Ғалым Жайлыбай: ҚАЗАҚТЫҢ ҚАНЫШ АҒАСЫ
2024 ж. 27 наурыз
3193
1
Биыл қазақтың әйгілі ғалымы, ұлтымыздың ұлы перзенті Қаныш Имантайұлы Сәтпаевтың туғанына 125 жыл толып отыр. Мерейлі күнге орай елімізде бірқатар ұлықтау шаралары ұйымдастырылмақ. Осыған орай, сонау 90-жылдардың соңында Қаныш Сәтпаев атындағы халықаралық қордың атқарушы директоры қызметін атқарып, ғалымның мұрасын насихаттауға сүбелі үлес қосқан белгілі ақын, Абай атындағы ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, Түркі әлемінің "Түрік бірлігі" сыйлығының иегері Ғалым Жайлыбай ағамыздан сұхбат алуды жөн көрдік.
- Ғалым аға, Қаныш Сәтбаев феномені неде?
- Қаныш Имантайұлы Сәтпаев кәдімгі феномен, аңыз қазақ ғылымына өлшеусіз үлес қосқан адам. Қаныш қазақ ғылымындағы алғашқы академик. Павлодардың Ертіс-Баян өңіріндегі Ақкелін болысында өмірге келген. Оның үлкен әкесі Сәтбай Меккеде жерленген. Өзінің әкесі Имантай туралы ел ішінде көптеген ғажайып әңгімелер айтылады. Ол өте әділ, үйіне кісі түсетін сондай бір өнегелі адам болған. Қаныштың жас кезінде немере ағасы Әбікейдің үйіне Томскіден Усов деген атақты ғалым келген екен. Қаныш бұл кезде Баянауылда "халық соты" болып қызмет атқарып жүреді. Ол кісі кеуде ауруымен ауырып, қазақтың даласына қымыз ішіп емделуге келген кезі. Сол атақты Усов деген ғалымның арқасында ғылымға бет бұрып, Томскіге оқуға аттанады.
Қаныштың ғылымға деген махаббаты соншалықты, шәкірттік кезеңдерінің өзі орыс ғалымдарының арасында үлкен өнегеге толы болады. Оқуды бітірісімен Қаныш Жезқазғанға жол тартады. Сол Жезқазғандағы кен орындарының ошағын барлап, 22-23-ші жылдардан бастап үлкен-үлкен еңбектер жазады. Үлкен Жезқазғанды ашқан Қаныш Сәтпаев болып есептеледі. Ұлы Мұхтар Әуезовтің бір айтқаны бар "Қаныш физикпен сөйлессе физик, геологпен сөйлессе геолог, әдебиетшімен сөйлессе әдебиетші бола алатын адам" деп. Қаныштың қазақ ғылымына қосқан үлесі ұшан-теңіз, Қазақстанның металлогендік картасын жасаған.
- Қаныш Сәтпаевтың көзін көрген шәкірттерімен, ұрпағымен араластыңыз ба?
- Мен Қаныштың көзін көрген Абдулин, Ұлтарақов, Саттарханов секілді көптеген үлкен ғалымдармен әңгімелестім. Солардың айтуынан-ақ Қаныштың аңыз адам болғанын білуге болады. Жезқазғандағы кен орындарын ашқан кезде небәрі жиырма бес жаста екен. Әйгілі зерттеуші Затаевичтің өзі көптеген қазақ әндерін Қаныштан алған. Қаныш Сәтпаев Затаевичке жиырма бес әнді нотасымен жаздырған.
Сәтпаевтың үш қызымен араластым. Қайниса, Шәмшиябану, Мейіз апаларымыз. Сәтпаевтың күйеу баласы Оразай Батырбеков деген азаматпен араластым. Мемлекет және қоғам қайраткер еді. Жиендерін білдім. Нұрлан Жармағамбетов секілді. Қазақтың баллада жанрының ең басында тұрған қазақтың үлкен ақындарының бірі Қайнекей Жармағамбетов, сол кісінің күйеу баласы.
- Әйгілі ғалым туралы жазылған қандай еңбектер бар?
- Қаныш Сәтпаев жөнінде талай еңбектер жазылды. Мысалы, Евней Бөкетовтың "Жас Қаныш", өзінің қызы Шәмшиябану Сәтпаеваның "Сәулелі әулет" деген кітабы шыққан. Одан кейін Қаныштың танылуына көп еңбек сіңірген, соған бар ғұмырын арнаған, алғашқы кітабы "Өнегелі адамдардың өмірі" сериясымен Мәскеуде жарық көрген, кеше ғана дүниеден өткен Медеу Сәрсеке ағамыздың шығармаларын айтуға болады. "Қуғындалған Қаныш" және орыс тілінде "Феномен" деген кітаптары шықты. Қаныш Сәтпаевқа үлкен еңбек сіңірген жандардың бірі қазақтың үлкен ақыны Кәкімбек Салықов ағамыз еді. Ол кісінің өзі де инженер, Қаныштың көзін көрген. Жезқазған шахтасына жас инженер болып келген кезде Қанекеңмен танысқан. Сол кісінің бірі айтқаны бар еді "Қанекең менен домбыра сұрап ап, бір отырыста "Бүркітбай" әнін шырқап еді" деп.
- Қаныш Сәтпаев дүниеге келген Ертіс-Баян өңірі де бір киелі жер ғой...
- Ия. Жалпы Ертіс-Баян өңірі өмірге талай дарынды әкелген құйқалы мекен екені рас. Бұқар жырау, Мәшһүр Жүсіп Көпейұлы, Жаяу Мұса, Жүсіпбек Аймауытов, Шапық Шокин, Әлкей Марғұлан, Шәкен Айманов, Кәукен Кенжетаев секілді шетінен тыңнан түрден салғандар туған.
Соның ішінде, Шорман әулеті. Жаяу Мұсаның "Өмірім Мұсаменен дауға қалды" деген бар ғой. Сондай бір шумақтар болмаса, бұл әулет көп зерттелмеген. Орыстар қазақ даласына келгенде екі әулетті жерге таластырып қойған. Мен мұны көп зерттедім. "Ақ сиса" поэмасында бұл туралы жазғанмын. Мұса дуанбасы болатын. Жылына әр болыстан бір екі баланы оқу оқытқызуға міндеттеген. Бүгінгі тілмен айтқанда ауыл жастарына демеуші болған. Көпке шарапаты тиген. Сондай бір игілікті Қаныш та көрген. Шорманның қызынан Шоқан Уәлиханов туады. Сондықтан, бұл жиырмасыншы ғасырдың басында қазақ даласына үлкен данышпандық әкелген аймақ.
Мен Жаяу Мұса туралы поэма жазған кезде, Қалмұқан Исабаевтың аузынан естіген бір әңгіме бар еді. Қаныштың Баянауылда жастар комитетінің төрағасы болып жүрген кезі болса керек. Содан жастарды "Интернационалға" дайындайды. Менжамал деген көпес татардың қызының жасауында бір пианино бар екен дейді. Сол қызды Жастар комитетіне жұмысқа алдырып, пианиноны Баянауылдағы Мәдениет үйіне орнатқызған екен. Сөйтіп бұлар дайындалып жатқан кезде қырдан бір қария келді дейді. Ақсақал кіріп отырып, "Имантайдың баласы бар ма?" деп сұрайды екен. "Ой, аға, мен жаңа сізге сәлем бердім" деп Қаныш келеді. Сөйтіп, әлгі ақсақал "Қазанда, Уфада жүргенде анау күйменің түймесіне талай қолым тиіп еді, бір басып көрсем бола ма?" депті. "Әрине!" депті Қанекең. Содан ақсақал отырып қолын ары бір, бері бір серпіп, "Интернационалды" ойнап кетті дейді. Сол қарт Жаяу Мұса болған екен.
- Өзіңіз Сәтпаев атындағы халықаралық қорындп қызмет еткен кезде, қандай шаралар өткіздіңіздер!
- 1998 жылдан бастап үкімет Сәтпаевтың 100 жылдығына дайындықты бастады. Арнайы қаулы қабылдады. Одан кейін үлкен жұмыстарды Сәтпаев атындағы халықаралық қор ұйымдастырды. Оның төрағасы қазақтың үлкен ақыны Кәкімбек Салықов ағамыз еді, мен сол қордың атқарушы директоры болдым. Ғалымның мұрасына арналған "Заңғар" деген кітаптың құрастырушысы болдым.
Сол кезде үлкен жұмыстар атқардық. 1999 жылы Парижде Сатпаевтың халықаралық конференциясы ұйымдастырылды. Қаныш Имантайұлының жүз жылдығын дүркіретіп өткіздік, ақындар мүшәйрасын ұйымдастырдық. Сол бәйгеде бірінші орынды қазақтың дарынды ақыны Қазыбек Иса иеленсе, Жәркен Бөдеш, Дәуітәлі Стамбековтер де жүлдегер атанған.
Биыл ұлы ғалымның 125 жылдық мерейтойы. Осыған орай Сенат депутаты, Сәтбаев атындағы қордың қазіргі президенті Алтынбек Нұқұлы бастаған ел азаматтары көптеген игілікті істер атқаруда. Үкіметке де, құзырлы органдарға да мәселе қойып, Қаныштың мерейтойын ірі көлемде атап өтуге мұрындық болып жүрген арда азамат. Қазақ барда Қаныштай ұлы ғалымның есімі мәңгі ел жадында болады деп білемін.
Сұхбаттасқан: Азамат Тасқараұлы,
Қазақ үні
ҚАЗЫНА
Қаныш Сәтбаевқа
Даласына тән тұлғасы менен дарыны,
Қазақты нағыз халқы да мәңгi нар тұтқан.
Жерiне деген жерiне жеткен жалыны,
Жездiнiң жезiн балқытқан.
Биiктiк пенен Тереңдiк және Кеңiстiк,
Үш өлшем бойға үйлескен үздiк Тұлғасың.
Елiңе деген iңкәрлығыңмен ең ыстық,
Ұлтыңа баға бергiзе бiлген бiр басың...
Қазына iздеп...
Қазыққа қалмай байланып,
Тау-тасты кездiң...
Тарихы елдiң бар тағы...
Табаның тисе – алтынға тас та айналып,
Қолыңа алсаң – қола да гауһар тартады...
Ерекше жанды еңбегi ерен нұрлы етпек,
Едiге сынды ел қамын жеген ер едiң...
Еуразияның елбасылары құрметтеп,
Кеңесу үшiн келдi әлем саған, Кемелiм...
Алыптар болмай,
Халықтар таңы атар ма?
Инемен қазған кенiңнiң түпсiз талайы.
Жамылып ойды жалғыз да жүрдiң жапанда,
Жарық қып түндi аймаңдайыңның арайы...
Иiрiм құмнан iз кесер бүгiн қай мықты,
Иек астында игерiлмеген көмбе көп...
Игiлiгiмiзге Сiз берген иен байлықты,
Иелiгiмiзден шығармай жүрсек – сол медет...
Шеңберден шетке аттап та кетер Ер асау,
Санасында ұйып сары алтын Арқа сазы да...
Асылдың бәрi астында жердiң емес-ау,
Марғасқалардың маңдайында екен Қазына!..
Қазыбек ИСА
1999 жыл