ТЕКТІЛІКТІҢ ЖҮЗГЕ ЖҰҚҚАН БОЯУЫ
2024 ж. 24 қаңтар
1687
0
Қазақстанның Құрметті журналисі, ҚР Мәдениет саласының үздігі Мақпал Орынбетованың «Әкем айтады» деп аталатын жинағы жарық көрді. ARNA-B баспынан шықққан кітаптағы әңгімелер дастархан басында басталып, деректі, керекті, қызықты оқиғалармен баяндалады.
Қарап отырсам, ауылы алыс, жері шалғай болса да мен «зар заман ақындарының» соңғы буыны Нарманбет Орманбетұлын бала күнімнен біледі екенмін. Оның:
Сахараға қарасам,
Жайылған қойдай халайық;
Бітіміне қарасам,
Қасқыр жеуге ылайық! – деп келетін шерлі толғауы ұлтымыздың тайқы талайы, тәркі тағдыры үшін толғанған, ұлдарымыздың ұлықсыздығы үшін арланған, қыздарымыздың қылықсыздығы үшін қорланған тұстарда еріксіз тілімізге оралар-ды. Өттей ащы бояуымен, оқтай өткір қаяуымен оралатын. Өкініштісі, қазақтың арғы-бергі жыраулары мен ақын-шайырлары мұраларының басын құрап шығарған «Бес ғасыр жырлайды» жинағының 1984 жылғы үш томдығында да, 1989 жылғы қос томдығында да, 1991 жылғы «Ай, заман-ай, заман-ай» кітабында да мен іздеген Нарманбет ақынның жырлары жарияланбады. Кейінгі басылымдарына замандас-құрдастары Шәкәрім, Мәшһүр, Нұржан Наушабаевтар шықты, бірақ Нарманбетті таппадық. Ырас, біз әлі ересидаға енбеген, есепке ілінбеген кездерімізде біраз жырлары жарық көріпті, алайда советтік цензура кейін өз саясатына сай емес шайырды санадан сыпырып тастаған. Тек Тәуелсіздік алған соң ғана –1993 жылы ҚР ҒА М.О.Әуезов атындағы әдебиет және өнер институтының ғалымдары (шығарушылар алқасы: С.Қирабаев, Ш.Сәтбаева, Ә.Нарымбетов, М.Жармұхамедов, Қ.Сыдиқов (жауапты редактор), Ж.Тілепов (жауапты шығарушы) шығарған «Қазақ поэзиясының антологиясы» атты кітапқа ақынның 7-8 өлеңдерінің үзіктері жарияланды. Кейін естиміз, сөзі – айғақ, тағдыры тайғақ шайырдың мұралары екі мәрте қолды болған деп... Әрине, мұның бәрі Орманбет бидің «шегір көз, шешен сары» (заманындағы елдің бағасы) баласының діліндегі ақиқат, тіліндегі шындықтың тым уыттылығынан еді. Өзі де Тобықты елінің (Дадан-Қалдау) перзенті, жөргегінде жатқанда-ақ Абай үлгісінен уыз емген ол отарлық езгінің барлық сұмдығы мен қулығын, зорлығы мен аярлығын ерте сезген, сезген де қазағының ертеңін қайғы еткен. Ол қайғы шайырдың шешен тілінен зар-запыран болып төгілген...
Хош, мұның бәрін неге айтып отырмын? Сонау бозым бозғалдак, қыжым қызғалдақ дәуренде талай көкірегі ояу, жүрегі аяу замандастармен кездестік. Солардың бірі ҚазҰУ-дің журналистика факультетінің 82-жылы түскен студенті Мақпал Орынбетова болатын. Ол қазіргі дәріпті драматург, карымды каламгер Роза Мұқанова екеуі дулы 5-жатақханада бір бөлмеде тұратын. Кездесе қалсаң, жүзінен – қыз реңінен де бөгде жалын шалқып, көзінен – жастық лебінен де бөтен ыстық шарпып тұратын қыз еді ол. Ол, кейін бақсам, тектіліктің, дегдарлықтың жүректе бұққан, одан жүзге жұққан бояуы екен. Мақпалдың – Абылай ханның айтулы қолбасыларының бірі Дербісалды, берідегі Байжомарт батырлардың ұрпағы, оның ұлы «тарыққанда жол тапқан, қамыққанда сөз тапқан» Орманбет бидің ұрғыны, «аждаһаның аузында – айрылып қалдық қоныстан; бекіліп мизам шықпай тұр, әлі бізге орыстан; әділеттік азайды – би, старшын, болыстан; ел ішінде азғындар, төр тимеген құзғындар – партия жасап жұлысқан» деп зар шеккен Нарманбет ақынның жұрыны екенін білмейтін ем. Талайды елі мен жерінен, жөні мен тегінен бездірген кешегі керсиген самас заманда Орманбет атын «Орынбет» деп өзгертуге мәжбүр болыпты алтынның сынықтары... Сол асылдың қиығы Мақпал замандасымның Ұлытау жақта ел-жердің қамында ер-азаматтың жүгін арқалап жүргенін еміс-еміс қана еститінмін. Қазіргі әлеуметтік желінің арқасында соңғы жылдары екеуміздің қарым-қатынасымыз күрт нығайды. Оған себеп, әрине – мүдделестік, ой-мақсат ортақтығы. Отбасымен Астанаға көшіп келгелі жүздесуіміз де жиіледі. Оның былтырдан бері әлеужеліде тұрақты жариялап келе жатқан «Әкем айтады» атты әңгімелер сериясы маған ерекше әсер етті. Өйткені біз кендірі кесіліп, кенезесі кеуіп тартылып бара жатқан теңізге ұқсайтын ұлтпыз. Жас ұрпақ тілден жұтап, діннен азып, әбден әсіреңкі кесірге ұрынған, әжептарқы кейіпке түскен, сөзінің киесі бар көнекөздер мүлдем азайып, берекет безген алақаудан өліара кезеңге тап келдік. Дәл осы кезеңде Мақпалдың әкесі Қасым ақсақалдың дастархан басында айтқан әңгімелері, оны сол бойда қызының жазып алып жарияға шығарып, жалпыға жеткізіп отыруы – ақорданың төрінде салтанат құрған баяғы бір сақада қарияларды көзіме елестетті. Күнде Мақпалдың «Әкем айтадысын» күтіп отырар болдым. Сөйтіп жүргенде, осы жазда ақсақалдың өзімен жүздесудің сәті түсті. Сексен атты сеңгірге мол шыққан қария жүрегіне ота жасатпаққа Астанаға келіп, қыз-күйеуінің үйінде жатыр екен. Сәтті сағатта ақын досым Әбубәкір Смайылов (Мақпалдың курстасы) екеуміз Қараменде би Шақаұлы (кейіпкердің атасы) көшесінде тұратын Нұржан мен Мақпалдың шаңырағынан табылдық. Қасым ағамен әңгімеміз салғаннан қызып жүре берді. Баяғыдан білетін жандар сияқтымыз. Ол: «Ота жасатардың алдында Бекет атамның ұрпағы келгені жақсы ырым болды», – деп қуанды. Біздің де көңіліміз «қойымыз құмға жайылғандай» көншіді. Арғы-бергіден айтылмаған әңгіме қалмағандай, төрт-бес сағаттың қалай өткенін аңғармай да қалыппыз. Шынында да, Қасым ағаның отасы сәтті өтіп, бізге батасын, дұғай сәлемін жолдап, Қарағандыдағы шаңырағына сау-саламат аттанды...
Мұхтар Мағауин ағамыздың: «Мен «советтік адам» емес едім» дегеніндей, сол қоғамда ержетіп және саясатын насихаттауға тиісті БАҚ саласында ғұмыр бойы қызмет етсе де бойындағы бағзыдан калған жұпарын жоғалтпаған қайран Қасым аға! Бұл кісінің ауызекі әңгімелерін оқып шыққан адам сонау хан Абылай, Қаз дауысты Қазыбек заманынан бүгінге дейінгі кеңістікті адаспай кезіп шығары анық. Құдай-ау, бұл әңгімелерде кім және не жоқ дейсің?! Сонау әулие бабалардың еренғайып істері; таңдайына бал тұнған билердің таңдайқата қылар сөздері; әлмеғайып тағы жұлынжұтқан ерлердің тұлынтұтқан әрекеттері; көненің қазақы даналықтары, тіпті, бастауы сол даналыққа барып тірелер әзіл-қалжыңдары; өз замандастарының өнегелі қимылдары; бүгінгі ұрпақтың үміт артар тұлғалары... Осылардың бәріне –ақсақалдықтың биігінен көз жүгіртіп, ой кідіртіп, пікір түйіп отырған Хикметұлы Қасым қария...
Өткенде өзі шыққан Қалдау мен Ебескі табынан өткен серектердің ерек әрекеттері жайлы хикаяларын оқып отырып, мен де арқаланып:
Қалдау менен Ебескі Әлтекемен теңесті,
Сарымменен егесті,
Кернейменен шенесті,
Кәрсөнменен кеңесті.
Аз Тобықты сол күнде Қаракесек, Алтайға
Есе бермей тең өсті! –
деп коммент жазып жібергенім бар. Әрине, бұл жерде Арқаның арыс ұлыстары Әлтеке-Сарымды, Кәрсөн-Кернейді немесе күллі қазақтың қормалы десек, сиярлық қалың Қаракесек пен Алтайды төменсітіп отырған ештеңем жоқ. Бірақ еселесіп келгенде, сондай іргелі елдердің өзіне кейде есе бермей кеткен ерен істерге сүйсінгеннен айтылып кеткен сөз еді, бұл... Әлбетте, қазақтың қай ауылында да мұндай арқа қоздырар, әруақ оятар әңгіме табылар еді-ау, әттең, ол ауылдардың Қасым сынды қариялары қалып жарыған жоқ. Өкініштің зоры сол-дағы...
Адам санасы қызық. Не нәрсені қолға алсаң да ырқыңнан тыс оның аналогын іздеп тұрасың. Мақпалдың «Әкем айтадысын» оқығанда, менің ойыма Дағыстанның ұлы ақыны Расул Ғамзатовтың екі томдық «Менің Дағыстаным» атты тамаша кітаптары түсті. Онда да әрбір орамда: «Әбуталып айтады»; «Әкем айтушы еді» деп келетін әпсана-хикаялар мен ой-түйіндер келтіріліп отыратын. Ал Мақпал жазған үшбу әңгімелерге қарап, біз шешендік пен тереңдікте далалық даналардың таулық абыздардан еш олқы соқпасын бағамдаймыз. Ендеше, замандасымыздың бұл еңбегі келешек кітаптардың ізашары болғай деген тілек айтқым келеді. Ұлтынан қасиет сіңірген Қасымдай әке, әкеден өсиет сіңірген Мақпалдай қыз дүние тұрғанша тұрсын!
Светқали НҰРЖАН,
ақын, Дарын Мемлекеттік Жастар сыйлығының, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты