«Өзбекәлі және мәдени майдан» кітабы таныстырылды

«Өзбекәлі және мәдени майдан» кітабы таныстырылды

Елордадағы ҚР Ұлттық музейінде «Отбасы хрестоматиясы» қоғамдық қорының белгілі авторлары – Санжар Керімбай мен Әділбек Нəбидің бірлесуімен жазылған «Өзбекәлі және мәдени майдан» тарихи-репрезентациялық кітабының тұсаукесері болып өтті.

Танымал журналист Зейін Әліпбек жүргізген салтанатты іс-шараға Өзбекəлі Жəнібек әулеті мүшелері, көзін көрген замандастары мен серіктері, ҚР Парламенті депутаттары мен мәслихатшылар, мемлекеттік ведомствалар басшылары мен қызметкерлері, өнер майталмандары және басқа да танымал тұлғалар, білім-ғылым, БАҚ және мәдениет саласы өкілдері қатысты. 

Кітап лентасын ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Қазыбек Иса, Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы мемлекеттік басқару академиясы Басқару институтының директоры Зұлпыһар Ғайыпов, «Қазақстан мәслихаттары депутаттарының бірлестігі» РҚБ төрағасы Төлеубек Мұқашев, Ұлттық академиялық кітапхана директоры Ғазиза Құдайберген, Өзбекәлінің шәкірттері, ҚазССР еңбек сіңірген әртістері – Мұхтархан Манапұлы мен Тойған Ізім, Өзбекәлі ағаның перзенті – Ниетжан Өзбекәліұлы қиып сөз сөйледі. 

Сонымен қатар Сенат спикері Мәулен Әшімбаев, Түркістан облысы әкімінің орынбасары Бейсен Тәжібаев, Түркістан облыстық мәслихатының төрағасы Нұралы Әбішов, Отырар ауданы әкімі Сәкен Сұлтанхановтың құттықтау хаттары оқылды. Бұл ретте Астана қаласы әкімінің орынбасары Есет Байкен сөз алып, қала әкімі Жеңіс Қасымбектің құттықтауын жеткізді. 

Жиын барысында Өзбекәлінің елден келген ағайыны Керімқұл Пірімқұлұлының авторларға шапан жауып, мерейлерін асырғанын да атап өткен жөн. 

Өзбекәлінің көзін көрген замандасы, «Қазақстан мәслихаттары депутаттарының бірлестігі» РҚБ төрағасы Төлеубек Мұқашев өз сөзінде авторлар тарапынан тамаша жұмыс жасалғанын айрықша атады.

«Айтулы тұлға жайлы естеліктер мен оқиғалар, мəдениет саласындағы іс-қимылы терең зерттеп зерделенген. Мемлекет құру мен ұлттық идеология жасаудағы рөлі де кеңінен талданып, адами болмысына экзистенциялық талдау жасалған. Біз білген Өзағаң да осы кітапта сипатталғандай қайратты да іскер жан болатын. Жай іскер емес, рухани іскер басшылар қатарынан еді» деп естелік айтты РҚБ төрағасы.

Бұдан бөлек Төлеубек Мұқашев Сенат спикері Мәулен Әшімбаевтың құттықтау хатын жариялады. Онда «Өзбекәлі ағамыз қай қызметте жүрсе де, ұлтымыздың тарихын, төлтума мәдениетін, салт-дәстүрін, тілін жаңғыртуға және қорғауға зор еңбек сіңірді. Алаш рухы қалықтаған Торғай өңірін қайта түлетуге күш салды. Алаш арыстарын ақтау ісіне тікелей араласты. Көне жәдігерлерімізді жинақтау арқылы ұлтымыздың мәдени әлеуетін жарқырата көрсетуге сүбелі үлес қосты. Кітап мемлекет қайраткерінің осы аталған және өзге де еңбектерін жан-жақты зерделеу арқылы Өзбекәлі Жәнібековтің азаматтық-саяси тұлғасын жақсы аша білген. Бұл жинақ жалпы оқырман, оның ішінде өскелең ұрпақ үшін үлгілі бағдар болады деп сенеміз» делінген. 

Өз кезегінде Өзбекәлі Жәнібеков атындағы мәдениетті, тарихты және этнографияны қолдау қоғамдық қорының өкілі, Өзбекәлінің баласы Ниетжан Өзбекәліұлы кітаптың жарық көруінен туындаған бүкілқазақстандық қоғамдық резонансқа үн қосуға әзірлігін баяндады.

«Әкеміздің елге сіңірген еңбегі мен естелігінің баспа арқылы қайта жаңғырып жатқаны отбасымызды қанаттандырды. Осыншама көз майын тауыса ізденіп еңбек еткен жазушыларға алғыстан басқа айтарымыз жоқ. Өз дәуірінің ұлт үшін күресінің жарқын символы болған әкем жаңа заманның да идеологиялық-тәлімдік қажеттілігіне жарағалы тұр» деді Ниетжан Өзбекәліұлы.

Тағылымды ғұмыры кітапқа негіз болған Өзбекәлі Жәнібек – қазақ тарихы мен мәдениетін жаңғыртуға, ұлттың бай мұрасын келешек ұрпаққа жеткізуге орасан еңбек сіңірген мемлекет және қоғам қайраткері. Кеңестік-коммунистік жүйеге қарамастан ол – Алаш зиялыларын ақтау ісі, Наурыздың қайта тойлануы, Тайқазанның елге қайтарылуы, Қожа Ахмет Яссауи кесенесінің қалпына келтірілуі сияқты аса маңызды істерге бастамашы болған. Қазақ тілін дамыту бағдарламасының мемлекеттік тұжырымдамасын жасауға қатысты. Елдегі көптеген музейлер мен театрлар, мәдениет орындары осы қайраткердің арқасында ашылды.

Авторлар Атырау, Қостанай, Арқалық, Астана, Семей, Шымкент, Павлодар аймақ-өңірлеріне экспедиция жасап, Өзбекәлінің көзін көрген, онымен қызметтес болған кісілермен жолығып сұхбаттасты. Өзбекәлі жайлы бұрын-cоңды беймәлім болып келген естеліктер тапты. Бұдан бөлек 1960-1990 жылдар аралығындағы Қазақстанның саяси атмосферасына дәл сипаттама берді. Торғай облысының қалай ашылғаны, оның кейін қандай саяси себеппен жабылғаны жайлы сараптама да жасалды.

Кітап жаңалығы – Кеңестік кезеңдегі қазақ халқының елдік санасы мен бостандыққа ұмтылыстары туралы жаңа көзқарас қалыптастырады. Сонымен қатар баяндалған оқиғалардың танымдық-патриоттық тұрғыда маңызы аса зор.

Осыны баса айтқан Санжар Керімбай мен Әділбек Нəби бірауыздан «Бейсен және болмыс» атты кітап ең көп оқылған және сұраныста болған кітап еді. Бұл да сол қатардан болады деп үміттенеміз. Біздің жоспарымызда Өзағаң тақырыбын жалғастырып, бірегей ұлт қайраткерлері – Темірбек Жүргеновпен қатар Ілияс Омаров туралы да туынды жазу бар. Өйткені олардың барлығы да бір мұрат мен сабақтастықта әрекет еткен азаматтар. Ал бұл бастамасы ғана» деп тұжырды.

Кітап таныстырылымын республикалық деңгейде ұйымдастыруды үйлестіруші, Өзбекәлінің ауылдасы, мәдениеттанушы-философ Абылайхан Қалназаров «Өзбекәлі Жәнібек менеджменті мен лидерлік стандарты Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы мемлекеттік басқару академиясы мен ҚР Мемлекеттік қызмет істері жөніндегі агенттіктің назарына алынуы керек» дей отырып, бұл кітапта Өзбекәлідей тұлға мысалында қазіргі Қазақстан қоғамының сұранысындағы қайраткер шенеунік портретінің тұжырымдалып, моралдық-іскери келбетінің моделделгенін атап өтті.

Айта кетейік, аталмыш кітаптың тұсаукесері 25 қарашада Алматы қаласында дүрілдеп өткен болатын. Одан беріде – Шымкент, Түркістан қалалары мен Өзбекәлінің туған жері – Отырар ауданындағы Шәуілдірде таныстырылымдары болды. Тіптен авторларға сол сапар барысында Қожа Ахмет Яссауи кесенесі жанында ақбоз ат мінгізіліп, шапан жабылып үлгерді. Осы іс-шаралардың ресми кулиминациясы ретінде кезек елордамызға да келіп жетті. Бұл шараның өтуіне Өзбекәлі Жәнібеков атындағы мәдениетті, тарихты және этнографияны қолдау қоғамдық қорымен қатар «Алқа» әдеби-мәдени клубы мен «Мәдениет фабрикасы» баспасы атсалысты.

Тағы бір айта кетерлік жайт, Ұлттық музей ұжымы Өзағаңның жеке тұтынған заттарынан жәдігерлер көрмесін ұйымдастырса, «Сарыарқа» халық музыка ансамблі ән-күй жағын сүйемелдеді. 

qazaquni.kz