АҚЫНДАР ЕЛГЕ, ЕЛ АҚЫНДАРҒА АЛҒЫС АЙТҚАН КҮН БОЛДЫ

АҚЫНДАР ЕЛГЕ, ЕЛ АҚЫНДАРҒА АЛҒЫС АЙТҚАН КҮН БОЛДЫ

Елімізде 1 наурыз Алғыс айту күні деп жариялаған. Көктемнің алғашқы күнімен тұспа-тұс келетін мерекеде еліміздегі өзге этнос өкілдері қиын кезеңде құшақ жая қарсы алған кеңпейіл де қонақжай қазақ халқына алғыс айтады.

Бүгін Шардара ауданындағы Алғыс айту күні ерекше көңіл күйде, айырықша аталып өтті. Әуелі аудан әкімі осы аймақта тату-тәтті тұрып жатқан өзге этнос өкілдерін арнайы қабылдап, құрмет көрсетті. Қабылдауға келгендер қазақ халқына, дархан пейіліне, қонақжай мәрттігіне алғыстарын білдірді.


Іс-шараның жалғасы аудандық мәдениет сарайында аталып өтті. Мұнда Алғыс айту күні мен ауданымыздағы «Қазыбек Иса атындағы шығармашылық бірлестігінің» 10 жылдық мерейтойы қатар аталды. Іс-шараға аудан әкімінің орынбасары Бауыржан Шомпиев, қоғам қайраткері, өнер жанашыры Ислам Әбішев, қоғам қайраткері, ақын, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты, «Ақ жол» партиясы төрағасының орынбасары Қазыбек Иса, аудандық мәслихат аппараты, зиялы қауым өкілдері, бірлестік мүшелері, жергілікті ақындар, өнер майталмандары қатысты.



  Мерекелік іс-шарада аудандық кітапхананың ұйытқы болуымен «Шежірелі өлке шайырлары» кітап көрмесімен бастау алды. Іс-шара барысында аудан әкімінің орынбасары Б.Шомпиев, аудандық мәслихат аппаратының басшысы Р.Бекмұратов, «Аманат» партиясы Шардара аудандық филиалының төрағасы Е.Бекет құттықтау сөз сөйлеп, елге ынтымақ-бірлік тіледі. Құттықтау сөздерден соң бір топ жергілікті ақындар, бірлестік мүшелері Алғыс хаттармен марапатталды. 


  Жиында сөз алған ақын Қазыбек Иса, Ислам Әбішевтер елге, туған жерге арнайы тағзым етіп, алғыс айту үшін келгендерін атап өтті. Ақын ағамыз өз есімімен аталатын бірлестік мүшелеріне ризашылық білдіріп, жемісті еңбек етіп жүрген қалам иелерін Алаш идеясын, ұлттық бірегейлікті насихаттауға, Қазақстанның мемлекеттілігі мен мұддесін, демократия және парламентаризм ұстанымдарын қорғауға қосқан үлесі үшін "Ақ жол" Демократиялық партиясы атынан «Қазақ Республикасына 100 жыл» мерекелік медалімен марапаттады. Ақын ағамыз осындағы руханияттың табыстарына бірлестік мүшелерінің де зор үлесі бар екенін жеткізді.


Жиын соңында аудан өнерпаздары жергілікті ақындардың сөздеріне жазылған әндерді орындап, көпшілікке көтеріңкі көңіл күй сыйлады.

Осылайша Алғыс айту күнінде ақындар елге, ал ел ақындарға алғыс айтты. Алғыс арқалағанға не жетсін!

Сәбит Лаханов,

Қазақ үні