Алыптардың алдын көрген
2024 ж. 08 сәуір
2983
0
Бұдан он бес жылдай бұрын, анығырағы, 2008 жылы «Шалқар» радиосына бас редактор болып жұмысқа келдім. Сол кезде «Қазақ» радиосына қызмет ауыстырып, бағдарламалар директорының орынбасары, кейін «Қазақ» радиосының Бас редакторы болып тағайындалған Саясат Бейісбай ағамен жақын танысып, қоян-қолтық араласып кеттім. Өз ісіне жауапкершілікпен қарайтын, мінезі сабырлы, кішіпейіл, жұртшылықпен тіл табыса білетін қамқор ағамның журналистік жолы да жастар үшін өте қызғылықты. Еліміз азаттығын алған сәттен бастап, әлемнің көптеген елдерін аралап, тұщымды жолсапарларын жұртшылыққа тарту етті. Бізге Сәкеңнің журналистік бай тәжірибесінен үйренетініміз жеткілікті еді.
Ел Тәуелсіздігінің елең-алаңында, дәлірек айтсақ, Қазақстан азаттығын жариялаған күннің ертеңінде, 1991 жылдың 17-ші желтоқсанында халықаралық «Азаттық» радиосы басшылығының шақыруымен Батыс Германияның Мюнхен қаласына аттанады. Сонда бірнеше ай тәжірибеден өтіп, жұмыс істеп қайтады. Сол тұстағы ұлтшыл, Алашшыл тұлға Хасен Оралтай бастаған азаматтармен танысып, араласып, жақсы қарым-қатынаста болады.
Бұл «Азаттық» радиостанциясының Нью-Йоргтегі әкімшілігі ұйымдастырған бұрынғы кеңестер Одағы және Шығыс Еуропа елдеріндегі журналистерге арналған жаттығу бағдарламасына орай бірнеше айлық тәжірибе алмасу шарасы еді. Еліміздегі басты басылымның тілшісі әрі Қазақстан Журналистер одағының ұйғарымымен жас тілші ретінде осы сапарға шығу бақыты Сәкеңе бұйырған екен.
Жалпы, радиостанцияға келетін болсақ, АҚШ конгресі қаржыландырып отырған «Азат Еуропа» және «Азаттық» радиостанциясы отыз бес тілде Шығыс Еуропа мен Балтық жағалауы, сондай-ақ бұрынғы кеңестік республикалардағы түрлі ұлт тілдерінде хабар таратып келді. Осы уақытта «Азаттық» радиосының тыңдаушылары алпыс миллионға жуықтады.
«Азат Еуропа» 1949 жылы, ал «Азаттық» радиосы 1951 жылы құрылып, 1971 жылға дейін Американың Орталық барлау басқармасымен тығыз байланыста болып келді. Сол жылдан кейін оларды халықаралық радиохабарлары жөніндегі мекеме арқылы АҚШ конгресі қаржыландыра бастайды. 1976 жылдан екі станция «Азат Еуропа» және «Азаттық» радиолары болып бірікті. Радиостанция қызметкерлерінің саны 1700 адам болса, соның бір мыңнан астамы 1995 жылдың сәуіріне дейін Германияның Мюнхен қаласында жұмыс істеді. Содан кейін Чехия Астанасы Прагаға қоныс аударды. Тоқсаныншы жылдардың басына дейін әлемнің түрлі елдеріне хабар таратушы осы екі радиостанцияның жылдық бюджеті 180 миллион доллар шамасында болды.
«Азаттық» радиостанциясындағы ең үлкен редакция да әдеттегідей орыс бөлімі. Онда 150-дей адам жұмыс істеген. Содан кейін украин, қазақ, өзбек, татар-башқұрт, чех пен словак, бұлғар, румын, қырғыз болып кете береді. Сол кездері Беларусьта – 7, қазақта 12 адам істейтіні секілді, әр редакцияда әрқалай.
Енді қазақ бөліміне тоқтала кетейік. 1953 жылы Сталин дүние салған тұста қазақ бөлімі алғашқы хабарларын әуе толқынына шығара бастайды. Оқырманға таныс болу үшін сол жылдары радиода қызмет істеген азаматтардың атын атап, таныстыра кетейік. Олар: директордың орынбасары, әлеуметтану ғылымының докторы Мұқабай Енгин, қызметкерлері – Әбдіқайым Бірғазыұлы, Әлихан Жаналтай, Махмет Құлмағамбет, Талғат Көкбұлақ, Нұркәмал Пынар, Суат Шеруші, Өмірқан Алтын, Әбдіуақап Қара, Күлән Маржан, Ісмет Бишер. Осы кісілер кезінде Мюнхенде қызмет атқарды. Бүгінде марқұм болған Махаң – диссидент Махмет Құлмағамбет қуғындалып Қазақстаннан барса, қалғандары Түркияның азаматтары.
Бұл радиода алғашқы кезде Екінші дүниежүзілік соғыстан кейін жат жерде қалып қойғандар істеген еді. Олар кеңестік жүйенің қатаң қыспағынан соң «отанын сатқан опасыздар» деген жаман атқа ие болып, елге жете алмай, арманда қалғандардың бір шоғыры болатын. Соғыс құрбандарына айналған солардың бәрі отанына орала алмай, туыстарын көре алмай сол жақта құсалықпен көз жұмды. Ал олардан кейін «Азаттық» радиосындағы қазақ қызметкерлерінің орнын бір кезде Шығыс Түркістаннан Түркияға келген қазақтар басқан. Ересектері қазақ тілінде едәуір дұрыс сөйлегенімен, кейінірек келген жастарының тілінде түрік сөздерінің, дыбысталуының ықпалы байқалады. Алайда, елге деген, тілге деген құштарлық пен талпыныс бәрін жеңіп, халыққа қажетті ақпаратты тарата білді.
Американ әкімшілігі ұйымдастырған «Азаттық» радиостанциясындағы жаттығу бағдарламасына Шығыс Еуропа мен бұрынғы Кеңес республикаларынан жиырмашақты адам шақырылыпты. Солардың ішінде Украин, Белорусь, Грузин, Балтық жағалауы елдерінің азаматтары болады. Ал мұсылман елдерінен келген жалғыз қазақ – Саясат Бейісбай аға екен.
Олар орналасқан жекеменшік қонақ үйдің иесі неміс әйелі туралы бірде таңертеңгілік шай үстінде орыс жігіті:«Біздің қайда, кімнің үйінде орналасқанымызды білесіңдер ме?» – деп, таңданыспен сауал тастайды. Ешкім үндемеген соң «бұл әйел фашист екен» дейді. Сан жылдар бойы фашист деген сөзді естіп, оны әзірейілдей сезініп өскен Сәкең кәдімгідей үрпиіп қалады. Осыдан кейін эстон қызы онымен немісше сөйлесіп, біраз шүйіркелеседі. Артынан: «Иә, ол неміс фашисі екен. Бірақ фашистер де адам ғой, олардың мақсаты былыққан елде әділеттілік орнату. Немістер Орал тауларына дейін барып, ондағы империалистерді қуып, тәртіп енгізбек болды. Әркім өзінше жұмыс істеп, ешкімді басынбай, әр ұлт өз жеріне ие болып, адал еңбек ету дегенді айтты» дейді. Әлгі неміс әйелдің ойы осыған сайыпты. Олардың түсінігінше, керісінше коммунистер басқыншы, жаулап алушы, қырып-жоюшылар екен. Әр мемлекеттің идеологиясы әртүрлі ғой.
Тоқсаныншы жылдары «Азаттық» радиостанциясының Қазақ редакциясы тәуелсіз мемлекет тынысын жан-жақты көрсете бастаған. Кез-келген маңызды оқиға, елді елең еткізер жаңалық назардан тыс қалмай, тыңдарманға жедел жеткізіп отырады. Сол тұста Мюнхеннен тарап жатқан әуе толқынындағы хабарларында қазақтың белгілі ғалымы Рахманқұл Бердібай, жазушы-драматург Қалтай Мұхамеджан, қоғам қайраткері, жазушы Шерхан Мұртаза, басқа да көрнекті қайраткерлер мен халық депутаттарының, тіпті, МХК-нің лауазымды қызметкерлерінің де сұхбат, әңгімелері естіле бастайды. Бұл сөз жоқ, Сәкеңнің қолтаңбасы, еселі еңбегі екеніне ешкімнің шүбәсі жоқ.
Міне, Қазақстан тәуелсіздікке қолы жетіп, дербестігін жариялаған соң бұрын хабарын да естуге жүрек дауаламайтын «Азаттық» радиостанциясының енді табалдырығын аттап, төріне шығып дегендей, тәжірибе алмасу мүмкіндігі туды. Сол кезде Саясат Бейісбай аға «Егемен Қазақстан» газетінің тілшісі еді. Басшысы бүкіл елге сыйлы әрі танымал тұлға, жазушы Шерхан Мұртаза болды. Алыстағы Батыс Германиядан, Мюнхен шаһарынан Сәкеңе шақырту келгенде Шерағаң ұлтжанды, көкірек көзі ояу, көзіқарақты, батыл адам ғой, ешбір күмілжіп, ойланбастан рұқсат береді. «Азаттық» радиосы империалистік жүйеге қарсы, басқыншылықты сынап, бүкіл әлемге талай жылдардан бері хабар таратып отыр ғой. Жаңа заман туып келеді. Қашанғы оқшауланып отырамыз. Батыстың журналистикасынан үйренетін де нәрсе бар шығар. Барып қайт, бәлкім пайдасы тиер» – деп батасын береді.
Ал Мюнхенде жүргенде Саясат Бейісбай аға сондағы Хасен Оралтай ағамыздың қамқорлығын көп көреді. Хасекең: «Сен осында қал, бізге қазақ тілін білетін тәжірибелі журналист керек. Айлық еңбекақың жеткілікті болады. Жақсы үй тауып береміз, «Азаттық» радиосы пәтерақыңды төлеп тұрады. Отбасыңды көшіріп аласың. Бала-шағаң Американ мектебінде тегін оқиды дегенді бірнеше рет айтады. Неміс жері жақсы ғой, алайда Сәкең аз ғана күн өтісімен елді, Алматыны, ауылын сағына бастайды. Кейін, тіпті, елге қашан қайтамын деп, күн санаумен жүреді. Сосын Сәкең: «Аға, маған қанша ақша төлесеңіздер де қала алмаймын» – деп, белгілі уақыттан бір апта бұрын Қазақстанға тартып отырады.
Хасен Оралтай американың «көк қағазын» алып, қазақтың мүддесін қорғап, сөзін сөйлеу керек деген ұстанымда өткен ағамыз ғой. Ол кісінің өзі айтпақшы «ақынжанды, ұлтжанды» емес, «нағыз ұлтшыл» азамат болатын. Радиодан берілетін әр хабар, сұхбат, әңгімелер қазақтың мүддесіне қызмет жасап, титтей де де болса пайдасы тиетін болуы керек деген сөзін ұмыту мүмкін емес-ті. Сол үшін де Алаш үкіметінің маңызына ерекше көңіл бөліп, Алаш арыстары, жалпы «Алаш» туралы жазылған еңбектерді іздеп тауып, оның авторларын ерекше жақсы көріп, әңгімеге тартып, солармен мақсаттас, пікірлес, дос болып кететін. Әлихан Бөкейханның, Мұстафа Шоқайдың, Міржақып Дулатұлының, Оспан батырдың, Шығыс Түркістандағы ұлт-азаттық жолындағы шайқастарды, Желтоқсан көтерілісінің, қазақтың қағажу көрген тіл мәселесін, салт-дәстүр мен әдет-ғұрыптарын бір сәт назардан тыс қалдырмай, радио арқылы әуе толқынынан бергізетін. Соны басқалардан да талап ететін. Сәкең үшін бұл үлкен мектеп болып, сол сүрлеу соқпақпен жүрді. Сол үшін де асыл ағаның талай рет алғысына бөленді.
Бұдан бұрын, яғни 1980-2001 жылдар аралығында алдымен «Социалистік Қазақстан» газеті мен кейін «Егемен Қазақстан» газетінің тілшісі, бөлім жетекшісі қызметтерін атқарған Сәкеңе тың тақырып – ұлт мүддесі өмірінің өзегіне айналған.
Осыдан кейін Алматыға оралып, «Азаттық» радиосының Қазақстандағы тілшісі қызметін атқарды. 1993 жылы Алматыда «Азаттық» радиосының бюросы ашылып, кейін оны жылға тарта Бюро жетекшісі болды. Радио Германияның Мюнхен қаласынан 1995 жылы Чехияның астанасы Прага қаласына қоныс аударды. Мюнхендегі бұрынғы тілшілер сонда қалуды жөн санап, Прагаға Қазақстаннан оншақты азамат қызмет атқаруға барды.
Сол алғашқы жылдары ел Тәуелсіздігін жариялаған соң халқымыздың рухани еңсесі көтеріліп, болашаққа үлкен үмітпен қарап, жарқын күндерге сенді. Әйтсе де уақыт өте, кетіп жатқан кемшіліктерді көз көріп, жабайы жекешелендіру салдарынан колхоз, совхоздардың таратылып, фабрикалар мен өндіріс орындарының сатылып, шетінен жабылып, қолды болуына наразы көзі ашық азаматтар «Азаттық радиосына күнде келетін. Осы оншақты жылдың бедерінде, әсіресе, үлкен ғалым, ұлтшыл тұлға Рахманқұл Бердібай, Сәбетқазы Ақатай, Қалтай Мұхаметжан, Шерхан Мұртаза, Рысали Нұрғали, Дос Көшім, Әміржан Қосан, Марат Сембин, Болатхан Тайжан, Мұрат Әуезов, Сейдахмет Құттықадам, Ғалымжан Жақиянов, Батырхан Дәрімбет, Хасен Қожахмет, Хайролла Адамұлы, Хайролла Ғабжәлел, Шәміл Әбілтай, Ерсайын Ерқожа, Серікболсын Әбділдин, Ермұрат Бапи, Шәріп Құрақбай, Бошай Кітапбаев, Қасым Қайсенов, Алшымбай Тұртанұлы, Амангелді Шора және басқа өптеген ұлтын сүйген азаматтармен қоса, Талас Омарбек, Мәмбет Қойгелді, Мұрат Әбдіров бастаған ондаған тарихшыларды Азаттық эфирінен күн құрғатпай сөйлетіп тұрды. Осылайша халықаралық радионың эфирін ұтымды пайдаланып, ел дербестігі мен бостандығы үшін хал-қадерінше қызмет атқарды. Осы тұлғалармен өзекті де өткір сұхбаттарын Сәкең бүгінде ұмытпай, сағынышпен еске алады.
«Азаттық» радиосында жүріп әр жұма сайын Сәкең діни хабар дайындап, эфирден беріп отырды. Сол жылдары шығыстанушы ғалым, ҚР Діни басқармасының бас мүфтиі Әбсаттар қажы Дербісәліден бастап, көптеген білікті имамдарды сұхбатқа тартып, эфирге шығарды. «Азаттық» арқылы шетелдегі ағайындар туралы хабарларды күн сайын беріп отырды. Осыған орай Қытайдан, Моңғолиядан, Ресейден, Түркиядан тілшілер тартып, телефон арқылы байланыс орнатты. Бұған қоса Қазақстанның әр облысынан, ірі қалаларынан тілшілер ұйымдастырып, байланыс орнатып отырды. Солардың қатарында Ақылбек Шаяхмет, Мәлік Мұқан, Меңғали Мусин, Мархабат Байғұт, Эрнест Төрехан және басқа да тілшілер болды.
«Азаттық» радиосында қызмет ітей жүріп Сәкеңе АҚШ-қа, Еуропа елдеріне, Германия, Чехия, Франция, Түркия, Иран, Қытай, Моңғолия, Ресей және басқа да елдерге сапарлаудың сәті түсті.
«Азаттық» радиосынан кейін екі-үш жылдай Қазақ радиосында бас редактор қызметін атқарды. «Қазақ» радиосы Астанаға қоныс аударған соң, 31-ші телеарнада жеті жылдай шеф-редактор қызметін атқарып, зейнет демалысына шықты. Ол жерде қазақ тілінің мәртебесі үшін біраз еңбек етті. Сол жылдары Мәскеуде отырған телеарнаның қосымша бастықтарына әр апта сайын скайп арқылы бір сағат бойы қазақ тілін үйретіп, сабақ берді. Осыдан кейін жағдай едәуір түзелді. 31-ші телеарнада жаңадан қазақ тіліндегі тың жобалар көбейіп, көрерменге жол тарта бастады. Қазір жаппай қазақ тілі курсына қатысушылар соның оң нәтижесін көре бастады.
Сәкең соңғы жеті жылда Ұлттық Ғылым академиясындағы Философия, саясаттану және дінтану институтында бөлім жетекшісі, институттың бас сарашысы қызметтерін атқарды.
Өзі жақын араласқан айтулы азаматтар туралы сыр шертіп, естеліктер жазды. Өмірдің өзінен алынған, көңілдің түкпіріне түйген, тағылымды да танымдық жәйттерді ортаға салды. Кейбір қызықты деп тапқан, негізінен, болған оқиғаларды көркемдеп, қазақы хикаяттары мен новелаларын кітап етіп шығарып, оқырман қауымға «Бір жұтым ауа» деген атпен ұсынды. Сондай-ақ «Ұлылыққа тағзым», «Жанымның жалауы» атты еңбектері ұлт болмысындағы өзекті мәселелерге арналды.
Халықаралық Жамбыл Жабаев атындағы сыйлықтың лауреаты, ҚР Мәдениет қайраткері, Қазақстан Республикасының ардагер журналисі, «Қазақстан Республикасының тәуелсіздігіне 25 жыл» төсбелгісінің иегері сынды т.б. көптеген марапаттармен мадақталған Саясат Бейісбай аға бүгінде жетпіс жастың төріне шығыпты. Жас ұрпақ үшін өлмейтұғын ісі, өнегелі еңбегі бар салмақты да сарабдал ағамызға алдағы уақытта ғибратты ғұмыр кешсін деген тілек білдіремін!
Болатбек Төлепберген,
Философия ғылымдарының
кандидаты,
«Шалқар» радиосының директоры