Балалар қисса оқи ма?

Балалар қисса оқи ма?

Елімізде балалар әдебиетіне қалам тартқан сөз зергерлері аз. Оның өзінде көбі балаларға арналған тақпақ, өлең жазумен шектелетіні жасырын емес. Бұл ретте, қазақ балалар әдебиетінің тарихы ежелгі дәуірден басталатынын алға тартып, сол бағытта құнды еңбектерді дүниеге әкелген ғалым, жазушы һәм журналист Меңдібай Әбілұлының шығармашылығына үңіліп көрдік.

Қаламы қарымды қаламгер балалар әдебиетінің тарихын ежелгі сақ, ғұн, үйсін-қаңлы дәуірлерінен бастап, «Исламдық түркі дәуіріндегі балалар әдебиеті», «Алтын Орда-Қыпшақ дәуіріндегі балалар әдебиеті», «Қазақ хандығы дәуіріндегі балалар әдебиеті (ХV-ХVІІІ ғасырлар)» деп бірнеше тарихи кезеңге бөліп қарастырады. Өзін балалар әдебиетінің өкілі санайтын ақын-жазушылар бұлай терең үңіліп көрмеген шығар. Не десек те, біреуге «баладай» көрінетін балалар әдебиетінің де тарихы тереңде жатқанын мойындауымыз қажет. 

Қазақ ауыз әдебиетіндегі қисса жанры жайлы балалар былай тұрсын, үлкендердің өзі біле бермеуі мүмкін. Ендеше, қисса деген не? Ғалымдардың пайымынша, қазақ дүниетанымының қалыптасуына тікелей ықпал еткен осы әдеби жанр екен. Тарихқа көз жүгіртсек, қисса айту дәстүрі Алтын Орда дәуірінде жүйелі дамып, түркі-ислам өркениетінің негізін қалыптастыруға әсер еткен. Академик В.Радловтың «Бір қиссаның құдіреті жүз молданың уағызынан артық» деп баға беруі көп нәрсені аңғартқандай. Десе де, кейінгі дәуірде бұл әдеби жанр тоқырауға ұшырағаны рас. Қиссаны жазуға ақындар жүрексініп, әдеби жанрға жан бітірер қаламгер табылмады. Бұл ретте, тәуелсіздік жылдардан бері қиссаны «қайта тірілтіп», бұл бағытта еңбектеніп жүрген М.Әбілұлының ізденісі бас бармақпен бағалауға болады.

Ізденімпаз жазушы балалар мен жасөспірімдердің әдебиетке деген құштарлығын өлең және қарасөзбен жазылатын, ауызша айтылатын қисса арқылы арттыруға болатынын алға тартады. Айтып қана қоймай, балалар үшін «Алып Тарғытай туралы», «Анарыс Қоңырұлы», «Мөде қаған туралы», «Алтын домбыра туралы», «Тұмар патшайым» және тағы осы сияқты 40-тан астам қисса жазды. Осы орайда, «Тұмар патшайым туралы қисса» атты шығармасының мазмұнымен танысып көрген едік.

Жоғарыда жазғанымыздай, бұл шығарма балаларға арналған. Жасыратыны жоқ, қазіргі балаларға Тұмар патшайым кім десең басын шайқайтынына күмәніміз жоқ. Томирис десең, кино жайлы сайрай жөнелуі мүмкін. Енді бірі «сыныптасымның есімі Томирис» деп жауап берер. Иә, соңғы жылдары сәбиіне Томирис есімін қойған отбасылар көп. Бастысы – балалар оның ерлігі, батырлығы жайлы біліп жүрсе болғаны. Меңдібай Әбілұлының көздегені де сол еді...

Бұл қиссада сақтардың батыр әйелі Тұмар патшайымның ерлігі жайлы, «жеңілмейтін» парсы патшасы Кирдің басын кескені, жалғыз ұлы Спаргапистің кегін алуы сияқты сәттер балаларға ұғынықты баяндалады. 

– Дастанды жазар алдында ұзақ ойландым. Ойлана келе қаламымды қолға алдым. Мақсатым – болашақ ұрпаққа Тұмар патшайымның ерлігін паш етіп, олардың патриоттық сезімін арттыру болды. Батыстан қаптап келе жатқан теріс ақпараттар ағынына осы шығармам арқылы қорған болғым келді, – дейді М.Әбілұлы.

 «Тұмар патшайым» қиссасы ең алғаш 2006 жылы 27 ақпанда А.Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университеті Тараз институтының «Ясауи тағылымы» газетінде жарияланды. Бір-екі сәтке көз жүгіртсек, шығармада Парсы патшасы Кир Тұмар патшайымға: «Менің әйелім боласың, әйтпесе еліңді қанға бөктіремін», деп айбат шегеді. Сонда Тұмар патшайым: «Кир патша сұмдық басынды, Білекке қылыш асынды. Арам ойын мақұлдап, Имеймін мен басымды», деп жауынгерлерін Кир патшаның әскерлеріне қарсы шабуылға бастайды. 

Ел билігін қолына алған әйел патшаға Кирдің сөз салуы бекер емес екені анық. Оның түпкі ойы - массагеттердің дархан даласын жаулап алу еді. Шығармада Тұмар патшайымның ұлы Спаргапистің алданып қолға түсіп, қапияда қаза табуы Томиристі жігерлендіре түсетіні әсерлі баяндалған. Ол қанқұмар Кирден кек алып, өз қанына өзін қандыруға серт берді. Мақсатына жетті де. Қан толы меске Кирдің басын салып, «Қанқұмар Кир! Өз қаныңды тойып іш!» деп, ерліктің үлгісін көрсете білді.

Мұрағаттарды ақтарсақ, Тұмар патшайым туралы әлем жазушылары әдеби шығармаларды аз жазған жоқ. Ал М.Әбілұлы Тұмар патшайым туралы әдеби қисса жазған алғашқы қаламгер ретінде танымал.

«Егемен Қазақстан» газетінің бас редакторы Ғабит Мүсірепов әдеби қисса туралы пікірін білдірді. «Шығармаға көз жүгіртсек, Меңдібай «Тұмар патшайым туралы қисса» шығармасында көне қиссалардағы оқиғалардың баяндалу тәсілін қолданады. Ұмытылуға айналған қисса жанрын қайта жаңғыртып, ұлтымыздың руханиятын молайтуға қомақты үлес қосып жүрген М.Әбілұлының қаламынан әлі де талай құнды дүниелер шығатыны анық», деді ол. 

Меңдібай Әбілұлының жұрт біле бермейтін өзге де қыры бар екен. Журналист Ахмет Өмірзақтың мақаласында оның сатираға жаны жақын екені айтылады. 

– Аласапыран дәуірде ғылым қуып, жоғары оқу орнына оқытушы болып кеткен сатирик қаламгердің бірі – Меңдібай Әбілұлы болатын. Атажұрттан алыс, қиырдағы Бесқалада туып-өссе де де ана тілінде білім алып, жоғары оқу орынын бітіріп, қаламды жанына серік еткен Меңдібайдың о бастағы арманы – сатирик жазушы болу еді. Туған жері – Қарақалпақстанда жүріп, баспасөз беттерінде сан рет сатиралық шығармалары мен фельетондары жарық көрген оның 90-жылдардың басында «Арақтың жүз грамм қалдығы» деген кітабы жарық көрген болатын. Алайда алғашқы кітабынан соң ұзамай діни ақындар шығармашылығын зерттеп кандидаттық диссертация қорғап, Қарақалпақ мемлекеттік университетінің қазақ филологиясына оқытушы болып, жас ұрпаққа әдебиет сырларын үйретуге бел шеше кірісіп кеткен жас ғалым ұзақ уақыт сатира ауылына ат ізін салмай кетті, – деп жазады ол.

Кейін атажұртына көшіп келіп, Хожа Ахмет Ясауи атындағы халықаралық қазақ-түрік университетінде еңбек еткен. Содан соң Тараз қаласына келіп, Тараз инновациялық-гуманитарлық университетінің филология факультетіне оқытушы болып орналасты. Біраз жылдан бері осы университет қабырғасында жастарға дәріс беріп жүрген қаламгердің 40-тан аса ғылыми, әдеби еңбектері жарық көрген.

– Дегенмен соңғы жылдарда баяғы өткір қаламын қолына қайта алып, сатиралық шығармалар жаза бастады. Қашанда өнімді еңбек ететін қаламгердің соңғы бір-екі жыл ішінде жазғандары жиі жарияланып, жұрт көзіне мықты сатирик ретінде түсе бастады. Басқасын былай қойғанда, Меңдібай Әбілұлының сатиралық шығармалары «Қазақ әдебиеті» газетіне бір жылда үш рет басылып шықты. «Тебеген сөз», «Қотыр ешкінің күші» атты екі бірдей әзіл-сықақ кітабы басылып шықты. Қашанда қоғамдағы кесірлі әдеттердің қиядан көзі шалып, дәлдеп ататын Меңдібайдың шығармашылық шеберлігі оның әр қысқа шығармаларының өзінен байқалып тұрады. Шағын да шымыр шығармалары топтастырылған екі су жаңа кітабының қай бетін ашып қалсаң да, бүгінгі қоғамда асқынып тұрған жемқорлық, алаяқтық, өтірікшілік, бейталаптық, дарақылық секілді мінездерді аямай шенеген өткір сюжеттерді көресіз. Маселен «Түшкірік той» деген шағын сықағында той беруде жұрттан қалғысы келмеген Жидегүл деген әйел баласы аяқ астынан түшкіріп қалғанына қарап ой тауып, «түшкірік той» деген той береді. Сөйтіп баланың тұңғыш рет түшкіргеніне берілетін бір «той» пайда болады. Бұл енді дәстүрі дарақылыққа ұласып бара жатқан бүгінгінің қазағы ғой. Удай әжуа жаныңа батса да, мойындауға тура келеді. М.Әбілұлының қаламынан туған әр шығарма туралы пікір айтып отыруға көп уақыт кетеді. Осындай бір тамаша қаламгердің бар екенін біліп жүрудің артығы болмайды дегенді айтып қалғымыз келді, – дейді журналист.

Біздің де көздегеніміз осы еді. Балалар әдебиеті деп айтса салу оңай. Ал, оны зерттеп, халық ауыз әдебиетімен байланыстырып, қисса сияқты жанрды балаларға ұғынықты тілмен жеткізу оңай шаруа емес. Ал сіздің балаңыз қисса оқи ма?

Оралхан АХМАДИЯ,

Қазақ үні 

Авторлық құқықтар толық сақталған. Мақаланы көшіріп басу үшін редакцияның жазбаша рұқсаты қажет.