Суреттерді сөйлеткен Медина

Суреттерді сөйлеткен Медина

Соңғы уақытта балалар аниме салуға қызығушылық таныта бастады. Ол үшін компьютерді меңгерсе жеткілікті. Бұрындары оқушылар анимациялық жобаларды теледидардан көріп жүрсе, ендігі жерде өздері-ақ шағын мультфильмді жарыққа шығаруға мүмкіндік алды. 

Анимация – үлкен өнер

Иә, цифрландыру дәуірі дамыған сайын үйде отырып-ақ кез келген жобаны тындыруға болады. Бұрын орындалмастай көрінген, фантастика саналған дүниелер шын өмірде жүзеге аса бастады. Әйтпесе, бастауыш сыныптың оқушысы мультфильм түсіреді деп ойладық па?

Анимені үлкендер былай тұрсын, кейбір балалардың өзі түсіне бермеуі мүмкін. Сонымен, аниме деген не? 


Аниме – заманауи анимацияның ерекше түрі. Яғни, кейіпкерлер, заттар, дыбыс – бәрі өзіндік стильмен әрленіп, балаларды өзіне тарта түседі. Аниме десе, жапондар ойға оралады. Бұл бағытта басқа мемлекеттер де жұмыс істесе де, әлемде жапондық жобалардың бәсі биік. Тарихқа көз жүгіртсек, жапон кинорежиссерлері Батыс мемлекеттері ойлап тапқан анимацияны зерделеп, өзіндік стиль қалыптастыра бастады. Ең көне жапондық анимация «Катсудо Шашин» бар болғаны 3 секундқа созылады екен. Алғашқы дыбысталған аниме - 1933 жылы Масаока түсірген «Чикара Онна но Йо но Нака» қысқаметражды фильмі. Қазіргі аниме дәстүрінің негізін Осаму Тезука қалаған. Тезука Диснейден несие алып, қыруар жұмыс атқарды. Ал, бүгінде әлемнің түкпір-түкпірінде бұл бағыттағы жобалар дамып жатыр. Қазақстанда да өзіндік мектеп қалыптаса бастады.

Әңгімеміздің кейіпкері Медина Семей Павлодар қаласындағы дарынды балаларға арналған Абай атындағы гимназияның 4-сынып оқушысы. Қала берді, Павлодар қаласының №1 көркем сурет мектебінің шәкірті. Әу баста 5-6 жасында сурет салуға құмарта бастаған. Кейін бұл қызығушылығы аниме жобалармен айналысуға түрткі болды.


Бала арман

Медина толыққанды алғашқы суретін 5 жасында салған. Динозаврды бейнелеген ол конкурстан бірінші орынды жеңіп алды. Бұл жетістік оның сурет өнеріне деген қызығушылығын арттыра түскені анық. Сабағын жақсы оқып, бос уақытында сурет өнерінің қыр-сырын үйренуге тырысып жүр. Кітапханаларға барып, атақты суретшілер жайлы, олардың туындылары туралы зерттеуді әдетке айналдырған. Аниме бағытындағы білімін де жетілдіріп, ғаламтор арқылы тәжірибесін арттыруда.  

– Барлық бала кішкентай кезде сурет салады. Кейін өсе келе басқа хоббилер пайда болады. Сурет салуға таланты бар, бұл өнерге ғашық балалар ғана бұл ермекті тастамайды деп ойлаймын. Алғашқыда ермек ретінде басталса, кейін өмірлік бағытына айналуы мүмкін. Менің арманым – атақты суретші болу. Туындыларым әлемнің үздік музейлерінің төрінен орын алса деген бала арманым бар, – дейді Медина.

Тәлім һәм тәжірибе

Жуырда Павлодар қаласында «Yelim-ai Education» жеке қоры «Кел, балалар, оқу» жобасын ұйымдастырды. Дарынды балалар жоба аясында заманауи өнерді үйреніп, жаңа білім мен дағдыларды игеріп қана қоймай, болашақта одан ақша табуға мүмкіндік алады.

Жоба жетекшілері сурет салуға икемі бар павлодарлық оқушылардың ішінен ең үздіктерін іріктеп алды. 70 баланың ішінен 22 мықты таңдап алынған. Олардың қатарында Медина да бар. Сөйтіп, дарынды балалар стоп-анимацияның қыр-сырын үйреніп, танымал әншілердің бейнебаянын түсіруге атсалысты. Атап айтсақ, Медина жастар арасында танымал әнші Монроның бір бейнебаянындағы қарияның суретін салған. Қаршадай қыз үшін бұл үлкен тәжірибе әрі жарқын жетістік! 

– Біз балалардың көркемдік талантын ғана емес, сонымен қатар қарым-қатынас орнату, өзі туралы еркін атйып беру сияқты жеке қасиеттерін де бағаладық. Осылайша, 70 баланың ішінен 22 баланы таңдадық. Екі аптаның ішінде олар күн сайын стоп-анимация курсынан өтті. Олар Hey Monro және Алдияр Жапархановтың әніне арналған клипті түсіруге үлес қосты, - дейді қордың жобалық менеджері Диана Амуназар.

Мединаның анасы Ботагөз Махметованың айтуынша, Алматыдан балаларға анимация үйрету үшін медиа тұлғалар келетіні және конкурс өткізілетіні туралы ақпаратты ести сала жедел жоба жайлы сұрастыра бастаған. 

– Ең әуелі сілтеме бойынша өтіп, сауалнаманы толтыру қажет болды. Кейін бейне визиткасын жазу керек болды. Біз бәрін жасадық және көрсетілген мекенжайға ролик жібердік. Кейін бізді бетпе-бет әңгімелесуге шақырды, – дейді Б.Махметова.

Бұдан кейін балаларға жемістер арқылы қандай да бір жануардың суретін салуға тапсырма берілген. Медина мысықты салып, жоба жеткішілерінің жоғары бағасына ие болды. Айтпақшы, балалар суретті салып қана қоймай, иллюстрацияға бұл жануардың қайда тұратыны, не жейтіні туралы әңгіме ойлап табуы тиіс-тін. Бұл – балалардың креативтілігін, еркін сөйлеуін бағалауға қажет болған. Осылайша, Медина барлық тапсырмалардан сүрінбей өтіп, үздік 22 оқушының ішінен табыла білді. 

– Қызым әр күн сайын жарқын эмоциялармен үйге оралып жүрді. Жобаны ұйымдастырушылар балаларға өте ыңғайлы жағдай жасады. Олар өте танымал адамдар болғанына қарамастан, қарапайым қарым-қатынас үлгісін көрсетіп, балаларды көп нәрсеге үйретті. Медина анимация бағытында мол тәжірибе жинақтап, білімін жетілдіре түсті, – дейді Ботагөз Махметова.

Жоғарыда жазғанымыздай, балалар танымал әншілердің бейнебаянын түсіруге үлес қосты. Клип шамамен 3 минутқа созылады. Балалар тек 3-5 секунд ішінде көріністер жасады. Бірақ әр секунд 15 кадр екенін экранның арғы жағындылар біле бермейді. Ал әр кадр - бұл жеке сурет. Мединаның бір қарияның суретін салуға қанша кұш жұмсағанын, қанша үлес қосқанының аңғара беріңіз.

Жобаны ұйымдастырушылар мұндай жұмыста ата-аналардың қолдауы өте маңызды екенін атап өтті. Себебі, барлық ата-ана бұл жұмыстың маңыздылығын түсінбейді және оған бәрі бірдей қызығушылық танытпайды екен.

 – Онда балаларды оқытып қана қоймай, тамақтандырып, көңілдерін көтерді. Олар киноға, боулингке барды. Біз, ата-аналар, мүлдем ештеңе төлемедік. Балаларға жоба атауы бар капюшон, ноутбукке қосылатын графикалық планшеттер берілді. Мұның бәрі оқу бітіргеннен кейін бізде қалды. Балалар үшін оқу үлкен жүктеме болса да, көп нәрсе үйренді, – дейді Мединаның анасы.

Айналмалы анимация техникасы қазір үлкен сұранысқа ие. Оның көмегімен мультфильмдер әзірленеді. Стоп-анимация бағыты өте қымбат және қиын, өйткені әр кадрды бөлек салу керек. Бұл ретте, жоба жетекшілері алдағы уақытта үздіктермен байланыс орнатып, аниматор ретінде жұмыс ұсынбақ.

Курстан мол тәжірибе жинақтаған Медина бүгінде сурет мұғалімі Дамир Смыковтан тәлім алып, ізденіс үстінде. Сурет өнерінің барлық қыр-сырын меңгергісі келетін Медина болашағынан мол үміт күттіріп отырған талантты балалардың бірі. Ал шын таланттылардың тасада қалмайтыны анық. Мединаның туындылары әлемді шарлап жүреді деген сенім мол.

Оралхан АХМАДИЯ, 

Қазақ үні

Авторлық құқықтар толық сақталған! Мақаланы көшіріп басуға редакцияның жазбаша рұқсаты қажет.