ҰЛЫ АКТЕР, ҮКЕН РЕЖИССЕР, ҒАЖАП ӘНШІ

ҰЛЫ АКТЕР, ҮКЕН РЕЖИССЕР, ҒАЖАП ӘНШІ

Әдетте өнер адамдарының бейнесін беруде қатты қиналатынымыз рас. Ал, оның бір құпия кілтін тапқан кезде ар жағындағы асыл қасиеттері ақтарылып, бірінен соң бірі менмұндалап көңіліңдегі көрікті ойларыңды өз-өзінен суыртпақтап сан-салалы тылсым құдіретке бой ұрғызатыны айдан анық. Әсіресе, өнер өлкесіндегі жан-жақты ұлы тұлғалармен сырласқанда өзіңді өте бекем ұстамасаң, қарқыны қатты ағын судың астында қалып, шейт боп кетуің де ғажап емес. Өйткені, аса таланттардың қуаныш шырқауы мен құрдым қасіреті қатар жүретіні тағы аян. Осындай ірі тұлғалардың бірі – Шәкен Айманов ағамыз екендігінде сөз жоқ. 


Бұл кісіні өз басым өнер жолындағы шырқау биігінде (қасіреті мен қуанышын қоса құшып) мерт болған жан деп ойлаймын. Өмір жолына көз жіберсек, бұл кісінің бүкіл болмысы төрт кезеңнен тұратыны тағы бар. Бірінші кезең – ауыл өмірінен, яғни, ұшқан ұясынан, Семей қаласындағы Тәлім-тәрбие техникумында оқып, сол жерден осы үлкен өнерге тұңғыш рет қанат қағып, ақыры 1933 жылғы іргесі жаңа қалана бастаған өнер ошағына өзектен шыққан өз баласындай сіңуі. Екінші кезең – сол 1933 жылдан 1947 жылға дейінгі актерліктің шыңдауы мектебіне жұтылып, содан ұлы актерлікке дейін биіктеген үлкен белесі; Үшінші кезең – 1947 жыл мен 1953 жылдар арасындағы театр сахнасында көз қаныққан мамандық биігінде режиссерлық жұмыстың бүге-шегесіне дейін игеріп, әрі шыңдалып шығуы; Төртінші кезең – 1953 жыл мен өзінің соңғы сапарына дейінгі кино саласындағы режиссерлігі деуге әбден болады. Бұл төрт кезең бар болғаны елу алты жас қана жасаған өнер адамына оңай жүк болмаса керек. Енді біз сол төрт кезеңге шегініс жасайық.

Бірінші шегініс

Арқаны ән ордасының алқабы десек, сол орданың белгілі ошақтары – бұлақ көзіндей парлап атылған әуеннің бір қонған жері Кенжетай көкірегі болатын. Өз-өзінен көкірегін кернеген Кенжетай шалдың балалық шағы да өнбойы өнерге толған өңірдің өңін бермес бесігінде әлдиленіп өскендігін біз қиялдап емес, бүгінгі таңдағы қазақ өнеріне берген екі бірдей тарланбоз әншілерімізді сыйлағаны үшін дән разымыз. Оның бірі – осы сегіз қырлы, бір сырлы Шәкен ағамыз болса, екіншісі сол кісінің туған інісі, кезінде опера театрының көрнекті әншісі болған және бірнеше фильмдерде де киноактер боп ойнаған халқымыздың ардақты ұлдарының бірі Кәукен Кенжетаев десек, оған ешкімнің таласы бола қоймас. 

Сондықтан да біз Кенжетай ақсақалдың өнер өрбіткен қасиетті шаңырағын ардақ тұтатындығымыз өз-өзінен аян. Жалпы, бұл шаңыраққа қазақ өнерінің алғысы мол. Өнердің уыз дәмін өз ошағынан қанып ішкен Шәкен ағамыздың алдынан да ақ таң атып, аталы жолға бастаған өнердің көзге ұрмас жетекшісі, Семей қаласындағы Тәлім-тәрбие техникумының қабырғасында алғаш рет сахна төріне шығарады. «Жын да бейімді ұрады» демекші, ағамыздың әруақтана айтар әндерінің екпіні ауыз-екі сөзбен араласқанда, одан сайын жандана түсіп, сахна сәніне ажар бергендей түлеп сала береді. Көп ұзамай осы қасиетті топырақтың қастерлі қағидалары жас Шәкенді әлдилеп әкеліп, жаңа ғана іргесін құрып жатқан өнер қауымдастығының құшағына күмп еткізеді. Осыдан былай, алдындағы тума таланттар Қалыбек Қуанышбаев, Серке Қожамқүлов, Елубай Өмірзақов, Құрманбек Жандарбеков сынды тарландардың ортасында шеберлік атаулы жанын тербей, шерге бермей, таудай талабын өрге сүйрейді. Осы бір халық арасынан табиғи шыққан тарландардың ордасында жалыны мен түйіні қатар шығып, қақалып-шашалып болашақтың қабырғалы актерінің алғашқы өміршең ізі басталады. Бұл өз ордасынан ұшып шыққан балапан өнердің ендігі жерде бүкіл елінің ар-намысының заңғар биікке көтерілуі еді.

Екінші шегініс

Бұл – Шәкеңнің нағыз бел бермес беріктік биіктігін шырқап шыққан шағы.

Неге екенін қайдам, маған алғаш үлкен әсер тастаған «Отелло» трагедиясындағы Отелло мен «Асауға тұсау» пьесасындағы Петруччио рөльдері болды. Осы екі рөльде де мен Шәкен Аймановты қазақ деуден гөрі сол ұлттың өзіндей сезінгенімді жасыра алмаймын. Тек айырмашылық тілдеріндегі тартымды да шұрайлы сөздердің көркем төгіліп (әрине, актер шеберлігімен) өз санаңдағы ұлттық қаныңмен бірге тыныстауында шек жоқтығы. Отеллодағы қым-қуыт күйзеліс пен ынтызар көңілдің бір-бірін ала алмай арпаласуын бергенде, шынайы ойнаған актердің сахна төрінде жоғалып кетіп, жауыздық пен жан дауасының жиіркенішті дүниеге ауыс- қандай тұлғасын, меніңше, бір берсе осы Шәкен ағамыз берді десем оған ешкім де таласа қоймас. Мұндайда көрермен болып отырған біздің де жан-дүниеміз тебіреніп, нағыз трагедияны басыңнан өткендей сезінуің және мына өзің өмір сүріп отырған ортадағы қайбір қара басқан қасіреттердің өзі ананың қасында ойыншық сияқты елестеуі сирек кездесетін жәйт.

Тіпті, бостекі өмірдің әлауләйімінде жүргендей сезімнің тас-талқаны шығуы адам жанының астаң-кестең жан-дүниесін жаралап өткендей күйде теңселтіп шығарғаны – өмір шындығынан да биік тұрғандай құдырет. Классика деген ұғымның өзі осы тұрғыдан пайда болса керек.

Ал «Асауга тұсаудағы» Петруччио рөліндегі Шәкеннің мінез-құлқы мен Отеллоның екеуін салыстыруға келмейтін рөльдер екендігін елдің бәрі білсе керек. Біріншіде жоғарғыдай күй кешсек, екіншісінде нағыз ержүрек азаматгың асауланып кеткен тентек қызды, тентек қыз болғанда да ақылына әрекеті сай шолжаң қыздың небір қиқар-қисық мінезін, алақанда ойнатқандай тапқырылығы мен өзіне ылайық, толассыз әрекеті арасындағы күрестің көркін қандай тамаша берілгендігіне қайран қаласың. Комедия болғанда да баршылықтың арқасында қолдан жасалған өте күрделі күрестің қым-қиғаш көрінісіне куә боламыз. Катарина мен Петруччио арасындағы талғаусыз кеткен тай-таласты Хадиша апамыз бен Шәкен ағамыздың ойнауында барлық дүниені еріксізден ұмытатынымыз рас. Мұндағы бірден-бірге тереңдеп, үстемелеп үдей түсетін небір құйтырқы қырсық жәйттар сені бір сәтке болса да бей-жәй қалдырмайтыны сонша, сол уақиғаның төңірегіндегі тірлік әрекеттері де өз жаныңдағы көптеген түйткілдерді қозғап, қаныңды қоздыратын күші өзіңді де сол жәйға куә ететіндей әсер беретіні анық. Бұл жөнінде театр саңлақтарының бірі – Фәрида Шәріпова өзінің бір естелік мақаласында Шәкең жайында «Қайран, Шәкен-аға! Нағыз сері еді ғой. Ондай бірегей дарындар қазақ топырағында енді туар ма?» – дей келіп өзінің аса ұлағатты апасы, қазақ өнерінің ірі тарландарының бірі Хадиша жайында былай дейді: «Шәкен ағаның сахнадағы әріптесі (партнері) тай-таласта тең түсетін, бәсекеде жеңіс бермейтін Хадиша Бокеева болатын» деп нағыз таланттардың бағасын тамаша берген. Шынында да, бұл екі таланттың қатар ойнаған рольдерінің әрбір кезеңдері, өз әрін өзгеше ашқандай жан рахатына бөлейтін. Өйткені, оның тастаған әсерінен тіпті көпке дейін мақтауға да мұршаң келмей, мұршаң келсе де тіліңді жеткізе алмай қор болатынсың. Қысқасы, театрдың нағыз тынысын аударма болса да қатты сезінуге мәжбүр ететін – спектакль еді.

Жоғарғы айтқан салт-дәстүрі мен тілі бөлек елдің ой-жүйесіндегі парасатты байлықты жеткізе білген біріншіден, Мұхтар Әуезов сынды ұлы тұлғамыздың аудармасы болса, екіншіден, қазақ өнерінің бағына берген Шәкен, Хадиша сияқты өнер тарландарына дән риза боламыз. Және бір сәт өзіңнің шоқтығың биіктеп сала беретіні тағы бар.

Жоғарғы екі бейнені көңіл мен көздің көркінен кетпейтіндей еткен Шәкен ағамыздың осы бейнелерге қалай барғанын еске алсаң, мұның алдында талай өткелдерден өткен екен. Ол сонау алғашқы ойнаған Погодиннің «Менің досым» пьесасындағы Грамофонов бейнесімен көзін ашса, кейін келе-келе осы «Отеллодағы» Кассио, Островскийдің «Таланттар мен табынушыларындағы» Великанов, «Найзағадайдағы» Тихон, Горькийдің «Шыңырауындағы» Сатин; жоғарғы атаған авторымыз Погодиннің «Мылтықты адамындағы» солдат Шадрин; Лавреневтің «Америка дауысындағы» Киддтің; Дж.Гоу мен А.Дюссоның «Терең тамырларындағы» Бреттің; Гогольдің «Ревизорындағы» Хлестаковтың; Чирсковтың «Жеңімпаздарындағы» Кривенконың; Ф.Вольфтың «Профессор Мамлоктағы» Гельпактің рөльдері сияқты бір-біріне үш қайнаса сорпасы косылмайтын трагедияның төрі мен көрін, комедияның құс қанаты жетпейтін шексіз кеңістігін елестетіп, бейнелерді қамтып қажырланып, қайраттанып келген ұлы қуат иесі актеріміздің бойындағы бар қабілеттің тетігін толық ашқан кезде жоғары екі бейне соның шоқтығы боп заңғар биікте тұрып қалған. Әсіресе, Хадишамен бірге ойнаған соңғы рөлінің Шәкеңді шырқау биікке шығарып, шерменделік пен шемендікті бейнелеуде шеберлікті шегіне жеткізгені айдан анық.

Бұл белес, әрине, ұлы актердің топшысы қайрылмайтын бір қанаты болса, екіншісі өз халқының төл шығармасы төңірегінде тізіліп келіп самсап сапқа тұра қалатын рөльдері тағы өзгеше. Мұнда ел ішінен көріп, көңіліне сіңісіп, алдыңғы ағаларынан өніп, өзіне сіңген биіктік әсте оңай келмесе керек. Бұған жол салған М.Әуезовтің «Қара қыпшақ Қобыланды» пьесасынан Қобыландының; «Қозы Көрпеш – Баян сұлудан» Қодардың; «Алдар Көседен» Алдар Көсенің; Ә.Жансүгіровтің «Исатай – Махамбетінен» Исатайдың; «Абайдан» Керімнің, Ғ.Мүсіреповтің «Ақан сері – Ақтоқтысынан» Ақан серінің рөльдері болса керек. Әрине, мұнда көбінесе халық жасаған бейнелердің төңірегінде ойнағаны көрініп-ақ тұр. Бұл бейнелердің қай-қайсысы болсын, әрбір өнер адамын, оның ішінде актерлердің жан-дүниесін байытпаса, кемшін түсірмейтіні анық. Осындай мол бейнелердің сан қилы тағдырларының талқысы, сол төл ортадан өскен жанға өшпес өнеге, ұлағат болып қалғаны елге аян.

Осы жоғарғы рөлдердің ішінде ортадан сурылып шығып, Шәкеңнің Шәкең екенін танытқан екі бейнені айтпай кетуге болмайды. Былай алып қарағанда бұл екі бейне бір кеудеге сыймайтын қалып танытады. Шындыгында олай болмаса керек. Олай дейтініміз, жаратылыстың заңында адам туғанда табиғат жаманы болсын, жақсысы болсын, барлық қасиеттен молынан беретін көрінеді, соның қай жағы басым болса, сол жағы дамып, сол адамның кім екендігін көрсетсе керек. Және екі жақты өріс алған пиғылдың пырағы қатар келіп, бір кеудеден тебіндеп тұратын көрінеді. Бірі асса екіншісі бұғып, екіншісі асса біріншісі бұғып тұратыны заңдылыққа саятын сыңайлы.

Дәл осының дәлелін көргендей жайға біз осы Шәкеңнің төмендегі ерекше ойнаған екі рөлінен көп сабақ алдық. Оның бірі Ақан сері де, екіншісі Әзім рөлі. Ақан серіде Шәкеңнің биік парасатты жан-дүниесін көреміз. Ондағы өз халқының өнер ортасынан сусындай шырқаған жастық, жалынның серілік қуатқа ұласып, одан керімсалдық дүниенің кемеңгерлік тұтқасына бой ұрған марғасқа азаматтыққа ішкі пікірді іркіп ұстап ұмтылған көңіл кербестісінің көркін береді. Бұл жерде талғаусыз арынның алдындағы тұлғалардың барынша ашылған ақжармалылық паш етілді. Кейін келе-келе осы бір құйтырқы сырдың марқайып оңашалана бастаған кезінде, іште тосылып тұрған күдікті пікірдің бірте-бірте күш ала бастағанын көреміз. Ол, әсіресе, төртінші кезеңнің тұсында, өз бейнесін айқын ашып бергенінде сөз жоқ.

Екінші сырдың дәлелі ретінде біз Әзім рөлін алсақ та жетіп жатыр. Және сөз жоқ, Шәкең ойнаған рөльдерінің ішінде екінші бір шоқтығы биік рөлі осы. Мұнда жоғарғы айтқан іш пікірін жасырып, күншілдіктің күбірткелі пәлесін бетке күліп отырып, діттеген жеріне сіңіріп жіберу тәсілі бүкіл Әзім бейнесін ашып береді. Және сол бейненің көзәйнектің ар жағынан сондай қорқынышты етіп берілуінде соншалықты үрейлі боп, жан шошытарлығын айтсаңызшы. Әрине, бұл жерде көзәйнек кигендердің көбісі сондай екен деген ұғым тумаса керек. Ол біздің Шәкеңнің, енді қайталанбас Шәкеннің ойынындағы тамаша ерекшеліктің арқасында ғана пайда болған ғажайып қасиет. Ол рөльді Шәкеннің жеткізген биігінде, басқа біреу жеткізеді (мейлі, ол мың жерден талант болсын) және болашақта да бір мықтылар жеткізеді деп айта алмаймын. Бүкіл даланың дара батырындай немесе сол даланы алшаң басып, серіліктің серпілісіне бөленген Шәкеннің тұлғасы, дәл осы бейнеде шөгіп шүкайттай болып, оның үстіне бүкіл зымияндық ісінің ізін білдірмей жасаған іс-қимылдары, ол тек осы ІІІәкең сияқты тұлғаларға ғана жарасатын шеберлік екендігінде сөз жоқ. Басқасын былай қойғанда жоғарғы айтқан Петруччио – Катаринасымен, Отелло, Ақан сері, Әзім – біздің Шәкен Айманов сияқты актерімізді ұлы актерлік биікке көтеріп, өнер көкжиегіне өшпес көрік берді десек оғаштық болмас. Бұл төрт бейне біздің қайталанбас актеріміздің төрт тағаны іспеттес төрт құбыласы болып мәңгі қалды.

Үшінші шегініс

Жоғарғы айтқан актерлік шеберліктің шегіне жетіп, оның бүкіл бүге-шігесіне дейін меңгерген Шәкең ендігі жерде өзінің шығармашылық еңбегін, осы мамандықтың басын біріктіріп, көрерменге қоғамдық ортаның ісін паш ететін ағайындас іске бой ұрады. Оған бой ұрудың бір жағы, бұл саладағы мамандардың жетіспеуінен де болар. Дегенмен, көзін өнермен, қала берді, театрмен ашқан аса талантты жанға, бұл мамандықтың жат еместігі аян. Олай болса осы үлкен, яғни қазақтың маңдайалды мақтаныштарының бірі Мұхтар Әуезов атындағы академиялық драма театрында Шәкендердің өздері жол көрсетпегенде кім жол көрсетпек. Өзінің күнделікті қоян-қолтық араласып жүрген бұл мамандық жолындағы еңбегі де теріс бағыттан аулақ болып, оң бағытқа қуат ала бастайды.

Әрине, әр мамандықтың сырт көз байқамайтын қиындығы болмай қалмайтыны рас десек, Шәкеңе де қанша мәрте оңай соқпағаны шындық. Бұл кезең 1947 жылдан ертерек басталса 1951 жылдан кейінгі уақытты да қамтиды. Осы екі ортада Шәкеңнің шәкірттігінен шеберлігіне дейін көтерілген үлкен жолының бірі жатса керек. Көркемдік идеяның мазмұндырақ және ұтымды шешімнің ұлттық бояуының басымырақ жағын қарастырған Шәкең өзінің діттеген ойынан шықпады деуге де ауыз бармайды және осы бір үш тараулы жолдан жеміссіз қайтты деуге де ешқандай дәлеліміз жоқ. Бірақ, тым ұлтшылдықтың, тым қою бояудың, идеясының тым тереңдігіне бой ұра берудің өзі заман тынысына қарай қауіпті де еді. Өйткені, ол уақыт негізі бір-ақ мақсатқа, яғни ұлы халық атанған елдің мерейін қай жерде де мүмкіндігінше үстем ету қағидасы етек алған мезгілі болатын. Әрине, бұл пиғылдан басқа спектакльдік қойылымдар құралақан болмағанмен, барынша өзінің ұлттық мәнімен көтеріңкі шыққан (оның ішінде де ұлы Мұқаңның үйіріп әкелген табиғатындағы үркердей жаңашыл жандарын кездестіргендіктен) «Абай» пьесасының өзіндік қолтаңбамен, яғни Шәкен Айманов ағамыздың қолтаңбасымен шыққандығы театрды бір сәт серпіп өткендей әсер тастайды. Сол әсердің нәтижесі болар, осы спектакльге 1952 жылы СССР Мемлекеттік сыйлығы беріледі. Әрине бұл, жоғарыда айтқан өнер ошағына аз табыс болмаса керек. Сол сияқты «Ақан сері – Ақтоқтының» Шәкеңнің қойылымындағы нұсқасының өте тамаша шыққандығы кезінде үлкен әңгіме болған. Бұл спектакльдің мұншалықты барлық жағынан тұтас шығуы Шәкеңнің сүйікті рөлі Ақан серінің және сол замандағы ел қыздарының тағдыры, оларды қоршаған айнала, бәрі-бәрі Шәкеңнің өзінің туған өңірімен астасып жатқан жаратылысы болатын. Сол жаратылысты театр сахнасына әбден кәнігіленіп алған қас шебер астастыра біліп, өзгеше жан бергені айдан анық. Оны енді қай жағынан да терең көркем жатыр демеске, қысқасы, қай жағынан да басым жатыр демеске әддіміз жоқ.

Оның үстіне осы тұс Мәскеу мен Санкт-Петербургтан соғыстың салдарымен әрқайсысы бір-бір аңыз болған театр майталмандарының осында уақытша қоныс аударған тұсы еді. Олар театр сахнасының майын ішкен, кино өнерінің өресін жоғарылатып, қанатын еркін жайдыртқан актерліктің де, режиссерліктің де, кино актерлерінің де, кино режиссерлерінің де ұлағатты үлгі тастар жүйріктері сөз жоқ, оқуы жоққа оқу, оқуы барға академия дәрежесінде білім бергені тағы бар. Осы кезең үлгілілікті, ізгілілікті қас-қағымда қағып алуға бейім Шәкеңнің өнердегі көкжиек шеңберін кеңейтіп кетті. Әрі театр сахнасында жүріп, екінші жағынан кинода ойнап шынығуына мүмкіндік берді. Бұған «Амангелді», «Абай әні», тағы басқа сол тұста лентаға түскен кинолардың бірсыпырасында Шәкең киноактерлігіне куә боламыз. Әрине, оның мынасы сәтті шыққан, мынасы сәтсіз шыққан деп талдап жатпай-ақ қояйық. Бірақ мұнда да баяғы Әзім, Шәріп болған рөльдердің сәттілігіне ешкімнің дауы бола қоймас. Осы ұлы ұлағат академиясының әсері болса керек, біздің Шәкең сол тұста кинорежиссерлік жағына ойыса түсті. Қысқасы, өзі өсіп, өркендеткен театрынан біржола қол үзбегенмен қазақ үшін өнердің өте соны саласы киноның құдіреті, біздің майталман актерлеріміздің бірсыпырасын магниттей тартқаны рас. Бұрын бір сахнаның ол жақ, бұл жағында бар өнерін көрсететін тарландар енді кең даланың төсінде көсіле көрінетін болды.

Төртінші шегініс

Бұл – Шәкен ағамыздың кино саласындағы жемісті еңбегі. Яғни, 1953 жылдан өмірінің соңына дейінгі аралықты қамтыған он жеті жылы. Бұл екі ортада Қазақ киносының алғашқы ленталары болып саналатын халық батыры «Амангелді» – 1939, «Абай жолы» – 1945 ж.; «Жамбыл» – 1952 ж. сияқты фильмдердің бірінде қосалқы рөльдерді, енді бірінде басты рольдерді ойнап, кино саласының қайсыбір ішкі құйтырқыларынан хабардар болып қалған біздің Шәкең енді өз алдына фильм түсіре бастайды. Бұған «Махаббат туралы аңыз» – 1953 ж.: «Дала қызы», – 1954 ж.; «Біздің сүйікті дәрігер» – 1958 ж.; «Алдар Көсе» – 1965ж.; «Туған жер» – 1967 ж.; және ең соңғы фильмі «Атаманның ақыры» – 1970 ж.; фильмдерін жасап, түсіріп, үлкен жемісті еңбек жасайды. Және бұл тұста ұлттық кино мамандарының әлі де толыға қоймаған кезі дейміз... тіпті, жоқтың қасы болатын. Оның алдында Ораз Әбішев сияқты бірен-саран негізгі мамандар болмаса былай ауыз толтырып айтар жайдан мақұрым едік деуге де болатын. Кейін бұл саладағы саусақпен санарлықтай салиқалы топтар да келе бастады. Олар: Сұлтан Ходжықов, Мәжит Бегалин, Абдолла Қарсақбаев сияқты қазақ киносына үлкен еңбек сіңірген тарланбоздар келген болатын. Бұл кезде әрі актерліктен, әрі режиссерліктен алдына жан салмағандай қалыпта өз ортасын билеп-төстеп үйренген Шәкеннің Ақан серілігі де, Әзімдігі де қатар жанып, екеуі де ұлы актерліктің маңайында да, үлкен режиссерлік тоңірегінде де өз үлесін молынан алды десек қателеспегеніміз, әрине. Бұған бірден-бір себеп, Шәкеңнің сол кездегі Мәскеу, Санкт-Петербург қалаларының осы саладағы майталмандарымен табақтас та, сырлас та болып, орталарында ортекедей ойнақтап, өз айтқанын екі еткізбей орындатуы еді. Оның үстіне сол замандағы ұлы халықтың өзгенің мәдениетін, салт дәстүрін кеңінен қозғауға мүмкіндік бермей, тынысын тарылтып, тізгінін берік ұстап, тым еркіндікке бой ұрғызбаған қалпы, Шәкең сияқты өмірдің оң-солын толық игерген толымды жандарға өзінің дархан соқпағын берген еді. Әрине, қыңырлыққа басып қит етсе ұлтшылдық дейтін пәле өзгелердің өресін өрбітпей өрісін тұсап жатты. Сонымен бірге Шәкенді жан-жағына еркін ауытқымайтын табандылығы жолынан тайдырған жоқ. Оның үстіне Шәкең сияқты есті адамның ондай тәуекел жолға барып, бар абыройын айрандай төккісі келмегені тағы анық. Осының салқыны бүгінгі таңда бүкіл Орта Азия төңірегіндегі осы кино саласындағы шеберлікті біздің Қазақстанда да күрт төмен түсіріп кетті. Ұлттық өнердің қай саласында болсын Орта Азияда құйысқан бойы алда жүретін дәстүріміздің бұзылуына әкеп соққандығы әлі күнге таңба сияқты. Соның салдарынан небір көкіректегі керемет ойлар, халықтық бейнелер солғын тартып, келе-келе ілдала күйге түскен. Тіпті, сол орыс ағайындарының арқасында әп-әдемі шыққан «Абай әнінің» өзі кейін жабылып, архивке тасталғаны, «Қыз Жібектің» қиылып-қиылып қор болғаны (біз қалғанының өзіне мәз болып жүрміз) күні кеше болатын. Міне, содан барып кино саласындағы жүйрікгіктің басшы тұлғасы есебінде ақырын басып алға шыққан Шәкен ағамыз болды. 

Шынын айтсақ бұл салада Шәкеңнің үлкен режиссер екендігінде сөз жоқ. Бірақ құдайға шүкір, бұл салада да өз биігін бермес Сұлтан Ходжықов, Мәжит Бегалин, балалар фильмі саласында Абдолла Қарсақбаев, документті фильм жағынан Ораз Әбішев, Қуат Әбусейітов сияқты, еркіндік тисе бүгінгі танда ұстаздық дәрежеге көтерілетін тұлғалар баршылық еді. Сондықтан да мен Шәкен ағамызды ұлы актер, үлкен режиссер, ғажап әнші дәрежесінде қатты сыйлаймын. Халқының пікірі де ол кісіні осы биіктен көретіндігінде шек жоқ.

Ендігі бір әңгіме...

Бұл – Шәкеңнің кино саласындағы актерлерді таңдау танымы. Рас, өзінің Жамбыл, Алдар Көсе рөлдеріне жоғарғы айтқан құрсаулық төңірегіне азабын ала жүргендіктен біраз тұсына кешіріммен қаратары анық. Ал өз фильмдеріндегі, әсіресе, өте сәтті шыққан «Біздің сүйікті дәрігер», «Тақиялы періште», «Атаманның ақыры» фильмдеріндегі басты рөльдерді алғашқысыңда тұтас алынған актерлер қоғамының, келесісінде Әмина Өмірзақова баласына қалындық іздеп жүрген рөлінде және көңіл желпіністің қуақы қариясы Әубәкір ЬІсмайыловтардың соңғы фильмдегі Асанәлі Әшімов, Нұрмақан Жантөриндердің бірі жас, енді біреулері биіктіктен бел бермеген жандар еді. Солардың әдемі ойын Шәкен ағамыз тамаша таба білген. Шеберлік құдіретінің танымын тап басуға ұласқан сәттілігі, біздің Шәкенді кино тарихындағы орнын өшпес биікке көтерді. Сондықтан да оны елі қатты бағалап, сол «Қазақфильм» киностудиясына оның атын бергіздіріп, құрмет тұтты. Біз бүгінгі таңда ағамыздың өзі болмағанмен ісі ұлағаттылыққа бой ұрған шағын көріп отырмыз. Әменде сол биігінен әсте төмен түспесін демекпіз.

Сейфолла Оспан, 

ақын, Халықаралық «Алаш» сыйлығының лауреаты