Сексеннің сеңгіріндегі сері
2024 ж. 27 ақпан
1762
1
елағасы Қойшыбай Үсенов туралы сыр
«Бауыржан Момышұлы жасы үлкен қарттарды шал, қария, ақсақал, абыз деп төртке бөлген. Отбасы, ошақ қасынан ұзап шыға алмай, түтін аңдып, үй аралап, саяси өсек айтатын қарт – шал. Өз әулетін шашау шығармай уысында ұстап, билік жүргізген қартты қария деп, тұтас бір ауылдың жоқ-жітігін түгендеп, жыртығын бүтіндеп, азаматын атқа мінгізіп, айдынын асырып отыратын қартты ақсақал деп, бүкіл елдің сөзін сөйлеп, намысын жыртып, дау-дамайын шешіп, арғы-бергі тарихтан әңгіме қозғап, тұла бойына ұлттық рух, ізгі қасиеттерді молынан сіңірген қартты абыз деп атаған».
Иә, біз әңгіме өзегіне айналдырғалы отырған Қойшыбай Үсеновтің тұла бойы тұнған тарих. Демек, ол кісіні нағыз абыз десек артық айтқандық болмас.
Қойшыбай Үсенұлы 1944 жылы 2-ші наурызда Қызылорда облысы Жаңақорған ауданы Талдысу ауылында дүниеге келген.
1964 жылы В.И.Ленин атындағы Қазақ политехникалық институтына «Мұнай және газ ұңғымаларын бұрғылау» мамандығы бойынша оқуға түсіп,мұнай саласының маманы атанады. Жоғары оқу орнын бітірген ол 1969 жылы Жаңаөзен қаласының Өзен бұрғылау жұмыстары басқармасында бұрғылаушының көмекшісі болып еңбек жолын бастайды. Бұрғылаушыдан, бұрғылау шебері, учаске бастығы және өндірістік-техникалық бөлім бастығы сынды еңбек сатыларынан өтіп, өз саласының майталман маманына айналады.
1981-1982 жылдары Қойшыбай Үсенұлы Мәскеу қаласындағы Г.В.Плеханов атындағы халық шаруашылығы институтында қайта даярлаудан өтіп, өзінің кәсіби біліктілігін арттырады.
Қойшыбай Үсенов өзінің еңбек жолында Жетібай бұрғылау жұмыстары басқармасының бас инженері, Өзен бұрғылау жұмыстары басқармасының бастығы, «Қазақстан Каспийшельф» АҚ Ақтау филиалының бас директоры қызметтерін атқарып, өзі тізгінін ұстаған әрбір мекеменің жұмысының жандана түсуіне ықпал етті. Сонымен қатар, ол Маңғыстау облысы Ақтау қаласындағы «Қаражанбасшельф» АҚ компаниясына басшылық етіп, одан әрі «Аджип ККО» компаниясының үкіметпен байланыс жөніндегі кеңесшісі қызметтерін абыроймен атқаруының арқасында еліміздің мұнай саласының дамуына өлшеусіз үлес қосады.
Ш.Есенов атындағы АҚТМУ құрметті профессоры атағын алған ол ғылым саласының ілгерілеуі жолында да ілкімді істердің атқарылуына ұйытқы болды.
Ерен еңбек еткенінің арқасында «Еңбек ардагері» атанып, елдің құрметіне бөленді. Мұнай саласындағы мінсіз қызметі үшін «Мұнай-газ саласының еңбек сіңірген қайраткері» атағын алып, абырой биігінен көрінді.
Иә, ол бұрғылаушыдан басқарма бастығына дейінгі жолда талай тер төкті. Мұнай компаниясының топ-менеджерінен Қазақстан Республикасының мұнай-газ саласындағы құрметті ардагерлердің біріне айналса, мұның барлығы адал еңбек, маңдай тердің жемісі екені сөзсіз.
Қазіргі таңда Қойшыбай Үсенұлы ер түріктің бесігі атанған Түркістанның төрінде өмірлік серігі Орынша екеуі ұрпақтарымен бірге бақытты да баянды ғұмыр кешуде. Күміскүл, Майра, Айгүл сынды аяулы қыздарын аялап өсіріп, жоғары білім беріп, әрқайсысының өмірден өз орындарын табуына септігін тигізді. Бүгінде олардың әрқайсысы өздері таңдаған салаларының кәсіби білікті мамандары.
Осынау өнегелі өмір иесіне сексеннің сеңгіріндегі сері десек артықтық етпейтін тәрізді. Үздіксіз еңбек етіп, елдің алғысына бөленген, өз әулетінің ғана емес, өзі еңбек еткен саланың да саялы бәйтерегіне айналған Қойшыбай Үсеновке жүзіңіз жарқын күйде жүзге жетіңіз деген тілек білдіргіміз келеді. Көкірегі қазынаға толы абыздың айтары мол, әлі де алар асуы зор. Қажымас қайрат иесіне біз де зор денсаулық тілеп, ұрпағымен мың жасай берсе екен дейміз...
Г.БАҚЫТЖАНҚЫЗЫ,
Қазақ үні