ҚАДЫРҒА ҚИЯНАТ ЖАСАУ – ҚАЗАҚҚА ҚИЯНАТ ЖАСАУ!..

 

Әрқашанда әділдік үшін күресіп жүретін "Қазақ үні" газетіндегі «Правом жоқ өлуге…» – деп өз қадірін көзі тірісінде-ақ асқақтатып кеткен Қадыр Мырза-Әлидің жырларын жұлмалай беруге кім «право» берді?» деген тақырыппен жарияланған Тихон Әліпқалидың жанайқай мақаласын оқығанымызда жанымыз түршікті.   Аталған кітапты құрастырушыны мақала авторы «Ақжайық өңіріне әйгіленіп қалған Жайсаң Ақбай деген кісі. Өз айтуы бойынша: «тарихшы, өлкетанушы әрі публицист» деп таныстырады. Автордың сөзіне сенсек, «кітап құрастырушы «Қазақтың Қадыры» атанған жыр дүлдүлінің өміршең өлеңдерін жүндей түтіп, жұлмалап, өз еркінше «жөндеп», «редакциялап», өз жанынан шумақтар мен жолдар қосып, «талғамға татымайтын жерлерін» алып тастап, әбден әлем-тапырық жасапты». Ақынның «Жоқ, өлмеймін!» деген ілгеріректе жазылған атақты өлеңі бар. Оны жырсүйер қауым түгел біледі. Сол өлеңінің ішінде: «... Өліп-өшкен ғашық жігіт Күніне Мендік көзбен қарар сүйген гүліне. Мен болмаспын, Бірақ, сөзім оралар Сайрап тұрған шешендердің тіліне...» – деген керемет жолдар бар. Осы шумақты кітаптың аңдатпасына: «Мен болмаспын, Бірақ сөзім оралар Халқым аман тұрғанда, – деп пайдаланған құрастырушы «күзеу-түзеуге» кітаптың кіріспесіне-ақ кіріскен көрінеді. Бұл бұл ма, Қадыр ақынның даналыққа, ақыл-нақылға толы «Қазақтарды шетелдік қонақтарға таныстыру» жырына да құрастырушы біраз шүйліккен сыңайлы. «Қолы қатты тиген, біржола кесіп-турап, қысқартып, «жәбірлеген». Бас-аяғы жып-жинақы, жұп-жұмыр жырдың 16 жолын (әр жерінен) алып тастапты. Термеге тән мәнермен төгіліп айтылатын өлең жолдары ә дегеннен-ақ кібіртіктеп, тұсаулы аттай  адымын  аша алмайды. Мұның себебі өлеңнің басындағы көш бастаушы екі жолының жоқтығы. Құрастырушы ол екі жолды аямай-ақ «құрбандыққа» шалып жіберген екен. Әйтпесе бұл өлең: «Тұңғыш рет көріп тұрсың сен оны, Нағыз қазақ осы міне, танып қой!» деген сыңарсыз жартыкеш шумақтармен емес, «Жайлауында жүрген жігіт бағып қой Дос келді деп, жасап жатыр анық той», – деп (Қадағаңның өзі жазғандай) басталуы тиіс еді. Сонда толық қанды өлеңдік қасиетін сақтар еді, оқырманға да түсінікті болар еді. Бірақ, 40 жылға жуық ел аузында айтылып жүрген бұл өлең қалай қидаласаң да қалпын, құнын жоғалтпасы анық. Одан әрі оқиық: «Қайда біздің заманмен тең өскендер, Тұлғалармен тарихы теңескендер, Қайда біздің Аяз би, Шернияздар, Қайда біздің Цицерон, Демосфендер. «Қайда жастар – ойнаған отпенен Қайда біздің отаншыл саяси партиялар Қайда орақ ауыз депутаттар…». Осындағы алғашқы төрт жолдың Қадыр жыры екені әркімге-ақ аян. Ал, соңғы жолдар – «шабыт қысқан» сәтіндегі автордың өз жанынан қосқандары, ақын шығармасын «қазіргі күннің шындығына сәйкес ширатып, толықтырғанының» айғағы» деп жазады ашынған мақала авторы. Қадыр Мырзалидің кезінде «Иірім» атты кітап жазғанынан да оқырманның хабары бар. Эссе жанрында жазылған бұл кітап жұртшылықтың сүйікті шығармасына айналған болатын. Жайсаң Ақбай  осы туындыға да көптеген қиянат жасаған көрінеді. Ақынның айтпағанын айтты, жазбағанын жазды деп, тіпті кейбір сөздері мен сөйлемдерін өзгерту де енгізіпті. Қадыр ақын бір ғана қазақтың емес, берісі алаштың, арысы түркі поэзиясының майталманы, мақтанышы. Қазақ ақындарының ішінде өндіріп шығарма жазғаны да, кітаптары халық арасында көп оқылғаны да Қадыр ақын. Қадыр өнегелі азамат, өміршең ақын. Өз бойындағы және шығармаларындағы осындай өміршеңдікті байқағандықтан да болар оның: «Кейбір жырым дән ұшырып қырманда, Кейбір жырым бақташы боп жүр маңда. Жоқ! Өлмеймін! Правом жоқ өлуге, Сөз сыйлайтын халқым аман тұрғанда!» – деп бар даусымен жырлағаны. Жоғарыдағыдай қайсыбір замандастарының сөз сыйламайтындығы өкінішті-ақ! Ұлы ойшыл ақын Қадыр Мырза Әли туралы кітап жазған Жайсаң Ақбай бұл әрекетімен Қадырдың ғана емес, халқының да қадірін кетіріп тұрғанын түсінсе игі. Қадыр жырына қиянат жасау – қазақ халқына қиянат жасу деген сөз. Өйткені, Қадыр жырының халық қазынасына айналғаны қашан!

Қасымхан БЕГМАНОВ,

Қазақстан Жастар Одағы

және

 халықаралық

 «Алаш»  әдеби  сыйлықтарының

лауреаты