СӘУЛЕСІ ЖАРЫҚ, НҰРЫ ШУАҚТЫ...
2023 ж. 15 қараша
3375
0
Ілияс Омаров туралы сыр
Жиырмасыншы ғасыр аңызы мен ақиқатын адам жүрегі мен санасына сәулесін төгіп, нұрын шашар, ұлт өмірі мен ұрпақ тағдырына ықпал етер тарихи тұлғаларға аманаттап, тау мен даланы, салқар кеңістікті артқа тастап, үздік-создық ұзаған жыл құсындай қатал сүзгілі, қатыгез мінезді ұлы сарапшы-қарт тарихтың мұнарлы қойнауына аттанып кетті.
Бірте-бірте алыстаған осынау ғасыр көшіне қарап тұрып, көзден ұзағанымен, көңілден ұзамайтын, қайта уақыт самайының қырауы қалыңдаған сайын, жаныңызға жақындап, жүрегіңізді шым-шым қозғайтын, өзінің өзгеше азаматтық сииаттарымен, адамгершілік асыл қасиеттерімен, ұрпаққа үлгі болар ұлтжандылығымен зорайып, асқақтай түсер әлгі тарихи тұлғалар еріксіз еске оралады.
Бірте-бірте ұзаған осынау бұрауы қатты дәуірдің сұрауы мол құшағына ойша үңілесіз. Үңілесіз де... Берісі ұлт пен ұрпақтың, әрісі адамзат баласының игілігіне қызмет етер құндылықтар қатарын молайтуға өмірін сарп еткен парасаты мен білігін арнаған есіл ерлер мен асыл азаматтардың аруақтарына іштей бас иесіз.
Ілияс Омаров есімі ел есінен кетпес, бар саналы өмірін халқының рухани кеңістігін қорғауға, әдебиетіміз бен өнеріміздің өрістеп өркендеуіне арнаған, жалпақ елдің жан сүйіспеншілігіне ерекше бөленген, елдіктің ерен биігіне көтерілген, кескекті дәуір сомдаған сондай кесек мінезді, ірі тарихи тұлғаларымыздың бірі еді.
Ол жетімдік тауқыметін көп көрген бала кезінен бастап, жұмыр бас пендеге сирек бұйырар жеңісті биіктерге лайықты көтерілген өзінің өлшеулі ғұмырында өз дәуірінің өксігі мен өкінішін, қуанышы мен сүйінішін замандастарымен қатар жүріп бөліскен, өз қоғамының тауқыметін жүрегімен терең сезініп, ойы мен санасы арқылы өткізуге ұмтылған, өз кезеңінің киелі, қасиетті саналар асқақ ұғымдарына, туған халқының мәңгілігін қамтамасыз етер рухани критерийлерге барынша адал қызмет еткен, темір керегелі тоталитарлық құрылымның айбыны арқырап, айдыны апшып тұрған қиын тұстарда ұлттық сана мен рухтың еңсесін түсірмеу үшін есті сөзін айтып, елдіктің елеулі қимылын жасай білген, талайлы тарихымыздың таңдаулы беттері талауға түсіп, ұлт тамыры бей-берекет турала бастағанда араша сұрап, алдан көрінген аяулы адалдарымыздың, сергек ойлы санаулыларымыздың бірі еді, бірегейі еді... Иә...
Бүгінгі «жаңа» мен «ескінің» екі ұдай көкпарына түсіп, рухани өміріміздің табиғатын танып, талдауға, өткеннің өзек өртер өрісті тұстарына бұрылуға уақыт, замана толық мұрша бермей жатқан, зердесі бірде жетіп, бірде жетпей жатқан, нарық тәрбиесі өтіңкіреп кеткен ұрпақтың бірі білсе, бірі біле бермейтін, алып ойлы арыстар санатынан саналар, Ғабит Мүсіреповтің сөзімен айтқанда, тұлабойы «тазалықтан ғана, бауырмалдықтан ғана, айнымас, бұлжымас мейірімділіктен ғана жаралғандай...» өзгеше өмір сүріп, өрісті ғұмыр кешкен, алашқа ардақты, қазаққа қадірлі болған Ілияс Омаровтың жасампаз бейнесі ел көңілі мен ел жадында осылай сақталары, осылай жатталары ақиқат.
Иә...
Ілияс Омаров – өз дәуірінің төл перзенті.
Оның тұғырын қашап, тұлғасын жасаған да сол өз дәуірі...
Күнгейін көріп, көңіл сүйінер, көлеңкесін көріп, жаның күйінер кеңестер дәуірі.
Ойы сергек, сөзі жігерлі, қағылез мінезді қазақ жігітін «орда бұзар отызында» министр, отыз үш жасында облыстық партия комитетінің бірінші хатшысы, отыз бес жасында ұлттық ой мен сана, сталиндік тәртіптің қатал шалғысына қайыра түсер қарсаңда – 1947 жылы Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің идеология жөніндегі хатшысы міндетін атқару биігіне көтерген кеңестер дәуірі...
Өз дәуірі...
Жалғыз Ілекеңнің ғана емес, осы отырған көбіміздің өніп-өскен топырағымыз, жайқалған жапырағымыз болған дәуір.
Біріміз аз, біріміз көбірек көрген шығармыз... Десек те, жасырмай турасын айтуымыз керек, айтқанның – ауызы, істегеннің қолы жаман, адам өмірінің шыбын құрлы қадірі болмаған кезеңде күні кеше ғана өмір сүргеніміз ақиқат. Досы – досын, ағайыны ағайынын сатып, тіс қаққандар мен бауыры – бауырын, баласы әкесін сатып, ұстатқандар билік тізгініне келіп, жүгенсіздік бел алған кезеңнің болғаны да рас... Қиын қоғамның қанды шеңгелі ондаған мың отбасын зарлатып, ондаған ұлттың тағдырын аяусыз тәлкек еткен 30-40-50-жылдар тақсыретін қалай ұмытуға болады?!
Осындай қоғамда, осындай дәуірде туып-өскені үшін Ілекеңді де, Ілекеңдер секілді ел тізгінін ұстап, ұлттық ойдың заңғарына көтерілген ел перзенттерінің қай-қайсысын да жалған жала, жеңіл өкпенің жолына байлау жауапсыздық болар еді...
Иә...
Ол дәуір, ол қоғамның қолымен қандай-қандай ауыр қылмыстар жасалғанын бүгінде екінің бірі біледі... Қылмысы қалың қоғамның қимыл-әрекетімен келіспей, еркін ойлап, еркін өмір сүргісі келгендердің не күй кешкені де белгілі...
Ілияс Омаровтың жұлындай жас кезі, ел басқару ісіне алғаш араласуы осындай «солақайлық» пен «содырлық», «жауапсыздық» пен «жүгенсіздік» ушығып тұрған қатыгез кезбен тұспа-тұс келген. Оңы-солын жаңа-жаңа айыра бастаған жас адамға осындай кезде республика деңгейінде ірі-ірі басшылық қызметтерде болу, ой мен парасат жетегінен адаспай, өмірлік құбылыстарға зерделі кең көзбен қараудың заңғарына көтерілу, ортасына, замандастарына сүйкімді, еліне сүйікті болу, халқының ықыласына бөлену: бірін-бірі ұстатып, біріне-бірі балшық атқандардан аяқ алып жүру мүмкін емес, ыласы қалың, үрейі мен үркіні мол кезде адамгершілік асыл қасиеттеріне шаң жұқтырмай аман өту қиынның қиыны еді... Мұндай ұлы миссияны абыроймен атқару үшін тек айрықша адал жаратылған Ілияс Омаровтың тазалығындай тазалық, тағдырындай тағдыр, білігіндей білік, адамсүйгіштігіндей адамсүйгіштік, ірілігіндей ірілік, ұлтшылдығындай ұлтшылдық, қайраткерлігіндей қайраткерлік қабылеті керек еді...
Омаров ойымен сусындаған, Омаров өмірінен хабары бар кез келген ойлы жанның осылай ойлап, осылай толғарына менің еш күмәнім жоқ...
Тіпті, осынау көлеңкелі тұсы қалың күндердің қойнау-қолтығында жүріп те, ойы, сөзі, мінезі еркін жанның қарымының қаншама кең болғанын аңғарамыз. Оның кеңестік дәуір әдебиеті мен өнерінің ірі өкілдерімен жазысқан хаттары, толғау мақалалары, тағылымды сөздері, күнделік бетіне түскен өзгеше мәнердегі өрелі ойлары осы айтқандарымыздың айқын дәлелі. Әр сөздің астарынан тұмадай мөлдір, өрнек-кестесі өзгеше сөйлемдер атойлап тұрады. Ұлттық ойлау мен сезінудің тар қорығына қамалып, тұйықталмай, сұңқардай көкпен зулап, тұлпардай жермен заулап келе жатқан, шын мағынасындағы әлемдік ойдың үлкен заңғарына көтерілген, айдынына шыққан кереметтей көркем өрілген ой дүниесімен сырласқандай, тілдескендей күй кешесіз. Омаров ойлары ерекше әсем, ерекше сазды, ерекше сұлу, өз дәуіріне тән ойлау мен сөйлеудің нағыз европалық үлгі-биігіне көтеріледі...
Қай мақаласында, қай сөзінде, қай жазбасында болсын, әр сөзі мен әр сөйлемімен «Қайтсек, қазақ ұлтын әлемдік айдынға алып шығуға болады?» деген күрделі сауалға жанұшыра жауап іздеген іргелі ойдың сілемдерін аңғарамыз. Әдебиет пен өнер әлемінде әр жылт еткен жаңалық пен жақсылыққа балаша қуанып, данаша тебірене білер үлкен жүректің соғысын сеземіз. Ұлы Мұхаңның орталық газеттердің бірінде жарық көрген мақаласына соншама тебіреніп отырып жазған мына жолдарына қалай ғана толқымауға болады? (Мақала орысша жазылғандықтан, үзіндіні де қаз-қалпы орыс тілінде келтіргенді жөн көрдік.) «Дорогой Мухтар! Не так уж много у нас казахов, которые играют важную роль на сцене жизни, чтобы быть вознагражденными вниманием прозорливого ока истории.
А за теми, кто заслуженно оспаривает это право, народ пристально следит. Следовательно, он всегда в орбите зрения народа, как актер на сцене. Если учесть Ваше шествие по материкам вместе с «Абаем», зрачки зрителей в Вас устремлены со всех окраин нашей страны и со всех концов трудовой земли...» – деп бастап, бір тұсында: «... Ваш «Абай» войдет в сокровищницу истории наряду с такими великими творениями человеческого разума, по которым измеряются глубины человеческой культуры» – деп әлгі ойға әдебиетші, ойшыл Омаров екінің бірінің аузына түсе бермейтіндей өзге мақамды, өзгеше сарынды түйін айтады.
Пікір иесінің, біріншіден, орыс тіліне соншама жетіктігіне сүйінсек, екіншіден, сонау елуінші жылдарда жарық көрген осынау ойлы сөзді дәл тауып айтқан көріпкелдігіне қайран қаласыз. Жазылғанына арада қаншама уақыт өтсе де, әлі күнге өзінің танымдық сипаты мен сыншылдық қуаты әлсіремеген осы бір жолдарды қайыра-қайыра оқығың келеді... Әр сәт әдебиетші – Омаров ұлы суреткер әлемімен сырласа отырып, жазушыға өзінің мақсатты, мұратты ойын да әдемі жүктейді. Өз дәуіріне тән әсерлі өрілген романтикалық сарынға толы мына бір замана, уақыт, ғалам хақындағы ойларынан дәл бүгінгі күннің тынысын, бүгінгі ғаламдық оқиғалардың ағысын аңғарғандай боламыз. «...Почему бы Вам не взяться за это большое дело. Ведь мы имеем веское право бросить огонь мира и дружбы в сердца людей материков земли. Ведь как нужен народам умный, спокойный голос в нынешнее не спокойное время, когда перо, управляемое гуманным умом, действует сильнее, чем пушка, управляемая разбойничьей рукой. Ведь человечество выстрадало ценою жертв десятков поколений веское право высказать нежелание воевать...».
Батыс пен Шығыс қарым-қатынасы жаңаша рең алып, әлемнің географиялық саясаты түбірімен өзгеріске ұшыраған, мына тылсым мінезді ұлы дұние жаңа ғасыр, жаңа мыңжылдық босағасын қалың сұрақтар қорығына қамалып, әлдебір шарасыздық ахуал үстінде – ғаламдасу атты бимәлім күштің шеңгеліне тұншыға аттап отырған тұстағы Сіздер мен біздердің жүрегімізге аса жақын, етене ойлар екеніне ешкім шүбә келтірмес?!
Тумысынан текті, жаратылысынан сырбаз Ілекеңнің қаламынан бұдан өзге, бұдан бөтен сөздің қағаз бетіне түсуі де мүмкін емес еді... Ол кісіні табиғаттың өзі әу баста әдебиет пен өнер үшін, ғылым мен мәдениет үшін қолқа жүрегін өзгеше топырақтан, сүйегін ерекше қоспадан жарата салғандай.
Театр әлемінде «Режиссер умирающий в актере» деген ежелден келе жатқан сөз бар. Неге екенін Омаров жазғандары мен Омаров туралы жазылғандарды оқыған сайын осы сөз есіме жиі оралады.
Апыр-ай, ұлт пен ұлттық ұғымдардан өзге өмірлік мақсат-мұраты болмағандай көрінетін осы бір ақкөңіл, адал жанның ойы мен бойын жаулап алған ғажайып құштарлыққа лажсыз таңқаласыз... Ел басқарған, елмен қоян-қолтық араласкан, ұрпақ, ұлт тәрбиесіне мол ыждағат қойған, өнер мен әдебиеттің өзі тұстас корифейлерімен де, өзінен кейінгі жастарымен де, ғылым, білімнің көрнекті қайраткерлерімен де, сырласқан, әрқайсысының өмірі мен тағдырына ұлт ертеңіне ден қойғандай барынша ден қойған, бәріне ерінбей-жалықпай уақытын арнаған алып жүректі, ақын болмысты жанның білімі мен білігіне, табандылығы мен тиянақтылығына сүйсінесіз. Әуезов, Сәтбаев, Мұқанов, Мүсрепов, Мұстафин, Жұбанов, Момышұлы, Тәжібаев, Орманов, Тоқмағанбетов, Снегин, Жароков, Аманжолов, Шухов, Анов секілді өз дәуірінің алыптары мен жампоздарын айтпағанда, Шолохов, Соболев, Леонов, Тихонов, Завадский. Вс.Иванов, Маршак, Казаков, Сац, т.т. орыс әдебиеті мен өнерінің сол тұстағы жалына қол тигізбес жүйріктерімен араласқаны, өзінің рухани кеңістігіміздегі өкшебасар інілері Нұрпейісов, Молдағалиев Жұбан, Мәуленов, Қабдолов, Ахтанов, Шаймерденов, Әлімжанов, Қайырбеков шығармалары туралы қалам ұстап, ой тербегені –сегіз қырлы, бір сырлы тұлғаның кеңістігін танытар ерекше бір әңгіменің арқауы емес пе?!
Өз тұстастарына ғана емес, өзінен кейін келетін әлденеше ұрпаққа әлі де талай нұры мен шуағын шашып, сабыры мен парасатын егер «Әдебиет жайлы ойлар», «Глазами читателя», «Серпін», «Шабыт шалқары», «Раздумья» кітаптарының беттерін қайта-қайта ақтарып отырып, ой қанатына қонып, өткен ғасырдағы ұлт мәдениетінің айрықша өрісін кеңейткен жылдарға – Ілекеңнің мәдениет министрі болған кезеңіне іштей қайта ораласың... Қазақтың екі бірдей ұлы перзенттері – Дінмұхамед Қонаев пен Ілияс Омаровтың тұсында ерекше қанат жайған өнеріміздің құлпыра түлеген бір шағы еске түседі.
Иә...
Өкінішсіз өмір болған ба?
Омаров Ілияс сынды ұлы қазақтың елу сегіз жылға созылған жерүсті тіршілігінің соңғы сәт-сағаттарының куәсі болған ұлт мәдениетіндегі үлкен сілкіністердің бәрін бұл арада айтып тауысу мүмкін емес... Ол туралы білгісі келетіндер Қуаныш Сұлтановтың алғы сөзімен жарықкөрген «Толғаныстар» («Раздумья») кітабындағы Ғазиза Жұбанова, Дмитрий Снегин, Құдыс Қожамияров, Асқар Закарин, Мәжікен Бутин, Өзбекәлі Жәнібеков, Ғафу Қайырбеков, Сағат Әшімбаев, Жұмағали Ысмағұлов, Александр Жовтис, Жарас Әбутәліпов, Жұмабай Орманбаев, Исаак Попов, Халел Сүлейменовтердің естеліктері мен ұлы жүрек өз соғысын тоқтатар қарсаңында жазылып, қалың жұртшылықтың көкірек-көзін қатты қозғаған, алыс-жақынның ет жүрегін езген, үлкен-кішіге терең ой салған, елжандылық дейтін ғажайып сезімді теңдесі жоқ биікке көтерген Ілекең марқұмның «Қоштасу хатын» қалай тебіренбей оқуға болады?! Сондай-ақ ұлтымыздың ұлы жазушысы Ғабит Мүсірепов пен Ілекеңнің дос інісі, әйгілі қаламгер Әбдіжәміл Нұрпейіовтің қоштасу сөздерін қайта оқуларына болады.
Бүгінгідей тұста өмір сүру мен өнерге қамқорлық жасаудың жасампаз үлгісіндей болған Омаров тағдыры мен ол жүріп өткен нағыз азаматтық мақсатқа, күреске, үмітке, сенімге толы жолы қай-қайсымызды толқытары да рас...
Әсіресе, қазіргідей мазасыз дүниенің жойқын екпіні мәдениет атаулының ұлттық үлгілеріне қауіп пен қатерді айрықша төндіре бастаған шақта Ілекендер секілді өнердің ойы өрелі, өрісі кең алып қамқорларының еске түсері заңды...
Иә...
Ұлы дүние қай кезде мазасыз болмады дейсіз?!.
Адам баласы ес біліп, етегін жапқалы, жер жер болғалы, ғалам ғалам болғалы, әлдінің тырнағы әлсізге батып, жаңдының мұңы жаныңды қозғап, кешеден бүгінге жалғасып келе жатқан жоқ па?! Бажайлап, байыптап қараған адамның өмір мәңгілігі мен өнер мәңгілігі деген ұғымдарды осы төркіннен іздері анық...
Көркем шығарма туралы пікір айтуда, немесе жекелеген тұлғалар табиғатын таратып талдауда, қысқасы Омаров жаратылысын жарқыратып ашар кез-келген тұста осы бір терең тамырлы ұлттық бәтуа мен бірлікке жетелейтін ойлар бүгінгі оқырман жүрегіне жол табары күмәнсіз. Осы орайда, әсіресе, дәуірдің «қиын мінездің қытымырлығынан жасырынып, күнделік беттеріне түскен мына бір ойлардан аңқып тұрған ұлтжандылық лебін аңғармау мүмкін емес. «Разность личных качеств людей, часто мешают единству, но высокие цели объединяющей людей, эти разности приносят в жертву ради интересов общего дело... В этом сила, в этом воля, в этом благородство души. Человек, не умеющий жертвовать малым ради большого, ничем не может жертвовать, и не может подняться выше человеческой слабости. Это ничтожество... История говорит, что жили и развивались те народы, которые на поворотных пунктах истории достигали единства. У них единство доминировало и брало верх над всем мелким, которого также было немало. Гибли и стирались из истории те народы, которые не имели единства. Где нет единства, там нет и крупных дел, возвышающий народ на пьедестал истории...» деген ұтқыр айтылған, тауып айтылған, тайға басылған таңбадай тағылымы мол, тәрбиесі зор тұжырымдармен қалай ғана келіспеуге болады?!
Қазақ дейтін көсем мінезді, шешен тілді халықтың қай дәуір, қай заманнан қабырғасын қайыстырып, ойын тербетіп, арқасын аяздай қарып келе жатқан осынау ащы шындыққа кеше кеңестер дәуірі тұсында өзгеше баға берілгені, тіпті халық екеніңді, қазақ екеніңді айтуға да шек қойғаны өтірік пе еді?!
Ұлы Ғабеңнің бір қаһарманы сондайда сонау тарихтың тұңғиығынан кеудесі жалын ата «аһ» ұрып: «Мына кең далаға сыймай емес, сыйыспай жүрген жоқпыз ба?!» – деп күңірене күрсінгені бекер ме еді?! Он сегізінші ғасырда Ақтамберді мен Бұқардың, он тоғызыншы ғасырда Дулат пен Сүйінбайдың, жиырмасыншы ғасырда Ахмет пен Міржақыптың, Мағжан мен Жүсіпбектің, Шәкәрім мен Сәкеннің, Бейімбет пен Ілиястың, Мұхтар мен Сәбиттің, Ғабит пен Ғабидендердің ойын жегідей жеген де, қазақты «алтыбақан алауыз етіп», бір көгенге байлап, ел психологиясын қоғамдық қарым-қатынастардың ортағасырлық озбыр үлгілі сары жұртынан алыстатпай, ұлт, халық ретінде мәңгілік өмір сүру мүмкіндігіңіз шектеуге түскен кезеңдердің қай-қайсысында да осы бір «бірлік» ұраны халық көкірегінде шерлі күйдей шірене атылмап па еді?! Сұрақ болып халық санасында тұрмап па еді?!
Міне, енді тарихи мүмкіндік ел тізгінін елдің өз қолына ұстатқан бүгінгідей аса жауапты кезеңде де ұлт жүрегіне «құрандай» болып жатталуына тиіс сол «бірлік» ұраны тағы да айтыла бастады.
Бүгінгі айтылу – Елдік тағдырымыз тарих талқысына шындап түскен тұстағы айтылу.
Бүгінгі айтылу – ұрпақ ұлт санасына тәуелсіздіктің мәні мен мағынасын терең ұғындыру, елдігімізді, мемлекеттігімізді сақтап қалу жолындағы қажеттіліктен туындап отырған айтылу.
Бірлік – бүгінгі қазақ елінің туы.
Бірлік – бүгінгі қазақ қоғамының абыройын көтеріп, иманына айналар басты қағидасы.
Сол қасиетті ұғымды Ілекең сол кездің өзінде-ақ иман-шартындай жанымен, жүрегімен сезінгенін аңғарамыз.
Елім деп еміренген, халқым деп тебіренген, кешегі кеңестік дәуір идеологтерінің бірі, елінің ер мінезді ұлы, қазақ деген халықтың қадірлі перзенті, Алаш деген жұрттың ардақтысы – Ілияс Омаровтың күнделігіне түскен осы бір көсем пікірді оқып отырып, әралуан саясат айдыны әр қиырға айдап алып кетсе де елге деген ерен махаббаттың тұсында тастүйін табысып отырған асыл ұлдарымыз бен асыл ұғымдарымыздың дәл бүгін тіл ұшына жиі оралуы да бекер емес болар. Біз мұны жақсылыққа жорыдық....
«Аруақты жерден ат үркеді», – дейді халқымыз.
Шамасы, өзін де, өзі туған елін де мына тұтасып жатқан алып ғаламның бір бөлігі, бір түйірі сезінген ұлы жүректің жаңғырығы бүгін осы қасиетті қара шаңырағымыздың төріне ғана емес, күллі қазақ елінің өрін, ұлан-ғайыр даласы мен ұлы тауларын кезіп жүргендей әсерге бөлейді...
Ұзап кеткен ХХ ғасыр аспанынан Ілияс Омаров сынды алып ой иесінің аңызы мен ақиқаты бүгінгі біздерге, жаңа ғасыр адамдарының санасына, жүрегіне сәулесі мен нұрын осылай шашады.
Жаратылысы таза ой әлемінің сәулесі жарық, нұры шуақты...
Нұрлан ОРАЗАЛИН,
ақын, ҚР мемлекеттік сыйлығының лауреаты
Аманат
Қоштасу хат!
Қадірлі достар!
Мен осы сәтте осынау ақтық сөзімді өз қолыммен қағазға түсіре алмай, ауыр дерт жерге жаншып, талпына-талпына талықсып, амалсыздан, басымда отырған балама айтып жаздырып жатырмын.
Халім ауыр. Ажалмен бір адамдай-ақ алысып ем, ол енді жеңіп барады. Қол жетер жерде менің кішкене сағатым жатыр. Адам өміріндегі аяулы уақыттың адал таразысы – осы сағат қой. Бірақ менің сағатым тым шапшаң соғып, соңғы сәттерімді тым жеделдетіп келе жатқан секілді. Сіздермен қоштасар кезім таянды...
Басымда айтылмаған ойларым бар еді. Олардың бәрі – өз қолыммен, өз басыммен орындай алмай кетіп бара жатқан – ел, халық алдындағы азаматтық перзенттік парызым.
Оның ең бастысы – туған халқымның мәдени өрісі, өскелең жолы және оның ғасырлар сақтаған аса бай мұрасын байланыстыра зерттеу еді. Мен бұл салада көп уақыт әрекет, қызмет еткенімді еске алғаныммен, ол істердің атқарылуға тиістісінен әлдеқайда аз болғанына өкінемін. Ойлап жатсам, осы бір дарқан да шалқар мол байлығымызды зерттеп, түйіндеп түсіндіруде, жеткізе баяндауда едәуір олқы соғып жатқан, шіркін, осылай болса игі еді ғой деген тілек, арман көңілде қала беретін.
Халық мұрасы дегенім – әсіресе, сан дәуір, замандар көшінде өзінің қайталанбас, тозбас, өшпес қасиетімен бізге дейін жасап келген ән, күй, музыка мұрасы, дастандар, жырлар түйдегі. Бұлар – менің көзіме де, көңіл сарайыма да халқымның аса мықты тұлғасы, сын, сипаты болып елестейді. Осыларды жаңғырта, жаңарта, осы өз дәуіріміздің қажет-мұқтажына, қызметіне бар бояу, кестесімен жеткізе жарату міндеті алдымызда тұра береді. Өйту үшін бізде қазір қаншама мүмкіндіктер бар. Соларды пайдалану, пайдалануды ұйымдастыру – қандай ғанибет жұмыс, қандай абыройлы іс дер ем! Бұл менің өтеп жеткізе алмаған, бірақ өзге азаматтар жеткізеді деген үлкен парыз екенін тағы да айтып жатырмын. Шынында, ойлаңыздаршы, біздің осы қазынамызды дүние көлемінде қай өнерпаз халықпен болса да жарыстыра, жарқырата көрсетсек, біздің бай тарихымыз, арғы-бергі өтіп келген жолымыз аян да анық болмас па еді? Сонда ғана барып, аса бай көне мұра мен жаңа өнердің құшақтаса қабысып, ұласа өркендегенін көрер едік. Сонда ғана біздің түрі ұлттық мазмұны социалистік мәдениеттің қаншалықты тарихқа, негізге сәйкес даму процесін анықтаған болар едік. Бұл екеуін бөліп зерттеумен мәдениет тарихы, ол туралы толық ғылыми еңбек жасалмаса керек. Менің арманым, парызым дегенім осы жұмысқа өз хәлімше кірісе бастау, бастап берушілердің бірі болу еді. Оған қарайлауға болмай барады...
Келешек – жастардыкі ғой. Әңгіме сол жастарға бар қазынаның қадірін жеткізіп, ел алдындағы борышқа баулып өсіруде. Ішкенге мәз, жегенге тоқ ұрпақ болмасын! Ұрпақта, оның талантты өкілдері де үзілген емес. «Ел болса ер туғызбай тұра алмайды» деген дұрыс. Соларды кезінде танып, қамқор болып әкедей жан ықылас арнап, баулып отыруда.
Сайып келгенде, жастарға үлкен үміт артумен бірге үлкен ағалық қызмет жасалуы керек дер едім. Ал бар үміт, арманның өзі осындай жоғары идеядан, зор талап, мақсаттан тумақ қой. Сол идеяны, ел сүйгіштік, отаншылдық ойды сіңірген адам ғана биік жауапкершілікке ие болмақ. Жауапкершілік неғұрлым шын терең оймен, ақыл, парасатпен игерілгенде ғана, халық алдындағы парыз өтелмек. Бұл – нағыз азаматтың ерлік жолы болмақ.
Ғазиз бауырларым, үзеңгілес серік-достарым, жақын туыс, замандастарым, баршаңызға ақтық рет ой көзіммен, көңіл құсыммен бір қауышып, келмес, көрмес сапарға жол арнадым...
Қош қимасым, қызғышымдай болған есіл ел, еркін тірлік, рахат еңбек, аяулы азаматтар!..
Ілияс Омаров.
Аурухана, 16-шілде, 1970 жыл.