Қуаныш Мақсұтов: Ақындар айтысының болашағы зор
2023 ж. 17 қараша
3405
0
Қазақтың «Сары тентегі» ретінде танылған ақын, бард Қуаныш Мақсұтов асқаралы белеске қадам басты. Өнерге, өлеңге, мәдениетке деген жанашырлығы оны қайраткер етті. Шертпе күй өнерінің үлкен жоқтаушы өкілі де. Жақында айтыскер шығармашылық кешін өткізіп, халыққа есеп бермекші. Осы іс-шара қарсаңында ақын «Егемен Қазақстан» газетіне сұхбат берді.
– Қуаныш Мәжікенұлы, жақында шығармашылық кешіңіз өтпек екен. Көпшілікпен жүздесуге дайындығыңыз қалай? Көрермен қауым үшін қандай жаңалықтар болмақ?
– Әуелі осы қарсаңда қолдау білдірген Жүрсін Ерман ағамыз бастаған азаматтарға алғысымды білдіремін. Шығармашылық кеш С.Сейфуллин атындағы облыстық академиялық қазақ драма театрында өтеді. Дайындығымыз жаман емес. Әрине, шахтадағы апат жанымызды жабырқатты. Дегенмен жабырқаған елдің жанарына жылылық сыйласақ деген ниетіміз бар. Көрермен қауымды жағымды жаңалықтың куәсі қылғымыз келеді. Қалыптасып қалған шығармашылық кештің қалыбын бұзып, біз осы жолы жаңа пішінде өткізбекпіз. Әдеби-музыкалық авторлық әндерімнің, шансондарымның, бардтық туындыларымның, поэзиямның негізінде жасалған үлкен моно-спектакльді сахналамақпыз. Әрине, бұл шығармашылық жұмысқа қазақтың белгілі театр режиссерлері, сценаристері тартылды. Бірнеше ай бойы кештің сценариін жаздық. Осының бәрін қолдап, мүмкіндік берген облыс әкімдігіне, мәдениет басқармасына, тілеулес жандарға риясыз ризашылығымды білдіремін.
– Дәл сол күні «Құт» атты кітабыңыздың тұсаукесері өтпек екен. Әуелі, оқырманның қолында тозсын деген тілек айтқымыз келеді. Жаңа жинағыңыз туралы айтып өтсеңіз...
– Оқырманға, халыққа арналған бірнеше кітап шығаруды жоспарлап отырмын. Оның ішінде ақындар айтысының жинағын шығармақ ниеттемін. Өзімнің қоғам, заман жайлы ойларымды жеке кітап арқылы жеткізбекпін. Онымен қоса, замандастарымның мен жайлы ойларын, естеліктерін топтастырғым келеді. Жаңа жазылған жырларымның негізінде поэзия кітабын ұсынбақпын. Ол енді уақыт еншісіндегі дүние. Осы қарсаңда Қарағанды облысының әкімдігі қолдап, он жылдан бері ойға алып жүрген екі жобамды жүзеге асырып отырмыз. Біріншісі, өзіңіз айтып отырған «Құт» кітабымның жарық көруі. Түрлі түсті, өте сапалы болып басылды. Жақында жас мамандар әлемдік стандартта Еуропаның, Азияның, Американың ірі музыкалық платформаларына менің бардтық туындыларымның, шансондарымның альбомын қойған болатын. Жаңа кітапта сол еңбектерімнің тек мәтіні ғана болмайды. QR код арқылы оны тыңдай да алады. Тағы бір ерекшелігіне тоқтала кетсек, кітапты кәдесый ретінде әсем, тартымды болу үшін былғарымен қаптап, арнайы суреттер салғыздық. Кітап үш бөлімнен тұрады. Біріншісі – поэзия, екіншісі – бардтық, шансондық туындыларымның мәтіндері. Үшіншісі – көсемсөздерім. Кітап шығару – мақтан емес. Бұл – халықтың, тыңдарманның алдындағы есебім. Тағы бір ерекше дүние деуге болады, кітап соңына «Youtube» арнамның QR кодын қойдық.
– Ал «Youtube» арнаңызды қалай жүргізіп отырсыз?
– «Youtube» арнамызды енді іске қоспақпыз. Құдай қаласа, келер жылдың сәуір, мамыр айында дайындап бітеміз деген жоспар бар. Ол жерде «Сары тентектің оқығандары», «Сары тентектің естігендері», «Сары тентектің көргендері», «Сары тентектің айтқандары» деген сияқты бірнеше бағыттағы интеллектуалды мәдени, тарихи, рухани ақпараттар болады. Сонымен қатар ескеркіштер, тарихи орындар, қарапайым еңбек адамдары туралы да, туристік әлеует жөнінде де сонда салып отырмақпын.
– Жаһанданудың ықпалымен құндылықтарға деген көзқарас өзгеріп жатыр. Осыдан 20-30 жыл бұрын жалпыхалықтық сипатқа ие болған кейбір дәстүрлі дүниелерімізге көптің ықыласы солғын тартқаны байқалады. Алдағы уақытта айтыстың тағдыры қалай болады деп ойлайсыз?
– Ақындар айтысының болашағы зор. Жер бетінде қазақ деген халық тұрғанда ақындар айтысы ешқашан жоғалмайды. Ол – үлкен рухани қазынамыз. Кінә әзірге ұйымдастырушылардан болып отыр. Және де асыл өнерімізді бизнеске айналдырып, саяси экономикалық, діни мақсатқа пайдаланғысы келген белгілі бір топтардың кесірінен бүгінгі айтыстың қадірі ептеп кетті. Айтыс тоқырап тұр. Алайда жақында өткен айтыс ақындары мен жыршы-термешілердің халықаралық одағының құрылтайында айтыстың сәні мен салтанатын қайтару жөнінде, ұлттық мәйегін, суырыпсалмалықты сақтап, толығымен дамыту туралы біраз әңгіме айтылды. Одақтың осы мақсатта бірлесіп, жұмыс істейміз деген жоспары бар. Ал енді ақындар айтысын қалай дамытамыз десек, біртіндеп-біртіндеп жаңарту керек. Мәйекті мұрамызды ойын-сауық деңгейіне түсіріп, күлдіргенге ғана мәз болып жүрген жандардан арылған жөн. Ақындар өзінің жауапкершілігін жете түсінетін, қоғамдағы ағартушылық рөлі артатын айтысқа келеді деп ойлаймын.
– Шертпе күйді дәріптеу бойынша жобаны қолға алғаныңызға да көп болды. Бұл бағытта қандай іс-шаралар жүзеге асты?
– Ең алдымен, шертпе күйге мемлекет деңгейінде назар аударылды. Қазір жер-жерде шертпе күйдің фестивальдары, конкурстары өткізіліп жатыр. Оқу орындары да шертпе күй сабағын оқытып жатыр. Жақында облыс әкіміне жазған хатымда Қарағандыда дәстүрлі түрде өтетін шертпе күй фестивалін ұйымдастыруды, кеншілер астанасында шертпе күй шебері Тәттімбетке ескерткіш қоюды ұсындым. Бұл мәселені жергілікті азаматтар бұған дейін де көтерген. Өздеріңіз куәсіздер, Түркияда күйші бабамызға ескерткіш қойылды. Енді, Астанада, Қарағандыда бой көтереді дегенге сенеміз. Ал шертпе күйдің дамуы жөнінде айтатын болсақ, біз әлі науқаншылдықтан аспай жатырмыз. Домбырашылар, музыканттар бар. Бірақ нағыз шертпе күйдің мәйегін сақтап қалған күйшілердің қатары көбеймей тұр. Менің болжауым бойынша қазір он ғана күйші қалды. Сондықтан Мәдениет және ақпарат министрлігінің, «amanat» партиясының басшыларымен кездесіп, шертпе күй фестивалін ұйымдастыру қажеттігін жеткіздік. Оны Ресейдегі Чайковский, Глинка атындағы фестиваль деңгейінде дүрілдетіп өткізуіміз керек. Біз Құрманғазының, Тәттімбеттің фестивальдарын ұйымдастырмасақ, күй мәдениетінен айырылып қалу қаупіміз бар. Қарағандыда келер жылы өтіп қалуы мүмкін үлкен халықаралық фестивальдың құжаттарын дайындап, жобасын ұсындым. Мұны ел болып қолдау керек. Оны жоғары деңгейде өткізбесек, күй өнерінің обалына қаламыз. Күй өнерін сақтау, оны зерттеу, кадрларды даярлау, әсіресе, нағыз күйшілерді қолдау жұмыстарын жүзеге асыруға тиіспіз. Әйтпесе, қазақы құндылықтарды құлдыратып жібереміз.
– Арасында уақыт тауып, Алаш қайраткерлерін де насихаттап жүресіз...
– Иә, оныңыз рас. Шығармашылығыммен қатар, Алаш ұлыларын ұлықтап жүремін. Бұл – борыш. Үлгі болсын деген ниетпен айта кетейік. Биыл Әлімхан Ермековтің зиратына абаттандыру жұмыстарын жүргіздік. Қарағанды қаласының бюджетінен қаражат бөлінді. Сонымен қатар қазақтың үлкен қайраткері Темірбек Жүргеновтің жұбайы Дәмеш Ермекова-Жүргеноваға байланысты насихат жұмыстарымен де айналысып жатырмыз. Жақында ғана Дәмеш апайымыздың Ағрипа өлкесінде киіз үй тігіп, ұзатылған жерін таптық. Қасиетті жерді бейнетаспаға түсіріп алып, халыққа жарияладық. Дәмештің әкесі Әмірханның қыстауын тауып, таспаға түсіріп алдық. Қызылорда қаласында Темірбек Жүргеновтің 125 жылдығы қарсаңында өткен, Дәмеш апайымыздың құрметіне ашылған көшенің салтанатты рәсіміне қатысып қайттық. Қазір осы төңіректе біраз жұмыстар жүріп жатыр. Осы тақырып төңірегінде, қайраткерлік жөнінде әңгімемізді былай түйіндейін. Ақын болсын, жазушы болсын, журналист болсын, ұстаз болсын қайраткер болу керек. Сонда ғана ұлтымыздың рухы асқақ болады.
– Әңгімеңізге рахмет.
Әңгімелескен –
Қасымхан ҒАЛЫМ,
«Egemen Qazaqstan»
Қарағанды облысы