САБЫРДЫ СЕРІК ЕТКЕН

САБЫРДЫ СЕРІК ЕТКЕН

Кеңес Аухадиев туралы сыр

Өткен ғасырдың 60-80 жылдарында комсомол-партия қызметтерінде жетекшілік жасап, аудандық, қалалық, облыстық, республикалық деңгейдегі лауазымды басшы қызметтер атқарған, биік-биік мінбелерден көрініп, ел басқару ісі мен ірі шаруашылық жұмыстарының бел ортасында жүрген, әсіресе, Алматы қаласы мен Алматы облысында бірінші басшы болған жылдарында зиялы қауым өкілдерімен қойын-қолтық араласқан Кеңес Аухадиев есімі ана дәуірде де, тәуелсіздік тұғырына қонып, құндылықтар өзгерген осы дәуірде де ел ойы мен назарын өзіне бұру қабілетін әлсіреткен емес.

Бүгін қызметте болып, ертең қызметтен кетсе, ел жадындағы бейнесі көмескіленіп, көзі тірісінде-ақ ұмытылатындар аз емес. Оның себебі мен салдарын іздер болсаң, таратып айтып, талдап жатуға көп уақыт кетеді... Кеңес Мұстаханұлы қызметте жүргенде елі-жұртына қалай қадірлі болса, өткен ғасырдың соңында, дәлірек айтқанда, Желтоқсан оқиғасы қарсаңында, Орталықтың жоспарлы түрде жүргізген «тазартуы» тұсында Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің Бюро мүшелігінен шығарылып, Алматы облысының бірінші басшылығынан босатылғаннан кейін де қарапайым халық пен зиялы қауым алдындагы беделі биіктемесе, төмендемеген санаулы, сирек басшылардың, еліне қадірлі азаматтардың бірі болды.

Тарихқа «жариялылық» деген айқай-сүреңі мол айдармен еніп, ақыры адамзат дамуының тағдырлы жаңа бағытын анықтауға жол ашқан Ұлы Желтоқсан көтерілісіне жалғасқан горбачевтік кезеңнің қандай сюжетпен өрбіп, қалай дамығаны, немен аяқталғаны, колбиндік солақай саясаттың ел арқасын аяздай қарып, ұлт рухын тізе бүктіру үшін нендей жасанды әрекеттерге барғаны – қаз-қалпы жадымызда. 

Күні кеше ғана алып империяның бағыты мен бағдарын анықтауға ықпалы болған санаулылар санатына енген Қонаев есімді ірі басшының өз үйінің төріне байланып, төрт керегенің арасында теңселіп қалуы, ел тізгінін қостап, ел ертеңінс жауан берер, болашақта республикаға басшы болуға лайық деген аздың алдынан көрінген Назарбаевтың да әр сөзі мен әр басқан қадамы аңдуға түскен кезеңде ұлт кадрларының теперіш пен қиындықтың «тар жол, тайғақ кешуінен» қалай өткені ел есінде...

Біз – сол жады төрінде жаңғырған мінезі мол кезеңмен қырықтың қырқасында кездескен, «кіші октябрь» дейтін тоталитарлық жүйенің соңғы жазалауының шет-жағасын көріп, әр деңгейлі партия комитеттерінің бюроларында мәселесі қаралғандардың санатынанбыз.

Иә... «Қазақ ұлтшылдығы» дейтін салмағы батпандай ауыр гүрзі төбемізде ысқырынып, көбімізді ашық қудалап, партиядан шығарып, қызметтен қуған өткен ғасырдың сексенінші жылдары тарих еншісіне айналып барады.

Кеңес Аухадиев – сол келісі мен келсабы ой-сананы қатар қысқан кезеңде алғашқылардың бірі болып, жаны талауға, тағдыры талапайға түскен кеңестік дәуірдегі сирек бітімді қайраткер басшылардың бірі. Ол сабырлы қалыбынан жаңылмай, аспай-саспай жүріп, пешенесіне бұйырған қызметтің қандайында да биіктен көріне білді. Адал жүріп, анық басқан адамның алды қашан да кең. «Саптаяқтан ас беріп, сабынан қарауыл қараған» қоғам дәл сол бір тұста ешкімді аяған жоқ. Орталықтың құрығы ұзын... Тапжылтпады...

Күнгейлі сипаты мен көлеңкелі мінезі қатар өрілген жүйе айналасын жүндей түтті... Сенімі сергелдеңге түскен тұлғалар қаншама?! 

Енді араға түскен қаншама уақыттың биігінен қарасаңыз, көп нәрсеге көзіңіз анық жетері шүбәсіз...

Апыр-ай, күні кеше ғана «достықтың лабораториясы» болған байтақ республика аз ғана уақыт ішінде адам танығысыз күйге түскені несі?! Қасыңда жүрген жақын деген адамың бұрыла беріп, ту сыртыңнан дойырын сілтеді. Сілтеп тұрып, беті бүлк еткені қалай?!

Бұл – жалғыз Аухадиевтің ғана басынан өткен тағдырлы ақиқат па?! Жо-оқ, бұл ондаған тұлғалар мен жүздеген ұлтшыл оғыландардың көзімен көріп, жүрегімен сезінген оспадар уақыттың шындығы еді...

Адам жаны сірі екен. Көрді. Төзді. Қылкөпірдің үстінен өткендей, уақыттың үрейлі тұманына малтығып жүріп, ауыр күндерді артқа тастады...

«Күн ашықта – мойныңда, күн тұтылса – қойныңда» дейтін халық мәтелі қалай дәл айтылған?! Басыңда – бағың, астыңда – тағың барда қаумалап қасыңнан шықпайтын қалың қара сондай күндерде сап тыйылатыны несі?! Бағың оралса, әлгі «балапан басына, тұрымтай тұсына» кеткен ескі таныстардың арадай гуілдеп, қасыңнан қайта табылатыны қалай?!

Иә, сұрақ – көп... Жауап – аз...

Сол көп сұрақ пен аз жауаптың айдынын оңды-солды шиырлап отырып, менің көз алдымнан біраз өмір үзіктері өтті.

Қасиетінен айналайын, Алатаудың үзіліп барып, Таушелекке жалғасар тұсында – Малыбай ауылында жаратылысынан жаны жомарт Мұстахан есімді адал қазақтың төрін қуанышқа бөлеп, шыр етіп дүниеге келген жас нәрестенің үнін естіген тау-жыраға сол күні ерекше бір тіл біткендей еді... Біткені анық еді... Өйткені, нәрестенің үнінде қажырлы әкенің қайратты болмысы жатқандай еді... Кішкентай ұлының маңдайынан иіскеп, майданға аттанған әке бойындағы барын, махаббатының нәрін жалғасына тапсырып, оралмас жолға бара жатқанын білді ме екен?! Артында жары, ұлы қалып бара жатты. «Ораламын» деп аттанған болар?! 

Бірақ Мұстахан ағаның маңдайына оралу жазылмапты. Оның орнына Тағдыр атын өшірмей, елін көшірмей, әке аруағын әркез асқақтатар ардақты перзент сыйлағанын уақыт дәлелдеді. Жабығып жүріп, қабырғасы бекір, сағынып жүріп қатарының алды болар кішкентай ұлы Кеңестің ол күнге жетуі үшін әлі уақыт керек еді... Әке тілегі мен әке мұраты қаршадай ұлды қорғап, қоршап жүріп, тез есейтті.

Бала күнгі досы Бұрхан Сабыровтың айтуына қарағанда, бала Кеңес аса ұстамды, аса сабырлы, қатарының алды болып өскен. Бозбала күннен жұбы жазылмай, қиындықты да, қуанышты сәттерде де бозбала кезден бірге келе жатқан досы Кеңес Үшбаевтың айтқанына ден қойсақ, жігіт Кеңес біреудің ала жібін аттауды білмейтін адалдың адалы болған!

Сол ұстамдылық, сол сабыр, сол адалдық Кеңес Аухадиевтің келе-келе өмірлік ұстанымына, азаматтың болмысы мсн бітімін анықтар қасиет-қарымына айналған.

Иә. Жесір ана мен жетім баланың көргені мен көкейге түйгені көп еді... Соның бәрі толағай мінезді өткен күндердің ағыны терең иірімдерінде қалды. Сонан соң ананың тілегінде, ұлдың жүрегінде қалды...

Бірақ әлгі мызғымас мінез бен ерекше түлғаға тән жаратылыс уақыт ұсынар қиындықтарды жеңуге, адамдарды қабағынан тануға, тани отырып, қол ұшын беруге үйретті. Әрі-беріден соң, бұл мінез, бұл ерекшелік қанша қиындық көрсе де, адамдарға деген ішкі сенімі мен құрметіне қылау қондырмай, намысы мен жігерін қанат етуге, шамасы келгенше ел-жұрттың кәдесіне жарап, көшін түзер әрекет-қимылдарға батыл баруға, құрбы- құрдастарының алды болуға, келе-келе ауыл, аудан, аймақ, республика жастарын соңына ертіп, ұйытқы болар қасиеттерді бойына дарытуға көмектесті.

Жиырмасыншы ғасырдың елуінші, алпысыншы, жетпісінші жылдарында қабырғасы қатып, буыны бекіген өз замандастарына тән қоғамшылдық, халықшылдық, мемлекетшілдік сипатта тәрбиеленген Кеңес Аухадиевпен менің де алғашқы таныстығым өткен ғасырдың алпысыншы жылдарында болды. 

Ол кезде Кеңес Мұстаханұлы Алматы облысы Панфилов ауданында еңбек жолын жаңа бастаған кезі. Аудандық комсомол ұйымының бірінші хатшысы. Мен – Кіші Дихан ауылы Октябрь орта мектебінің оқушысымын. Оныншы кластамын. Ұмытпасам, тау реңі кете бастаған қыркүйектің бас шені. Мектеп іші абыр-дабыр болып, мені пионерлер бөлмесіне шақыртып жатыр деген хабар келді. «Ауданнан комсомолдың басшысы келіпті» десті. Комсомолға «әне-міне» деп өте алмай, кешігіп жүрген кезім...

Ұзын дәліздің бұрышындағы осыдан біраз уақыт бұрын өзім керкемдеп, суретпен ажарлап, бір сөзбен айтқанда, мектеп директорының арнайы тапсырмасымен күні-түні жүріп, әшекейлеген Пионерлер белмесінің есігін қақтым. Ішке кірдім. Қасында мұғаліміміз бар, жұқалтаңдау келген орта бойлы жігіт маған бұрылды: 

– Кір! Нұрланбысың? 

– Иә... Менмін. Сәлеметсіз бе, ағай!

– Мына суреттерді сен салдың ба? 

– Иә.

– Бәрін өзің салдың ба?

– Иә.

– Қай класта оқисың?

– Оныншы кластамын.

– Суреттен өзге немен айналысасың?

– Әдебиетпен...

– Мектептегі әдеби үйірмені басқарады. Аздап жазатыны бар, – деді ұстазымыз.

– Не жазасың?

– Өлең...

– Жақсы екен. Жақсы... Комсомолда бармысың? Неге үндемейсің?

– Енді өтсем бе деп... жүрмін...

– Өту керек. Комсомолға өту керек, Нұрлан.

Қалған әңгіме есімде жоқ. Есімде қалғаны: «Өзі сурет салып, өлең жазатын бала екен, комсомол болуға лайық» дегені. Аудандық комсомол ұйымының басшысы қолымды қысып тұрып: «Көп кешікпей билетіңді аласың. Менің фамилиям Аухадиев, Кеңес аға десең де болады» – деді.

Сыртқа шықтық. Алыс Жәркенттен келген аудандық комсомол ұйымының бірінші хатшысы үсті брезентпен жабылған пошта таситын «ГАЗ-53» мәшинесінің кәбеңкесіне барып отырды. Пошта мәшинесі Кетпен ауылын бетке алып жүріп кетті.

«Аухадиев өзі арнайы келіп, Нұрланды комсомолға қабылдапты» деген әңгіме көпке дейін ел аузында жүрді.

Осы бір шағын кездесуді кейін Фариза Оңғарсынова апайымызға айтқанымда, ол кісі рақаттана күліп:

– Ағаңа амандастың ба? Қаланы басқарып отыр. Мінезі тура, адал, әділ жігіт. Біздің әріптестер, жазушылар жиі барады. Танығаны да, танымағаны да... Шаруасын айтып жатады. Уәдеге берік азамат. Айтса, орындайды. Қарымды басшы. Істің адамы. Артық әңгімеден ада-күде. Маған сол мінезі ұнайды, – деп еді.

Бірақ мен Кеңес ағамыздың алдына бармадым. Сырттан ел басқару ісіндегі жеңісті сәттеріне тілекші болудан әрі аспадым. Кеңес Мұстаханұлы комсомолда жүргенде, Совет ауданын басқарған тұста, қала басқарған кезінде, астаналық облыстың тізгінін қолында ұстаған жылдарында сан оқталдым... Тіпті, қабылдау бөлмесіне барып, кері қайтқан кезім де болды...

Қысқасы, қайыра кездесіп, қайта танысу реті көп кейін, Кеңес Аухадиевтің басына қара бұлт үйіріліп жүрген кезінде болды.

– Нұрлан-ау, неге келмедің? – деді сабырлы қалыбынан жаңылмайтын ағамыз. Жігіттердің көбі келіп-кетіп жүргенде... Сенің бір бас сұқпағаның бекер болған... Бекер... – деді.

Сексенінші жылдардың соңы мен тоқсаныншы жылдардың басында болған осы бір жылы кездесулер Кеңес Мұстаханұлын жақыннан тануыма көп мүмкіндік берді. Бірде сөз арасында Мұқағали туралы айтқаны бар:

– Шынымды айтсам... Маған Мұқаң туралы әрқилы алып-қашпа әңгіме айтушылар көп болды. Көзі тірісінде ұлыларының қадіріне жете бермейтін қазақ емеспіз бе?! Іздеуге, кездесуге мүмкіндік болмады. Тіпті, сол мәселе жайлы аса ойланбаппын да... Сөйтіп жүргенде Мұқаңнан көз жазып қалдық. Қазақ өзінің ұлы ақынынан айырылғанын білдім. Өлеңдерін оқығанда өзегім өртке оранды. Менің жан күйімді оқып қойғандай көрінді. Ол кісінің де әкесі соғыстан оралмады. Менің де әкем соғыста кетті. Ол кісінің анасы да жесірлік табын көп тартқан, менің анам да мені жеткіземін деп, қиындықты көп көрген... Өмір ол кісіні ақын етті. Өмір мені әкім етті, – деп жылы жымиып еді сөзінің соңында. – Тым құрыса, аруағы риза болсын деп отбасына үй бергізіп едім кезінде. Оған ақыл қосып, себепші болған азамат – Бексұлтан Нұржекеев. Тірінің қолынан басқа не келеді?! Мұқағалиды жиі оқимын. Арғы-бергіде қазақта Абайдан соң мұндай екі ақынның болмағаны шындық қой... Шындық... Ол жағын өзің де білесің, тіпті менен артық білуің мүмкін, себебі, беделді ұйымды басқарып келесің. Ұлылар өткен жер. Құдай абырой берсін! – деп үнсіз қалған сәттерінің куәсі болып ем.

Асылы, сабыры мықты жанның айналасына қай кезде де адам үйірсек келеді. Сабыры мықтының отбасында жылу мол болады.

Еліне, жұртына қадірлі жанмен қабағымыз жарасып, Алматы дейтін ұлы шаһардың әр алуан кездесулерінде жиі кездесіп жүрдік. Сол кездесулердің арқасында біраз нәрсеге қаныға түстім. Кеңес Мұстаханүлының ортасы да, араласатын адамдары да әр алуан, тіпті мол. Дос-жар адамдары да көп. Үлкендер «Кеңесжан», «Кеңес Мұстаханович» десе, қатарлары «Кәке» дейді, өкшебасар інілері«аға» дейді. Қай-қайсысы да жолын кесіп, артық әңгімеге бармайды. Құрметтейді. Сыйлайды. Араларында күні кеше партия, совет қызметінде басшылық қызметте болған ел ағалары, шаруашылық басшылары, ғалымдар, жазушылар, әртістер, суретшілер, спортшылар... Жастары да әрқилы, мінездері де әр алуан. Төр де, төрелі сөз де осы кісінің еншісінде. Әсіресе, Алматы жиындары мен басқосуларының көркі болып Бәйкен Әшімов, Асанбай Асқаров, Сағадат Нұрмағамбетов, Салық Зиманов секілді ағаларымыз бастаған ақсақалдардың қатарынан Аухадиев көрінбей қалса: «Кеңес Мұстаханұлы неге жоқ?» деп, күбірлесіп отырғандарының сан куәсі болғаным бар. 

Алаш дейтін ұлы жұрттың сөзін сұраған қайран ағаларым-ай! Тіпті, бір жолы Бәйкен ағаның: «Кеңесжан! Шырағым, жасың бізден көп кіші болғаныңмен, жолың қатар. Қатарымызда Кербез екеуің отырмасаңдар, ойсырап қаламыз. Ағаларыңды жалғызсыратпа. Қатарың – ана Кенжеғали Әбенұлы мен Камал Сәруарұлы жағдайды түсінеді деп ойлаймын» деп әзілге жығып, әдемі сөз айтқаны есімде.

Қатал өмір Кеңес Мұстаханұлын тағдыр сынына аз салған жоқ.

Сол сындардың қай-қайсысында да алаштұлғалы, нар мінезді азамат сыр бермей, дер кезінде тас-түйін жинақталып, бәрін ақылға жеңдіріп, сабырға көндірумен келді.

Сондай аса ауыр екі сынның куәсі болдық. Алғашқысы – өмірлік жары, Аухадиевтер әулетінің «отымен кіріп, күлімен шығуды» дағдысына айналдырған, елге сүйкімді, жұртқа жайлы Кербез жеңешеміз елі-жұртын еңіретіп, балаларын ботадай боздатып, бақилық сапарға аттанып кетті. Кенекеңнің жаралы жолбарыстай бүктетіліп, іштей тынғанын көрдім. Көзіндегі жасын көрдім... Мына қаза ағамыздың арқасын аяздай қарып, жүрегін жыртып, жанын паршалап кетпесе жарар еді деп жүргенімізде, күтпеген жерден көз алдында шапқылап жүрген қызы Айгүлі өмірден озды.

«Қазаның ауырын жолбарыс жүректі, нар тұлғалы азамат көтереді» деген рас екен. Алғашқыда иығы түсіп, ел көзіне көрінуден қалған Кеңес Мұстаханүлының жан күйзелісі Алматы қаласының зиялы жұртшылығын қатты алаңдатты.

Үлкен ақсақалдарымыздап бастап, өкшебасар інілеріне дейін қазаққа қадірлі азаматтың қабағын бағып, көңілін аулады.

Міне, нағыз ұлт, қалыбын танытар қазақы жол мен жоба!

Міне, нағыз адамшылық пен кісіліктің үлгі тұтар мектебі! Елім деген естияр жанның ішкі діңгегінің қайыра бекігенін аңғардық. Мемлекет басшысынан бастап көңіл айтқан сол бір қаралы сәттер былайғы жұрттың есінен шыққанымен, Кеңес Мұстаханұлының әлі күнге есінен екі ақылға тұңшықтыра білудің өзі – мықтылықтың нышаны, ерліктің белгісі!

Басынан екі ғасыр тоғысының талай аумалы-төкпелі сәт-сағаттарын өткерген елағасы, айтулы үлкен белге көтеріліп, жетпіс бес дейтін кеменің желкенін желге жайып, ел-жұртына құшағын ашқан сәті де күні кешегідей айрықш есімізде. Сонда өмірдің өзіне ғана тән қайталанбас өрнегі мен тағдырдың тарту еткен сыбағалы мерзіміне тәуба айтып еді.

Сабырлы, салмақты қалыбынан жазбай, жаңылмай отырып, өртеңді жылдарын, өткен өмір белестерін еске алды. «Тәуелсіздік дейтін киелі де қасиетті ұлы дүниеміздің арқасында жаңа тұрпатты мемлекет құрдық. Іргемізді бекіттік. Байтағымыз аман болсын! Пешенемізге жазылған осы мемлекетімізге Мәңгілік Ел болу бақыты бұйырсын!» деді.

Әлгі кештегі баталы сөздің түйіні – осы болған-ды. Сабырды серік еткен тұлға тұғырында екенін танытқан-ды.

Расында, Қазақ елі өз алдына жеке Тәуелсіз мемлекет болып құрылғанда ұлт пен ұрпақ жауапкершілігін жете сезінетін Кеңес аға елдің алды болып шаттанды.

Әр кездесудегі әңгіме ауанынан елдік мәселелер мен азат елдің арман- тілегі, келешекке керуен тартқан қазақ көшіне қатысты тәубе мен қанағат сезімін жиі аңғардық.

Тұла бойы тұнған зиялылық, ұстамдылық пен ұжданға бай, кісілік пен кішіліктің эталоны іспеттес жылы жүзді ағамыз көп жиындардан бой керсете бермейтін. Ал, халықтық басқосулар мен мерейлі сэттерде ел ағасы ретінде көптің алдына шығып, кенет тамағын кенеп қойыпбаппен ғана сөз бастап, бар маңды сабырға шомылдырып тұрған Кеңес Мұстаханұлын көргенде нағыз абыз ақсақал көз алдыңа келеді. 

Дәл қазіргі елдік мұраттар, ұлттық ұстын, Тәуелсіздік идеясы сынға түсіп тұрған кезеңде, сыртқы күштердің әсерімен жалау ұстаған жалған ұраншылар бұқараның қолтығына су бүркіп, «ары итеріп, бері жығып» жататын сәттерде ел-жұртқа дұрыс бағыт беретін, болашақты болжай отырып, қажет кезінде қалың қауымға тоқтам айта білетін ақсақалдың қасиеттен арылып бара жатқанымыз арқамызды аяздай қаритынын жасырмаймын. Сондай сәттерде менің көз алдыма ағалық жасты артта қалдырып, ақсақалдық кезеңге әдемі жеткен Алатаудай ағамыз Кеңес Мұстаханұлының кескіні жиі келеді... 

Өмірдерек

АЙШЫҚТЫ МЕЗЕТТЕР

Мемлекет және қоғам қайраткері Аухадиев Кеңес Мұсаханұлы бұрынғы Талдықорған облысы Киров ауданы Мұқыры ауылының тумасы. (1938-2022). 

1957 ж. орта мектепті, одан кейін Шұбар ауылшаруашылық техникумын үздік бітіреді.

1960 ж. Панфилов ауданының Ленин колхозында трактор бригадасының бригадирі болып еңбек жолын бастайды.

1962-1966 ж.ж. – Панфилов аудандық комсомол комитетінің бірінші хатшысы.

«Құрмет Белгісі» орденімен марапатталды.

1966-1968 ж.ж. Қазақстан комсомолының Орталық Комитетінде жауапты қызметтер атқарды.

1968 ж. Қазақтың мемлекеттік ауылшаруашылық институтын сырттай оқып бітіріп, инженер-механик мамандығын алды.

1968 ж. қаңтар – Алматы облыстық комсомол комитетінің бірінші хатшысы, Алматы облыстық партия комитеті бюро мүшесінің кандидаты.

1968 ж. «50 лет ВЛКСМ» мерейтойлық белгісімен марапатталды.

1969-1971 ж.ж. қазан – Қазақстан комсомолының Орталық Комитетінің хатшысы.

1970 ж. «За доблестный труд. В ознаменование 100-летия со дня рождения Владимира Ильича Ленина» мерейтойлық медалімен марапатталды.

1971 ж. қаңтар – Алматы қаласы Совет аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы.

1975 ж. қаңтар – Алматы қалалық атқару комитетінің төрағасы.

1975-1979 ж.ж. – Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің IX шақырылым депутаты.

1978 ж. мамыр – Алматы облыстық партия комитетінің бірінші хатшысы, Қазақстан Орталық партия комитетінің бюро мүшесі.

1985 жылдан республикалық «Главриссовхозстрой» жүйесінде жұмыс істеді. Сондай-ақ Су шаруашылығы министрлігінде еңбек етті. 

«Парасат» орденімен марапатталған.

Нұрлан ОРАЗАЛИН,

Қазақстан Республикасы Мемлекеттік сыйлығының лауреаты