үкімет басшысының, қабылдаған Мәжіліс, Сенат депутаттарының есім-сойын жылына екі рет баспасөзде жариялап халықтың есіне салып тұрса тамаша болар еді» дегені бар.
Өмекеңнің және бір оқшау ойы - ол Алаш қайраткерлерінің алауыздығынан жатқа тізгін беруінің тамыры тереңде дей отырып, 1730 жылы Аңырақай шайқасында біріккен қазақ әскерінің бас қолбасшысы Әбілқайырдың қайтыс болған Болат ханның орнына үш жүздің ұлы ханын сайлауда «игі жақсылардың» алауыздығынан хан сайланбай қалуын ұлттық трагедияға балауы. Рубасы байлар мен билердің ұлт мүддесі үшін жаны пида, әділ де қатал, алдағыны болжағыш Әбілхайырдың орнына момын, жалтақ Әбілфейізді сайлаған салдары аса ауыр, стратегиялық қателігін қайталауы. Еңбегі орасан зор, сол себепті бәйгені шаппай алып тұрған Әбілхайыр хан мынадай арқасына пышақ ұрған сатқындарға өкпелеп, орынды өкпелеп, біраз сарбазымен еліне қайтады. Оған дейін қаза тапқан сарбаздардан басқасы «қалмақты Алтайдан асырмай қайтпаймыз» деп қалып қояды. Қалғанымен, теңдессіз қолбасшысыз қалған қазақ әскері қалмақты өздері ойлағандай 3-4 жылда жеңе алмай, соғыс 25 жылға созылып кетеді. Ал, 30 жыл бойы қазақ үшін Ресеймен де шайқасқан Әбілқайыр ханның адалдығына күмәнділер тарихшы Самат Өтениязовты оқысын дейді Өмекең.
«Қазақтың жауы – Гукасовтар!»
Өмекең сұхбаттасқан ерекше кейіпкердің бірі де бірегейі - әлемдік деңгейдегі су шаруашылығы маманы Мәлік Әбілбекұлы Сәрсенов. Мәлік ағаның өз сөзімен айтқанда «жаны Қазақстанда, тәні Өзбекстанда» жүріп даңққа бөленген азамат. Құлаған сәбет мемлекетінің «ақыл ойы» болған ұраншыл басшылар Арал теңізін орны толмас апатқа ұшыратып тынды. Дәлел ретінде Мәлік Әбілбекұлының сұхбатынан үзінді:
«- Мен КСРО Жоғары Кеңесіне депутат болып жүргенде КОКП ОК менен КСРО Совминінің Арал мәселесі бойынша бірлескен қаулысын шығартқанбыз. Нөмірі әлі есімде, 1150 болатын. Қаулының 21-бабында мынадай сөздер жазылған болатын: «Госплану СССР в планах пройзводительных сил страны выделять «Аралводстрою» капвложения и материально-технические ресурсы в необходимом количестве отдельной строкой». Осы жағдайды Қызылорда обкомының бірінші хатшысы Еркін Әуелбековке айттым, ол кісі Нұрсұлтан Назарбаевқа айтыпты. БІр күні съезде Нұрекең «Қызылорда мелорациясын» алсайшы деді. «Нұреке, мен оны қашшан алуым керек еді» дедім. «Сіздер үндемей жүрдіңіздер. Мен қазір үкіметтен 522 миллион сом аламын. Қызылорда облысының алатыны - 12 миллион сом. Мен қазақтың баласымын 522 миллион сомның 260 миллионын беретін едім ғой Қызылордаға!» Түрікмендерді қараңызшы, Ташауыз облысын «Аралводстойға» баяғыда артып қойды.
«Болды, Гукасов келеді саған!» деді. Бір уақта Гукасов келді. Келді де айқайлай жөнелді «Чье ты выступаеш перед Назарбаевым?! » «Я ни перед кем не выступаю. Если выступаю только перед депутатами, перед народом». «Зачем ты все эти говорил Назарбаеву? Взбаламутил Назарбаева, теперь он говорит «давай, передай «Кызылордамелорацию» «Аралводстрою». «Он правильно говорит!» «Не надо! Без Вас обойдемся. Мы сами на Москву выйдем». «Не надо так, не надо. Выйдешь - ради бога!»
Келесі жылы мен 710 миллион сом алдым. «Қызылордамелиорация» 14 миллион сом алды. «КамАЗ» самосвалының өзінен мен 1800-ін алдым. Қызылорданың қанша алғанын мен білмеймін. Экскватордан да екі мыңға таяуын мен алдым, олардың алғаны бес- алтау. Сонда, құдай-ау, Нұрекең кімге сеніп отыр? Гукасовқа!
-«Қызылордамелориация» сол бойы сізге берілмей қалды ма?
– Берілген жоқ! Осыған менің ішім удай ашиды.
–Гукасовтың сөзін кейін Әуелбековке неге айтпадыңыз?
-Айттым мен! «Ереке, осылай болып жатыр, мына Гукасов жау ғой бізге» дедім.
– Ол кісі не жауап қайтарды?
-Ешқандай жауап қайтарған жоқ, есітті бірақ үндемеді.
- Онда Назарбаевтың өзіне неге айтпадыңыз Мүмкін Әуелбеков Гукасовтан қорыққан шығар, мүмкін басқа себептері болған шығар, сіз бөтен республиканың адамысыз, Гукасов тұрмақ Нұрекеңнен қорқатын ретіңіз жоқ, «Нұреке, Гукасов деген ер шықты, сіздің бұйрығыңызды орындамайтын шер шықты» деп неге айтпадыңыз?
-Оның сенген адамын барып жамандаған болып шығамын ғой. Бірақ Қызылорданы бермегендері бекер болды.
–Сіздің Нұрекеңе айтпағаныңыз бекер болған!
-Мүмкін... Нұрекеңнің Гукасовқа сеніп сондай орынға қойғанына ішім удай ашиды менің. Одан да маған «ал өзіңе!» деп айтты ма, болды, сонымен тоқтау керек еді. Жоқ, ол кісі барды да Гукасовқа тапсырды, ал ол қарсы шықты. Үш жылдың ішінде Қызылордаға кемі жарты миллиард сом аударып жіберер едім ғой. Ең болмағанда Сырдариясын тазалап алар еді. Мен Әмударияға 84 земснаряд қойдым. Басынан аяғына дейін, Ауғанның шекарасынан Аралға дейін тазалап тұрды. Чехославакиядан әкелдік әлгілерді - керемет! Он экскватордың жұмысын бір өзі істейді. Мендегі бір ПМК жүз миллион сомның жұмысын атқаратын еді ғой. Бір жылда 18 мектеп, 25 балабақша, қаншама аурухана, қаншама емхана салдырушы едім....» (Мәлік көкеміздің әкесі Әбілбек Киров каналын қаздырған гидротехник, «Қазкирисупр», «Қазирголстепстрой», «ҚазМЭС», СМУ, «Стройдеталь» зауытына бастық болып, Жетісайға еңбегі ерекше сіңген ардагер. Бірақ, көрген сайын Мәлік ағадан кешірім сұрайтын әкім ардагердің атына көше берер емес. Бұл да Әбілхайырды хан сайламаған, Жангелдинді Қазревком сайламағандардың ұрпақтарының әлі баршылық екендігінің бір көрінісі» дейді Өмекең).
Өмекеңнің сұхбатын таңертең оқыған мақұл, кешке дейін ашу-ызаңыз тарайды, әйтпесе кешке оқысаңыз, түнімен дөңбекшіп шығуыңыз ықтимал.
Өмеке, желіп жеткен жігіт жасыңыз құтты болсын! Деніңізге саулық, отбасыңызға амандық, бақыт, байлық тілеймін! «Ақылдыны қайғыландыратын, ақымақты ойландыратын» сұхбаттарыңыз көп болсын!
Нысанбай Қуанәлиұлы,
Қазақ үні