Елордада мемлекеттік тілді дамыту жұмысы қалай атқарылып жатыр?

Елордада мемлекеттік тілді дамыту жұмысы қалай атқарылып жатыр?

Елордада мемлекеттік тілді дамыту жұмысы қалай атқарылып жатыр? Бұл туралы Астана қаласы Тілдерді дамыту және архив ісі басқармасының басшысы Сәкен Есіркептің мәліметі бойынша, елордада қоғамдық көліктердің ішкі салонына ұлыларымыздың ұлағатты сөздері ілініп жатыр. 


Күн сайын Астанада 600-ге жуық автобус жолаушы тасымалдайды. Тіл басқармасы Көлік және жол-көлік инфрақұрылымы басқармасымен келісе отырып, 500-ден астам автобусқа қанатты сөз жазылған жалпы саны 1500 постер орналастыруды жоспарлап отыр. Соңғы бір апта ішінде 200 автобусқа 520 постер орналастырылған екен. 


- Егер жұмыс күндері таңнан кешке дейін осы қоғамдық көлік түрі арқылы шамамен 700-800 мың аралығында адам қатынайтын болса, көлік ішінде бос уақыт өткізбей даналық сөздерді оқып, көкейге тоқып отырсын деген ниет болды. Біреу болмаса екіншісіне ой салса игі дейміз, -дейді С. Есіркеп. 

Сонымен бірге Басқарманың бастамасымен Астана көшелеріне есімі берілген әзірге елу бес ірі тұлға жайлы да аудио материал жазылып, оны да тиісті аялдама және көшеге келгенде қосатын болады. Осы арқылы қала ономастикасын елге жақынырақ таныстыруды, тарихи тұлғаларымызды дәріптеуді мақсат етіп отыр.


Елорданың түрлі мемлекеттік мекемелері, басқармалар, аудан әкімдіктері арасында қазақша куиз, яғни, зияткерлік сайысы өткізілді. 

- Сайысқа бұл жолы 17 команда қатысты. Бес турдан тұратын сайыс өте тартысты өтті деуге болады. Елімізде қазақша интеллектуал сайыстар өткізіп жүрген Мерей Ермұхановтың қазақ тіліне, төл тарихымызға, салт-дәстүр мен әдет ғұрыпқа, логикалық тапқырлыққа, әлемдегі қоғамдық-саяси тақырыптарға арналған сауалдарына әр команда қал-қадірінше жауап берді, - деп жазды С.Есіркеп өзінің әлеуметтік желідегі парақшасында. 

Бұл шараны өткізу арқылы мекеме қызметшілерінің бір ауық жұмыстан тыс тақырыптарды қаузап, жаңа ақпарат алсын, эрудициялық тапқырлыққа, ұжымдық татулыққа бейімделсін деген мақсат болған екен. 

Сайыс соңында колледж өкілдерінен құралған құрама команда бірінші, Әзірбайжан Мәмбетов театры ұжымы екінші, Астана қалалық жарық ұжымы үшінші орын иеленді. 

Мұндай зияткерлік ойындар алдағы уақытта да жүйелі жалғаспақ.

Қазақ үні