Ақтаңдақтар алаугері
2024 ж. 27 қаңтар
1963
0
Болатбек Төлепберген есімі қазақ журналистикасында өткен ғасырдың тоқсаныншы жылдардан бері ұшқыр публицист, қарымды қаламгер, кәсіби маман ретінде жақсы таныс. Олай дейтініміз Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университеті Журналистика факультетін оқып жүріп-ақ, бірқатар республикалық басылымдарда салмақты мақалалары жиі жарық көрді. Біздің Бөкеңмен таныстығымыз осы кезден басталды. Содан бергі шығармашылық тыныс-тіршілігі көз алдымда. Әрі сол студент кезден кәсіби қызметін алдымен қаламын қатайтып алу мақсатымен «Өркен» және «Жас алаш» газеттерінен қарапайым тілшіліктен бастаған болатын. Аз уақытта тілі жатығып, шеберлігі шыңдалғандығынан хабар беретін ойлы мақалалары мен өткір материалдары нөмір құрғатпай шығып жатты.
Талапты жасты тани білген бірқатар басылымдар бірінен соң бірі студент тілшіні қызметке шақыра бастады. Осы ретте «Қазақ әдебиеті» газетінің бөлім меңгерушісі, «Зерде» және «Жалын» журналдары бас редакторының орынбасары қызметінде жүріп, журналистиканың қыр-сырын меңгерген ол ізденімпаз ұйымдастырушылығымен де көзге түсе бастады. Және аталған басылымдарда алғашқы әңгімелері жарық көрді. Әдеби туындылары үшін 1993 жылы Қазақстан Жазушылар одағы мен «Атамұра» баспасы тағайындаған жазушы Оралхан Бөкей атындағы тұңғыш стипендия иегері, 1996 жылы «Сорос-Қазақстан» өткізген жас жазушылар бәйгесінің иегері атанды. Және де 1996 жылы жарық көрген «Сорос-Қазақстан-Дебют» кітабына әңгімелері жарияланды. Әрі өзі жаңалықтар жанрынан гөрі салмақты талдаулар жасай алатын публицистік қырымен таныла түсті. Сарапшы ретінде республикамыздың түкпір-түкпіріндегі және жалпы қоғамымызда қордаланып қалған мәселелерді жұртшылықтың талқысына салды.
Ауыз сусыз отырған шалғайдағы ауылдардан бастап, жоғары биліктегі кейбір шенеуніктердің келеңсіз іс-әрекеттерін жіпке тізген мақалаларының өзектілігі мен өткірлігін бүгінге дейін көзі қарақты қауым ұмыта қойған жоқ. Алғашқы кезде түрлі тақырыптарды қаузады. Саясат пен экономика, әдебиет мен өнер сынды тақырыптарға қалам тартып, кейіннен өз бағытын айқындады. Нәтижесінде тарихи ақтаңдақтар тақырыбы турасында өз авторлығымен және құрастыруымен жиырмаға жуық кітапты жарыққа шығарды. Бұл өткір публицистің, ізденімпаз да шыншыл қаламгердің өз жолын табуы. Берілу формасы жағынан да, көтерілген мәселенің маңыздылығы тұрғысынан да Бөкеңнің шығармашылығының жаңалығы да сол, сонылығында еді. Осы ретте автордың еңбектері мен кітаптарының бірқатарына шолу жасауды жөн көрдім.
Тұңғыш «Көшкен күннің бояуы» публицистикалық кітабын 2004 жылы жарыққа шығарып, оқырманның ықыласына бөленді. Аталған кітапқа алғы сөз жазған жазушы, сол кездегі «Ана тілі» газетінің бас редакторы, Қазақстан Республика Президентінің бұқаралық ақпарат құралдары саласындағы Президент сыйлығының иегері Мереке Құлкенов: «Автор елдегі түрлі қалыптасу деңгейін өткеріп келген саяси үрдістерге үн қосып қоймай, байыпты саралаған, өнердің ішіндегі ең ұшқыры әрі әлеуметтік қуаты зор кино өнері болғганымен бізде оның кенже қалу себептеріне үңілген, тәуелсіздік алғаннан кейінгі жылдардағы әдебиеттегі іркіліс пен серпіліс сырларына бойлап, жас мемлекетіміздің іргетасын қалап жатқан бірден-бір күш – жас буын, жаңа ұрпақтың арман-аңсарынан бастап, сандаған қордаланған проблемаларына сараптама жасаған. Жалпы алғанда бұл жинақтан автордың осы аталған мәселелер тұрғысындағы қоғамда туындап отырған өзекті мәселелерге жауап іздеп, оқырманға зәру деген тың тақырыптарды тауып қаузауы байқалады. Сондықтан да бұл кітаптағы автордың өзіндік ізденістері мен батыл сараптамалары оқырмандарына жол табады деген ойдамыз» – деген ақжолтай үкілі үміт бүгінде орындалғандай.
Публицист Болатбек Төлепберген қазақ жастарының шынайы азаттық үшін күрес тарихына, осы жолдағы жеке тұлғалардың ерлігі тақырыбына қалам тартып келе жатқан қаламгер. Оның кітаптарының ішіндегі көлемді де салмақтысы аталған тақырыпқа арналған. 2006 жылы жарық көрген «Біз білмейтін желтоқсан» кітабы мен «Желтоқсан-86» он томдық естеліктер, құжаттар, мақалалар жинағында» (құрастырушы авторы) ол желтоқсан көтерілісінің шығу себебі мен оның ішкі мазмұнына, көтеріліске тікелей қатысқан халықтың қаһарман ұл-қыздарының куәліктері арқылы бойлайды.
Автордың «Біз білмейтін Желтоқсан» кітабына «Ерлік тарихқа ерекше көзқарас» тақырыбымен алғы сөз жазған ҚР Ұлттық Ғылым академиясының академигі, тарих ғылымдарының докторы, профессор Кеңес Нұрпейіс: «Болатбек Төлепбергеннің «Біз білмейтін Желтоқсан» еңбегі үлкен ықыласпен және мұқият оқып шығатын дүние. Бұл еңбектің осыған дейін Желтоқсан тақырыбына арналған жекелеген мақалалар мен зерттеулер түрінде оқырмандарға ұсынылған жариялымдардан айтарлықтай ерекшеліктері бар. Егер айтылған тақырыпқа байланысты осы кезге дейін жарияланған еңбектерде желтоқсан көтерілісіне қатысушылардың негізінен озбырлық билік жүйесінен көрген қорлығы мен шеккен азабы туралы айтылса, Болатбек Төлепберген өзінің алдына сол қорлық пен азап «тәлкегіне қаймықпай қарсы тұра білген, өршіл рух пен өміршең идея – ұлттық мүддені алға сүйреген» қаһарман ұл-қыздарымыз туралы сыр шертуді мақсат етіп қойған» – деп, әділ бағасын берген.
Иә Алаш қозғалысынан терең тамыр тартып, 1986 жылғы жастардың желтоқсан көтерілісімен тұйықталатын тағлымы зор тарихи бірізділігімен ерекше «Мәңгі жас – Алаш идеясының» бүгінгі жаңа буын, жас ұрпаққа берер сабағы турасында ойлану қажеттiгін Болатбек өз туындыларында әлденеше рет жазған. Жазып қана қоймай, сол кітаптарының аясындағы ауқымды мәселені қазақтың «мүйізі қарағайдай» қайраткерлерінің қатысуымен республикалық үлкен алқа қотан мәжіліс деңгейіне көтеріп жіберетін. Соның бірі – 2008 жылы, 23 қазанда Болатбек Төлепбергеннің «Мәңгі жас – Алаш идеясы» атты кітабының таныстырылымы аясында өткен «Алаш» қозғалысына 90 жыл: Ұлт-азаттық күресіндегі жастардың орны» атты республикалық ғылыми-тәжірибелік конференцияда кіл алаштанушылар еңбекке жоғары бағасын берген. Соның бірі де бірегейі – Қазақстан тарихшылар қауымдастығының төрағасы, ҚР ҰҒА академигі, тарих ғылымдарының докторы, профессор Мәмбет Қойгелдиев автордың «Мәңгі жас – Алаш идеясы» еңбегіне жазған алғы сөзінде: «Кітап ХХ ғасырдың түрлі кезеңдеріндегі ұлт-азаттық қозғалыстар арасындағы өзара логикалық байланысты ұтымды баяндауымен бағалы. Тамаша публицистің қолымыздағы кітабы, тақырыбы жағынан өзгешелеу. Бұл арада сөз Алаш идеясы мен ол идеяны өз қызметіне арқау еткен жеке тұлғалардың қызметі мен тағдыры жөнінде. Болатбек Төлепбергеннің жаңа кітабын оқырман қауымға ұсына отырып, осындай Алаш идеясымен сусындаған туындылар көбірек болса екен деп тілеймін» – деген ғалымдық, ағалық ақжарма тілегін білдірген болатын.
Осы ретте еңбек неге «Мәңгі жас – Алаш идеясы» деп аталды?» деген заңды сауал туындайды. Автор Алаш тақырыбын жан-жақты қырынан, ең бастысы, қандай қозғалыс, қандай идея екендігін жіті зерделейді. Осылайша Алаш тақырыбы жаңа қырынан ашылады. Ол Алаш идеясы жас идея екендігі. Яғни, Ахмет Байтұрсынұлы мен Әлихан Бөкейхан бастаған ағалардың алқауындағы кіл «сен тұр, мен атайын» деген айбарлы Алаштық жастардың ісіндегі ірілік пен жастық жігер-қайраттың барын автор басым бағыт етіп алып, жүйелі зерделейді.
«Ұлт тағдыры» қозғалысының төрағасы, саясаткер Дос Көшім екеуі 2009 жылы «Ұлтым деп соққан жүректер» атты анықтамалықты жарыққа шығарды. Ағаларымыздың ұлты үшін күрескен асыл істерін тарихта қалдыру мақсатындағы еңбек өз міндетін орындады. Жинаққа Халифа Алтай ақсақалдан бастап, жүздеген ұлт жанашырларының өмірбаяндары енді. Олардың «Үлгі тұтатын тұлғалары» мен «Жастарға айтар тілегі» ерекше әсер қалдырды. Қажырлы еңбектің нәтижесінде жарық көрген «Ұлтым деп соққан жүректер» атты анықтама түріндегі кітапшаны дайындауға үлкен еңбек сіңірген Болатбек Төлепбергенге деген үлкен алғысын Дос Көшім кітапшаның алғы сөзінде жазған болатын.
2011 жылы оқырманына «Ұлттық идея – тәуелсіздік тұғыры» атты ғылыми жанрдағы еңбегін ұсынды. Автор көтеріп жүрген тақырыбын публицистикалық тұрғыдан таразылап қоймай, оны ғылыми тұрғыдан да жүйелеуді, негіздеуді жөн деп тапты. Автор Алаш идеясын, яғни қазақ елінің ұлттық мұрат-мүддесін қорғау жолында өмірге келген қоғамдық қозғалыстарға байланысты өз тұжырымдарын оқырман назарына ұсынады. Еңбек ХХ ғасырдың түрлі кезеңдеріндегі ұлт-азаттық қозғалыстар арасындағы өзара логикалық байланысты ұтымды баяндауымен бағалы. Автордың тұжырымынша Алаш идеясы бұл белгілі бір топтың еркімен өмірге келе салған жасанды, сондықтан да өткінші құбылыс емес. Ол ұлтпен бірге өмір сүретін, ұлт өмірінен тамыр алған құндылықтар жиынтығы, яғни ол қазақ ұлтының түрлі тарихи кезеңдерде өмірлік мүддесін білдіріп отыратын манифест бағдарлама.
Жоғарыда айтып кеткендей Болатбектің басты тақырыптарының бірі – 1986 жылғы Желтоқсан көтерілісі. Бұл тұрғыда бірнеше кітап шығарды. Соның ішіндегі 2012 жылы жарық көрген «Қасиеттім – Желтоқсан!» кітабының жөні бөлек. Кітапқа «Желтоқсан көтерілісі – асқақ тарих» тақырыбымен алғы сөз жазған ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты, Желтоқсан көтерілісіне қатысушы Нұртай Сабилянов: «Тәуелсіздік жолы – ауыр жол. Сол жолдағы айтулы оқиға – 1986 жылғы Желтоқсан көтерілісі. Бұл ұлы құбылысты кең көлемде насихаттау, жас ұрпақтың одан тағылым алуына жете мән беру – біздің қасиетті парызымыз. Осы тұрғыдағы еңбектің мақсаты – асқақ тарих – 1986 жылғы Желтоқсан көтерілісі туралы жақсы дүниені рухани айналымымызға қосу. Тәуелсіздігімізді баянды ету жолында жастарымызды тарихи тұрғыда тәрбиелеуге үлес қосу» деген мақсатты алға тартып, еңбекке жоғары баға берген.
Ал 2015 жылы жарық көрген Болатбек Төлепбергеннің «Біз осы не бітіріп жүрміз?» атты публицистикалық еңбегі ұлтымыздың кешегісі мен бүгінгісіне арналған. Атап айтқанда Алаш қайраткерлерінің ел тарихындағы алатын орны мен тәуелсіздік толғауы – қазіргі әлеуметтік болмыс пен санадағы ұлттық идея арақатынасын зерделеген. Сонымен қатар қазақтың ортақ құндылық бастауын жасау және жас ұрпақ бойына отансүйгіштікті сіңіру мәселелері аталған еңбекте жан-жақты көрініс тапқан.
Елді дамудың сапалы жаңа деңгейіне шығаратын басымдықтар мен ұлттық идеяны іздестіру мәселесі, қазіргі уақытта ұзақ мерзімдік ұлттық идеологияны айқындаудың қажеттілігі аталған еңбекте лайықты тұрғыда талданған. Автордың тілі жатық, ойы түсінікті, қаламгерлік қарымы айшықты. Бұл еңбек туралы «Ұлттық идеяны ұғынықты талдаған туынды» деп баға беріп, пікір жазған автордың ғылым жолындағы ұстазы ҚР ҰҒА академигі, философия ғылымдарының докторы, профессор Әбдімәлік Нысанбаев төмендегі ойымен кітаптың қоғам үшін маңыздылығын атап көрсетеді.
«Кітап публицистикалық әрі ғылыми-танымдық еңбек дер едім. Басты тақырып – Ұлттық идея мәселесі. Автор ұлттық идеяға деген қажеттілікті жаhандану жағдайындағы қоғам мен мемлекеттің алдында тұрған бірнеше міндеттермен түсіндіреді. Автор бүгінде ұлттық идеяға деген мұқтаждықты айқын аңғартады. Әрі ұлттық идея мақсаттар мен құндылықтардың шашыраңқылығы мен белгісіздігін жойып, біртұтас қоғамдық сана қалыптастыруға игі ықпал ете келе, ұлтты топтастырудың көпқырлы міндетін жүзеге асыруға жарамды екенін автор алға тартқан».
Болатбек Төлепбергеннің 2017 жылы «Алаш жолы» атты кітабы жарық көрді. Автор Алаш қозғалысы мен Алаш идеясы туралы пайымдарын, яғни қазақ елінің ұлттық мұрат-мүддесін қорғау жолында өмірге келген қоғамдық құбылыстарға байланысты өз тұжырымдарын оқырман назарына ұсынған. Алаш идеясымен сусындаған аталған туынды ХХ ғасырдың түрлі кезеңдеріндегі ұлт-азаттық қозғалыстар арасындағы өзара логикалық байланысты ұтымды баяндауымен бағалы.
Әсіресе жастарымызға қажетті тарихи танымдық туынды – «Алаш жолы» кітабы көпшіліктің көңілінен шыққаны анық. Бұл автордың ғылыми әрі публицистикалық еңбегінде жалпы өткен ғасырдың басындағы бұрқ етіп көтерілген Алаш қозғалысының эволюциялық даму үрдісі мен оның бүгінгі күнге берер тағылымы таразыланған. Және де «Алаш қайраткерлері кімдер?» деген сұраққа жауап табарыңыз да анық. Атап айтқанда Алаш қозғалысының көшін бастаған Ахмет Байтұрсынұлы, Әлихан Бөкейхан және Міржақып Дулатұлы бастап, сол кезде енді ғана ақыл тоқтатқан жас толқын ізбасарлары да қамтылған.
Автор Алаш тақырыбын жіті саралауға тырысқан. Зерттеудің бір тұсында: «Бұған қоса Алаш қозғалысының нәтижесінде пайда болған I Жалпықазақ сьезін Мұстафа Шоқай «ұлы түркі халықтарының мызғымас бірлігін көрсететін сахынаға айналды» деп баға береді» дейтіні бар. Халық қамы мен ел бірлігі үшін, әділеттілік пен жасампаздық үшін арпалысқан Әлихан Бөкейхан, Ахмет Байтұрсынұлы, Мұстафа Шоқай, Міржақып Дулатұлылардай жайсаңдарымыздың көздеген мақсат-мұраттары да, идеялары да іштей астасып жатқандығын көрсетеді. Күллі қазақтың, барша түркі әлемінің тұтастығын армандаған Мұстафа Шоқай қалай дегенде де өз замандастарымен қанаттас еді.
***
Енді кітаптың құрылымына аз-кем тоқталсақ. Төрт тараудан тұратын еңбектің «Алаш қозғалысы hәм Алаш идеясы» деп аталатын бірінші тарауында тақырып ғылыми-публицистикалық тұрғыдан талданады. Ондағы «Қазақтың саяси пікірінің тарихы – қазақ жастарының тарихы...» деп аталатын бірінші бөлімінде Алаш қозғалысы тарихи тұрғыдан таразыланса, «Алаш идеясы: Қандай идея?» деп аталатын екінші бөлімде Алаш идеясы философиялық тұрғыдан зерделенеді. Ал «Алаш орда» Үкіметінің мүшелері, Алаш арыстары, Алашшыл жастар атты екінші тарауда Алаш қайраткерлерінің өмірбаянына жеке-жеке тоқталады. «Алашқа қызмет» атты үшінші тарауда автор тақырыпқа сай Алаш мәселесінде атқарған нақты істерінен хабар беретін жобаларды, құжаттарды, хаттарды т.б. топтастырған. Бұдан автордың тек аталған тақырыпта тек зерттеуші ғана емес, Алаш мәселесінің нағыз білгірі әрі насихаттаушысы екенін аңғартады. Және де «Ұлтым деп соққан жүректер» деп аталатын соңғы тарауда автор кешегі Алаш қайраткерлерінің ізбасарлары іспетті бүгінгі ұлт ісіне бей-жай қарай алмайтын ағалары туралы мақалаларын ұсынған.
«Ұлтқа қызмет ету – ұлы іс» екенін Алаш қайраткерлерінің ұлт үшін атқарған қызметін автордың «Алаш жолы» атты кітабынан қарап отырып анық көзіміз жетеді. Бұл еңбектен Алаш қозғалысын, Алаш орда үкіметінің қызметін білсем, зерделесем, тоқысам, үйренсем деген көзіқарақтыға, әсіресе жастарға алар ғибрат жетіп артылады.
Кiтап Алаш қозғалысы мен Алаш автономиясына 100 жыл толуына арналып шығарылған. Кітаптың бір ерекшелігі, Алаш қайраткерлерінің суреттерімен безендірілген. Ал аталған кітапқа алғы сөз жазған Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, ҚР Еңбек сіңірген заңгері, заң ғылымдарының докторы Бекет Тұрғараев: «Жастарымызға қажетті тарихи танымдық туынды – «Алаш жолы» кітабы көпшіліктің көңілінен шығады деген ойдамын. Бұл еңбекте өткен ғасырдың басындағы бұрқ етіп көтерілген Алаш қозғалысының эволюциялық даму үрдісі мен оның бүгінгі күнге берер тағылымы таразыланған. Және де «Алаш қайраткерлері кімдер?» деген сұраққа жауап табарыңыз да анық» – деген туынды туралы толымды ойларымен бөліседі.
2022 жылы желтоқсанда Бөкеңнің «Азаттық аңсаған» кітабының тұсаукесері өтті. Автор «Азаттық аңсаған» деректі хикаятында Қазақстандағы Саяси репрессия тақырыбын өзек етіп алған. Еңбекте репрессия тұзағына түскен бүтіндей бір Айтмұрзаевтар әулетінің тағдыры арқау болған. 1937 жылдардағы репрессияның қанды шеңгеліне іліккен Шамақан Жәлік Айтмұрзаев аталарының басына түскен қасіретін ұрпағы –балалары, немерелері, шөберелері де зардабын көргендігі баяндалған. Ал атасының үшінші ұрпағы – 1986 жылғы Алматы қаласындағы Желтоқсан көтерілісін ұйымдастырушылардың бірі –
Құрманғазы Айтмұрзаевтың қилы өмірі турасында да автор ой толғайды. Кітапта сол кездегі Алматы қаласындағы Театр және көркемсурет институтының студенті Құрманғазы Айтмұрзаевтың кезінде репрессияға ұшыраған атасы турасында, өзінің достарымен бірге Желтоқсан көтерілісін тікелей ұйымдастырып, түрменің кермек дәмін татқаны жайында және одан кейінгі кезде азаматтық ұстанымын көрсеткен қайсар азаматтың тағдыры туралы сыр шертіледі. Сондай-ақ автор Желтоқсан көтерілісіне қатысты мағлұматтарды да нақты деректермен дәйектейді, желтоқсандық қаhарман кейіпкерінің болмысын ашуға ұмтыла отырып, Желтоқсан көтерілісінің беймәлім қырларын баяндайды.
Еңбек жалпы тарихшыларға, репрессия тақырыбына, желтоқсан көтерілісіне қызығушылық танытқан барша оқырманға, қалың қауымға, жастарға, жоғары оқу орындарының студенттеріне арналған. Автор тарихи ақтаңдақтар мәселесін бүгінгі көзқарас тұрғысынан жіті саралаған, жете зерттеген. Кітап кейіпкерінің тағдыр талайы мен тағылымынан жұртшылыққа, әсіресе жастарға алар тәлімі жетерлік кітап қарапайым тілмен жазылған.
Қаламы жүйрік жазушының жақында «Атамұра» баспасынан «Алаң жұрт» туындысы жарық көрмек. Кітапта автордың деректі хикаяттары, әңгімелері және әдеби сын мақалалары енген екен. Деректі хикаяттарда автор тарихымыздың ақтаңдақ беттеріндегі нақты мәліметтерге сүйене отырып, кейіпкерлерінің тағдыр талайын баяндап, қазақ елінің ұлттық мұрат-мүддесін қорғау жолында өмірге келген қоғамдық құбылыстарды айна қатесіз оқырман назарына ұсынады. Көркем әңгімелерінде жастардың бойындағы психологиялық өзгерістерді суреттесе, әр жылдары жазылған әдеби сын мақалалары да оқырманын бей-жай қалдырмайды.
Алаш қайраткерлері туралы, 37 жылдардағы репрессия мәселесі жайлы және 1986 жылғы желтоқсан көтерілісі турасында жүйелі түрде басылым беттерінде тың дүниелерін ұсынып жүрген автор 2010 жылы ол аталған жұмыстарын ғылыми тұрғыда негіздеп, Ұлттық Ғылым Академиясы Философия және саясаттану институтында философия ғылымдарының кандидаты ғылыми дәрежесін табысты қорғап шықты.
Теле-радио саласының маманы ретінде де бірқатар теле-рабио бағдарламалар жасады. ҚР Президенті телерадио кешенінің редакторы болып, көптеген деректі фильмдерді түсіруге қатысты. Сондай-ақ ол өз авторлығымен еліміздегі тұрақтылық пен татулық, толеранттық пен түсіністік туралы «Сүйікті менің отаным» және «Тәуелсіздік бесігін тербеткен» деректі фильмдерін көрерменге тарту етті. Сапалы туындыларымен ел дамуына толымды үлес қосып жүрген Бөкең Қазақстанның бұқаралық ақпарат саласында да жемісті еңбек етіп келеді. Қаламгерлік қабілетімен танылған ол бірқатар республикалық басылымдарда басшылық қызмет атқарды.
ҚР Президентінің БАҚ саласындағы сыйлығының лауреаты, Мемлекеттік «Дарын» жастар сыйлығы мен Қазақстан Жастар одағы сыйлығының иегері, ҚР Мәдениет қайраткері, философия ғылымдарының кандидаты, Шалқар радиосының директоры курстасым-досым Болатбек Төлепберген биыл елудің белесіне осындай толайым табыстармен көтерілуде. Қазақтың руханиятына, мәдениетіне, тарихына жанашыр қаламгер, ғалым ұлдарының бірі Бөкеңе төрге шықса төбедей, төбеге шықса төредей биікке жете беріңіз деген тілек қосамын!
Бекжан Әшірбаев,
ақын, ҚР Ақпарат саласының үздігі,
«Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығының лауреаты