ҚОЛТУМАСЫ ҚАЗАҚТЫҢ ЖАН СЫРЫНДАЙ
2024 ж. 07 маусым
2872
0
Шығармашылығы туған жердің табиғатымен, халқының тарихымен, өзі өмір сүрген уақыттың тыныс-тіршілігімен тығыз байланысты тума талант, Халық суретшісі Әбілхан Қастеевтің туындыларына деген қызығушылық уақыт өткен сайын артпаса кемімек емес. Өйткені, ұлы суретші өзі куә болған өмірдің, өзі естіп білген тарихтың, өзінің көзі жеткен шындықтың көркем шежіресін жасап кетті. Содан да Әбілхан Қастеев есімі – ел аузында аңызға айналған қастерлі де қымбат есім. Әбілхан аға өз бетінше сауатын қалай ашса, суретшілік дарынының бұлақ көзін солай аша білді. Оған жаратылыс, суретшінің құдыретті көзі мен қолын, өмірге деген зор махаббатқа толы жүрек, нәзік сезімге бай ақындық шабыт сыйлады.
Біз суретші қалдырған мұрамен бетпе-бет келгенде, оның сыры мен шеберлік құпиясын танып білуге зер сала үңілсек, суретші тек сурет салудың, акварель мен майлы бояу техникасын меңгерудегі орасан зор еңбегінің үстіне көзі көрген, көңіліне түйген өмір шындығын зерделей зерттегенін байқар едік. Суретшінің табиғат кеңістігін, адамдар бет-бейнесін, өндірістік күрделі пейзаждар панорамасын жасаудағы шеберлігімен бірге оның қазақ халқының көшпенді тұрмыс- тіршілігіне қатысты ұлттық-этнографиялық ерекшеліктерін жақсы біліп, нақтылай бейнелей алғандығын көреміз.
Қылқаламды қолына отыз жасқа тақалғанда алған суретші оған дейін өмірінде көргендерін, қазақы тұрмысқа қатысты тіршіліктынысын көңілге тоқып өскендігі байқалады. Оның алғашқы туындыларынан («Мектепке бару. Топталған портрет», «Автопортрет» (1932), «Көкшіл киім киген қазақ қызы», «Кенесары портреті», Абайға арналған иллюстрацялары, т.б. бастап қандай тақырыпқа салынған суреттері болсын тұрмыста тұтынған бұйымдарынан киген киімдері мен үй-ауыл көріністерінен-ақ өз ұлтына тән айырықша жаратылыстан айнымайды.
Мәселен, Абай тақырыбына салған көлемді акварельдік жұмысында бірінші планда ұлттық киімде, алдындағы аласа дөңгелек үстелде қағаздарын жайып, шығармашылық ой үстінде отырған ақын бейнеленген. Одан арырақ тігілген әдемі киіз үй, одан кейінгі планда киіз үйдің тігілу процесі – керегелердің қанат жайып, уықтардың шаңыраққа қалай шаншылғанын көреміз. Киіз үйдің қасында тұғырында отырған томағалы бүркіт үймен салыстырғанда (пропорция тұрғысында) сәл үлкендеу болып шыққанымен, оны да өмірден көргеніндей жасағаны байқалады. Бұл – ұлы ақынның қолы босағанда саятшылық құрғанын аңғартады. Сай ішімен ағып келген өзеннің арғы бетінде жайылған мал, сауатын биені ұстауға әрекеттеніп жүрген малшылар болса, бергі таза да тыныш жағасына тігілген үй ақынның ой қызметіне ешкімнің бөгет жасамауын ойластырғандай. Біз бұдан көшпенді тұрмыстың өзіндік мәдениеті мен тазалығын, жалпы жайлауда, жазда үнемі жасыл шалғында, таза табиғат төсінде өмір кешкендеріне тағы да куә боламыз.
1936 жылдары жазылған «Бие сауу», «Колхоздың сүт фермасы» картиналарында сол көшпенді тұрмыстың кеңестік дәуірде де жалғасын тапқандығы бейнеленеді. Бие сауудың ерекшелігі, қымызды ішкен оңай болғанымен оның дайындалу процесі оңайшылықпен келмейтіні баяндалады. Уақыт өте келе, тұрмыс-тіршілікке арласқан техникалық жетістіктерді суретші назардан тыс қалдырмайды. «Сүт тартатын машина қасында», т.б.
Сиырдың сүтінен құрт-ірімшік әзірленетіні, сол кезде кірген жаңалық – сүт тартатын машинаның пайда болуы, одан алынған кілегей, қалған сүтті қайнатқан соң түсетін ірімшік, одан құрт сығу, оны кептіру үшін жайылған ши-керме секілді ұлтымызға тән астың дайындалуы; ас үй секілді тігілген кішкене қараша үй, бәрі-бәрі суретшінің көзімен көріп бейнелеген шындығы.
Ер адам мен әйелдердің киім киісі, біріне-бірі жасап жатқан қолғабыстары ұлтымыздың ас әзірлеуге өте мұқият қарағандығын көреміз. Мұндай жұмыстың үлкен-кішілігі жоқтығы, мал өсірген соң оның еті мен терісінен басқа сүтінің өзінен бірнеше тамақ түрінің дайындалатынын алдымызға тартады. Әрине, бұл көрініс тарих қойнауында қалды. Қазіргі сүт өнімдері мүлдем басқа жағдайда алынатынын ескерсек, бізге суретші өз заманының үлкен этнографиясын қалдырып отыр.
Этнографиялық ерекшеліктер дегенде, суретшінің қарындасының мектепке бару қуанышын бейнелеген жұмысындағы қарындасы мен кимешек киген жас әйелдің, бәлкім, мойнына қызғылт сөмке асынған өзінің үстіндегі киімдердің өздеріне жарасымды үлгісімен ерекше есте қалады. Әсіресе, алдыңғы пландағы қарындасының қызыл төбелі құндыз бөркі, жағасына шашақтар тағылған қаракөк камзолы, бүрме етекті қызыл көйлегі – қазақ қызына ғана жарасар әдемі киім үлгісін мәңгілікке келер ұрпаққа қалдырғанын сол кездегі жас суретші білді ме екен?..
Әбілхан Қастеевті суретші ретінде өз қатарынан оздырған артықшылығы да, міне осы, әр детальге сол кезден мән беріп, бейнелеп отырған адамын киндіруде, оны қоршаған ортасын, табиғаттың «көңіл-күйін» үйлестіріп берудегі сезімталдығында жатса керек. Бұл қасиет Қастеев шығармашылығында уақыт өткен сайын тереңдемесе, кеңеймесе, бәсеңсіген емес.
Қазақ киіз үйін бейнелегенде ол жай қарапайым үй ме, әлде ханның ақ ордасы ма, әр қайсысының өзіне тән ерекшелігін ескереді. 1934 жылы салынған «Киіз үйде қымыз пісіп тұрған әйел» атты суретінде үлкен теріден жасалған сабаны әдемі піспекпен пісіп тұрған әйел. Керегеде ілулі көнек, дайын қымызды құйып қойған ағаштан жасалған үлкен шарана, саба орналасқан жүкаяқ – барлығы тек сол кезге тән тұрмыстық дүниелер.
1932 жылы қарындасының киіз үйдің қасында киім тігіп отырғын отырысы да қазақ тұрмысынан хабар береді. 1930 жылдары «Қазақ портреті», «Сағымбек Құсықбаевтың портреті» деген алғашқы еңбектерінде-ақ, ер адамдардың бас киім үлгілеріндегі есте қаларлық ерекшеліктерімен қоса адамдардың мінез-құлқының өзгешеліктері бейнеленген. Көшпелі өмір салтты еске түсіретін тағы бір сурет «Қымыз ішуде» (1940). Киіз үй ішінде төрде отырған, бастарына бөрік, тұмақ киген үш ер адам жастары ұлғайған, құрметті ауыл ақсақалдары болса керек. Тостағандарымен алдарындағы қымыздан рахаттана сіміруде. Үй иесі жас жігіт үлкен ағаш шаранадағы қымыздан сапырып, құйып беріп отыр. Киіз үйге кіргенде оң жақта қол диірменмен талқан тартқан жас әйел бейнелеген. Қасында тақиялы баласы да кішірек тостақпен қымыз ішуде. Алдыңғы пландағы жағылған ошақ басында үлкен жез шәугім мен жез леген, төрдегі қонақтардың арт жағында жиылған сандық пен көрпе-жастықтар үй тұрмысына қажетті бұйымдар. Қонақтардың астына төселген оюлы текемет-сырмақтар, керегеде ілулі кесеқаптар бұл үйдің тұрмысының тәуір екендігін аңғартады. Сол жылы салынған «Құдық басындағы бай мен кедей» акварельдік суретінде мал суару сәтінде жұмысынан алдебір кемшілік тапқан бай жалшысының жағасынан алып, зекіп жатыр. Ауыл тұрмысында барлық өмір мамыражай өтпейтіндігін, кейде осындай кикілжіңдер болып тұратынын да суретші еңбегінде қалдырған. Әбілхан аға өзінің «Ескі және жаңа тұрмыс» топтамасында мұнан да өткір сюжетті «Қызды зорлап алып қашу» картинасында керемет психологиялық тартысқа құрылған композицияны ұсынады. Қара түнек басқан көңілсіз рең-түспен жазылған көпшілік көрерменге жақсы таныс бұл туындыда жай уақытта момын, меймандос, ақжарқын, ибалы да иманды халқымыздың арасынан әлсізге зорлық-зомбылық көрсетіп, қара күш пен байлығына сенгендіктен ойына не келсе соны істеуге әзір пенделер шығатынын ащы болса да ақиқат екендігін алдымызға тартады. Біреуді жылатып, ата-анасын зарлатып, жас қызын тартып алғанымен бақытты бола алмайтынын меңзейді.
Бұл суретті көріп отырып бүгінгі өз халқымыздың ішінде бұдан да сорақы зорлық-зомбылық болып жатқандығын естіп-біліп отырғанымыз, әрине, өкінішті. Салт-дәстүрімізге жат, халықтық қасиетімізге қайшы келетін мұндай өрескелдік кімді болса да ойлантуға тиіс. Ұлтымыздың этнографиялық ерекшеліктерін етене біліп, шынайлықпен бейнелей алған ұлы суретшіміз осы картинасы арқылы өз бауыр-қарындастарымызға мұндай жабайылық пен қатыгездік жасамау керектігін қатты ескертіп кеткендей.
Халқын сүйген, оның көшпенді кезеңі мен социализмге қадам басқан тұрмысындағы жылт еткен жаңалықты, жақсылықты көре біліп, қуана отырып жырлаған суретшінің туындылары баршылық.
Бұл орайда, 1937 жылы жазылған көрерменге жақсы таныс «Колхоз тойы» атты көлемді шығармасы ерекше тоқталуды қажет етеді. Мұнда күзгі егінді жинап болып, бастырып жатқанын, колхозшылардың еңбек мерекесі – сабантой суреттелген. Картинадан әсем табиғат аясында егін орағынан босаған комбайындарды, колхоз бастығының немесе ауданнан келген өкілдің жеңіл машинасы, мерекедегідей киініп қымыз ішкен, домбыра әуеніне дөңгелене билеген бишіні тамашалаған колхозшыларды көреміз. Сол жақтағы ақ шатырдың үстінде қызыл ту желбіресе, оң жағында аппақ киіз үй тігілген. Жиналған жұрттың жүзінен мерекелік қуаныш, өнерге деген сүйіспеншілік, сол уақтқа сай ұлттық және кеңестік үлгідегі киімдерден сол заманның тынысын сеземіз. Суретші туындыларында әр детальға аса мұқият қарап, олардың қандай материалдан тұратыннына мән беріп, зергерге тән зердемен орындайды.
1937 жылы жазған «Жамбылдың портретінде» социализмнің жеңісін жырлаған ұлы ақынды терең ойда, біртүрлі торығу мен келер күндерге күдікпен карағандай күйде көреміз. Суретші жаңа заман жыршысын неге бұлай суреттеді деп ой жүгіртсек, портреттің жазылған уақытына назар аударайық, 1937 (!) жыл... Әйгілі репрессия кезеңі. Халқымыздың қаймағы, зиялы қауымның марқасқалары шетінен ұсталып жатқан шағы ғой бұл. Қараңғылау киіз үйдің ішінде тығырыққа тірелгендей болған Жамбыл кеше ғана алдында жарқылдап, баласындай еркелеп жүрген інілері: Сәкен, Ілияс, Бейімбет, Тұрар, Темірбектерді іздей ме? Басқа да дарынды қайраткерлердің басына үйірілген қара бұлтты көріп, көңіл күйзелісін жыр ғып төге алмай, тек домбырасымен ғана сырласып отыр ма, кім білсін?!.
Міне, бұл туындысында да ақынның үстіндегі шапаны, құндыз бөркі, астындағы оюлы сырмақ, кілемшелер мен арқасын сүйеп отырған әбдіре-сандық, оның үстіндегі көрпелер мен атылас тысты жастықтар, кереге мен оның арғы жағындағы ши – қайталанбас қазақ тұрмыс-салтының мұрты бұзылмаған үлгісіндей көзімізге оттай басылады.
Жалпы, Әбілхан аға туындыларында үй-іші бұйымдары мен адамдардың киімдері, тіпті, кимешектің жағындағы кестелерге дейін аса шеберлікпен орындалады. Суретшінің натураға, өмір көріністеріне адалдығы, бүкіл детальдарды зерлей отырып жалпы композицияға кызмет еткізуі оның табиғатының тазалығы, терең ұлттық сезім мен көзқарасқа толы суретшілік болымысының сом алтындай қоспасыздығында жатса керек.
Суретші шығармашылығының алғашқы он жылдығында-ақ қазақ халқының ұлттық өмір салтына, дәстүріне қатысты көптеген суреттер салды. Майлы бояумен тұрмыстық жанрға арнаған тамаша картиналарын жазды. Тіпті, сол жұмыстарының тақырыптарын атасақ та, көп нәрсені аңғаруға болады. Мысалы, «Сүндетке отырғызу» (1932), «Бүркіт ұстаған аңшы» (1935), «Киіз үйде» (1935), «Байдың құда түсуі» (1939), «Сатып алынған қалыңдық» (1938), «Неке қию дәстүрі» (1939), «Тойбастар», «Моллалардың пітір жинауы» (1939), «Ет жеу», «Жүн түту», «Тігу үстінде», т.б.
Осы туындылардың ішінде шоқтығы биік шығармасы «Сатып алынған қалыңдық» деп аталады. «Ескі және жаңа тұрмыс» топтамасына жататын бұл еңбегі социализм дәурінен бұрынғы заманда қазақ халқында көп әйел алу немесе бай адамның көңілі қаласа қалыңмалын төлеп жас әйел алу салтын сол уақыт тұрғысынан жөнсіздікке балап жазылғандығы байқалады. Мұндай салт қазақ халқында ғана емес басқа елдерде де болғандығы белгілі. Мысалы, ХІХ ғасырдагы орыстың қылқалам шебері Пукировтың «Теңсіз неке» картинасын атасақ та жеткілікті.
Әбілхан аға бұл шығармасын ашық табиғат аясында, Алатау қойнауында қалыңмалын төлеп жас әйел алып келе жатқан шалдың қуанышын, ұзатылған қыздың бәлкім, жеңгесі ме, шалды жақтырмаған кейіптегі егде әйелді бейнелейді. Үшеуі де ат үстінде. Аттары күмістелген ер-тұрманды, өрнекті жүген-әбзелдермен көркемделген. Әсіресе, қалыңдықтың мінген аты осындай байлыққа ие. Өзінде қымбат көйлек, шапан, басына әдемі шәлі орамал салынған. Шал жас қалыңдығынан ештеңесін аямағандығын, үйге келген соң да жақсы тұрмысқа ие болатындығын айтып келе жатқандай. Қыз қабағын түйіп жақтырмай тыңдаса да, тағдырдың жазуына көнген сыңайлы. Күйеуі шал болса да жақсы тұрмысқа, молшылық пен байлыққа бөленетіні көңіліне медеу секілді. Алыста қалған жастық шағын аңсаған қарт күйеудің жүрегі жас күніндей дүрсілдеп, әзіл айтардай қутың қағады...
Суретші кейіпкерлерінің ішкі драмалык шарпысуларын сырт көзге оғаш кейіптегі контраспен шебер бере білген. Адамдардың психологиялық портреттерін жасауға деген шеберлігін, композиция кұрудағы тапқырлығын көреміз. Бас кейіпкердің бірі шалға құндыз бөрік пен жанат жағалы шапан кигізіп, табиғатпен үйлестіре суреттейді. Шалдың әңгімесін қыз бен жеңгесі ғана емес, астарындағы аттары да көңілсіздеу тыңдап келе жатқандай.
«Сатып алынған қалыңдық» картинасындағы тақырып, сол кездегі қазақ әдебиетінде, театр мен кинодағы көптеген шығармаларға арқау болған тақырып еді. Әбілхан аға қазақтың өткен өміріндегі мұндай тақырыптарды кеңестік идеология тұрғысынан теріске шығарып, тозған дәстүр дәрежесінде бейнелесе де, өткен өмір суреттерінен ұлтына тән өзгешеліктер мен ерекшеліктерді мәңгілікке қалдырған бірден-бір этнограф-суретші болды.
Кезінде салтанат құрған көшпенді елдің мәдениеті көптеген қиын-кыстау кезеңдерді басынан өткізіп, соғыс, ашаршылық, төңкеріс лаңдарынан, т.б. нәубеттерден өтіп ХХ ғасырдың басына ілінген жұрнақтарын көздің қарашығындай сақтап, туындыларында бейнелеген халқымыздың тұңғыш кәсіби суретшісі Әбілхан ағаның тарих алдындағы, халқы алдындағы перезентгік парызын адал атқарған ерен ерлігі деп білуге тиіспіз.
Сондықтан да, Әбілхан Қастеев туындылары бүгінгі және келер ұрпақ үшін аса қымбат, баға жетпес аса құнды дүниелер.
Еркін НҰРАЗХАН,
суретші
Көзқарас
Қастеев лениндік сыйлықты неге ала алмады?
Әбілхан Қастеевтің Одақ кезінде дұрыс бағаланды ма? Неліктен Әбілхан аға одақтық суретшілердің мүшесі болмады? Халық суретшісі дәрежесіне көтерілген осынау қазақ бейнелеу өнерінің алғашқы қарлығашының бірі неліктен Мәскеу тарапынан құрмет-қошеметке бөленбеді?
Өткен ғасырдың отызыншы жылдарының бірінші жартысында екі-үш мәрте Мәскеуге өз қаражатымен барған, сурет салуға құлшына кіріскен азаматты білімің жоқ деп кері қайтарып отырды. 1937 жылдан Қазақстан Суретшілер одағының мүшесі бола отырып, Қазақ елі тақырыбына салған суреттері өзіміз түгіл шетел суретшілерін тамсандырып, қайран қалдырған Әбілхан ағамыз туралы осындай түйткіл ойларды қашан айтамыз? Шындыққа көзімізді қалай жеткіземіз?
Қазақстан Суретшілер одағы алғаш құрылғанда жан-жақтан қаптаған ортақол суретшілер ортасында ғұмыр кешкен Әбілхан ағамыздың да жаны сірі екен. Бұл Әбілханның жетпіске екі ай уақыт калғанда бақилыққа аттануына да себеп болғандай ма дерсің. Өз ғұмырында елу, алпыс жылдықтарын республика көлемінде арнайы атап өтіп жатқанда, Мәскеу Әбілхан ағаға әрі ауызша, әрі мақтау қағазын да қимай, түк білмегендей болып үнсіз қалуының астарында ұлы державалық шовинизмнің исі аңқып тұр.
Американ суретшісі Рокуэлл Кент: «Ә.Қастеев еңбектері – Қазақ елінің жанды шежіресі» десе, белгілі суретші Хлудов: «Қазақтың тұңғыш суретшісін көргеніме бақыттымын» деген. Осы бір өнер адамдарының берген әділ бағасы Әбілхан Қастеев үшін ғұмырлық өмір белестеріне бастай отырып, бейнелеу, графика жанрының биігіне көтергені даусыз. Қазақ топырағынан нәр алып, адами көзқараспен ғұмыр кешкен Әбілхан Қастеев айтар ойы жағынан қазақ әдебиетінің классиктері Мұхтар Әуезов, Сәбит Мұқановтармен үндесіп жатады, қауышады, тіпті, сол деңгейден, сол биіктіктен көрінеді де болғандай. Халық суретшісінің кейде ақын, кейде әнші, енді бірде тарихшы, жыршы болып, өмірдің өр қырынан көрінуі – оның шығармашылық еңбектерімен жете қаныққан жанға айқын байқалады да!
Сонымен, төрткүл дүниеге еңбегімен танымал болған кішіпейіл де қарапайым жанның кәсіби суретші, кескіндеме (бейнелеу) және графика жанрының маманы өнер десе, ішкен асын жерге қоятын елгезекте кішіпейілділігі кімдерге ұнамады екен? Тіпті, Ә.Қастеевті 1951 жылы қараңыз (1736 қор, 2-жазба 383 іс, 64-бет) Сталиндік сыйлыққа ұсынған. Ол да нәтижесіз. Неліктен?
Келесі бір құжатта Халық суретшісі Ә.Қастеевті Лениндік сыйлыққа ұсынуға байланысты Мәскеуге жіберілген материалдар тізбесі (описі) керсетіледі. Лениндік сыйлықтар комитетіне жіберілтен құжатгар тізбесінің саны – 8. Соның ішінде Қазақстан Суретшілер одағының 15.ХІІ-1960 ж. жазылған хаты, аннотация, 14.XII-1960 жылғы шығармашылық мінездеме, Қазақстан Композиторларының хаты (И 174), Ә.Қастеевтің өмірбаяны, кадрларды есепке алу қағазы, Қазақстан Суретшілер одағының Басқармасы мәжілісінін (16.ХІІ-1960) хаттамасының (протокол) көшірмесі және Қазақстан мәдениет Министрлігінің 14.ХІІ-1960 жылғы коллегиясының қаулысы көрсетілген. Осы құжаттар тізбесін 14.ХХІ-1960 ж. Қазақстан Суретшілер одағының референті Балдано қол қойып Мәскеуге жіберген.
Мұрағаттағы құжаттарды ақтара түскен сайын кешегі қыжылы көп бодандық тірлігіміздің нақ осы жерде бір қырымен де танысып, шын сырын ұққандай да боламыз. Мәскеудегі алпауыттар: «құжаттарыңды 1961 ж. 16 желтоқсанда ғана алдық, кешіктірдіңдер, енді қайтадан бастаңдар» деп сәуегейлетеді де, көрмеден соң алты ай мерзім керек деп Ә.Қастеевке «мін» тағады. Қастеевтің аннотацияға енген шығармалары 1930 жылдан бергі көрмелер мен суретшінің арнайы дербес көрмелерінде көпшілік ризашылығына бөленгенін еске алмайды. Бұл жерде есімі Одаққа танымал болған Ә.Қастеевке Лениндік сыйлық бергізбеудің амалы жатыр. Өйткені айтулы да белгілі тұлғалар Ә.Қастеевтей, Х.Наурызбаевтай азаматтардың атын шығармау, затын – елге танытпау. Бұл жерде де ұлттық кемсітушілік анық сезіледі.
1962 жылы 19-20 ақпан күндері Қазақстан Суретшілер одағы басқармасының ҮІ съезінде төраға С.Мамбеев өз баяндамасында Ә.Қастеев пен Х.Наурызбаев Лениндік сыйлыққа ұсынылды деп атап қана өтеді. Неліктен сыйлық берілмегенін екіұшты ғып айтып өте шығады. Съезд материалдарының стенографиясын оқу барысында да неліктен Лениндік сыйлық берілмеді деген сауалға жауап таппадық. Мәскеуден келген өкіл де бұған жауап бермеген және Суретшілер одағы ішіндегі қиян-кескі өзара тартыс әсері де бүған салқынын тигізген, одақтық алпауыттар бұл жөнінде үнсіз қалған...
Бәзілжан АСЫЛЖАНҰЛЫ.
Келбет
Мен әкемді пір тұттым
Әбілхан Қастеевтің қызы Гүлнәзияның әңгімесі
– Гүлнәзия Әбілханқызы, бүкіл өмірін халқына арнаған атақты адамның баласы болу үлкен жауапкершілік жүктейді ғой.
– Біреулер ойлайтын болар, атақты адамдардың бала-шағасы үшін бәрі жеңіл деп. Тіпті де олай емес. Атақты фамилияны алып жүру үлкен жауапкершілік жүктейді. Аузыңнан шыққан әрбір сөз, ісеген ісің халқтың көз алдында болғандықтан әкеміздің атына кір келтірмеуге тырысып өстік. Құдайға шүкір, ұрпағы жаман болған жоқ, әрқайсы өмірден өз орнын тапты. Ешқайсымыз әкеміздің атын жамылып тірлік істеп көрмедік. Өйткені әке-шешеміз бізге қазақы тәрбие берді. Еңбекқорлыққа, адалдыққа баулыды. Сондықтан болар, мен өзім кәсіпқой суретші болсам да, көрмелерге еңбектерімді қоюға келгенде тартыншақтайтынмын. Әкесінің беделін пайдаланды деген сөз айтылмасын деген сақтық қой менікі.
– Неше ағайындысыздар? Әкеңіздің жолын қуған ұл-қызы бар ма?
– Тоғыз ағайындымыз. Алты ұл, үш қыз. Үш ағам қайтыс болып кетті. Үлкен ағам Әбілтай әкеме өте ұқсаушы еді. Түрі де, мінезі де әкем сияқты болатын. Оның өмірден озғанына да талай өтті. Шынын айтқанда, өзіміз де әже атанғанмен әкеміздей болған ағамызды жоғалту бізге ауыр тиді.
Жеңгеміз Зарина Қастеева – Халық артисі, балерина.
Әкемнің жолын қуған Нұртас деген ағам да суретші. Ел жақсы біледі, еңбектері көпшілікке таныс. Нұртілеу – дизайнер. Ал Нұрхат ағам Көркемсурет училищесін бітірген, кәсіпкер еді. Әпкелерім – Гүлдария Заң коллегиясында істейді, Камила №12 мектепте бастауыш сынып оқытушысы болды. Шаңырақтың ең кішісі мен.
Атасының жолын қуған немерелері жетерлік. Тоғыз баладан тараған Сауран, Дәурен, Асқар деген немерелері еңбектерімен елге танылды. Әрбір салған суреттерінен әкеміздің әсер, ықпалын көріп қуандық. Асқар мен Дәурен Көкшетаудағы Президент резиденциясын көркемдеген.
– Әбілхан аға қандай адам еді?
– Мінезі өте жұмсақ еді. Әкеміздің не балаларына, не басқаларға дауыс көтергенін ешқашан естіген емеспіз. Бала күнімізде шулап, басына шығып жатсақ та ұрыспайтын. Үнсіз ғана суретін салып отыратын. Біздің есімізде қалғаны – әкем өте еңбекқор-ды. Бос отырмайтын. Ол кісі аулаға шығып үстелдерді шегелеп, тақтай кесіп, үй-ішінің кем-кетігін жөндеген сәтті демалыс деп есептейтін. Жатып демалу дегенді білмей кетті. Күнде таңертең алтыда тұратын, сонан соң бәрімізді оятататын. Көбінесе таңғы асын ішпей шеберханасына кететін. Алты ұлдан кейін зарығып көрген қыздары болған соң ба, әкем бізге қатал болған жоқ, өте биязылықпен, жылылықпен еңбекке тәрбиелейді. Шешем Сақыш кейде бізді жағалай отырғызып, жүн түткізіп қоятын да, өзі теннис үстелінің үстіне көрпе көктейтін. Оның өрнектерін ылғи да әкем салып беретін. Әкем біздің майысып жүн түтіп отырған бейнемізді көргенде мәз болып қуанушы еді. Бірде мен әкем жоқта майлы бояуларына қызығып кетсем керек, бітейін деп қалған жұмысына басқа бояулар жағып, бүлдіріп қойдым. Оны көрген ағаларым қатты ренжіді. Ал әкем «ұрыспаңдар, бала ғой, байқамай қалған да» деп менің басымнан сипап, сол картинасын түгел қайта салып шықты. Міне, осындай мейірімді, өте кең жүректі адам еді.
Өнер адамының жұбайы болу деген өте қиын. Шешем әкемді баласындай бабын жасап күтетін. Әкем, тіпті, үстіндегі киімдеріне де мән бермейтін еді. Келетін қонақтардың көптігі соншалық, олар үйге сыймайтындықтан аулаға он-он бес кісілік шатыр құрып қоятын. Қыста асылған ет, жазда ашыған көже үнемі дайын тұратын. Әкем мен анамның қолынан дәм татқан кісілер ілтипатпен еске алады.
– Әкеңіздің суреттеріне сұраныс бар ма еді?
– Шетелден де, бұрынғы одақтас республикалардан да, отандастарымыз арасынан да Қастеевтің еңбегін сатып аламын деп хабарласатындар өте көп-ті. Әкемнің жұмысын сұраушылардың ішінде мемлекет қайраткерлері де, қарапайым адамдар да табылады. Бірақ бере алмаймыз. Әкемізден қалған құнды дүниелерден айырылсақ кім болғанымыз.
Нағыз суретші өмірді кең ауқымда көреді. Майда-шүйде пендешілікті ысырып қойып, олардың арасынан құнарлысын, маңыздысын іріктеп алады. Біздің әкемізде де сондай қасиет бар еді. Қызыл империяның қылышынан қан тамып тұрған кездің өзінде әкем өз ұлтының ең асыл қасиетін, ардақ тұтар тұрмыс-салтын әлемге таныта білді. Әкеміздің өмірі біз үшін үлкен мектеп.
Әңгімелескен – Гүлзат ШОЙБЕКОВА,
жазушы.